Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4621 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 04:32

Қазақтардың Қазақстанға оралуы іс жүзінде мүмкін болмайтындығын ашық мәлімдеуге мәжбүрміз!

Жақында       Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі      Серік Ахметов қол қойған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 111 қаулысы  қолданысқа енгізіледі. Ол - "Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға куәлiктер және шетелдiктерге тұруға ықтиярхаттар беру", "Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру", "Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауды және одан шығуды тiркеу" және "Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру және ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы деп аталады.

Жақында       Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі      Серік Ахметов қол қойған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 111 қаулысы  қолданысқа енгізіледі. Ол - "Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға куәлiктер және шетелдiктерге тұруға ықтиярхаттар беру", "Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру", "Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауды және одан шығуды тiркеу" және "Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру және ұзарту" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы деп аталады.

        Естеріңізде болса, К. Мәсімов Үкіметі тұсында  «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 «өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы бойынша елге келіп, ҚР азаматтығына өтініш берген өз қандастарымыздан «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» талап ете бастаған болатын. Ал, келген елінен алып келген сол құжатқа сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері мөр басып мақұлдайтын болған. Қазақ көшінің жирма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергіге кездескен емес еді.

Біз Серік Ахметов Үкімет басына келгенде сол баяғы қазақы көңілмен, аталған кемшіліктер тез арада жөнге түседі деп үміттенген болатынбыз. Бірақ, «бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, C. Ахметов К. Мәсімовтен де асып түсіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының дайындап қабылдату арқылы ел билігі 22 жыл бойы табанды жүргізіп келген көші-қон саясатын бір жолата құрдымға кетірді. Сондықтан Серік Ахметовтың аталған қаулысынан кейін, шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға оралуы іс жүзінде мүмкін болмайтындығын ашық мәлімдеуге мәжбүрміз.

Енді Премьер-министр С. Ақметов қаулысынан туындайтын нақты зардаптарға талдау жасап көрелік.  Аталған қаулымен бекітілген  «Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға  Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» туарлы мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында: «Мемлекеттiк көрсетілетін қызметтi алу үшiн қызметті алушы осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өз қолымен мемлекеттік немесе орыс тілінде толтырылған Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді. Он алты жасқа толмаған немесе әрекетке қабілетсіз болып табылатын көрсетілетін қызметті алушының өтінішін ата-анасының бірі немесе заңды өкілі береді. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: 1) ұлттық паспорттың көшірмесі және түпнұсқасы, азаматтығы жоқ адамның құжаты, өтініш беру күніне олардың жарамдылық мерзімі күнтізбелік 180 (бір жүз сексен) күннен артық болуы тиіс;  бірлескен қолдаухат беру кезінде: баланың туу туралы куәлігінің немесе 16 жасқа толмаған баланың жеке басын куәландыратын басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы;    2) Қазақстан Республикасында болудың заңдылығын растайтын құжаттың көшірмесі; 3) оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында баспана берілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда); 4) өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат. Оралмандардан, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын азаматтығында болған бұрынғы отандастардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы бар адамдар және бірге келген олардың отбасы мүшелерiнен төлем қабілеттілігін растау туралы құжат талап етілмейді; 5) азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжат; 6) 14-тен 16 жасқа дейінгі баланың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға нотариалды куәландырылған келісімі;
7) арыз берушіге баспана ұсыну туралы жеке немесе заңды тұлғамен шарт не шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның тұруына және тұрақты тіркеу есебіне қоюға нотариалды расталған келісім; 8) Қазақстан Республикасының медициналық мекемесі берген медициналық куәландыру туралы анықтама; 9) өлшемi 35x45 мм 4 фотосурет (фотосурет арыз берушінің жасына сәйкес болуы және қатаң түрде жарық жерде алдынан түсiрiлуі және адамның бетi фотосуреттiң жалпы алаңының 75%-ға жуығын алуы тиiс); 10) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде тұратындар неке туралы куәліктің көшірмесін және жұбайының (зайыбының) жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады» - деп белгіленген.

Жаңа қаулыда көрсетілген шетелдіктер, немесе уақытша шетелдік төлқұжатпен келген өз қандастарымыз өтінішпен бірге ұсынатын он түрлі құжаттың ішінде «оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» және « азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжат» 2012 жылдың соңғы жартысынан бұрын, яғни, К. Мәсімовтың 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы қолданысқа енуден бұрын, елге оралған ұлты қазақ азаматтардан талап етілмейтін. Ал, С. Ахметов сол қателікті айна қатесіз қайталап отыр.

 Бұл жерде аталған құжаттарды әкелу қаншалықты қиын деген сұрақтың өз - өзінен туындайтыны бәрімізге белгілі. Ашығын айтқанда, аталған екі түлі  құжатты әкелу қарапайым оралмандар үшін құқықтық тұрғыдан мүмкін болғанымен,  іс жүзінде мүмкін емес. Мысалы, Қытайдан  «кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын  құжат» алу үшін «ҚХР азаматтарының шегарадан кіріп – шығуы туралы» заңы «атқару ережесінің» 4- бабында азаматтардың шетелдерге бір жолата қоныс аудару үшін міндетті талап етілетін құжаттар жөніндегі түсініктемесінде: «Осы атқару ережесі 3-бабының 4- тармағында айтылған арнайы куәлік дегеніміз: Шетелдерге шығып қоныстанушылар үшін өздері қоныстанатын жердегі туыс-туғандары мен дос-жарандарының келісілген қоныстануға шақырылғандығы жөніндегі куәлігі немесе баратын мемлекетінің (құзіретті органдарының) олардың қоныстануын рұқсаттағандығы жөніндегі куәлігі»-деп айқын жазылған.  Демек, Қазақстан мемлекетінің (құзіретті органдарының) олардың қоныстануын рұқсаттағандығы жөніндегі куәлігі болмаса, ол жақтағы қандастарымыз өздерінің тарихи отанына қоныс аударуы үшін, Қытайдан кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын  құжатқа қол жеткізе алмайды.  Ал бізде 1999 жылдан бастап бір мезгіл қолданысқа енген, тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық адам құқықтары пактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы, құзіретті органдардың кесімімен шақырып алуының да жолы жабылғалы сегіз жылға аяқ басты. Міне, осындай жағдайларға байланысты Қытайдан келетін қандастарымыз екі елдің ортасында сеңдей соғылысып, табанынан тозуда.

Ахметов қаулысының мына бір тұсы да талдау жасауды қажет етеді. Қаулыда: «Оралмандардан, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын азаматтығында болған бұрынғы отандастардан, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы бар адамдар және бірге келген олардың отбасы мүшелерiнен төлем қабілеттілігін растау туралы құжат талап етілмейді» -деп жазылған. Бір қарағанда қаулыда оралман қандастарымызға айрықша бір қамқорлықтың, мейір-шапағаттың лебі есіп тұрғандай сезіледі. Бірақ, жағдай біз ойлағаннан мүлде басқаша.            

Осы өткен күзде ғана ел-жұрттың қатты өкпе-ренішін тудырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қабылданып, өмірге жолдама алғандығын халық ұмыта қойған жоқ. Сонда «ҚР Халықтың көші-қоны туралы» заңының 23 бабындағы редакцияға сәйкес:  «ҚР Үкіметі орамландарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстанған этникалық қазақтар ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат аларда төлем қабілетін растаудан босатылады»-делінген. Мұндай өзгертуден шығатын қортынды бұдан былай елге оралған қандастарымыз ҚР Үкіметі оралмандарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстанбаған жағдайда, олар төлем қабілетін растаудан босатылмайды деген сөз. Бір қызығы, тек этникалық қазақтар ғана  ҚР Үкіметі оралмандарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстану міндетті болады да басқа Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын азаматтығында болған бұрынғы отандастардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы бар адамдар және бірге келген олардың отбасы мүшелерi кең байтақ қазақ жерінің кез-келген бұрышын таңдап қоныстана береді. Оларға ешқандай шектеу жоқ! Өз отанында шектеуге, алалауға, кеудеден итеріп қақпайлауға болатын өз қандастарымыз ғана.

   Қаулыда тағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы бар адамдар және бірге келген олардың отбасы мүшелерi деген тіркес бар. Сонда Қазақстан Республикасы кімдермен халықаралық шарттар жасасты дейсіз ғой. Енді осыған аялдайық. Қазіргі кезде азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алуға байланысты 1996 жылдың 17 қаңтарынан бастап қолданысқа енген Қазақстан мен Белорусия арасындағы және 1999 жылдың 26 ақпанынан бастап күшіне енген Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан және Ресей арасындағы халықаралық келісімдерді атауға болады. ҚР заңнамаларынан жоғары тұратын халықаралық шарттарға сәйкес, аталған елдерден елімізге қоныс аударатындар үш-ақ айда ҚР азаматы атанады. Ал, оралман бауырларымызға ҚР Үкіметі оралмандарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарда тұрып, табаны күректей төрт жыл сарыла күтуіне тура келеді. Міне, тәуелсіз қазақ үкіметінің мемлекет құрушы ұлтқа көрсеткен құрметінің сиқы.

Cалыстыру үшін айта кетейік, бізге үнемі үлгі-өнеге болып көрінетін Ресей билігі жақын күндерден бері әсіре ұлтшылдығымен көзге түсіп, этникалық орыстарды ғана емес, бұрын Ресей империясы мен СССР аумағында тұрған орыс тілді азаматтарға да ерекше қамқорлық таныта бастады. «Справедливая Россия» фракциясы ұсынған заң жобасы бойынша «Азаматтық туралы» заңға өзгеріс енгізу  арқылы Ресей аумағында тұрмай-ақ, бірінші азаматтығынан бас тартпаса да, Украина азаматтарына небәрі екі айдың ішінде Ресей азаматтығын беруге болады екен. Ал, Ресей үкіметі де наурыздың 4-і күні «Шет мемлекеттердің азаматтығынан бас тартқан, орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға  Ресей азаматтығын берудің жеңілдетілген тәртібі туралы» жаңа заң жобасын ұсынды.  Бұл жоба бойынша Ресей азаматтығы бұрын Ресей империясы мен СССР аумағында тұрған орыс тілді азаматтарға беріледі. Олар Ресей аумағында жарты жыл тұрса жеткілікті.

Ресей Думасының қарауына ұсынылып жатқан заң жобалары ешқандай талдау мен түсіндіруді қажет етпейді. Көпшілік дауыспен қабылданып кетуі де бек мүмкін. Себебі, Ресей Парламенті де біздікінен жетісіп тұрғаны шамалы. Тек біздің ұйқымызды қашыратыны – өгізге туған күн бұзауға туа ма деген үрей ғана. Алла содан сақтасын!

Рақым АЙЫПҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір