Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 17389 0 пікір 3 Наурыз, 2014 сағат 06:32

Қар барысы

Алтайда қаншасы қалды?

Біз барыстың басқа аң атаулыдан ерекше екенін тым ерте пайымдаған халықпыз. Сірә, барыс бабаларымызды адам аяғы жетпес қия шыңды мекен етіп, көзге көп шалынбайтын бекзаттығымен баураса керек. Құлама жақпартаста орғып жүріп оттайтын арқар, таутеке, елік, марал – барыстың азығы. Керек болса кекілікпен, ұлармен де қоректенеді. Асқардың кіршіксіз қарына аунап, қойтастарына шуақтап, асыл шөп шалатын таза қанды жануарларды азық қылатын, өлекседен бойын аулақ ұстайтын, ақ шұбар түкті жыртқыш мысық паң әрі шалымды.

«Барыстың гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүниетаны­­­мына, адамгершілік мұраттарына барып ұласа­ды. Барыс – сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзін­ше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар», – деді Әбіш Кекіл­байұлы елдігіміздің ертеңіне бағдар болған бағдарлама қабылданып жатқан жылдары.

Алтайда қаншасы қалды?

Біз барыстың басқа аң атаулыдан ерекше екенін тым ерте пайымдаған халықпыз. Сірә, барыс бабаларымызды адам аяғы жетпес қия шыңды мекен етіп, көзге көп шалынбайтын бекзаттығымен баураса керек. Құлама жақпартаста орғып жүріп оттайтын арқар, таутеке, елік, марал – барыстың азығы. Керек болса кекілікпен, ұлармен де қоректенеді. Асқардың кіршіксіз қарына аунап, қойтастарына шуақтап, асыл шөп шалатын таза қанды жануарларды азық қылатын, өлекседен бойын аулақ ұстайтын, ақ шұбар түкті жыртқыш мысық паң әрі шалымды.

«Барыстың гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүниетаны­­­мына, адамгершілік мұраттарына барып ұласа­ды. Барыс – сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзін­ше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар», – деді Әбіш Кекіл­байұлы елдігіміздің ертеңіне бағдар болған бағдарлама қабылданып жатқан жылдары.

Жалпы, Алтайда қанша қар барысы тір­ші­лік етуде? Елімізде қар барысын көрген­­дер бар ма? Бұл сауал барыс таңбалы жас мем­­лекеттің азаматын қызықтырады деп ойлай­мыз.

барс2

Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің саяткер-биологы Азамат Мүбәраковтың айтуынша, қазіргі кезде Алтайдың еліміздің аумағына тиесілі шыңдарында он қар барысы мекен етеді. Қызыл кітапқа енген аңның есебін ғалымдар соңғы рет 2001 жылы шығарған екен. Таудың басында күн қатып, түн қатып, барыс санау да оңай шаруа емес. Оның үстіне асқаралы биікте адамның жүріп-тұруына қиындық келтіретін табиғаттың тым қаталдығы, әккі аңның екі аяқтының көзіне түспейтін епсектігі тағы бар. Сондықтан арнайы мамандар анкета толтырып, қар бетіне түскен ізді сараптап, келесі ізбен шатастырмау үшін өшіріп, фототұзақ (фотоловушка) құрып, тіпті тезегіне дейін теріп санап, есебін шығарады. Биыл бұл жоба қайта қолға алынып жатыр.

Ал Катонқарағайдың аумағында барысты көргендер, көрмесе де басқан ізін тамашалау бақытына ие болғандар баршылық.

Күршім мен Үлкен Нарынның ортасында Свинчатка деген ауыл бар. Катонқарағай ауданына қарайды. Алтайдың бөктеріндегі ауыл. Ертеректе малшылар осы төңіректен барыс кезіккенін айтып отырады екен.

Үш жыл бұрын табиғи парктің мемлекеттік инспекторы Марат Перменов таудың бір бетінен екінші бетіне асықпай, баппен өтіп бара жатқан барысты көріпті.

Аршаты – Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі. Моңғолия, Ресей және Қытай­мен шекаралар түйісетін шалғайдағы орман­шылық. Сексен бес гектар аумақты алып жатқан Аршаты орманшылығының қызмет­кері Әділжан Қасымхановпен сөйлесу­дің сәті түсті. Орманшы бізге барыс жайлы ерте­гіден кем емес деректерді әңгімелеп берді.

– Аршаты орманшылығына қарасты Сары­бет деген жер бар. Негізінен таутекелер мекендейді. Кеңес кезінде Сарыбетте мал бағатын. Өте тік, қия беткей болғандықтан атты кісі жүре алмайды. Жаяу адамның өзі әзер жүреді. Біз көктем мен күз айларында Аршаты аумағындағы ашатұяқтыларға санақ жүргіземіз. Шың-шатқалды аралап жүріп, дүрбі саламыз. Аңшыларды ертіп шығамыз. Екі жыл бұрын осы сияқты жұмыстарды атқару кезінде, желтоқсан түсе ғой деймін, қырық бірінші айналымға жауапты инспектор Нұрболат Бадисолтанов пен орман шебері Жомарт Аманбаев екеуі тауешкілерді дүрбімен бақылап отырады. Ешкілердің жоғары жағында бір қараңдаған нәрсе көзге шалыныпты. Бастапқыда тас екен деп ойлаған екі орман қызметкері дүрбінің әйнегін сүртіп жіберіп, анықтап карағанда алдымен ұзын құйрығы көзге шалынған барысты көреді. Дүрбімен бақылап отырғандарына он минут өткенде әрі-бері аңысын аңдап, оңтайлы сәтті күтіп жүрген барыс ешкілерге қарай атылыпты. Алайда, тауешкілер жыртқышты сезіп қалып, жан-жаққа ытырылып ала жөнелген. Тастан тасқа орғыған ешкілерді қанды шеңгеліне түсіре алмаған барыс та жақпар тастардың арасына сіңіп, көзге көрінбей кетіпті. Қызметкерлерімізде фотоаппарат болмағандықтан дер кезінде суретке түсіре алмады. Егер аралық жақын болса шалт қимылдайтын аң олжасынан айрылмаушы еді. Жыртқышты тауешкілер қашықтан сезген болуы керек, – дейді Әділжан Қасымханов.

Тау тағысын көзбен көрген қалай болады деген сұрағымызды Жомарт Аманбаевқа қойдық.

– 2008 жылы ұлттық парк мені Ресейдің Красноярск аймағына барысты фототұзаққа түсіріп, санақ жүргізу жөнінде тәжірибе алмасуға жіберді. Қорықта Моңғолиядан келген екі маман он күн бойы үйретті. Барысты алғаш рет сол жерде көрдім. Аршатыға келген соң лицензия алған аңшыларды тауға алып шыққанда барыстың ізін көріп жүретінмін. 2012 жылы 23 желтоқсанда тау­теке атуға келген аңшыларды Нұрболат екеуміз алып шыққанбыз. Сарыбет деген аты айтып тұрғандай ашық беткей бар. Сол жерде төменнен дүрбі салып тұрғанда, жайы­лып жүрген тауешкі бір кезде үркіп, дүрк етіп қашты. Дүрбіні одан жоғарыға салғанда жылт-жылт етіп барыс көрінді.

– Ойбай, Нұреке, барыс! – дедім сасқа­ным­нан.

– Қане, кәні? – деп ол да дүрбіден қарап жатыр. Аңшыларымызға «ақырын, тыныш» деп ым қағып едік, тұрған орындарында қата-қата қалды. Біздің барысты тамашалап тұрғанымызды білмейді. Фотоаппаратты тас­тап шыққанымызға қатты өкіндік. Барыс бізден 500 метр қашықтықта ғана тұр еді. Жусап жатқан тауешкілер ілезде жоғалды. Ар жағынан баспалап, сайға барып едік, барыс жылғаға түсіп, тауға өрлеп кетіпті. Ізі анық сайрап жатты. Іңір қараңғысы түскендіктен ауылға қайтуға тура келді, – дейді орман шебері Жомарт Аманбаев.

Аршатылық орманшылардың айтуына сүйенсек, барыс ашыққан кезде қораға да түседі екен. Алтайда Қыдыр деген жер бар. Сексенінші жылдары сол арада совхоз-колхоздардың малы бағылыпты. Шопан таңертең ерте тұрып, мал шығарайын деп қораға келе жатса, қамаулы малды қырған барыс ақырын басып, кетіп барады екен. Содан шопан совхоз басшыларын шақырып, барыс бауыздаған қойларға акт жасатыпты.

Сондай-ақ, Сарыкөл деген жерде қой жайып отырған шопан отардың шеті дүрк етіп үріккенге қараса, құйрығы ұзын, ала шұбар мысықтың өзімен тұрқы шамалас қойды желкелете сүйретіп бара жатқанын көреді. Мысық онымен қоймай, тағы біріне ұмтылып, екінші малды жаралаған. Қойшы құрығымен жасқаса, тағы еш қорықпайды екен. Жемін қимай, тәкаппар басып жүріп алыпты. Қойшы мысық сияқты аң көрдім дегенде, білетіндер оның барыс екендігін айтқан.

Катонқарағайлық аңшы Манарбек Омаров бірде Алтайдың құз-жартастарында келе жатса тік жартастан таутекені құлатып, жәукемдеп жатқан барыстың үстінен түсіпті. «Жемін оңай тастағысы келмейтін тағы екен», – дейді Манарбек.

Ал Қабырға жақта Өмір Бөгістанов есімді тұрғын барыстың ізін көріпті. Табанының таңбасын танығандар баршылық болса да, барыстың екі-үш жылда бір мәрте бой көрсететініне жергілікті саяткер-биологтар да таңғалады. Алтайдың аталған өңірлерінде кезінде мал баққанымен, қазір олай қарай аяқ басатындар жоқ десе де болады.

Жалпы, Алтайда барыстың адам көзіне түсуі өте сирек кездеседі. Өйткені, барыс күндіз көп жүрмейді. Орманшылар құ­рып кеткен фототұзақтардың өзіне түсе бермей­ді. Әділжан Қасымханов қызмет­керлердің Сарыбет, Қоралы деген жерлерге шығатындарын, барыс іздері заңғар биіктерге өрмелегенде ғана көрінетінін айтады. Тау тағысы Алтайда 3000-2700 метр биіктікте жүреді. Оның ізі еліктің, қасқырдың ізіне мүлдем ұқсамайды, сілеусіннің ізінен үлкен болып келеді. Қатып қалған қар болса құйрығының ізі түспейді, жұмсақ ұлпа қар түскенде ғана құйрығының шұбатылған ізі жатады. Қар жауғаннан кейін сайрап жататын іздерді орманшылар фотоға түсіріп алғанымен, таутанның күшіктегенін, жас аланды көрмегендерін жеткізді.

Жуырда Бішкекте өткен бүкіләлемдік форумда қар барысын сақтап қалу үшін 2014-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданды. Құжатқа он екі мемлекет қол қойды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бағдарламаны іске асыру үшін әлемдік қауымдастық 190 млн. АҚШ долларын бөлді. Қаражат қар барысын сақтап қалуға және оның өсіп-өнетін ортасы мен экожүйесін қорғауға жұмсалмақ.

Браконьерлерден ең көп зардап шеккен жыртқыштардың бірі – барыс. Бүгінде жаһанда бар-жоғы үш мың қар барысы қалыпты. Көрші Қырғызстанда осыдан жиырма жыл бұрын бір жарым мыңға жуық барыс болса, бүгінде 250 барыс қана қалған. 1996 жылы жазылған деректерде елімізде барыс саны 200-ден аспайды делiнген. Қазір қанша екені белгісіз. Ал Ресейде 700 шамасында барыс бар деседі. Халықаралық сарапшылар батыс Тянь-Шаньда қар барысының екi үйiрi ғана қалғанын мәлiмдеп отыр. Әзірге тау тағысын түгендеу Төр Алтайдан өзге аумақтарда жүргізілмей отыр.

Соңғы жылдары шығысқазақстандық Олег және Ирина Логиновтар құрған «SnowLeopardFund» қоғамдық қоры Алтай барысына халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға жұмыс істеп жатыр. Жақында Логиновтардың құрастыруымен ағылшын тілінде жарық көрген альбомда қар барысының 200-ден астам суреті жинақталған. БҰҰ даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен жарық көрген кітап қазақстандық Ренат Мінебаев, ресейлік Рафаэль Кетцян түсірген бірегей фотолармен, ресейлік суретшілер Виктор Бахтин, Виктор Павлушин және альбом авторларының суреттерімен безендірілген. Сондай-ақ, олар 2009 жылы «Қар барысы. Аспан тауларының нышаны» атты кітап шығарған болатын.

Олегтің Шыңғыс Айтматовтың «Таулар құлағанда» атты соңғы кітабының жазылуына көмектескенін, қар барысы туралы деректерді әңгімелеп бергенін біреу білсе, біреу білмейді.

Ол өткен жылы АҚШ-тың қар барысы жөніндегі білікті маманы Родни Джексонның көмегімен Алтай барысын алғаш рет фототұзаққа түсірді. Моңғолиямен шекараға тиіп тұрған Чихачев шыңында қар барысы автоматты түрде фотобейнекамераға жазылып алынды.

– Фототұзақтың көмегімен барысты терісінің әр нүктесіне дейін зерттеуге болады, – дейді Олег Логинов.

«BBC» арнасы түсірген Дэвид Аттен­бороның «Аңыздан тысқары қар барысы» деректі фильмінде Гималай тауларындағы қар барысын бейнетаспаға түсіруге алғаш рет 2004 жылы қол жеткізілгені, «Жер шары» сериалын түсіру кезінде барыстың бітімі бөлек тұрпатына іңкәр болған студияның екі қызметкерінің кейін Пәкістанға қайта оралатыны, мойнына қарғыбау тағылған барыстың тіршілігін бақылайтыны туралы баяндалады. Аңның жүріс-тұрысын спутник арқылы қадағалап отыруға бола ма?.. Жаңа технология және тау тағысының еркіндігі жөнінде адамзаттық-гуманистік мәселе көтерген фильмде құлағына ен, мойнына қарғыбау тағылған барыс – әрине, жүректі ауыртатын драмалық көрініс.

Шу мен Балқаш нуында құрып кеткен тарғыл шерілердің тағдырын ойлай отырып, өсімін қамтамасыз ету үшін әр барысымызға ен салу туралы ойлануға тура келеді.

Думан АНАШ.

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір