Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3543 0 пікір 25 Қыркүйек, 2009 сағат 09:24

12 миллион қазақтың құныкері кім?

Ұлықбек Есдәулетов айтқандай, «Ашаршылықты кейінгілердің білетіні - өсімдікті биологиядан, жануарларды зоологиядан оқып өскен қала баласының біліміндей ғана». Ақиқатында, қазақ халқының үштен бірін қырғынға ұшыратқан ұлттық геноцид әркімнің көкірегін торласа игі еді. Сонда ғана «қазақтың құныкері кім?» деген сауалға жауап іздеп, тарихымызды безбендеуге мүмкіндік туары анық. Жуырда «Аманат» интеллектуалды клубының кезекті отырысында ұлт зиялылары осы зұлмат оқиғаға саяси баға беру керек деген ойларын ортаға салды. Отырыста негізгі баяндаманы жазушы Смағұл Елубай жасады.

Ұлықбек Есдәулетов айтқандай, «Ашаршылықты кейінгілердің білетіні - өсімдікті биологиядан, жануарларды зоологиядан оқып өскен қала баласының біліміндей ғана». Ақиқатында, қазақ халқының үштен бірін қырғынға ұшыратқан ұлттық геноцид әркімнің көкірегін торласа игі еді. Сонда ғана «қазақтың құныкері кім?» деген сауалға жауап іздеп, тарихымызды безбендеуге мүмкіндік туары анық. Жуырда «Аманат» интеллектуалды клубының кезекті отырысында ұлт зиялылары осы зұлмат оқиғаға саяси баға беру керек деген ойларын ортаға салды. Отырыста негізгі баяндаманы жазушы Смағұл Елубай жасады.

Смағұл Елубай, жазушы:
- Осы тақырыпқа назар аударғандары үшін «Аманат» клубының басшыларына, «Нұр Отан» партиясындағы Ерлан Қарин бастаған азамат жігіттерге алғыс айтамын. 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Нәубет атты мақала жарияланған болатын. Қазақты қырғынға ұшыратқан зобалаң туралы әңгіме содан бері үнемі көтеріліп келеді.
Жуырда Жазушылар одағында осы мәселеге арналған үлкен конференция өтті. Ашаршылық тақырыбында тұңғыш докторлық диссертация қорғаған Талас Омаров баяндама жасады. Салық Зиманов, Сейіт Қасқабасов бастаған академик-ғалымдар қолтықтары сөгіліп, керемет ойлы әңгімелер айтты. Осы басқосуымыз құрғақ сөз күйінде қалмасын деп, ұлт қайраткерлері бірлесіп Ашық хат жазып, Парламент пен Үкіметке жөнелттік. Енді ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының, ұлтшыл азаматтардың қолдауымен, осы мәселені аяғына дейін жеткізгіміз келеді. Сұраусыз кеткен, жоқтаусыз қалған, сүйектері сахарада шашылып қалған 4 миллионға тарта халықтың құнын сұрайтын уақыт жетті деп білемін. 4 млн. қазақтың құнын кімнен сұрау керек, қалай сұрау керек? Осының бәрін Ашық хатта шамамыз келгенше қағазға түсіріп, Парламент депутаттарының әрқайсысына жеке-жеке жөнелттік.
Ашаршылық кеңестік кезеңде жазылып келгендей «сол жылы егіннің шықпай қалуынан», не болмаса «көшпелілердің социализмге дайын болмауынан» орын алған сырғытпа сылтаулардың нәтижесі емес. Бұл - большевиктердің «тап шайқасы» деген ұрда-жық идеологияны ұранға айналдырып, шаруаға жасаған қиянатының көрінісі. Іс жүзінде бұл тұтас халықтың алдындағы қылмыспен тең.
Қанша халықтың қырғынға ұшырағанын мына бір дәйектерден айқын көруге болады. 1897 жылы Ресей империясы тұсында алғашқы санақ жүргізілген-ді. Соның дерегіне жүгінсек, өзбектер - 726 мың, түркімендер - 280 мың, «қара қырғыздар» деп аталған қырғыздардың саны 201 мың адамды құрапты. Ал қырғыз-қайсақтар, яғни, қазақтардың саны сол кездің өзінде 4 млн. 84 мың адам болған. Бүкіл түркі халықтарын қосқанда қазақтардың жартысына ғана жеткен.
Ал енді 1926 жылғы санаққа көз салсақ, бүкіл Кеңес одағында шашылып жүрген қазақтардың саны - 3 млн. 968 мың, өзбектер 3 млн. 968 мың делінген. Сонда отыз жылдың ішінде қазақ өсудің орнына, кеміп кеткен. Отыз жылдың ішінде 700 мың өзбек 4 миллионға көбейіпті. Бізбен діні бір, менталитеті бір 200 мың қырғыздың өзі 4 еседен артық өсім беріп, 884 мыңға жеткен. Олай болса, 4 миллионнан астам қазақ неге өсім бермеуі тиіс?! Осы уақыт ішінде біздің табиғи өсімнің арқасында 16 миллионнан асып түсуге тиіс едік қой. Алайда, біздің қазақ аштықтың кесірінен төрт есе өсудің орнына, керісінше азайды. 12 миллион қазақ қайда кеткен?! Оның үстіне, бұл тек Қазақстандағы емес, бүкіл Кеңес елдеріне тентіреп кеткен қандастарымыздың саны. Жарайды, шетелге бас сауғалағандар болған шығар. Бірақ қазақтар шетелге миллиондап қашқан жоқ қой. Бұл - орталықта Сталин, Қазақстанда Голощекин басқарған большевиктер партиясының халыққа қарсы жасаған қызыл терроризмінің нәтижесі. Ендеше, партия осы қылмысы үшін кеш те болса заң алдында жауапқа тартылуы тиіс.
1989 жылғы санаққа қарасақ, қазақтардан өзге халықтардың бәрі жүз жылға тарта уақыт ішінде 10 есе өсіпті. Яғни, алғаш жүргізілген санақтан кейінгі уақытта қойдай қырылып қалмағанда, біз де 10 есе көбейіп, қазір 40 млн-нан асушы едік. Біздің зарлайтынымыз, ашаршылық қазақтың геосаяси жағдайына да әсер етті, тіліне де, дініне де, қауіпсіздігіне де, бәріне әсер етті. Апат біздің ұлтымызды тұралатып кетті.
Сұрапыл қылмысқа саяси баға берген соң, ашаршылық құрбандарына арнап Парламент пен Үкімет мынадай мемлекеттік шараларды қолға алуы тиіс деп есептейміз.
Біріншіден, жыл сайын 31 мамырда аталып өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне өзінің бастапқы тоқсаныншы жылғы атауын қайтару керек. Яғни, 31 мамыр Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қалпына келтірілгені жөн. Екіншіден, осы күні еліміздегі барлық мешіттер мен шіркеулерде ашаршылық құрбандарының аруақтарына құран бағышталып, еске алу шаралары өткізілуі тиіс. Үшіншіден, күні бүгінге дейін Астана мен Алматыда ашаршылық құрбандарын еске алатын мемориал салынған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыратын уақыт жетті. Бұл орайда, асығыстыққа жол бермей, Еуропадағы Холокост құрбандарына қойылған ескерткіштер зерттеліп, олардың ерекшеліктері ескерілгені дұрыс сияқты. Сонда жастарға тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, шетелден келген туристердің Қазақстанның ақтаңдақ тарихы туралы мағлұмат алуына да жақсы болар еді.
Ашаршылық мектеп қабырғасында қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек. Жазушылар, мүсіншілер, киногерлер, композиторлар мен қылқалам шеберлері осы трагедияны көркем бейнелеуге үлестерін қосуға міндетті. Әрине, мұндай мәдени шараларға байқау жарияланып, арнайы мемлекеттік грант бөлінсе ғана нәтиже шығады. Осының бәрін үйлестіріп отыратын мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс деп есептейміз. Әбдіжәмил Нұрпейісов, Салық Зиманов, Тұрсынбек Кәкішев, Герольд Бельгер, Тұманбай Молдағалиев, Асанәлі Әшімов сияқты зиялылардың бәрі аталған мәселелерді бірауыздан қолдап, Ашық хатқа қол қойды. Ішінде Берік Әбдіғали, Айдос Сарым сияқты саясатпен айналысып жүрген азаматтар да бар. Енді осы істі соңына дейін жеткізу баршамыздың азаматтығымызға сын.
Жазықсыз адамдардың қарғысы бекер кетпеген сияқты. КСРО деген әлемнің бірде-бір елінің күші жетпейтін, бомбалап жеңе алмайтын алып империя бір-ақ сәтте жалпасынан түскені осының нышаны сияқты көрінеді маған. Енді тәуелсіз Қазақстан сол КСРО-ның кебін кимеу үшін 4 миллион қандасымыздың сұраушысы, жоқтаушысы, ұлықтаушысы бола алуымыз керек. Бұл - бүгінгі көзі тірі аға ұрпақтың мойнындағы парызы. Егер осыны жасамасақ, келешек ұрпақтың алдында бетімізге шіркеу болады. Сондықтан да, большевиктік партияның бүгінгі мұрагері - коммунистік партияның халық алдында, заң алдында, тарих алдында жауап беруін талап етеміз.

Бүркіт Аяған, тарихшы:
- Рас, ашаршылыққа саяси баға беру туралы бастама Қазақстанда кештеу қолға алынып отыр. Дегенмен, оның объективті себептері де жоқ емес. Себебі, тәуелсіздік алғаннан кейін ең алдымен жерімізді сақтап қалу керек болды. Не елді сыйламайтын, не тілді сыйламайтын дүлейлеу көршілеріміздің жағдайына қарадық. Бірақ әлі кеш емес. Қазақта «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген сөз бар.
Бір қызығы, ашаршылық тақырыбын шетелдік тарихшылар көп көтерді. «Большой террор» атты ұжымдық еңбектердің бірінде «Коллективизация и казахская трагедия» деген тұтас тарау осы трагедияға арналып, аштық туралы жан-жақты айтылған. Аталған еңбекте шетелдік ғалымдар былай дейді: «Большевиктер әрдайым өзінің кінәсін басқаларға аударып келді. Олар аштықтың зауалын қазақтың байлары мен Алашордаға жауып, өздері сүттен ақ, судан таза болып шыға келді».
Мен бұрын қазақтың апатқа ұшырауына кінәлі Сталин шығар деп ойлайтынмын. Бірақ шетелдік ғалымдардың еңбегін оқығаннан кейін оның себебі әлдеқайда тереңде екеніне көзім жетті. Коллективтендіру туралы бұйрықтардың бәрі Кремльден шыққан. Орыс, еврей зиялылары Сталинге қарсы тұрмақ түгілі, оның нұсқауларын қуана-қуана қолдаған. Мәскеуден келген нұсқауды біздің қазақтың атқамінерлері іліп әкетумен болған. Әрине, тұтас бір ұлтты қаралағым келмейді. Десек те, бұл трагедияға кінәлі Ресейдің өзі.
Коммунистік партия дегеніміз не? Ол - Ресей мемлекетінің өзі тудырған, оның рухынан шыққан партия. Ресейде Азамат соғысы жиі болып тұрады ғой. Бірін-бірі аямайтын халық қазаққа келгенде тіпті өршеленіп кететін тәрізді. Кремльде, НКВД-ның ішінде коммунист еместер көп болды. Бірақ олар Кремльдің жүргізген саясатын бір адамдай жұмыла қолдады.
Өткен ғасырдың басында орыстардың өзі мәдениеті төмендеу халық болды емес пе?!. Олар демократиялық қоғам құра алмады, көппартиялық жүйе құруға шамасы жетпеді, Еуропа елдерінің жолымен кете алмады. Сосын Германияның өзі жаратпай тастаған Маркстың артта қалған идеяларын іске асырмақшы болды.
Большевизмнің негізгі идеясы жұмысшы табының диктатурасын, үстемдігін орнату еді. Яғни, коммунистер жеңіске жеткеннен кейін жұмысшы тап алдыңғы шепке шығуға тиіс болатын. Бірақ бұл империя ат төбеліндей бюрократтардың диктатурасына айналды. Тек қана Сталин емес, Сталиннің маңайына жиылған Хрущев, Маленьков, Каганович, Молотов, тағы да басқа көсемнің серіктері толып жатыр. Бұлар ешқандай коммунистік идеяны көтеріп жүрген адамдар емес. Мақтаулы Хрущев кейін өзінің мемуарларын АҚШ-қа ақшаға сатқан адам. Осыдан кейін қазақты қырғынға ұшыратқан жалғыз компартия деуге бола ма?!
ХІХ ғасырда Голландия Суринам сияқты ұсақ аралдарға басып кіріп, олардың байлықтарын талан-таражға салған екен. Қазір сол арал халықтарының алдындағы қиянатын ресми түрде мойындап, тәубеге келді. Қазір аралдардағы кедей халықтардың балаларын оқытып, қаржылай қол ұшын беріп тұрады. Немістер ІІ Дүниежүзілік соғыс үшін бүкіл әлем жұртшылығының алдында кешірім сұрады. Айта берсек, тәубеге келген елдер көп. Тек бір ғана мемлекет ешқашан өзінің жазықсыз қырғынға ұшыратқан халықтарының алдында кешірім сұраған емес. Ол елдің атын айтпай-ақ қояйын, өздеріңіз де жақсы біліп отырсыздар.

Ерлан Қарин, «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы:
- Қазақстанның тәуелсіздік алғанына жиырма жыл болса да, еліміздің тарихына қатысты ашық пікірлер айтудан әлі күнге тайсақтаймыз. Бойымызда бұрыннан қалған қорқыныш толық жойылып кеткен жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында ашылған ақтаңдақтар одан әрі тереңдетілмей, сол күйінде қалды деуге болады. Олар жалғасын таппай қалғаны өкінішті.
Біз ашаршылыққа қатысты бір мәселенің шетін шығарамыз да, сөзіміздің аяғын жұмсартуға тырысамыз. Себебі, Ресей жағы не деп қалар екен деп елеңдейміз. Ресейде биыл арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Аталған комиссия осы елдің тарихына нұқсан келтіруі ықтимал тақырыптарды анықтайды. Тарих қазбаланған жағдайда Мәскеуге айып тағылатынын Ресей үкіметі түсініп отыр. Сол себепті, І, ІІ Дүниежүзілік соғыс, Ашаршылық тақырыптарына тосқауыл қоюға тырысуда. Яғни, Ресейдің мұрағаттары енді біраз уақытқа жабылады деген сөз.
Осы орайда, біздің халімізді көршілес Қырғызстанмен салыстырып көрейік. Былтыр Жогоргу Кенеш 1916 жылғы көтеріліске қырғыз ұлтына қарсы жасалған геноцид деген баға берді. Парламент деңгейінде шешім қабылдады. Қырғыздардың жартысы Мәскеуде жұмыс істеп жүр, мемлекеттік бюджеттерінің жартысына жуығы Ресейдегі эмигранттардың қаржысы құрайды деуге болады. Оның үстіне, бұл елде орыстардың әскери базасы бар. Орыстар тағы бір әскери база салуға дайындалып жатыр. Қысқасы, айыр қалпақты ағайындарымыз әлі күнге Ресейдің арқасында күн көріп отыр. Алайда, экономикалық жағынан, саяси, әскери тұрғыда Ресейге тәуелді кішкентай ғана мемлекеттің өзі осындай батыл шешім қабылдады. Жогоргу Кенешке Ресейдің Сыртқы істер министрлігі қарсы нота жіберіп, бұл екі елдің қарым-қатынасына нұқсан келтіретінін айтса да, қырғыздың депутаттары қаймыққан жоқ.
Тәжікстан да орыс тілін мемлекеттік мәртебеден айырып, тәжік тілін жалғыз мемлекеттік тіл деп жариялады. Және бұл шешімді Ресейдің Президенті Тәжікстанға сапаршылап келер алдында қабылдағанына қалай риза болмайсың?! Яғни, тіл мәселесіне, ұлттың тарихына қатысты үлкен шешім қабылдаған елдермен Мәскеудің өзі санасуға мәжбүр болады деген сөз.
Ал Қазақстанда ашаршылықта қанша адамның құрбан болғаны туралы ғалымдар әлі күнге дауласып жүр. Біреулері халықтың 30 пайызы, енді бірі 40 пайызы құрбан болды дейді. Кейбір деректерде 47-50 пайыз делінген. Осының өзі бұл тақырыпты толыққанды зерттей алмағанымызды айғақтайды. Ең өкініштісі, ғалымдардың пікір қайшылығы мектептегі оқулықтарға де кері әсер етеді. Міне, менің қолымда 11-сыныптың «Қазақстан тарихы» пәнінен пайдаланатын оқулығы тұр. Осы кітапта ашаршылықта 300 мың адам өлді деген дерек берілген. Орысша оқулықта қазақтың басына түскен ұлы трагедия жылғыз-ақ абзацқа сыйып кеткен. Осындай олқылықтардың орнын толтыратын уақыт жетті емес пе?!
Ашаршылық оқиғасына неліктен саяси баға берілуі тиіс? Ең алдымен, бұл болашақ ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру үшін қажет.

Тұрсын Жұртбай, ғалым-жазушы:
- Меніңше, біздің елде халық бір бөлек, мемлекет бір басқа, сосын халықтың аузынан шыққан сөзді түсінетіндер өз бетінше өмір сүріп жатқан сияқты. Соның ішінде сөз өтпейтін бір қара иірім бар тәрізді көрінеді. Бүгінгі дөңгелек үстел басында айтылған әңгімелер бос сөз күйінде қалмас үшін «Нұр Отан» партиясының басшылық өкілдері оны тұжырымдап, партияның қаулысын алса деймін.
Қазақстанда ашаршылық туралы халықтың зар-мұңы ғана бар, бірақ оны жеріне жеткізіп зерттеген бір адам жоқ. Тарихшылар ашаршылықтың себептерін, оның алдын ала ойластыру жолдарын, Орталық Комитеттің Мәскеуге жіберген 190 беттік баяндамаларын, бәрін жарыққа шығара алмай жүр. Біз аштықты ұйымдастырды деп орыстарды кінәлаймыз. Украиндер оны «ұлттық геноцид» деп санайды. Украина бірінші хатшысының Сталинге жазған хаттарын бірден жариялап жіберіп, үлкен ерлік жасады.
Аралда 1 млн. 200 мың адам қырылып жатқанда, балықтың бәрін Повольжеге алып кеткен. Әлімхан Ермековті түрмеден шығарар кезде түрме бастығы шақырып алып «Сізге кешірім жасалды. Бірақ ескертетін бір жағдай бар. Сырттағы жағдай қиын, халық өліп жатыр» деген ғой. Сол кезде Ермеков «Қап, біздің айтқанымыз ақыры дұрыс болып шыққан екен. Соны неге тыңдамадыңыздар», деп санын соғады. Мына сұмдықты қараңыз, әлгі түрмебастығы Ермековке «Бір сағат бұрын айтқаныңда, осындай ойың үшін сені түрмеде шірітетін едім» деп өкінген екен.
Біз геноцидті нақты тарихи деректермен әшкерелемесек, ештеңе тындыра алмаймыз. Роман жазайық, повесть, поэма жазайық, зарлайық, жоқтайық, бәрібір кейінгі ұрпақтың миына ештеңе кіріп-шықпайды. Себебі, алдымен ұлттық геноцидті тарихи деректер арқылы дәлелдеу керек.

 

Дайындаған Айбын АҚПАТША

«Нұр Астана» газеті

 

0 пікір