Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3525 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 09:34

МЕРЕКЕДЕ АЙТАТЫН СӨЗ ЕМЕС ЕДІ...БІРАҚ...

Гендер дегеніміз әйелден еркек жасау деген сөз емес. Бар бәлені әйелдің орнын бесіктен билікке қарай ауыстыруды насихаттаған мемлекеттің саясатынан іздейтін едік. Бекер. «Биліктегі әйелдің саны бәлен пайыз», «кәсіпкерлікпен түген пайыз әйел айналысады», «спорттағы әйел осынша пайызға жетті» деген статистика, отбасында сетінеп бара жатқан сезім мен сенімнің орнын толтырып бере алатынына шүбәміз бар. 

Гендер дегеніміз әйелден еркек жасау деген сөз емес. Бар бәлені әйелдің орнын бесіктен билікке қарай ауыстыруды насихаттаған мемлекеттің саясатынан іздейтін едік. Бекер. «Биліктегі әйелдің саны бәлен пайыз», «кәсіпкерлікпен түген пайыз әйел айналысады», «спорттағы әйел осынша пайызға жетті» деген статистика, отбасында сетінеп бара жатқан сезім мен сенімнің орнын толтырып бере алатынына шүбәміз бар. 
Мереке күні әйелді мақтауымыз керек еді. Азаматының қолынан «Dior», «Givenchy» мен «Chanel» секілді қымбат иіссу алып, құшағы гүлге толуды айтпағанда, жылына бір келетін мейрамында қарапайым сыйлық түгілі жылы сөз естіп те қуана алмайтын қыз-келіншектердің бар екенін ескеріп, осы әңгімені айтуға тура келді. Бүгінде қоғамда көрініс тапқан бүкіл үйлесімсіздікті Үкіметтің гендерінен бұрын үйдегі аналарымыздың, әкелереміздің өздері қолдан жасап отырғанына көңіл шіркін күннен-күнге сеніп келеді. «Қызым – қызғалдағым» деп бір тал, екі тал қызын жас құрақтай желкілдетіп, төбесінен құс ұшырмай еркелетіп өсіргені жақсы-ақ қой, бірақ «ізгі арманы», ол туғанда жарқ етіп күн туғандай болған ат ұстар ер баласы ше – дәл сондай мейірім, дәл сондай махаббатқа бөленіп, ерте бастан білім алуына лайықты көңіл бөлініп, дұрыс бағыт-бағдар беруде барын аямай көмек беріп отыр ма? «Аз күндік қонақты» үкінің баласындай үлпілдетіп аялаған жақсы-ақ. 
Бірақ бүгінде кімнің үйіне барсаң да «жердегі жұмақты жасайтын осы екі қызың болады» (ұл таба алмай келе жатқан әйелді жұбатқан түрі), «бар жақсылықты осы қыздардан көресің әлі» (алдынан шығып келгендей), «сендерді осы қызың бағады әлі» (па, шіркін), «қыз жақсы ғой, шіркін»-мен (әрине) басталған орынды-орынсыз көтермелеу мен мақтау, өмірден бос қалған бота тірсек, бос белбеу, білімсіз, жұмыссыз, көкжасық ер азаматтардың көбеюіне әкеліп соғып жатыр. «Екі қолға бір күрек жұмыс ер жігітке қайдан да болса табылады, көр қазса да, жүк түсірсе де, арба итерсе де өлмейді». Ал қызы оқымаса, дипломы болмаса, барған жерінде бетіне шіркеу болады. Міне, тәрбиенің  түрі. Тәрбие емес, ойлағаны өз нәпсісі. Білімсіз жігіт – жұмыссыз, жұмыссыз адам – табыссыз, ал табыссыз еркекті қай әйел күйеу деп сыйлайды? Ақшасы жоқ еркектің әйелінің алдында абыройы болмайтынын ата-анасы ертерек ойлап, оқу оқып, ілім жинауына бар терін төгіп, «ертең отбасын асырау сенің міндетің», «ұлың сенен үлгі алады», «елге пайдаң тисін» деп өсірсе, дәл қазіргідей еңсесі түскен ер, ат үстіндегі әйел көбеймес пе еді? Әу баста ананың төңірегіне топтасқан халық, ол топ үлкейіп,  ұрпақ жалғаса келе аналар көбейіп, олардың арасында бәсеке күшейгенде, бірте-бірте күші мол, жұртты аузына қарата алатын, ерлер төңірегіне топтасқан, патриархат солай бекіп еді, қазір, міне, матриархатқа маңдай тірей бастағанымызды іштей мойындауға мәжбүрміз. Жұмыссыз ұлы жиырма жыл бұрын тап өзі тон пішкеніндей, арба сүйреп базарда, сылақ сылап құрылыста жүреді немесе екі аяғын аспанға іліп, шалқасынан түсіп үйде жатады. Мұндай жағдайда мал тапқыш келіннің екі бүйірін таянып міндетсіп шығатыны белгілі. Қос үйді қоса қондырмайтын шақар келінмен қарым-қатынасын ширықтырып алмай, шымбайына батырмай, аялап отырып айтып, ширататын енеде шыдам, төзім, сабыр атымен таусылған. «Бақпасаңдар қойыңдар, бір шешемді өзім-ақ бағамын» деп долданған дипломды қыз анасын дедектетіп ала жөнеледі. Баласы мен келініне қыр көрсеткендей кей шеше қызының жетегінде кеткенімен қоймай, орыстың кемиек сары кемпірі сияқты жиенін «немерем» деп соғатыны бар. Ең жаманы, осындай көрініс ұлттық отбасылық дәстүрімізде жиілеп барады. Әке үйіндегі «аз күндік қонақ» жат жұртқа ұзатылғаннан кейін «өз жұртының да, қайын жұртының тілеуін тілейтін, екі елдің  жанашыры» деп одан әрі әспеттеліп, мәртебесі биіктеле түсетін еді. Алайда іргесінің мықтылығына мақтанатын қазақы отбасылық институттың құндылығы төмендеп бара жатқанын осындай мүжілген туыстық қарым-қатынас мысалынан мыңдап тауып алуға болады. Жазылмаған заң, бұлжымас қағидалар мидай былығып араласып, мәнін жоғалта бастады. «Аумалы-төкпелі заманда ала қап арқалаған әйел», «жұмыссыз еркекті асыраған әйел», «балаларын тістелеп жүріп жеткізген әйел», қойшы, қаһарман әйелдің қайсар ерлігін тізбелей берсең, таң да атпас. 
Тек осындай аспандатудың соңы, міне, қайда алып келді. Бір үйдің бес бірдей ұлы бола тұрып, әке-шешені бағу міндеті жатқа кеткен «жалбыршашқа» қарап қалғаны сол үйдің тұңғыш ұлы мен кенже баласын еш ойландырмайтын болғаны ғой. «Жалғыз ұлдың қолынан жаным шықсын» дейтін, яки «осы кенжемнің қолынан топырақ бұйыртсын» дейтін ата-ананың кейбірі қыздың босағасына барып сығырайып отыруды еш ар көрмейтіні, намыс санамайтыны, қазақы отбасылық құндылықтың құлдырауы емей, немене?
«Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» атты кітап жазып, Момышұлдарындай тау тұлғалы азаматтарға иіліп қызмет еткен Зейнеп Ахметова айтып еді бір әңгімесінде: «Әйел мен еркек тең» деп жүріп, улы дәнді Кеңестік кезде-ақ сеуіп тастағанбыз. Қалай айтсақ та, қазақ дейтін халық бақыр басты еркекті бәрінен биік қойып еді. Киіз үйдің шаңырағын ер адам көтерсе, керегесін керіп, уығын шаншитын әйел еді. Ешқашан шаңырақты әйелге көтертпеген. Бұл нені білдіреді? «Шаңырақтың иесі – ер адам», «ер азамат – бас ие» деген сөз. Біз үлкен қариялардың тәрбиесін көрдік. 
