Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 10091 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 08:36

Мағжанның музасы

Сыншы Сағат Әшімбаев өлеңді өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы дегенде, поэзияда бедерленген ақын өмірінің, ақын көңілінің мөлдір шығы – махаббатты қаперден шығармағаны ақиқат. Ұлы Мағжанның сыршыл да жарқыраған әшекейлі поэзиясына бойлаған сайын біз де ақынның сезім сәттерін сезінгендей болдық. Әр өлеңінен шиеленіскен тағдыр іздедік.

Сыншы Сағат Әшімбаев өлеңді өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы дегенде, поэзияда бедерленген ақын өмірінің, ақын көңілінің мөлдір шығы – махаббатты қаперден шығармағаны ақиқат. Ұлы Мағжанның сыршыл да жарқыраған әшекейлі поэзиясына бойлаған сайын біз де ақынның сезім сәттерін сезінгендей болдық. Әр өлеңінен шиеленіскен тағдыр іздедік.

Жалпы, Мағжан Жұмабаев жайлы өмірбаяндық деректерге үңілгендегі біздің байқағанымыз, ақынның неке-отбасылық тағдырының қайғы-мұңға, қайшылыққа толы болғандығы. Екі рет үйленген. Алғашқы қосағы Зейнеп 1919 жылы 10 ақпанда босану үстінде қайтыс болады. Зейнептен қалған Граждан есімді сәби де араға жыл салып қатыгез ажалдың қармағына ілігеді. Кейін әкесі Бекеннің ұйғаруымен Қызылжарда тұратын Дәули Қуанышбаевтай ауқатты адамның Жәмилә деген қызына құда түседі. Бірақ қалың малының төленіп қойғанына қарамастан, Мағжан жүрек үніне құлақ асып, қызылжарлық башқұрт байы Хасанның жесірі З­ылихамен бірге Уфа, Челябі, одан әрі Тәшкент асады. Өмірінің соңына дейін Зылихамен бірге болады.
Ақын поэзиясына бойлаған адамның Мағжанның Гүлсім есімді қызға өлердей ғашық болғанын аңғармауы мүмкін емес. Мағжандай сұңғыла сезім иесінің жүрегіне шоқ салған сулудың өмір дерегі  және ақын екеуінің арасындағы махаббат хикаясы жайында сөз зергерінің кітабын құрастырушы ғалымдар Х.Абдуллин мен Б.Дәрімбетовтің деректерінде біршама жан-жақты мағлұмат беріледі. 
Гүлсім Кемалова – татар қызы. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогикалық институтын бітірген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа «шафқатлық тәтесі» (медбике) болып қатысқан. Eлге қайтқан соң әкесі башқұрт азаматы Мичуринге қосады. Қызылжарға мұғалім болып келген сұлу келіншекке деген ақын сезімі ең ал­ғаш «Гүлсім ханымға» өлеңінде бедерленеді. Өлең тарихы манадай: 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұғалім болып қызмет етеді. Сол кезде Башқұртстаннан Мичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім есімді жас әйелімен көшіп келеді. Келе сала бірден Мағжан басқаратын курсқа математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады.
Гүлсім келген күннен бастап асқан сұлулығымен, оның үстіне, ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемін де алмай, тіп-тік келіп, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім үстелдің жанында жалғыз өзі отырады. Сырттан енген ақынға селт етіп қарамайды да. Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп, оңтайлана бергенде, үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: «Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады!» – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан үстелдің үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да, оның бір бетіне табан астында шығарып «Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім  ханым» деп басталатын 8 жол өлеңді жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: «Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз қайтайын?» – деп, келісімін алып үйіне қайтады. Ертеңінде Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, топқа қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: «Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза!» – деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: «Гүлсім ханым, Сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?» деп сұрайды. Сонда сұлу: «Жоқ, мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!» – деп жауап береді...
Кейіннен Гүлсім Мағжанға былай деп хат жазады:

Жүрәклар тәңірісі отлы!
Көзіңнің шағласын меннан.  
Көшір бір өзге алгулға,
Сиқырлы йылдызым, тездан!

Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин Қызылжардан көшіп кетеді. Ол, тіпті Мағжанды өлтірмекші де болады...
Гүлсім ханым кетіп қалған соң:

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

– деп, сезім сергелдеңіне түскен ақын  «Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге», «Г...ге», «Тірілдім», «Сүй, жан сәулем» деген сынды бір топ өлеңдер циклын жазады. Арада бірнеше жыл өтеді. Кейін Мәскеуде тұрған кезінде Мағжан жары Зылиха екеуі қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, баяғы өзі сүйген сұлу Гүлсімге ойда жоқта кездесіп қалады. Бірақ бір-біріне ләм деуге шамалары келмейді. Дәл осы уақытта трамвай келіп тоқтайды да, ғашықтар жолы екіге айырылады. Мәңгілікке... Содан қайтып кездеспейді. 
«Теңіз терең емес, адамның жаны терең» дейтін марқасқа ақынның сол қатпарлы жанынан үзіліп түскен мөлдір тамшы – өлеңдер топтамасын «Жас қазақтың» оқырмандары назарына ұсынып отырмыз. 

Назерке Жұмабай

Гүлсім ханымға

Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім  ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!

Бота көз, сиқырлы сөз ханым Гүлсім,
Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім – Күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Сүй, жан сәулем

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.

Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойнында,
Сұрамаймын еңді ұжмақ – жақсы жай!

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!

Гүлсімге
 
Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден.
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді.

Жұмақтағы кәусар судан,
Бетіңдегі алтын будан,
Періштелердің жырынан,
Жұмақ суы сылдырынан,
Жапырағының сыбдырынан,
Тәңірінің дәл өз нұрынан
Жаратылған періште еді,
Мекені оның ғарышта еді.

Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде андай ұлып,
Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді – жерге түсті,
Жерге түсті – көрге түсті.

Елді көрді – жерге түсті,
Қақты қанат, кезді, ұшты,
Кім зарласа, соны сүйді.
Күлгенменен бірге күліп,
Өлгенменен бірге өліп,
Күйгенменен бірге күйді.
Жабыққанға жәрдем етті,
Қара да, ақ та теңіз өтті.

Алдап меруерт көбік шашар,
«Кел, – деп, – бері!», қойнын ашар.
Тұрмыс – теңіз бір тұңғиық.
Теңізге кім басар қадам,
Басса, басар оған адам.
Жанын сатып, жанын қиып!
Тұрмыс – теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.

Өлді сұлу – өтті жылдар,
Өлді сұлу – бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұнды әнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып.

Жан толқытар жыр іздеген,
Әдемілік нұр іздеген,
Қиял құлы – мен бір ақын.
Тұрмыста тар, тайғақ жолға,
Түсіп келе жатып орға,
Күні кеше кешке жақын.
Батқан күннің таңын көрдім,
Сол сұлудың жанын көрдім.

Күні кеше жанның жырын,
Жүзіндегі жұмақ нұрын
Естіп, көріп, елжіредім.
Жан-жүрегім, қолым беріп,
Қан аралас жасым төгіп:
«Жолым баста, келші!» – дедім.
Қайрылып та қарамады,
Жас жүрегім жаралады...

«Мен бір жанмын өлген, – деді,
- Періштелер көмген!» – деді,
Бір қарады, кете барды.
Жүзіндегі жұмақ нұры,
Аузындағы мұнды жыры
Жүрегіме сіңіп қалды.
Жүрегімнен кетпес бұл жыр,
Құбылса да мыңға өмір.

Періштелер лебізінен,
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді...

Тірілдім

 Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім.
 
Жаным өлік еді, жанға жан кірді,
Тамыр кеуіп еді, ыстық қан жүгірді.
Жиегінде қорғасындай көгімнің
Бүгін ғана бақыт таңы білінді.
 
Бүгін маған жұмаққа өмір жол болды,
Бүгін менің құшағымда Ол болды.
Оны құштым, шарап іштім, шат едім,
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.
 
Бүгін менің құшағымда кім болды?
Бүгін менің құшағымда Гүл болды.
Бүгінгі түн маған алтын Күн еді,
Бүгін менің құшағымда Күн болды.
 
Өзім ғана білем қандай жан құштым,
Жер құшпадым, шаң құшпадым, таң құштым.
Жанды жуып, жүрегімді жаңалап,
Бүгінгі күн тән құшпадым, жан құштым.

Бүгінгі түн тән құшпадым,
                               жан құштым,
Жанды құштым, таңды құштым, көкке ұштым.
«Сүйем!» – дейді бота көзі мөлдіреп,
Жасын төкті, жасын іштім, бал іштім.

Айырылғанда
(Г...ге)

Бір жыл болды сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың, неге мені қумадың?
Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,
Қанды жаспен көзім неге жумадым?!

Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадірінді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан
Садаға боп, сорлы, неге өлмедім?!

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

Көріскенше қош бол енді, бер қолды...
Қалтырайсың, қолым, саған не болды?..
Жазуға енді, Гүлім, халім қалмады...
Көзіме жас, жүрегіме у толды...

Г...ге

Күніңмен алтын қуантпай,
Гүліңмен жібек жұбатпай.
Жеттің де тез өттің, жаз.
Ағаш, шөптер қуарған,
Айдын да құрып суалған.
Қаңқылдар қайда қоңыр қаз?
Өң мен түстей перизат,
Көріндің де, болдың жат,
Жандырдың, міне, жанымды.
Қараған көктен хор едің,
Көбірек көрсем деп едім,
Көк есігі жабылды...

Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім

Кетіпсің Қызылжардан, ханым Гүлсім,
Талай таң зарықтырған таңым, Гүлсім.
Жадымда әнің Гүлсім, сәнің Гүлсім,
Өлгенше ұмытпаспын бәрін Гүлсім.

Айырған екеумізді тағдыр бір сұм,
Мен үшін сенсіз өткен күнім құрсын.
Бәңгідей мәңгіремін сен кеткелі,
Күнім – түн, тірлік – тылсым, құдай ұрсын!

Деуші едім күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Сол Гүлсім алып кетті-ау күн күлкісін.
Жарықта жарық болып енді маған,
Күн тұрсын, күн қасында Гүлсім тұрсын!

Назерке Жұмабай

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551