Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5068 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 08:40

Сонау аппақ дүние...

Мен Оралхан Бөкейді ойда-жоқта көрдім. Онда да Алматыда емес,  Талдықорғанда. Ол қыркүйек айының жазға бергісіз жарқыраған шуақты  күндерінің бірі болатын. 
Ол кезде жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрында әртіспін. Түс болып қалған кез. Театрдың сол жақ қапталындағы «Талдықорған»  қонақүйінің алдында келе жатқанмын. Қарсы алдымнан сұңғақ бойлы, қоп-қою  қара шашы иығына төгіліп түскен бір жігіт көрінді. Үстінде қара костюм, ақ  көйлек, қара галстук. Ол мойнын соза еңсесін тіктеп келеді екен. Аңырып тұрып  қалдым. Мынау Орекең, Ораға, әйгілі Оралхан Бөкеевтің өзі ғой. Апыр-ай, бұл кісі мұнда қайдан жүр!? Әлде соған ұқсас басқа біреу ме? Мүмкін емес. Жоқ, әлде, сол кісінің өзі ме? Санамды қамшылаған сансыз ойдан бір сәтке өзімнің де жүрісім баяулап, орнымда тұрып қалдым. Ол кісі де менің оған тесіле қарағанымды байқады. 

Мен Оралхан Бөкейді ойда-жоқта көрдім. Онда да Алматыда емес,  Талдықорғанда. Ол қыркүйек айының жазға бергісіз жарқыраған шуақты  күндерінің бірі болатын. 
Ол кезде жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрында әртіспін. Түс болып қалған кез. Театрдың сол жақ қапталындағы «Талдықорған»  қонақүйінің алдында келе жатқанмын. Қарсы алдымнан сұңғақ бойлы, қоп-қою  қара шашы иығына төгіліп түскен бір жігіт көрінді. Үстінде қара костюм, ақ  көйлек, қара галстук. Ол мойнын соза еңсесін тіктеп келеді екен. Аңырып тұрып  қалдым. Мынау Орекең, Ораға, әйгілі Оралхан Бөкеевтің өзі ғой. Апыр-ай, бұл кісі мұнда қайдан жүр!? Әлде соған ұқсас басқа біреу ме? Мүмкін емес. Жоқ, әлде, сол кісінің өзі ме? Санамды қамшылаған сансыз ойдан бір сәтке өзімнің де жүрісім баяулап, орнымда тұрып қалдым. Ол кісі де менің оған тесіле қарағанымды байқады. 

Біз Оралхан ағаны театрдан талай көргенбіз. Әсіресе, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында «Құлыным менің» қойылымы қойылған кездерде әр премьераны жібермейтінбіз. Әдетте қойылымның соңында әртістермен бірге Орекең сахнаға шығатын. Көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне ырза болып, күректей тістері ақсиып, қою қара шашын артына сілтеп тастап жымиып тұратын. Сонда, ішімізден: «Апыр-ай, ә! Осындай талантты кісіні танығандар қандай бақытты жандар?!» – деп, іштей сахнадағы әртістерге қызыға да қызғана қарайтынбыз.
Мен орнымнан тұра ұмтылдым да:
– Ассалаумағалейкүм, Оралхан аға! – дедім.
Орекең бетіме бажырая қарады да:
– Уағалейкүмассалам! – деді. – Иә, сен кімсің?
– Мен... мен осындағы театрдың әртісімін.
– Ә-ә, жөн екен... – деді Орекең.
– Ораға, мен кеше ғана «Мынау аппақ дүниені» оқып шығып ем... Енді, міне... өз көзіме өзім сенбей тұрмын, – дедім.
Шынында да, дәл соның алдында «Жұлдыз» журналына шыққан повесті оқығам. Кеште бастап түнге дейін оқып бітіргем. Содан ұйықтай алмай, мен де түнімен дөңбекшігем. Бозбала Нұрлан мен неміс қызы Луизаның махаббатына түнімен куә болғам. Өзім де дәл сол Нұрландай күй кешкем.  
– Атың кім? – деген дауыстан есімді жинадым да, ныспымды айттым. – Аға, бізге театрға келдіңіз бе?
– Жоқ. Обкомға келгем...
– Бізге келсеңіз жақсы болар еді, сізбен кездесу өткізер едік.
– Рахмет! – деді Орекең. – Кейін бір реті келгенде болмаса...
Ары қарай не кетерімді, не орнымда қаларымды білмей, қипалақтап тұрдым да:
– Ораға, егер уақытыңыз болса, кешке жолықсақ. Мен оны-мұны дегендей, алып келейін... – дедім.
Бірақ қалтамда бір рубльден басқа ақшам жоқ еді. Сонда да солай деп айттым. Орекең маған сынай, күлімсірей қарады да:
– Сен кешкі 6-ға таман осында кел, – деді. – Екеуміз шай ішейік.
– Қай нөмірге? – дедім қарап тұрмай.
– Нөмірді қайтеміз? Одан да астындағы ресторанға барайық.
– Жақсы, аға! – дедім.
– Жарайды, жақсы, – деді де Орекең сол қолын қалтасына салып, тіп-тік қалпы ары қарай кете барды. Мен орнымда сілейіп әлі тұрмын. Бір кезде есімді жиып көшенің арғы бетіне жөней бердім.
Қуанышымда шек жоқ. «Апырым-ай-ә! Сонда, кешке Оралхан Бөкеев менімен бірге шай ішем деді ме?» – деймін ішімнен. Бірақ жазушылардың бәрі ішеді деуші еді. Оған ақшаны қайдан алам? Не де болса, бухгалтерияға барып, қарыз алайын деп театрға қарай тарттым. Барсам, бас бухгалтер орнында жоқ, түскі астан әлі келмеген екен. Әркімнен бір 10 сом ақша сұраймын. Қайдан, ол кезде театрдың әртістерінің бәрі жас. Тапқандары тамақтарына бірде жетсе, бірде жетпейтін кез. Оның үстіне, көбі пәтер алған. Жас отбасылар. Оны-мұны алу керек дегендей. Кімде ақша болсын? Сөйтіп жүргенде, уақыт та зыр ете қалды. Сағат төрт боп қалыпты. Аялдамаға тарттым да «5-ші шағынаудан қайдасың?» – деп автобусқа міндім. Үйге барып бір киер көк шалбар, жасанды теріден жасалған курткам мен жаңалау көйлегімді киіп, қонақүйге келдім. Әлі де 15 минуттей уақыт бар.
Есік алдында әрі-бері жүргем. Бір сәт  іштен Орекең көрінді. Үстінде қызғылт джинсы шалбар, қызғылт джинсы куртка. «Жүр, бала!» – деді Орекең. Екеуміз мейрамханаға кірдік. Іште адам көп екен. Ол кезде мейрамханада темекі тарта беретін заман. Көк түтін. Екеуміз бос тұрған бұрышқа барып отырдық. Даяшы келген соң Орекең оны-мұны тапсырыс берген. Ең соңында ғана коньякқа тапсырыс берді. 
– Талғатжан, мен Алматыда ішпеймін, – деді. – Ақын-жазушылармен де, әртістермен де. Бірақ бүгін сенімен кішкене ішейін, – деген.
Сол кеште әңгіме көп айтылды. Орекең сол күні менімен шешіліп сөйлескен. Мен оны-мұны шұқылап, асқа аузымыз тигенде, қалтамдағы бір сомым тыныштық бермеді. Бір сәт Орекең сыртқа шыққанда мен алдымыздағы қағаз майлыққа: «Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты – Оралхан Бөкейге!» – деп жаздым да, музыканттарға келдім. Ішінде гитарада ойнайтын Нурик дейтін жігіт бар. Оны танимын. Кейде біздің театрға, кейде біздегі гример Оляға келіп тұратын. 
– Нурик, мә, мынадан басқа менде ақша жоқ. Бірақ, мына кісіге бір ән арнаңдаршы, – деп, қағазды қоса қыстырдым. Ол кезде әнге тапсырыс беру құны екі не үш сом болатын. Нурик, әйтеуір, алды.
Орекең қайта орнына отырған, әңгіме қайта жалғасқан кез. Бір кезде музыкант жігіттің біреуі мен жазып берген қағаздағы құттықтауды Орекеңе арнаған. Жұрт біткен елегізіп, жан-жақтарына мойындарын созып қарап қалды. Орекең мұны, әрине, күткен жоқ. Осы кезде мейрамхана залының арғы жақ бетінде отырған бір-екі жігіт елең етіп, біз жаққа қарады. Бір сәт даяшыдан «Сіздерге» деп дастарқанға бір бөтелке шампан мен бір бөтелке коньяк жібертіпті. Орекең риза болып, даяшыға: «Рахмет!» деді. Сөйтсек, Орекеңді сыртынан естіген, білетін әлгі жігіттердің сәлемдемесі екен.
...Біз сол кеште Орекеңмен ұзақ әңгімелестік. Бүгінде, ойлап қарасам, бұл – Оралханның кісі тани білуінде шығар деймін. Әйтпесе, бұрын танымаған, білмеген жас баламен бір кеште кім солай отырар дейсің?..
Айтпақшы, сол кеште мен Орекеңе: «Болашақта Москваға оқуға кетсем, кинорежиссер болсам» деген ойымды айтқанда:   
– Мұның өте дұрыс. Бізде қазір кинорежиссерлер жоқтың қасы.
Қарашы, қырғыздардың киносы қандай керемет?! Өзбектер болса, ғажап! Тіпті түркімендер мен әзірбайжандардың кинолары да бізден әлдеқайда мықты. Сондықтан, бұл ойыңнан қайтпа! – деді.
Жас кезде, балаң кезде ойыңның түкпірінде кейбір ойлардың жататыны болады. Бірақ сол ойды қаузап, қанаттандыратын, жылы сөзімен сені аспанға көтеретін адамдар болады. Орекең дәл сол кезде менің ой-арманыма қанат бітіргендей еді. Сөйтті де менің ойымды іске асырмайынша тыныштық тапқызбауға түрткі болған еді...
 «Бұл шақта қыз аппақ денесі күн көзіне қақтаған күмістей болып шағылысып, тек суға түсетін іш киімімен тұрған. Нұрланның өн бойын токпен ұрғандай болды. Көзі қарауытып, басы айналды. Денесі әп-сәтте қызып сала берді, жұтынып еді, ыстығы бірден көтерілгенде барып, есін әрең жиған. Луиза басы ғана қылтыңдап, жүзіп барады. Құлаштай көтерілген білегінен мың-сан мөлдір тамшы сорғалайды. Нұрлан дымы құрып, жағаға отыра кетті.» Мұндай суретті тек Бөкеев қана жазар...
Келер жылы біздің театр гастрольге шықты. Семей, Өскемен облыстары. Үш айға созылған ұзақ сапар. Қалтай Мұхамеджанов­тың «Өзіме де сол керек» пьесасын біздің режиссер Сәулебек Асылханов «Қайдасың, Хайдарбек?!» деп қойған. Мен Хайдарбекті ойнаймын. Сонымен, екі айдан соң біз Қатонқарағайға жеттік. Бір күні спектакльді Шыңғыстауда қоятын болдық. Кешке дейін декорацияны құрып, гримімізді салып, киініп алғанбыз. Басқа әртістерді білмеймін. Бірақ Оралхан ағаның осы ауылдан екенін білем... Бірақ ол кісінің үйі қайда? Кімдер тұратынын білмеймін. Сұрауға да ыңғайсыз. Мен гримімді салып отырған кезімде шалдың рөлін ойнайтын Өмірсерік Қалиев кірген. 
– Жүгір сыртқа! Сені Оралхан Бөкеев шақырып жатыр, – деген.
Буыным дірілдеп, қуаныштан айқайлап жіберуге шақ қалдым. Сыртқа атып шықсам, қасында екі-үш жігітпен Оралхан Бөкеев тұр. Мойнында орамал, үстінде қызыл көйлек, көк джинсы. Жүгірген бойда мойнына асыла кеткім келсе де, жақындағанда сабыр сақтап, қос қолдап амандастым. Орекең де менің қуанышымды сезді. Амандық-саулықтан соң:
– Былай болсын, – деді. – Анау әртістердің бәрін алып, спектакльден соң біздің үйге жүріңдер. Апам дастарқан жайып күтіп отыр.
Міне, қызық... Алматыдан іздесе таба алмайтын, шақырып келтіре алмайтын Орекеңнің тура алдымыздан шыққаны. Жылына бір рет болатын демалысына Оралхан аға ауылына бір соғып кететін әдеті екен. Қарашы, «құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, тура біздің келуімізге орай, Орекеңнің ауылында болуы қандай жақсы болған?! Мен облыстық театрдағы спектакльдің бүгінгі кештегі бас кейіпкерімін. Балаң кезім. Есіл-дертім «Орекең залға кіріп ойынымызды көрсе» деймін.
Қойылым басталып кетті. Бүгін жанымызды, барымызды салып ойнадық. Бірақ Орекең ойынымызға сыртынан қарап, кірмей есік алдында әрі-бері жүрген. Спектакльден соң бүкіл әртістер ескілеу «Кубань» автобусына отырып, Орекеңнің үйіне тарттық. Орекең қасындағы бір-екі жігітпен есік алдында жүр екен. Біз сығандай шулап үйге кірдік. Орекеңнің анасы Күлия апа, әпке-қарындастары Айман, Ләззат, Ғалиялар бар екен. Мені Орекең анасымен ерекше таныстырды.
– Тәте, мына қара бала Талғат маған іні боп жүрген жігіт. Көзінде оты бар, бір жерден шығады, – деді.
– Айналайын, қайда жүрсең де, аман жүр! – деп анасы батасын беріп жатыр.
Біз түн ортасы ауғанша ұзақ отырдық. Бұл ағаш үй, бұл шаңырақ Орекеңнің Отаны, өскен ұясы. Бұл үйді Орекең өз шығармаларында талай жазған. Сондықтан да  бұл үйді мен сонау баяғыдан білетіндеймін. Сондай күйде болдым. Ас ішіліп болған соң жұрт шайға дейін демалуға сыртқа шықты. Орекеңе мен де ілестім. Ол қалтасынан «Қазақстан» сигаретін шығарды да, маған ұсынды. Сосын, баяғыда екеуміз отырғандағы сәт есіне түсті ме: 
– Иә, айтпақшы, сен тартпаушы едің ғой... – деп, ол қара фильтрі бар сигаретті тұтатты да, құшырлана тартты.
– Қалай, әртістерің риза ма? – деді Орекең.
– Рахмет, аға! Ауылдарыңыз қандай керемет! Бұқтырма, мына тау, бәрі ғажап екен!
– Иә, – деп жымиды Орекең. Ол күлгенде көздері жұмылып кеткендей көрінді маған.
– Мұхаң, Әуезов кішкене Шыңғыстауын соншама жазды. Ол осы жерде туса, не болар еді? – деп күлді. Күлкісі шынайы, баланың күлкісіндей. Иә, Шыңғыстай. Оралхан Бөкей танытқан Шыңғыстай. Шыңғыстай ауылы...
«Ауыл. Ал ауыл сол баяғы қалпы, жым-жырт ұйқыда; қаймақшыл жатқан тыныштықтарды Бұқтырманың сарыны ғана бұзады. Жоқ, Бұқтырманың сарыны бұзбайды, қайта сол ауыл үстінде ұйыған тыныштықтың күзетшісіндей мәңгі толастамас қуатпен сарқырап ағып жатқаны. Егер Бұқтырманың сарыны бір сәтке тоқтап қалса, мынау жылқыдай жусаған дүниенің өлі тыныштығы сонда ғана беймазаланатындай еді: Осыншалық жуас мамыражай тыныштықты қалайда бір нәрсе бұзушы еді ғой. Ол не?»
Иә, ол – Орекеңнің күлкісі екен-ау...
Кейін мен оқуға Мәскеуге кеттім. Ол жақта біраз кідірдім, оқыдым. «Бөлтірікті» «Мосфильмде» түсірдім.
Келгеннен соң да Орекеңе хабарласып, араласып тұрдым. Кездескен сайын өзгелер секілді ыңыранып, кекиіп емес, баяғыдан білетін ақкөңіл ағалық бауырмалдықпен бауырына басатын. Жамбыл көшесіндегі ақын-жазушылардың екі үйі болатын. Сондағы ақ үйде Айман жеңгейдің шайын да ішкем.
1992 жылдың жазында Орекең біздің үйде болды. Германиядан келген (аты есімде жоқ) бір кісімен бірге келді. «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабын да ала келіпті. Алғашқы бетіне: «Талантты інім Талғатқа» деп жазған.
Ең соңғы кездесуіміз. Сәуір айы еді. Мен Жазушылар одағының шығармашылық үйіне барсам, Орекең де сонда екен. Бірақ кетуге бір-ақ күн қалыпты. Асханада отыр екен. Мені көріп таң қалды.
– Иә, сен қайдан жүрсің? – деді.
– Сценарий жазайын деп осында келгем.
– Кел, мұнда отыр! – деп қасынан орын ұсынған.
Кешкі астан соң екеуміз далада ұзақ қыдырдық. Онда ақын-жазушылар көп. Бірақ Орекең оларға көп көңіл бөлмеді. 
– Жаңа киноңды көрдім, жақсы екен. Мордюкованы жақсы таңдапсың. Енді, өзімізге, біздің прозаға көңіл аудар, – деді.
– Түсіндім, Ораға! «Қасқыр ұлыған түнде» мен «Қар қызын» монтаждап, кино жасаса күшті болар еді...
– Енді, оны көрерсің... Мен алдағы жетіде Үндістанға барамын.
– Жолыңыз болсын, аға! Тәж-Махалды көріңіз, ғажап жер!
– Бұйырса, көрерміз... – деді Орекең.
Орекең ертесіне жұмысына кетті. Үндістанға барам деп кеткен...
Бірақ Оралхан сол сапардан оралмады.
Тағы да Орекеңнің өзі айтқандай...
«Қалайша, дүниедегі ең зәулім, ең мықты ағаштың бір-ақ түнде ғайып болғанына қайран қалды. Тамырына тырмысып неге тұра бермеді? Әлде асау өзенге қарсы күресер дәрмен болмады ма; әлде, ағаштың киесі болады деуші еді, солар ұрлап әкетті ме; әлде... ағаштар да адам секілді туар, сонан соң азды-көпті жасар, сонсоң өлер. Тәңірім-ау, ағаштар да өлер ме, иә, өледі, жаңасы өнеді өмірге».
     
P.S. Айтпақшы, «Гүлназ» повесіндегі бас кейіпкерімді мен Орал деп атаған едім...

Талғат ТЕМЕНОВ, халық әртісі

"Жас Қазақ" газеті

0 пікір