Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2989 0 пікір 3 Наурыз, 2014 сағат 06:38

Қанат Ислам: АҚШ-та боксшының қолы алтын

2012 жылы кәсiпқой боксты таңдап, бiр жарым жыл iшiнде 16 жекпе-жек өткiзген Қанат Ислам биыл әлем чемпионы белбеуi үшiн тартысқа түсе ме? Бұдан былай спортшының кәсiпқой бокстағы жекпе-жектерiн теледидардан тамашалауға мүмкiндiк туа ма? Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатына боксшыларын қосқан Қытай бапкерлерi нендей өтiрiк айтты? Осы тақылеттес сауалдарға әуесқой бокста жүрiп миллиардтардың арасында 10 жыл чемпиондық тұғырды ешкiмге бермеген, құмырсқадай қаптаған қытайға олимпиа­даның һәм әлем чемпионатының қола медалiн алып берген кәсiпқой боксшы Қанат жауап    айт­ты. АҚШ-тан атамекенiне аз уақытқа ат iзiн сал­ған спортшыны жаттығудан кейiн “ұстадық”.   

2012 жылы кәсiпқой боксты таңдап, бiр жарым жыл iшiнде 16 жекпе-жек өткiзген Қанат Ислам биыл әлем чемпионы белбеуi үшiн тартысқа түсе ме? Бұдан былай спортшының кәсiпқой бокстағы жекпе-жектерiн теледидардан тамашалауға мүмкiндiк туа ма? Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатына боксшыларын қосқан Қытай бапкерлерi нендей өтiрiк айтты? Осы тақылеттес сауалдарға әуесқой бокста жүрiп миллиардтардың арасында 10 жыл чемпиондық тұғырды ешкiмге бермеген, құмырсқадай қаптаған қытайға олимпиа­даның һәм әлем чемпионатының қола медалiн алып берген кәсiпқой боксшы Қанат жауап    айт­ты. АҚШ-тан атамекенiне аз уақытқа ат iзiн сал­ған спортшыны жаттығудан кейiн “ұстадық”.   

РЕЙТИНГТЕ ӨРЛЕП КЕЛЕДI
– Қанат, аз күнге елге келдiң. АҚШ-тағы жаттығу турасында, бүгiнге дейiнгi жекпе-жектер жөнiнде айтсаң.
– Кәсiпқой боксты таңдап, сол жолға түскелi бiр жарым жыл­ға жуықтапты. Осы уақыт iшiнде 16 рет жекпе-жекке түсiп, бә­рiнде жеңiске жеттiм. Былтыр Кариб теңiзi аймағының чемпио­ны деген белбеуге ие болып едiм, жуырда Латын Америкасының чемпионы деген марапат та қанжығама байланды. Спорттағы сапардың қиындығын түсi­не­тiн адамға бұл аз табыс емес.
– Өзiңнiң салмағыңда рей­тингiң де жоғарылаған шығар?
– Әрине, WBA тұжырымы бо­йынша өзiмнiң салмағымда 12-сатыға орнықтым. Алла нәсiп етсе, биыл әлем чемпионы деген белбеу үшiн сынға түсу жоспарда бар.
– Қай елдiң боксшысымен жолың түйiсуi мүмкiн?
– Менiң салмағымда 8-орында америкалық боксшы бар, 9-сатыда колумбиялық боксшы тұр. Осы екi боксшының бiрiне қарсы күшiмдi сынап көремiн. Одан кейiн чемпиондық шыңға бастар жол ашылады.
– “Астана” президенттiк кәсiби спорт клубының пре­зи­дентi Бақтияр Артаев өзiң­мен келiсiмшарт жасасу жө­нiнде айтып едi.
– Иә, мұндай келiсiмшарт турасында әңгiме қозғалғаны рас. Сол үшiн менiң промоутерiм Нельсон Лопес АҚШ-тан арнайы келмек. Бәрi ойдағыдай болса, келешекте “Астана” клубы менiң жекпе-жектерiмдi теледидардан Қазақ елiне көрсетуге, са­йыстарға қатысуға мүмкiндiк туғызады.
– Кәсiпқой бокстағы жекпе-жегiңнiң бiрiнде кубалық Йолекси Лейваны екiншi раундта техникалық нокаутпен ұттың. Сұрағым келгенi 1-раунд­тан соң гонг үнi ес­тiлген­де Лейва орындығына жалп етiп отыра кеттi. Ал сен тiкеңнен тiк тұрып бап­керiңдi тыңдадың. Әдетте боксшылар бiрнеше секундтық үзi­лiс­те тiзесiн бүгiп тынығушы едi.
– Бұл – бапкерiмнiң тактикасы. Қарсыласыңды ықтыру үшiн, күшiңнiң сарқылмағанын, шаршап-шалдықпағаныңды көрсету мақсатында бапкерiм осындай айла-шарғы қолданады.    
 
КӨСIЛГЕНГЕ КӘСIПҚОЙ БОКС ДҰРЫС
– Мұхит асып, өзге елде кәсiпқой бокстың терiсiн илеп жүргенiңе бiр жылдан аса уақыт өттi. Қанаттың АҚШ-тағы күндерi қалай жылжиды деген сауал көп­шiлiктi қызықтырады
– Ең бiрiншi кезекте – спорт. Мен жастайымнан спортты қалап, соның шыңына жету үшiн мақсат қойдым. Сондықтан АҚШ-қа кеткенге дейiн де уақытымның көбiн жаттығуға арнайтынмын. Америкада да солай. Үнемi спорт кешенiнде болам. Жаттығудан кейiн тағы да жаттығу деген секiлдi. Арасында ағылшын тiлiн оқып үйренемiн, ғаламтор арқылы елдегi оқиғаларды да қарап жүрем. Басқа ештеңеге мойын бұра алмайсың.
– АҚШ-та әуесқойлардан гөрi кәсiпқой боксшылардың жоғары тұратыны жасырын емес. Бәйге де, бәс те осылардың айналасында өрбидi.
– Менiң ойымша қазақтың мiнезiне әуесқой бокстан гөрi кәсiпқой бокс сәйкесетiн секiлдi.
– Неге?
– Әуесқой бокста талай жыл жүрдiм ғой. Қараулықтың неше атасын көрдiм, талай рет халық­аралық жарыстарда әлсiз қарсыласқа жығып бердi. Әуесқой бокста алдамшы нәрсе өте жиi ұшырасады. Жанкүйерлер ғана емес, боксшы ретiнде бiздiң өзiмiз қалай алданып қалғанымызды бiлмей қаламыз. Өйткенi бәрiн төрешiнiң қолындағы ұпай есептегiш түйме шешедi. Кәсiп­қой бокста ондай емес, өзiңнiң әлеуетiңдi көрсетуге 12 раунд жеткiлiктi. “Жiгiт болсаң, шыда” дейсiң өзiңдi-өзiң қамшылап.
Бұл елде кәсiпқой бокс спорттың төресi дәрежесiне көтерiлiп қойған. Бәрi заңмен қатал қадағаланады. АҚШ-та боксшының қолы алтын деуге болады. Қолыңа қауiпсiздiк шүберегiн қалай орау керек­тiгiне өте қатты көңiл бөлiнедi. Себебi саусақтарың дұрыс оралмаса шығып кетуi, қатты соққыдан сүйек шытынауы да ғажап емес. Жазатайым қолыңды сындырып алсаң, спортқа қайыра оралу қиын. Сондықтан да денсаулыққа, әсiресе, боксшының қолына алтын секiлдi қарайды.
– Бiр сұхбатыңда қазiр бiзде спорттық медицинаның кенжелеп тұрғанын айтып едiң. АҚШ-та қалай? Өзiң бүгiнге дейiн бiрнеше рет жекпе-жекке түстiң. Сайысқа тү­серде, болмаса тартыстан кейiн медициналық тексерiс­тен өткiзе ме?
– АҚШ-та кәсiпқой боксшылардың денсаулығына орасан зор жауапкершiлiкпен қарайды. Алты ай сайын медициналық тексеру болады. Сонда қан қысымыңыз көтерiлiп, болмаса төмендесе, көзiңiз қанталаса, құлағыңыз сәл-пәл мүкiстенсе, он екi мүшеңiздiң бiрiнен кiнәрат байқаса – саудаңыздың бiткенi. Қалтаңызда миллиондап қаржы болғанымен, АҚШ-та сiзге са­йыстарға қатысуға ешқандай мүмкiндiк бермейдi. Мен АҚШ-қа кiре алмай жүрген талай спортшыларды бiлем. Бiрiнiң құлағы мүкiстенген, ендi бiрiнiң көру қабiлетi нашарлай бастаған. Басқа елде жарысқа түсуге болатын шығар, ал Америкада денсаулығы сыр берген боксшы ешкiм емес.
АҚШ-тағы спорт медицинасынан көп нәрсе үйренуiмiз керек. Мойындау керек, бiзде көбiне әлi қарадүрсiн. Келешекте өзiм де оқу оқып, бiлiм же­тiлдiрудi көздеймiн. Тағы бiр­неше бауырларды ерте барып, бiрге үйренсек деймiз. АҚШ-тағы бокс қазанының қайнауында бiрен-саран қазақтан гөрi бiр топ қазақ баласы шынықса, жақсы емес пе.
 
ҚЫТАЙДЫҢ БОКСЫ ТОҚЫРАҒАН
– Спортшылардың денi қарсыластарынан бұрын ар­тық салмақпен күреседi. Өзiң қанша келi салмақтан арыласың?
– 10 келiдей болатын шығар. Әрине жекпе-жек сайын 10 келi салмақ тастамаймын. Тек 4-5 келi “артық салмақтан” арыламын. Ал екi-үш ай жекпе-жекке түспесем, амал жоқ 10 келiдей салмақ қууға тура келедi.
– Салмақтан арылам деп шамадан тыс жаттығу спортшыға оңай емес. Неге 72 келiде жұдырықтаспайсың?
– Алғашқыда мен де дәл осылай ойлағам. Бапкерiм: “Қанат, асықпа, алдымен 69 келiде күшiңдi сына, салмақты ұстау қиынға соғатынын бiлем, бiрақ сен бiрден 72 келiге ауыссаң ертең салмағыңды өсiру екi есе қиындық туғызады”, – деген. Сондықтан да 69 келi салмақта чемпион атанбайынша, өзге салмаққа ауысуды көздемеймiн.
– Былтыр Алматыда бокс­тан әуесқойлар арасында әлем бiрiншiлiгi өттi. Өзiң де көрдiң. Сонда соңғы жылдары олимпиаданың алтын медалiн алып жүрген Қытай елiнiң боксшылары алғашқы айналымда аттарынан ауып қалды. Бапкерлер мұның астарын “Алматыға экспери­менттiк яғни, құрамадағы екiншi, үшiншi боксшыларды алып келдiк” деп түсiндiрдi. Расында да солай болды ма? Қытай чемпионатында бiр­неше жыл топ жардың, олардың жай-күйiн жақсы бiлесiң ғой.
– Эксперименттiк құрама әкелдiк дегенi – үйдей өтiрiк. Әлем чемпионаты – Азия бiрiн­шiлiгi, болмаса жазғы Азия ойындары емес, олимпиада секiлдi айтулы дүбiр. Қытайлар 49 келi­де Зу Шимиңдi бертiнге дейiн сүйреледi. Мен ғана емес, талай боксшы Зуды мойындамайды. “Жетекке ғана еретiн тазы екенiн” Зудың өзiне де айтқанмын кезiнде. Қытайдың боксы бүгiнде тоқырауға тап болған. Оны Алматыдағы әлем чемпионаты көрсетiп бердi.
– Сұрақтарға еркiн оймен жауап бергенiңе рақмет. Жортқанда жолың болсын!
 
Сұхбаттасқан Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ.
 
Abai.kz
0 пікір