Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3402 0 пікір 19 Наурыз, 2014 сағат 04:39

Қырымды орыстың жері деу айтуға ұяларлық, сандырақ сөз

Қазақстан орыстары неге үнсіз?

Қазақстан орыстары неге үнсіз?

Қазір Қазақстанда «Ресей мен Қазақстан–мәңгілік достар», «орыс пен қазақ бауырлас» деген сөздер ең көп айтылатын сөздің бірі. Бірақ тарихты қарап отырсаң, дәл сондай бауырластықты растайтын бірде-бір дерек жоқ. Қазақ пен жоңғар қақтығыстары кезінде қазақты қорғаймын деп оққа ұшпақ түгіл мұрны қанаған бір орыс жоқ. Керісінше қыз алысып, қыз берісіп отырған осы екі елдің ортасына от жағып қырылыстырып қойған Ресей болатын. Одан арғысын айтпағанда сонау 1592 жылы Ресей казачество деп аталатын әскери құрамаларды жасақтады да содан бастап орыстардың қазақ жеріне, қазақ ауылдарына қанды шабуылы бір толастаған емес. Әсіресе Қазақ даласының Батыс аймағы (бұл аймақ бұрын Сарыарқа деп аталған!) орыс басқыншылығына қарсы ұдайы арыстанша алысумен болды. Кеңестік Ресейдің және қазақтың кейбір жандайшап тарихшыларының  тарихты қырық құбылтып бұрмалауының арқасында қазақтар Ресейге өз еркімен қосылды деген жалған дерек қазақтың құлағына әбден сіңірілді. Әбілқайырдың оған шейін 40 жылдан астам қазақ жерінің отарлануына жол бермеген күрескерлігін кейінгі кейбір рушыл, жүзшіл тарихшылар Ресейдің сол жалған деректеріне сүйеніп әлі де қайталаумен келеді. Оның ел ақсақалдарымен кеңесте айтқан «Егер орыстарды Жайықтан әрі өткізсек, бүкіл қазақ жер-суынан айрылады» деген сөзі ел құлағында қалған. Кеңес заманында қазақтар оның бұл сөзін айтуға да қорқатын болды. Бұл қаһарлы кезең туралы алашорда көсемдерінің бірі, тарих тіл ғылымдарының зор маманы Халел Досмұхамедов «Батыс қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылды» деп күңірене жазады. Әттең, бүгінгі Қазақстанның не мектептегі оқулықтарында, не ЖОО-ғы тарих оқулықтарында бұның бірде-бірі айтылмайды. Бүгінгі Қазақстан балаларының бүкіл әдебиет және тарих оқулықтары әлдебір Жоңғария деп аталатын елдің шапқыншылығы туралы аңыз-әңгімелермен лық толтырылған. Олардың расы қайсы, өтірігі қайсы ажырату мүмкін емес. Біз бірнәрсені – сол жоңғарларды қытайлар Абылай хан тағына отырардан болмастан 20 жыл бұрын жер бетінен жойып, қырып тастағанын білеміз. Және сол өзіміз сияқты жегені ет, ішкені қымыз бен шұбат, өзіміз сияқты қиықкөз, тақырбас жоңғарлардың өзін қазаққа қарсы дүркін-дүркін айдап салып, бір-бірімен алыс-беріс жасап отырған екі елді қырқыстырып қойған да Ресей болатын. Оның бәрі өз алдына. Біздің айтпағымыз орыстың патшалық Ресейі қазақтарға қарсы әлгіндей талай-талай қанды жорықтар жасап, бейбіт ауылдардың малын тартып алып, жерін өртеп, әйелдері мен қыздарын зорлап, нағыз жауыздық, нағыз басқыншылық жүргізсе, тағыда сол орыстар басқарған Кеңестік Ресей сол отаршылдықты, сол басқыншылықты одан он есе өткен жауыздықпен жалғастырды. Оның бәрін тізбелемей-ақ ақтар мен қызылдардың қазақ даласын кезекпен қанға бояғанын, мал-мүлкін конфискациялап жер аударғанын 1932-33 жылдары әдейі  ашаршылықтар ұйымдастырып, сол кезде қазақтардың тең жартысына жуығы шыбындай қырылып қалғанын, қуғын-сүргін кезіндегі жасалған қырғындарды, қазақ даласын атом бомбасын сынайтын алаңға айналдырып, адам өлімі пәленбай есе көбейгенін, қазақ балаларының әлі де соның салдарынан не мүгедек, не ақыл-есі кем боп туып жатқанын ұдайы еске алып отырсақ та жаман болмас еді. Бірақ біздің елдің бүгінгі саясатына бұл тарихи шындық қайшы келетінін сылтау ететіндердің кесірінен бүгінгі ұрпағымыздың санасынан соның бәрі өшірілуде. Бүгінгі қазақ жастары соның бірде-бірін білмейді. Өйткені, олар оқытылмайды. Ал патшалық орыс Ресейі мен кеңестік орыс Ресейі жүргізген сол отаршылдық, шовинистік, империалистік саясатты кешегі Ельцин, бүгінгі Путин бастаған Ресей күшейтпесе, бәсеңсітуді ойлаған да емес. Және Ресей бұл отаршылдық саясатынан ешқашан айнымайды Ресейдің әлгінде біз айтқан, бізге жасаған әртүрлі қырғындары туралы Украинаның белгілі-белгілі саясаткерлері қазақ шонжарларының бірнеше рет есіне де салды. Бірақ қазақ атқамінерлері... Иә, Аллаһ кешірсін, қазақтың жоғарыдағы кейбір мықтыларының саяси самарқаулығы мен салпыетектігіне қарап, кейде кеудеңе соларға қазақтың Ел болып, Мемлекет болып отырғаны керек пе деген де күдік орнайды екен. Тіпті, солардың арасында қазақ мемлекетін нығайтқаннан гөрі қолда билік бар кезде қазақтың иенапат жер байлықтары таусылып қалмай тұрғанда өзімнің бірнеше ұрпағыма жететін байлық жинап қояйын дейтіндер де бар ма деп қорқамыз. Шетелдегі қазақтардың елімізге көптеп көшіп келуінен  қорқып, соған тыйым салып қойғандар да солар ма деп ойлаймыз. Олар Қазақстанда қазақтың көбеюінен қорқатын сияқты. Өйткені, халықаралық келісім бойынша бір елдің жергілікті ұлтының саны 67 пайыз болса, ол сол ұлттың мемлекеті болып есептеледі. Ал қазақтың басына Ресейі әлгіндей нәубеттерді кезең-кезеңімен әдейі жасап отырмағанда ғалымдардың зерттеуі бойынша қазақтың саны бүгінде 125 миллионның о жақ, бұ жағында болады екен. Міне, орыстың қазаққа жасаған көп «братандығының», «бауырластығының» бірі осы. Елімізде өз тіліміздің онша қажетсіз тіл болуына, оны білмей тек орысша білсең Қазақстанда «вот так можно жить!» жағдайын жасап отырған да сол Ресей мен оның осындағы қазақ жандайшаптары. Қазақстанда қазақ тіліне не ұйғыр, не өзбек, не түрік, не татар сияқты бірде-бір түркітілдес бауырлар қарсы емес. Қарсылар тек орыстар ғана. Айтпақшы, бүгінгі Ресей  Қазақ Елінің Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия сияқты түркі елдерімен қарым-қатынас жасауына да қарсылығын ашық білдіреді. Мәскеу жалпы түрік халықтарының басы бірігуінен қатты қорқады. Сондықтан пантюркизм деген сөзді ойлап тапты.

         Ресейдің бүгінгі Украинамен арада болып жатқан жанжалының бастауы да өте тереңде, бұдан сандаған жылдар бұрын-ақ басталған. Соның ең басты себебі, бүкіл орыстың демей-ақ қоялық, бірақ орыс шовинистері басқарған

Ресейдің отаршылдық ауруы

Ресейдің отаршылдық ауруының кесірі екендігінде болып отыр. Ұтыры келгенде айта кетейік, орыстардың Ресей болып, мемлекет болып ел қатарына қосылуына ең алдымен Алтын Орда себеп болды. Оған дәл қазір талдау жасап жатпай-ақ қоялық. Бірақ Алтын Орда хандарының табанының тақтаға салынған алтыннан құйылған бедерін сүйіп, бір-бірімен таласып, бірінің үстінен бірі арыз айтып сол хандардың шешімімен князь атанып, яғни, бөлек-бөлек князьдік болып күн кешкенін ешбір Путин, ешбір Проханов, ешбір Дугин, ешбір Жириновский мен Лимонов,Просвириндер әлем халқынан жасыра алмайды. Ол тарихта таңба басқандай жазулы тұр. Біреу өлмей, біреу күн көрмейді!». Сол Алтын Орданы Ақсақ Темір талқандап, кейін әртүрлі хандықтарға бөлініп кеткеннен кейін ғана орыстар есін жинай бастады. Және одан кейін де Ресей мемлекетін құрған тек орыстардың өздері де емес еді. Ол да бөлек әңгіме!... Міне, содан бері, яғни, көзін ашып жарық дүниеге келгелі Ресей ылғи әр елде, әр жерде қанды қырғын жасаумен, өзге елдерді отарлаумен келеді. Бұл оларда содан бері тұқым қуалап, қанға сіңген отаршылдық ауруы. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», бәрі тұқым қуалайды. Басқасын былай қойғанда соңғы жылдары Чеченстанда, Грузияда, Абхазияда, Дағыстанда болып жатқан қанды уақиғалардың басында да осы Ресей тұр. Олардың ішінде мүмкін Ресей басшылары айтқандай «террористер», «боевиктер» бар болса бар да шығар, бірақ не Чеченстан, не Грузия әскерлері Ресейдің территориясына келіп соғысып жатқан жоқ қой. Соғыс қай елде жүрді. Және онда қай елдің әскерлері жүрді? Басып кіріп жатқан тек Ресей әскерлері ғана. Міне, қантөгістің, апаттың, өрттің кімнен, қайдан келіп жатқанын кез-келген есі дұрыс адам осыған қарап-ақ аңғара алады. Әлде адам атаулының бәрі кім күшті болса сонікі дұрыс деп есептей ме, әлде орыстар ғана сондай ма қайдам Ресей соңғы кездері

Қырымды орыстың жері - айтуға ұяларлық сандырақ сөз

Қырымды орыстың жері деп кісі күлерлік, адамшылық қасиеті бар кісі айтуға ұяларлық сандырақ сөзді жиі қайталайтын болды. Кейбір надан орыс мұжықтарының шығарғаны ма, әлде орыстан басқаны надан деп ойлайтын есуастықтан арыла алмаушылық па кім білсін, олар бұл Хрущев Украинаға беріп жіберген біздің жеріміз дегенді шығарды. Олар, тіпті Қырым деген сөздің өзі, ондағы жер-су атаулары түп-түгел татарша, ноғайша, қазақша екенін де есіне алатын түрі жоқ. Бұл бір. Екіншіден, олар анау заманда Украинаға өтіп кеткен Қырымды дауласа, мына жақта біз, яғни, қазақтар сол кездері Ресейге өтіп кеткен Орынбор, Орск (Жаманқала), Сарытау (Саратов), Астраханьды, Волгоград маңын өзімізге қайтарыңдар деп шу шығарсақ не дер еді?

         Ресей өзінің басқыншылық, отаршылдық саясатын жүзеге асыру үшін сүттей ұйып отырған Грузияны бөлшектеп быт-шыт қылды. Грузин, абхаз, осетиннің арасына от тастап, ақыры ыдыратып тынды. Ресей тағы бір сайқал саясаты мынадай: Ол өзі отарлағысы, басып алғысы келген елде тұратын орыстарды қолтығына су бүркіп, құтырта бастайды. Олар ең алдымен мұнда орыстілін кемсітуде, орыстілділерге қысым жасалуда деп тіл мәселесін алға шығарады. Ал біздің қазақтың шолақ белсенділері қазақтарға тілді қозғай бермеңдер дейді, не орыс тіліне тиіспеңдер дейді. Нұрлан Ерімбетов дегендер қазақ тілінің мүшкіл халін айтатындарды бедел жинағысы келетіндер деп айыптайды.

         Ашығын айтсақ, қазір Ресей қазақстандық орыстарды да қот-қоттап, алуан түрлі арандатушылықты жиілетіп барады. Ресей басшылары бұл үшін әлдекімдерді айтақтап, Қазақстанның ана жері де, мына жері де орыстікі, бұл жерлер Ресей қарамағына өтуі керек дегізіп, үргізіп қояды. Ана жолы Просвирин деген орыс Қазақстанды берсе бейбіт жолмен бермесе әскери күшпен басып аламыз деп ашықтан-ашық мәлімдеді. Ол осындағы орыстарға сендер неге қазақ тілін оқуларың керек, бұл дұрыс емес деп онсыз да қазақ тілі десе кәрі жыны қозып шыға келетін кейбір орыстарға  жел беріп қойды. Егер Қазақстанда тұратын орыстар  өзі дәм-тұзын татып отырған қазақ ұлтын, оның дастарханын, тілін сыйлайтын көргенді, адамгершілігі мол болса, осындайда Просвирин, Дугин, Лимонов, Жириновский сияқты өздерін айтақтаушыларға қарсы бір ауыз қарсы сөз айтар еді ғой. Жоқ, керісінше олардың айқайына ойбай қосып, орыстарға, орыс тіліне Қазақстанда қысым көрсетіліп жатыр, орыс мектептеріне қамқорлық жоқ дейтін орекеңдер бізде өте көп екенін көріп жүрміз. Егер  елімізде Украинадағы жағдайға ұқсас бірнәрсе шыға қалса, Қазақстанда Ресейдің жалауын желбіретіп шуылдап шыға келетіндер  аз емес екенін әр қазақ естен шығармауы керек. Осы ретте айта кетейік. Қазақстан басшылары да, жәй қазақ та өз елінің азаттығы тәуелсіздігі қай тілдің үстемдігіне байланысты екенін басты назарда ұстамаса болмайды. Біз енді өз елімізде қазақ тілін ең басты тіл ретінде қолдануды дереу қолға алмасақ күні ертең қатты өкінеміз. Әттең, біз  көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан және Балтық республикалары сияқты КСРО-ның шаңырағы ортасына түскен күні ертеңіне-ақ туған тілімізді төрге шығармай, көп кешігіп қалдық. Енді сипақтатып, мәймөңкелеп сөйлеуді тоқтатып, Ресейдің қазақ ұлтына, Қазақстанға көз тігіп, елімізді бөлшектеу ниетіне  пиғыл білдірген кез-келген шовинистке дереу тойтарыс беріп отыруымыз керек. Парламент сондай заң қабылдауы өте қажет. Қысқасы, біз Ресейдің қашанда  басқыншылық саясат ұстанатынын бір күн де естен шығармауымыз керек.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

0 пікір