Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3280 0 пікір 3 Наурыз, 2014 сағат 06:55

ҚАДІРІ ҚАШҚАН КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ

Бәріміз де қарбалас заманның қауырт қарекетінде жүрген адамдармыз ғой. Уақыт жоқ. Дегенмен, «әлдебіреу әлдене жазған екен» деп оқи салсаңыз да болады. Кім біледі, бірдеңеңізге жарап қалар... «Бізге қатыссыз нәрсе екен» деп қоя салуға да болады. Ықтиярыңызға қол сұғуға хақымыз жоқ. Одан да аз-маз хабардармыз. Әйткенмен, әлқисса...

Бәріміз де қарбалас заманның қауырт қарекетінде жүрген адамдармыз ғой. Уақыт жоқ. Дегенмен, «әлдебіреу әлдене жазған екен» деп оқи салсаңыз да болады. Кім біледі, бірдеңеңізге жарап қалар... «Бізге қатыссыз нәрсе екен» деп қоя салуға да болады. Ықтиярыңызға қол сұғуға хақымыз жоқ. Одан да аз-маз хабардармыз. Әйткенмен, әлқисса...

Қазіргі жұрт қолына қалам ұс­тап, қағаз бетін сөзбен толтырып, оны­сын «кітап» қылып шығарғанның бә­рін қаламгер деп таниды. Ойлана қарасаң, қалың жұрттың олай ой­лауы дұрыс екенін байқайсың. Әри­не, өзін нағыз қаламгер ретінде бі­летін, соноу-соноу жылдардың өзін­де-ақ көзіқарақты елдің шынайы ықыласын сезініп үлгерген, құрметін көріп қалған ақын-жазу­шы­лардың біразы шамданып, ша­мырқанып, аспанға шапшуы да ық­тимал. Онысы да жөн. Өйткені, олар «кітап» шығарғыш, «кітап» жаз­­ғыштардың қай-қайсы да өзі­мен шендесе алмайтынын біледі. Біл­­гендіктен де, өзін әлгі «кітап­шіл­дер­­мен» бір қатарға қойғанына рен­жиді. Содан кейін... Содан кейін осы ренішін өзімен ойы ортақ, пі­кірі бағыттас әріптестерінің бі­рі­мен, яки бірнешеуімен бөліседі. Со­сын... Сосын бәрі бірге мұңайып, бір­ге ренжиді. Содан соң... Содан соң «өздерін түсінбейтін, деңгейі тө­мен» қоғамын іске алғысыз етіп сы­найды. Сынап-сынап, әбден айыздары қанған соң үйді-үйлеріне тар­қасады. Үйде де тыныштық таба алмайды. «Іске алғысыз қоғамы» ер­тең не боларын ойлап, ұшы-қиы­ры көрінбейтін уайымға беріледі. Әл­бетте, уайым соңы – мұңлы жыр. Жыр мазмұны – «О, Замана, қайда ке­тіп барасың?!».
Дұрыс қой, бәрі де дұрыс-ау!.. Бірақ бітпейтін уайым мен сол уайымның мұңлы перзентінен өніп жатқан да ештеңе байқалмайды. Уайымы ортақ әлгі әріптесің «қоғамдағы әдебиетке деген енжарлықты, соның салдарынан туған келеңсіз жәйттерге күйіне, ішіңе шөккен шеменді кереметтей жеткізгеніңді» айтып, қолпаш білдіреді. Әрі кеткенде, тағы екі-үш адам мұңлы туындыңа тәнті болғанын айтады. Әжептәуір марқайып қаласың, айналаңнан санасы кенеттен сілкініп кеткен адамдарды көргің келеді. Бірақ... ондайлар көрінбейді. Үйіңе келесің. Бала-шағаң, асыл жарың бетіңе қарайды. Сағынып қалғаннан емес, «Қалтаңа түскен бірдеңе бар ма?» дегендегісі. Әлгібір сәтте өзіңді танитын-білетіндерден естіген дәріптеулердің екпінімен әжептәуір көтеріліп, желпініңкіреп тұрған көңілің сұлқ түседі. «Іске алғысыз қоғамның» ертеңіне алаңдаған беймаза жаныңды тағы да уайым жайлайды. Әлбетте, уайым соңы – мұңлы жыр. Жыр мазмұны – «О, Замана, қайда кетіп барасың?!».
Дұрыс қой, бәрі де дұрыс-ау!.. Дегенмен, сұрақ мазмұнын «О, Замана, қайда әкетіп барамыз?» – деп өзгертіп көрсек, қалай болар еді? Ыңғайсыздау тиетін сияқты ма, қалай өзі? Ыңғайсыздау тиетін де жөні бар. Өйткені, қазіргі адам өзінен басқа жанды-жансыздың бәрін кінәлауға бейім болса да, өзіне шық жұқтырғысы келмейтін мінезді әбден меңгеріп алған ғой. Сүрініп кетсе, көлденең жатқан тас кінәлі; баласы бірдеңе бүлдірсе, мектеп кінәлі; жолы болмай жүрсе, Құдай кінәлі; жағдайы келіспей жүрсе, билік кінәлі, т.с.с. Сенбесеңіз, теледидарыңызды қоса қойыңыз, иә болмаса, жолығып қалған танысыңыздан жағдайын сұрай салыңыз. Содан соң көргеніңіз бен естігеніңіздің «экспрессивті бояуларын» алып тастап, проблеманың туу, пісу себептеріне тереңдей үңіліп байқаңызшы, түпкі нүктесі «қиындыққа ұшыраған әлгі адамның» өзінен табылып қалмас па екен?..
Қаламгер де ет пен сүйектен жаралған жан иесі, жан-жағын жайлап алған әлгіндей мінезден ол да құралақан қала алмайды. Соның әсері шығар, әйтеуір, қалам ұстаған қауым да соңғы жиырма жыл аясында өз шаруасының шатқаяқтаңқырап жүргені үшін кінәлауға лайықты, ірі-ірі екі «объектіні» анықтады. Кінәлі «екеудің» бірі – үлкенді-кішілі билік басындағылар, екіншісі – кітап оқымайтын жұрт.
Алғашқы онжылдық көлемінде «Кітабымыз шықпай жатыр. Әдебиетке сусап отырған елге кітабымыз жетпей жатыр. Билік не қарап отыр?» – деген сарындағы сыннан көз ашпаған бірінші «объект», яғни билік, мемлекеттік тапсырыспен кітаптар шығаруға мүмкіндіктер жасады. Обалы нешік, үлкенді-кішілі, жақсылы-жаманды талай-талай кітап шықты. Бүгінгі таңда сол кітаптардың бір шеті ауыл-ауылдардағы кітапханаларға дейін жетті. Әлі де барып жатыр. Шынын айту керек, кітаптар шығып жатыр, барып жатыр, сосын... жатыр... Иә, тура мағынасында айтып отырмыз, кітапханаларда жатыр. Баспадан шыққан күйінше жатыр. Жататын себебі – оқитын адам жоқ. Дұрыстап айтайықшы, адам бар, бірақ оның кітап оқуға құлқы жоқ. Құлқы болмайтын себебі – ол адамға кітаптың керегі жоқ. Ащы, бірақ шындық.
Міне, осы шындық, яғни бүгінгі адамға кітаптың керегі жоқ екені сезілген кезде екінші «объектіні» кінәлау басталды. «Жұрт кітап оқымайды. Әсіресе, жастар, балалар кітап оқымайды. Ата-ана қайда қарап отыр? Мұғалім қайда қарап отыр?» – деп, «кінәлілерді» нақтылай көрсетіп, «кінәлауға», «ренжуге», «уайымдауға», «ел болашағына алаңдауға» кірістік. Бірақ қарайып қалған жұрт кітапқа қайырыла кетпеді.
«Ел болашағына алаңдаған» қаламгер жанын тағы да уайым жайлады. Әлбетте, уайым соңы – мұңлы жыр. Жыр мазмұны – «О, Замана, қайда кетіп барасың?!».
Бұл – жауап дәметпейтін риторикалық сауал ғой. Дегенмен, жауап іздеп көрсек қайтеді? Сонымен, «Замана». Заманамыз – уақыт қой. Тікелей өзімізге қатысты алсақ, өзіміз өмір сүріп жатқан уақыт болмай ма? Ал, уақыт – көзге көрінбейтін, қолға түспейтін, иіскеп те, түстеп те танылмайтын нәрсе. Демек, уақыттың қандай болмағы өзімізге, Сіз бен бізге қатысты емес пе? Сонда айтып тұрғанымыз – «О, Өзім, қайда кетіп барамын?» болғаны ма? Ендеше, иісі-түсі жоқ Замананы кінәлағанша, сол Замананың қандай болғанына тікелей себепкер Өзімізді кінәлау орынды болар...
Өзіміз дегеніміз – Сіз бен біз құрап отырған қоғам. Осы қоғамға қатысты мәселелердің ішінен Сіз бен бізді мазалап тұрған нәрсе – қаламгер мен оның шығармасының қадірінен айырыла бастағаны. Қаламгер мен оның шығармашылығы – қоғамдық санаға байланысты мәселе. Ал қоғамдық санаға әсер етуге қабілетті бірнеше сала бар. Ол жаққа бармай-ақ қоялық, сөз ұзарып кетеді. Сондықтан төте сұрақ – қазіргі уақытта қаламгер мен әдеби шығарманың қадірі азая бастағаны шындық па? Шындық. Дәлел керек пе? Дәлелді өзіңіз де көріп жүрсіз. Бәлкім, назар аудармаған шығарсыз. Бәлкім, мойындағыңыз келмейтін шығар...
Ертерек жылдарда әлдебір қаламгермен кездесу өтетіні туралы әңгіме ауыздан-ауызға тарап, ең үлкен залыңыздың өзі оқырманға лықа толатын. Ең ғажабы – солардың арасында әлдебіреудің қуалауымен келген бірде-бір адам болмайтын. Қазір ше? Кілемдей-кілемдей хабарландыруларды көше-көшелерге айлап іліп қойсаңыз да, кішігірім залды әлдекімнің ықпалынсыз толтыруыңыз тым қиын-ау. Толтыруға болады.., мерейтойыңызға келген адамдармен. Онымен өзіңізді жұбатуға болар, бірақ шындығы бар болғырдың шымши беретіні бар ғой...
Осы тұста негізгі әңгімемізден сәл ауытқуға тура кеп тұр. Өйткені, өзгені кінәлауға әбден әккіленіп алған Біздің бір әдетіміз бар. Ол – әлдебір талантты жанның бағы жанбай жүрсе, «қоғамы кінәлі ғой» деп, кім екені түсініксіз біреулерді жазықты етіп шығаратын дайын жауабымыз. Негізінде, «түсініксіз» деуге де келе қоймас, өйткені, ненің меңзеліп тұрғанын бәріміз де түсінеміз ғой. Сондықтан ашық айта берейік. Меңзеліп тұрғаны – билік. «Сәбеттік билік» пе, қазіргі билік пе, о жағын таланты бағаланбаған жанның өмір сүрген уақытына байланысты анықтап аласыз. Енді қарап көрейікші, бұл жауаптан да өзімізге шық жұқтырғымыз келмейтін мінезіміз көрініп қалған жоқ па екен?..
Өйткені, әр түрлі оқулықтардан азды-көпті оқығанымызды қарапайымдау тілмен жеткізсек, «қоғам» деген ұғымның мазмұны «белгілі бір уақытта, белгілі бір аумақта өмір сүріп жатқан адамдардың бәрі» дегенді білдіретін сияқты еді ғой. Егер «қоғам» деген кезде билікті ғана түсінетін болсақ, Сіз бен біз қайда қаламыз? Сіз бен біздің қоғамдағы орнымыз, салмағымыз қайда? Өзімізді-өзіміз бағалаған кезде әжептәуір орнымыз, тәп-тәуір салмағымыз бар сияқты еді ғой... Әлгінде бар адамдардың кенеттен жоқ боп кеткені қалай?.. Жарайды, өз әңгімемізге оралайық.
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», – деген екен ертеректе намысқой жетім бала. Бірақ «жылай бергеннен» бірдеңе шыға ма? Шықса, қаламгер жемісін ендігі жеп отыруы керек еді ғой. Бұлай дейтін себебіміз – жетім баланың «жылауы» мен қаламгердің өзгелерді «кінәлауы» тым ұқсас болғандықтан. Кінәлаудан ештеңе өнбейтін болса, онда басқа жол іздеу керек шығар? Тек басқа жол іздеп жүріп, «кінәлаумен» бауырлас тағы бір амалмен айналысып кетпесек жарар еді...
Сонымен, қаламгер алдында тұрған проблема екеу екен. Әуелгісі – қаламгер қадірінің азая бастауы, екіншісі – қоғамның кітаптан, оның ішінде, көркем әдебиеттен алыстауы. Бұл екеуі – бір-бірімен кіндіктес проблемалар. Себебі, кітапты қажетсінбеген жұртқа кітап жазатын адамның керегі қанша? Әрине, бұған бере қояр дайын жауабымыз бар: «Кеше ғана кітапқа үйірілген елді интернет деген бәле еліктіріп әкетті» деп, тағы бір «күнәһарды» жерден алып, жерге саламыз. Негізінде, бұл жауаптың шындыққа біршама жақындайтыны рас. Бірақ біршама ғана... Ал, қалған біршамасы қаламгердің өз мойнында.
Қаламгер қауымы тарпаң ғой. Дегенмен, тулауға асықпайық. Одан да «қаламгер мойнында қалған біршама кінә» төңірегінде ойласып көрелік. Біріншіден, қаламгер қауымы өздерінің төл әлемі – көркем әдебиет алдындағы парызын өзі өтеудің орнына, өзгелердің иығына артқысы келді. Яғни «менің парызым – жазу, ал оны игілікке айналдыру – олардың шаруасы» деген түсінікке бой алдырды. «Олар» деп тұрғанымыз – әлгінде айтылған «кінәлау объектілері».
Екіншіден, «шығармашылық иелері болғандықтан, біз әрдайым құрметтелуге лайықты жандармыз» деген ой да бір бүйірде бүлкілдеп жатты. Бұлай болуы – заңды құбылыс. Себебі, «сәбеттік жылдарда» ел қалам ұстаған адамға айрықша құрметпен қарайтын еді. Ел ғана емес, «сәбеттік билік» те оң қабақ танытатын. Оның сыры – қаламгердің өзі де байқамастан, «сәбеттік идеологияға» қызмет еткендігінде. Қаламгердің өзінің де байқамай қалу себебі, оның «социалистік реализм» деген «сара жолды» басшылыққа алуында жатыр. «Соц.реализм» жетектеуге жарамай қалған кезде қаламгердің абдырап қалғаны рас. Соның салдарынан көркем әдебиетке «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» «туындылар туғызу» белең алды. Ондай «туындылар» тізбегін ата-бабасының, яки әулетінің дәрібін асыруды көздеген үлкенді-кішілі жазулар, тырнақ астынан кір іздеген «сенсациялық» жазбалар, «саясатшыл» (саяси емес) ой-толғаулар, бірін-бірі түртпектеген «ақиқатшыл» естеліктер, т.с.с. «дер кезінде көтерілген проблемалық дүниелер» құрады. Осылар іспетті «туындылардың» көпшілікке әсері қаламгердің өзі күткендей болмады. Әрине, алғашқы жылдары жұрттың дүр ете қалғаны рас. Алайда, уақыт өте келе, көпшіліктің көзқарасы басқашалау бола бастады. Жұрт көңілінде «Руханиятымыздың тізгініне ие болады деп жүрген зиялыларымыздың, зиялы қауымның көш басында болады деп үміттенген ақын-жазушыларымыздың тірлігі өзіміз қарайлас екен ғой, тәйірі» деген сыңайдағы ой қалыптасты. Ең қауіптісі де осы еді. Мұндай ойдың қоздауына, қоздап қана қоймай, күшейе-күшейе жайылуына жол беріп алған... Жарайды, о жағына бармай-ақ қояйықшы...
Енді қайтпек керек? Ең әуелі, киелі көркем сөздің өзіне тиесілі қасиетті орнына оралуы үшін Қаламгер ең бірінші Өзі, тек қана Өзі жауапты екенін түсінгені абзал болар. Ол үшін өзге жұртты жазғырудан арылып, әдебиеттің күш алуына Өзі қызмет етуі, аянбай, санас­пай қызмет етуі керек. Өйткені, әдебиеттен күш кетсе, қаламгерден қадір кетпек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, баспадан шыққан кітаптар кітапханаларда оқылмай жатыр. Қаламгердің өзі мүдделі болмаса, кітабыңыз беті ашылмаған күйі жата берері, уақыт өткен сайын түкке керексіз боп қалары анық. Себебі, көркем шығармада өзіне пайдалы нәрсе бар деп ойламаған адам оны қажет етпейтіні түсінікті ғой. Демек, қаламгер «Менің парызым – жазу ғана» деген ойдан арылып, өзінің жазғанын да, өзгенің жазғанын да насихаттауға, көркем дүниенің адам баласына қандай пайда тигізетінін нақты мысалдармен көрсете, әр адамға түсінікті тілмен жеткізуге кірісуі керек және бұл шаруаны созбақтауға болмайтынын сезіну керек. Өйткені, көркем әдебиеттің қадірін білетін, бірақ қазіргі қауырт тірліктің ағынында кітаптан қол үзіп қалған оқырман бар. Қаламгер жол бастаса, осы оқырман қалыс қалмасы анық.
Ендігі пікіріміз жаттандылау көрінер. Әйткенмен, ойға оралту артық болмас. Көркем шығарма көк пен жердің арасында қалықтап қалмай, табанын жерге тіреп тұрғаны жөн шығар. Өйткені, қазір әлдебіреулерге еліктеу әсерінен туған, бұлдыр-бұлдыр ой мен сылдыр-сылдыр сөздерден тұратын, «бұқаралық деңгейден тым асып кеткен, аса терең мағыналы, аса көркем жазылған «туындылар» көбейе бастағаны және олардың бұлдыры мен былдыры неғұрлым түсініксіз болған сайын, авторының «білімдарлығын» өнеге ету етек жая бастағаны жасырын емес. Жалпы, әлемдік әдебиет тарихында керемет шығармалар жазған ақын-жазушылар аз емес, дегенмен «әммесінен Абайдың десі басым» сияқты болады да тұрады.
Cөз өнерінің жалт-жұлт еткен жылтыр сөз емес, көркемдікпен көмкерілген ойлы сөз екенін бала кезінен санаға сіңіру үшін балабақшаға, мектепке көбірек бару керек. «Жалпақ жаһанның жағдайына алаңдап жүрген» кейбір қаламгер мұны оқып, «Енді қалғаны баламен бала болу еді» деп те ренжіп қалар. Дегенмен, өзінің ертеңін, өз еңбегінің ертеңін ойласа, амал жоқ, «баламен бала болуға» тура келеді.
Осы тұста «мына біреу қайдан шыққан білгіш?» деп ашуланған қаламгер айтар: «Немене, біз мектепке бармай жүр ме едік? Жұртпен кездесуге бармай жүр ме едік?» – деп. Рас, рас, қаламгердің кездесулерге барып жүргені рас. Әйтсе де, ойланып көрейікші. Сондай кездесулерде айтылатын негізгі әңгімелер, яғни өзінің қайда туып, қайда өскені, кімдермен жүргені, не жазғаны, қандай сыйлық алғаны, т.с.с., содан кейін ана кісінің не істегені, мына кісінің не істегені туралы «қызықты хикаялар» елді әдебиетке қызықтыра ала ма? Меніңше, жоқ. Өйткені, мұндай «хикаялар» қанша тартымды болса да, әдебиеттің қадір-қасиетін аңғартуға еш қатысы жоқ, әрі кеткенде әдебиеттің төңірегіндегі ғана әңгімелер. Әлбетте, мұндай әңгімелерді жұрт қызыға тыңдайды. Әңгімешіге айтқан «хикаялары» үшін қол соғады. Бірақ сонымен іс бітеді. Әлгі әңгімешінің жазғандарын қолына да алмайды. Себебі, көркем шығарманың адамға қалай пайда тигізерін әңгімешіл қаламгердің өзі де айтқан жоқ қой.
Жалпы, кездесулер кезінде «қызықты хикаялар» айтуға бейім тұру ұнап қалуды көздегендіктен шығатын сияқты. Ұнаған жақсы ғой, шіркін! Бірақ түн ұйқыңызды төрт бөліп жазған шығармаңыз оқылып, ұнап, сол арқылы қадіріңіз артып жатса, тіпті жақсы болар еді-ау!
Айтып-айтпай не керек, қаламгер қадірінің артуы да, түсуі де – әдебиеттің қоғамдағы салмағына, алар орнына тікелей қатысты. Әдебиеттің маңызы артса, қаламгердің қадірі де артпақ. Ал, әдебиеттің дәл қазіргі қоғамдағы салмағы қалам ұстаған қауымның көңілін көншіте қоймасы анық. «Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейтінін» ескерсек, әдебиеттің, көркем сөздің, көшелі сөздің бірден-бір жоқшысы тек қана қаламгер екенін ұғамыз. Демек, көпшіліктің бетін көркем әдебиетке бұру – бірінші кезекте, қаламгер парызы. Парызды өтеу – парыз.
"Қазақ әдебиеті" газеті
0 пікір