Біздің кішкене кезімізде, сол шаңырақтың иесі жұмыстан шаршап келе жатқанда, «әкесі келе жатыр» деп келіндерге әлі аяғы шықпаған нәрестесін көтертіп, алдынан шығаратын. «Баласын көріп, мейірленсін, шаршағанын ұмытып, үйге жақсы көңіл күймен кірсін» дегені. Ер адамнан тараған шуақ шаңырақты жылытады. Әкенің қадірін титімдей кезімізден бастап сөйтіп сезіндірді ғой бізге. Ілгеріректе әйел адамнан жөн сұрағанда өз елінің емес, келін болып келген жерінің руын айтатын болған. Өйткені ол басқа әулеттің отын жағып, соның ұрпағын өсіріп отыр ғой. Біреулер айтатын болар: «ұлы не, қызы не, бәрібір емес пе?» деп. Жоқ. Әр ұлттың дәстүрі, ата салты бар. Біздің салтымызда, әйел мен еркек теңелген жерде дүниенің шырқы бұзылады. Осы сөз бүгінгі күнге дәлме-дәл келіп тұр. Қазіргі жастардың психологиясын біздің жасымыздағы адамдарға ұғу қиын. Бірақ Құдай көретін көз берген соң байқайтының, қазір еркек пішіндес, еркек мінездес әйелдер көбейді. Базарда шақылдап, шаптығып тұрған әйелді көргенде жүрегің тітіркеніп кетеді. Өйткені біз ер адамды тым таптап жібердік. Мың жерден ақша тауып, отбасын асырап жүрсе де, ол еркек бола алмайды. Ұлы мен қызына әке бола алмайды. Ерлердің есіктегі басын төрге сүйрей ме, жоқ төрдегі басын есікке сүйрей ме, бәрі де әйелдің парасатына байланысты. Жанбағыстың жарапазанын айтып жүрген адамдар бүгінде жағдайы бар баласының қолына барып тұратынды шығарды. «Менің мына ұлымның жұмысы болмай, өмірден бос қалып, қиналып жүр ғой, осының қолтығынан сүйеп, демеу болайын, дем берейін, түскен еңсесін көтерейін» дегеннің орнына, өзінің жан тыныштығын ойлап, қызының қолына барып тұратын үлкен кісілерді көргенде, шынында да, қынжыласың. Бұл енді қазақтың салтында, дәстүрінде болмаған нәрсе ғой. Қызының қолына кім барып тұрған? Бұрынырақта жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ, қу бас болып қалған кемпір мен шал болмаса, соқталдай ұлы бар кісілер қызының қолына бармаған, күнін салмаған. Ертең қайтпас сапарға аттанарда да жаназаға қызың емес, ұлың тұрады. Осыны ойлау керек қой. Ұлы отбасы асыруға шамасы келмесе, сондай етіп өсірген өзі берген тәрбиеде бір қателік кеткен болар?! Қайталап айтамын, «көкем-ау», «әкем-ау» деп жылап тұруға, жаназаға ұлың тұруға жазсын! Ол үшін қазақ ұлын ұлдай етіп, қызын қыздай тәрбиелесін!»
Осындайда Әбдіраштың Жарасқанының «Кенже бала» атты өлеңі ойға оралады: 
Кеңес берер кемеңгер болмасам да
Қай бетіммен қараймын елге сонда?
Басқа екен ғой орыны қыз баланың
Байғұс апам бас сұғар анда-санда. 
...Ертеңіне – Апайым,
Мен және Аға –
Әрқайсымыз аттандық әр қалаға...
Қақпа алдында қол бұлғап қала берді
Қала берді кемсеңдеп... Кенже бала...
Кенже балаларға қара шаңырақ иесі екені құлағына құйттайынан құйылушы еді. Бар ынта мен назар, ықылас өзіне ауғандықтан, үлкен жауапкершілікті кішкентай жүрегімен сезініп өсетін. Ендеше, қара шаңырақтың берекесі кетіп, құты қашпас үшін дүние-мүлік пен мал-жан түгелімен кенже баланың қолына өтіп отыратын бұлжымас қағидамызға қылау түсірмеу өз қолымызда емес пе, асыл ана, аяулы әпке, сүйкімді сіңлілер?!

А.ХАЛЫҚ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір