Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3056 0 пікір 3 Наурыз, 2014 сағат 06:35

Ертiс орманының ертеңiн кiм ойлайды?

Павлодар облысы – экологиясы ең ауыр аймақтардың бiрi. Осыдан болар, елiмiз бойынша онкологиялық сырқатқа шалдығудан бiрiншi орында тұр. Және осындай қатерлi дерттен көз жұматындардың да саны басқа өңiрлерге қарағанда, бұл жақта басым. Себебi аймақта жер асты кенiн қазып, оны өңдейтiн, электр қуатын өндiретiн ондаған iрi кәсiпорын жұмыс iстейдi. Бұлардың көбi атышулы Еуразиялық топтың (ENRC) иелiгiнде. Кәсiпорындардың жұмысы экологиялық талапқа сай келмейтiнi жөнiнде талай мәрте дабыл қағылды. Бiрақ одан әзiрше еш­қандай нәтиже болмай тұр. Осының салдарынан Ертiс өңiрiнде адам денсаулығы мен табиғатқа төнiп тұрған қатердiң қаншалықты қауiптi екенiн төмендегi деректерден байқауға болады.

Павлодар облысы – экологиясы ең ауыр аймақтардың бiрi. Осыдан болар, елiмiз бойынша онкологиялық сырқатқа шалдығудан бiрiншi орында тұр. Және осындай қатерлi дерттен көз жұматындардың да саны басқа өңiрлерге қарағанда, бұл жақта басым. Себебi аймақта жер асты кенiн қазып, оны өңдейтiн, электр қуатын өндiретiн ондаған iрi кәсiпорын жұмыс iстейдi. Бұлардың көбi атышулы Еуразиялық топтың (ENRC) иелiгiнде. Кәсiпорындардың жұмысы экологиялық талапқа сай келмейтiнi жөнiнде талай мәрте дабыл қағылды. Бiрақ одан әзiрше еш­қандай нәтиже болмай тұр. Осының салдарынан Ертiс өңiрiнде адам денсаулығы мен табиғатқа төнiп тұрған қатердiң қаншалықты қауiптi екенiн төмендегi деректерден байқауға болады.

Мысалы, тазалап, залалсыздан­дыр­ғанның өзiнде 2012 жылы ауаға 676 тонна зиянды қалдықтар бөлiнген екен. Оның 73,4 пайызы газ және сұйық түрiнде болса, 26,6 пайызы – қатты қалдықтар. Бұлардың 65,1 пайызы энергия өндiретiн кәсiпорындардан, 34,7 пайызы өңдеушi кәсiпорындардан бөлiнiптi. Сонда осы аймақтағы әр адамға 1 тоннадан улы қалдықтар “тиесiлi” деген мәлiмет бередi жергiлiктi экологтар. Ең қауiптiсi, бұл көрсеткiш жыл санап артып келедi. Айталық, өткен 2013 жылы тек Екiбастұзда ғана орналасқан ГРЭС-2 мен “ЕЭК” АҚ (екеуi де Машкевичтiң иелiгiндегi ENRC-ге қарайды) қоршаған ортаға 2,5 миллиард теңге көлемiнде зиян келтiрiптi. Ал облыс аумағында бұл секiлдi ондаған кәсiпорын бар екенiн ескерсек, жағдайдың қаншалықты қауiптi екенiн өздерiңiз түсiне берiңiздер. “Мемлекеттiң басты байлығы – адам” дейтiн бiздiң билiк әзiрше бұл жақтағы адамдардың тағдырына осылай қарап отыр.
Ең бастысы, кәсiпорын басшыларына әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ. Тiптi арнайы бекiтiлген заңнаманың талабына сай ескерту жасаған адамдардың өзi қуғынға ұшырайды. Өткен күзде Павлодар облысының бас экологиялық испекторы болған Қанат Қалмаханов ENRC-ге қарасты кәсiпорындардың экологиялық заңнаманы өрескел бұзғанын жария етем деп басы дауға қалды. Ол Павлодардағы “Алюминий зауыты” АҚ мен Ақсу ферроқорытпа зауыттарындағы тазалағыш фильтрлердiң сонау өткен ғасырдың 70-жылдары орнатылғанын, пайдалану мерзiмi екi есеге асып кеткенiн, ал электролиз зауытында мұндай фильтрлер атымен жоқ екенiн айтқан.
Осыдан кейiн компанияның атқарушы директоры Феликс Вулис ертоқымын бауырына алып тулап, Қалмахановтың айтқаны шылғи өтiрiк, оны сотқа берем деп доқ көрсеттi. Ұзамай, Қалмахановтың жұмыс кабинетiнiң терезесiнен бiреулер жарылғыш шиша лақтырып, өрт қойып, бiраз құжаттары мен кеңсетехникасы жанып кеткенiн естiдiк. Осы кезде арнайы iздеп барған бiздер кезектi еңбек демалысына кеттi деген экологтың “қызмет бабымен” басқа өңiрге “ауысып” кеткенiн бiр-ақ бiлдiк. Мiне, әдiлдiк сұраймын деген адамның тағдыры бiзде осылай шешiледi. Дегенмен, неге екенi белгiсiз, ENRC Қалмахановты сотқа бермедi. Егер бұл iс жөнiнде сот процесi жүрсе, кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн бiлер едiк.
Табиғи ортаның бұзылғанын ең бiрiншi ағаштар сезедi дейдi жергiлiктi эколог-ботаниктер. Мысалы, сезiмтал қарағай ағашының қылқандары мезгiлсiз сарғайып, сауылдап түсiп қалатын көрiнедi. Қазiр облыс орталығындағы әрбiр төртiншi ағаш сырқатқа шалдыққан.
Сонымен, бiздегi атқарушы билiк заңнаманы белден басып отырған ақшалы алпауыттардың сөзiн сөйлейдi дедiк. Сонда экологиялық апатқа кiм қарсы тұрады? Сөйтсек, бұл қатерге қарсылық көрсететiн табиғаттың өзi, анығырақ айтсақ орманды алқап көрiнедi. Қараңыз, 1 гектар қарағайлы алқап сөткесiне 8 тоннаға дейiн көмiрқышқыл газын жұтып, 12 тоннаға дейiн оттегiн бөледi екен. Яғни, осы өңiрдегi елдi экологиялық қатерден құтқарып қалатын ағашты алқап – Ертiс ормандары. Сондықтан бiздер орманды алқаптың бүгiнгi жай-күйiн бiлмек болып, “Ертiс ормандары” резерватының бұрынғы бас директоры Төлеген Шахармановқа жолыққан едiк.
– Резерваттың құрамына кiретiн Шалдай және Бесқарағай филиалдарының иелiгiнде 275 мың орманды алқап бар, – дейдi Төлеген Пiшенбайұлы. – Қазақстанның кейбiр аймақтары мен Канада да ғана сақталған реликтiлi қарағай осы жерде өседi. Анығырақ айтсақ, Ресейдiң Құлынды даласынан бастау алып, Шығыс Қазақстан облысының Белағаш деген жерiне дейiн созылатын қарағайлы жолақ бар. Соның бiзге 00,4 пайызы тиесiлi. Бiрақ осының өзiн отап құртып жатырмыз. Сол себептен жоғарыда айтылған 275 мың алқаптың жартысынан көбi қазiр оталып кеткен. Әрине, оның орнына жас ағаштар егiледi. Сосын орманды алқап сол күйiнде сақталып тұр деп, жоғарыға жалған ақпарат берiледi. Ал жас қарағай өсiп, кесуге жарайтын жағдайға жету үшiн, 70-тен 150 жылға дейiн уақыт керек. Яғни, оның пайдасын бiз түгiлi, ұрпақтарымыздың көру-көрмесi екiталай. Егер ағашты заңсыз кесу тоқталмаса, ендi он жылдан кейiн орманды алқаптың қандай жағдайда болатынын көз алдыңызға елестете берiңiз.
Төлеген Пiшенбайұлының айтуынша, қарағайдың зәулiм дарақ болып бой көтеруiне ғасырға жуық қажет екен, сонда бiз үшiн оның құны алтыннан да қымбат деген сөз. Бiрақ оған әзiрше мән берiп жатқан ешкiм жоқ деп отыр маман. “Бүгiнде Ертiс өңiрiнiң қарағайы мұнай мен газ секiлдi жоғарыда отырған “көкелердiң” қалтасын толтыратын табыс көзiне айналған. Солардың қолдауымен жыл бойына ондаған “жабайы бригадалар” қарағайды отап, Семейге қарай асырып жатады. Ал жоғарғы жаққа орманды жергiлiктi халық кесiп, өртеп жатыр деп ақпарат бередi. Халық ешқашан рұқсатсыз ағаш кеспейдi. Себебi салынатын айыппұл бар. Және олардың отын-суына жететiн ағаш қашанда табылады. Оны сатып алады.
Ал жарамды ағашы отаудың түрлi жолдары бар. Мысалы, орман шаруашылығында ағашты жоспарлы түрде кесу деген болады. Бiрақ сол жоспарлы кесу көбiнесе “жоспарсыз кесуге” айналып кетедi. Одан басқа өрт секiлдi табиғи апат бар. Кейiнгi төрт жылдың iшiнде 20-30 мың гектар алқап жанып кеттi. Қазiр Дүниежүзiлiк даму банкi экологияны сақтау үшiн миллиондаған қаржы бөлiп жатыр, сондықтан жұмысты дұрыс жолға қоюға болар едi”, – дейдi Т.Шахарманов.
Өзiнiң айтуынша, Төлеген Пiшенбайұлы кезiнде “Ертiс ормандары” резерватында жай орманшыдан бас директорлыққа дейiн көтерiлген екен. Сол өңiрдiң азаматы болған соң, шамасы келгенше заңсыз ағаш кесуге, ұрлық-қарлыққа тосқауыл қойыпты. Тiптi орман iшiнде осындайлармен айқасып, соққыға да жығыл­ған. Бiрақ оның жұмыс тәсiлi жоғарыда отырған кейбiреулерге ұнамай, ақыры қызметiнен шығарып тынады. Әңгiме үстiнде Төкең заңсыз ағаш кесуге қолдау жасап, пайда тауып отырған орман шаруашылығы басшыларының аттарын да атады. Бiрақ қолымызда дәлелдi құжаттар болмағасын, оларды көрсетудi жөн деп таппадық. Егер “Ертiс ормандары” резерватының басшылығы бiзбен хабарласып, шаруашылық жағдайынан нақтылы ақпарат берем десе, қашанда дайынбыз.
Сайлау Байбосын,
Павлодар облысы
"Жас Алаш" газеті
0 пікір