Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5189 0 пікір 24 Қаңтар, 2014 сағат 04:53

Ақынның нұрлы әлемі

1-сурет: ақын Ғали Орманов

2-сурет: ақын Сәкен Иманасов

(Ғали Орманов шығармашылығы хақында)

1-сурет: ақын Ғали Орманов

2-сурет: ақын Сәкен Иманасов

(Ғали Орманов шығармашылығы хақында)

           Осы мақаланы жазарда мен Ғали Ормановтың кейінгі жылдар үдесінде ғана қалың оқырман қолына тиген төрт томдық шығармалар жинағын қайта бір қадағалай қарап шыққан едім. Өзім үшін бұрыннан-ақ етене таныс өлең-жырларды қайталап оқу үстінде анық көзім жетіп аңғарған бір нәрсем, Ғали Ормановтың өмірімен де, творчествосымен де жете таныс емес адам, ешбір анықтамаға қарамай-ақ, осы кітаптарды оқи отырып, ол өткен жолды, қызулы, қызықты ғұмырын, ақынның бар күйініш-сүйінішін, қала берді, келбет-мінезін көз алдына елестете алады екен. Кімді сүйіп, кімдерді жек көргені, үйренгені, жиренгені хаттай тізіліп, шұбаған ұлы көштей болып оқырман көз алдынан түгел өтіп жатады. Оған Ғалидың өзіне дейінгі де, өзімен тұстас та, өзінен кейінгі де ешкімге ұқсамас дара біткен майда қоңыр үнін қоссаңыз, қазақтың бұл көрнекті қаламгері қақындағы ұғымымыз да, мінездемеміз де соқталанып, биіктей түсе берері даусыз. Сол төрт томдықтың алғашқы кітабын ашып тұрған "Қысқы күй" дейтін өлеңге назар аударып көрелік. Үлкен жолдан бұрыс, қағаберіс қамыс арасына орналасқан ауылда өскен мен үшін бұл түп-түгел таныс сурет. Жазы аптап ыстық, қысы ызғарлы, балшық орамы, ақырған бораны – бәрі таныс. Ақдаңдатқан ақтүтек әлі күнге есіме түссе, арқамды қариды.

Үйден ұзап шықпаймыз

Өзіміз де ондайда.

Ондайда тым ұқсаймыз

Үрпиіскен торғайға.

Осы жәйтті өз басымнан да көп өткізгендігімнен болар, бұл жолдар көңілімді қай-қайдағыға жетелеп, алыс қалған балаң шаққа бір апарып тастағандай болады. Сондай ауылда тудық, оқыдық. Пеш түбінде торғайдай болып үрпиісе бүрісіп отырып, әдебиет оқулығын парақтаушы едік. Сөзіне терең бойлап, түсініп жатпасақ та, ақын, жазушы ағаларымыздың суреттеріне тесіле, ұзақ қарайтыным болатын. Өзіне қадалған мейірлі жанар аржағында әлдебір жұмбақ дүние жатқанын бала көңіл аңғарар еді. Тіпті бұл адамдар да ауылымыздағы әлдекімдер сияқты ет пен сүйектен жаралған шығар дейтін ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Қоңыр үйде қиялға беріліп,сол суреттерге сұқтана жүріп, ебіл-себіл сөз дәмін татқаннан да болар, келе-келе жыр кітаптарын іздеп оқып, әне-міне дегенше, жүздеген өлеңді жатқа да біліп шығып едім. Сол жұпыны ауылда жүрген мен үшін:

Аттанып ауыл – анадан,

Оқуға кеттім қалаға.

Жабыла маған қараған

Жалтаңдай кеттім далаға.

Жарбиған жаман тон, тұмақ,

Жабысып кетті үстімде.

Жанайын деген бір шырақ

Жалтылдап кетті ішімде, –

деген сөздер де әсіресе жақын еді. Құпиялы, қызықты бір әлемге өзім аттанып бара жатқандай болатыным бар еді.

Ғали Орманов, ең алдымен, айтулы лирик ақын. Бұл менің ғана пікірім емес, ақынның қаламдас ағалары да, барша творчествосына тәнті тұстастары да, қалың оқырман мен сыншы қауым да осылайша бағалап, осылай жазып келеді. Әлгінде біз тілге тиек еткен алғашқы шумақтарынан бастап, кейінгі жылдары жарық көрген төрт томдық шығармалар жинағын зерттеп, зерделей оқыған сайын, сол пікірге берік табан тірей түсесің. Ол үшін тақырыптың уақ-ірісі жоқ, басқамыз байқай бермейтін қандай бір қағаберіс көріністің өзі ақын қаламына іліккенде жан бітіп, жып-жылы шуаққа бөленіп, әрленіп, нәрленіп жүре береді. Өз материалы – адам жаны мен өмір мазмұнына қырағылықпен жіті үңіле білген ақын әр өлеңі сайын оқырман жүрегін дөп басып, көңілінен шығып отырады. Қазақта бар барша жақсы дәстүрді толық игерген қаламгер сезім иірімдерін домбыра ішегіндей шиыршық аттыра отырып, кісілік, семья, бақыт, өмір туралы кілең бір сегіз таспа қамшыдай жымдаса өрілген жыр жиһазын жасапты. Ақын талантының өзгеге ұқсамас алабөтен дара қасиеті қай шығармасы болсын алдыңнан шығып, айрықша көрініп отырады. Бұрқырап, бұзып-жарып жатпай-ақ, майда жұмсақ үнімен баяу сөйлеп отырып, оқырман көкірегіне киелі ой, келелі арман, айқын да асыл мұрат ұялатып жататын жырларының бәрінде де таза ақындық ар дірілдеп жататынын аңғарасың. Бірде әлгі "Жанайын деген бір шырақ ішінде жарқылдап" кетіп бара жатқан, үлкен арман арқалаған, әке көрген, аға көрген, ибалы да бұйығы бозбалаға ұшырасып, тілдесіп, іштей үндесіп кетсең, енді бірде танау астынан "қарағым" деп қойып, үлкенге жұғымды, кішіге ұғымды бірқалыпты жұмсақ қоңыр үнмен кейінгілерге жөн сілтеп отырған ақбурыл басты ақсақалды көресің. Ешқашан бос даурығып, жарқылдақ жалған ұран салып, өңеш жыртардай айқайға басып көрмеген ақын әр өлеңді өзінің ой шеңберіне лайықтап алады да, жақсылықтың жолында шыбын жаны шырқырап, кісілік мінезді қызғыштай қориды. Дүние тыныштығы отбасының амандығынан басталатынын, халық бақыты қара басқа да байланысты екенін там-тұмдап, таңғы жұтқан саумал қымыздай санаңа жайлап сіндіре береді. Оқып көріңіз:

Сағыныштан сарғайып,

Сары белден таң атты.

Сахарада шалқайып,

Сарғая бір жол жатты.

Көкжиекке қосылған

Қара жолдың ұшына.

Қарай-қарай асығам,

Қанатым жоқ ұшуға.

Көңіліңіз бір қобалжып барып басылғаны сөзсіз. Сезім шынайылығы осындай шынайы жолдар арқылы өріс алып жатады.

Не де болса, теуекел,

Қостым тайды жарысқа.

Мейлі, үмітім бос кетер,

Жарамаса алысқа.

Топқа түсер шын жүйрік

Тай күнінен танылар.

Талантсызға сол бұйырық –

Көзге ілінбей қалынар!

Жалқының жалпыға ұласуын, жеке сезімнің ортақ ойға ұштасуын байқаймыз. Іштей түлеп, булыға өсіп келе жатқан ақын кейіпкерінің өміртанымы да қырағылана, қаталдана, сыншылдана түскен. Енді ақын өмір сынына үзбей ілесіп, болмысты үңги, үңіле зерттеуге ойысады. Ақын әсіресе Ұлы Отан соғысы тұсында өндіре жазып, жұрт аузына айрықша ілікті. Ұлы сілкініс кезеңі, ақын мінезіне де қаталдық қосып, даусын ашып, тынысын кеңейте түскенін аңғарамыз. "Ана" деп аталатын шап-шағын үш шумақ өлеңдегі ішкі драматизм, қатыгез шындықты қараңыз.

Өлең:

Қалтырап буын босамас,

Қобалжып саспас, ержүрек,

Жалынып көзге жас алмас,

Қайыспас емен көкірек, –

Әжімді анау қарт анам,

Көрсем-ақ ақшыл шашыңды,

Қылыштан қорқып тартпаған

Иер ем саған басымды, –

деп бітеді, Әлеуметтік есею деп осыны айтар болармыз. Бұл соғыс жылдарындағы "Ана үндеуі" деп аталатан атақты плакат-ұран сарынындағы, жан дүниеңді шымырлатып әкетер қуаты бар публицистикалық лирика үлгісі. Кезінде көп айтылып, көп жазылып жүрген ақынның осы соғыс тұсындағы "Қасымға хат", "Емен", "Ағалық тілек", "Орамал" өлеңдерінде өмірдің біршама бел-белестерінен өткен, өз дәуірінің жосын үні, ыстық-суық табын тартып көрген, талап-талғамы өнеге боларлық кейіпкердің жан дүниесі жарқырап ашыла түседі. Ақынның ой-қайнары бірде серіппедей ширатылып, шиыршық атса, енді бір сәт даладай молдықпен кемелдене, тербетіле, құлпыра жайнап кетеді. Поэтикалық образдың барша жұмбақ көп қырлы характерін, кескін-келбет, ой дүниесін, қуанышы мен көз жасын барынша табиғи көрсетуге келгенде де қысқа лирика алдына қара салмақ емес. Қып-қысқа лирикалық жырларымен жүрек түпкіріне берік орнайтын сиқырлы да сырлы, алуан қырлы кейіпкерлер жасаудағы Ғали шеберлігіне бүгінгі біразымыз жете алмай-ақ келеміз. Салқын, самарқау сөйлеуді білмейтін, жалған жалтара айтуға бармайтын таза ақынға тән мінездің бірі де сол. Өйткені көркем шығарманың дүниетанымдық қызметі, қоғамдағы ролі сол үлкенді-кішілі қаһармандарының қауқарымен өлшенеді. Ол ең алдымен ақынның өз басының азаматтығына, өз парызын қалай түсінуіне де байланысты. Ғалидың бармақ жалап отырып оқитын барша қысқа лирикасынан мен әрдайым сондай биік парасатты аңғарам. Өзімен бірге өлеңі де жетіле түсіп отыратын ақын шығармаларының қай-қайсысынан болсын уақыт тынысы, дәуір сарыны елес беріп, ілгерілеген сайын тұтаса, қоюлана, қалыңдай береді. Лирик Ғали өз көкірегін кернеген асыл сезім, аңсарлы ойдың бәрін түгел ақтарып, оқырманын соған иландыра еліктіріп, желіктіріп отырады. Ол әсіресе тұрмыстық көңіл-күй тамырын дәл тауып, білгірлік, балгерлікпен тани білетініне таңырқамай болмайды. Әсте, пейілі тар, ниеті ала-құла адамнан жақсы өлең тумақ емес. Гүлді үзуге, құсты үркітуте қимайтын ақынның кісі баласына қиянат жасауы мүмкін емес. Ғалиды көзі көрген, дәм-тұздас болған адамдардың бәрі де бірауыздан оның өз басын осылай бағалайды. Ал өз творчествосынан ол қасиет-мінезі тіпті айқын аңғарылып тұрады. Отаншыл, адамгершілік биік мұратқа іңкәр ақынның кейіпкері кілең ғана жұртқа жақсылық тілеп, емірене өліп-өшіп тұрады. Бұл ретте ол бармын деп тасымайтын, жоқпын деп жасымайтын, үлкен-кішінің бәрін "әке-көкелеп" жүретін үбірлі-шүбірлі отағасына ұқсар еді. Еріндерінде мысқыл бар, емеурінінде зіл жоқ, тәтті қалжыңы бар, қатты қайырысы, қатыгез-қаталдығы жоқ тау кеуделі ақын кейіпкерінің өміршеңдігі сонда ма деп ойлаймын.   

Болмыстың барша ұңғыл-шұңғылын іштей сезіне қабылдау, образды ойлай білу шеберлікке бастар баспалдақ деп есептесек, ақынды әлеуметтік үлкен тұрғыға көтеретін, айналып келгенде, сол шеберліктің тап өзі. Күрес үшін, тіршілік үшін айқайдан гөрі, Ғали жыры тәріздес асыл ыстық сезім таптырмас қару бола алады. Тұрмыстық лирика мен әлеуметтік лириканың ара-жігін ашуды бірінен бірі бөлек құбылыс етіп көрсетудің орны жоқ. Адамның барша парасат-парызын махаббат, достық, кісілік, әділет ұғымдары төңірегінде көрсете білу – азаматтық лириканың ұлы мақсаты. Адам сезімінің бар дүйім-дүниесін бойына жинақтаған Ғали ақын жырларын осындай поэзия деп күмілжімей айта аламыз. Арғы-бергі поэзиялық дәстүрді еркін меңгерген Ғали Орманов шығармалары ең алдымен көркем қарапайымдылығымен тартымды. Ол қарапайымдылық тіпті де қарадүрсіндік емес. Абай, Пушкин, Есенин, Твардовский сияқты ақындардың халықтық қарапайымдылығы олардың ұлы шығармаларына мысқалдай мін бола ма? Тіпті, ол шығармалардың жасампаздығының өзі әлгіндей қарапайымдылықтың мызғымас күшінде жатқан жоқ па? Көкейге келіп қалған мазмұнды ойды қарапайым, мөлдір таза тілмен ұғымды жеткізе білетін Ғали ақынның қарапайымдылығын да осы тұрғыда бағалау керек. Халықтың қанында бар қағытпа қалжың, әдемі әжуа, жақсы да жарасымды әзіл бұл пікірімізді үстей түседі. Мына бір "Жеңілген жүрек" өлеңін осыдан ширек ғасыр бұрын оқып едім, әлі күнге көңілімде жаттаулы қалып жүр:

Тайпаң қағып ақ тоқал,

Тіл қатады қонаққа.

Тынымы кетіп ақсақал,

Көп қарайды сол жаққа, –

деп, қонаққа күлімдей берген жас тоқал қылығына төзіп отыра алмаған шалдың көңіл күйін:

Тоқалына айтты жай

Ынғайлы бір кезекте:

– Құймай-ақ қой маған шай,

Батпай отыр жүрекке! –

деп тәмәмдайды. Еріксіз сен де жымиясың. Тынышы кетіп болған шалды да аяйсың, ақын тапқырлығына да сүйсінесің. Немесе, "Қалжың хаттағы":

Айнала тау, түн жым-жырт

Бурабайдың басында

Отыр ма әлде бір қу мұрт

Өле жаздап қасында? –

дейтін жолдар тек Ғалиға тән қалжың емес деп кім айтар! Ал "Жамбылмен қалжыңы" ше? Өзі де өлеңді осылай нық шегедей берік түйіндейтін ақын жастардың жылт еткен жақсылығына мәз бола қуанып, ауызша да, жазбаша да пікір білдіріп жүруші еді. Шын ақынның ешқайсысы көзі тірісінде "мен болдым-ақ" деп тоқмейілсіп көрмеген болар. Жетпіске дейін қолынан қаламы түспеген ақын да ара-тұра ойланып, толғанып, соңына қарап, әлі де өзіне өзі көңілі толмай келе жатқанын үзбей айта жүріпті. Әлдеқашан бұрын жазылған бір өлеңінде:

Отыздың шығып өріне,

Оқуға қайта бұрылдым.

Олқылау жатыр көңілге

Өзімше жиған бұрынғым, –

десе, одан кейін "Сұрау" дейтін жырында:

– Білдім бе бойлай жүрекке?

Ылайық орын алдым ба?

Жан болып әлде жүрдім де,

Дем бітті, жым-жырт қалдым ба?

деп өткен-кеткенін шолып, өзіне-өзі сұрақ қойып, ойға алған межеден шықтым ба, жоқ па дегендей, алды-артын тағы бір бағдарлап алады.

Ғали Орманов қаламынан туған қаншама жыр-толғаулар, сығып алсаң, майы шығып тұрған нелер бір көркем аудармалар бар. Олардың әрқайсысы да білдей бір қаламгер ғұмырына аздық етпейтін, қай бір тұрғыда ауыр да болар жүк. Ал Ғалиға қарасты айтсақ, ол ірі таланттың бір ғана қыры сияқтанады. Өйткені халық Ормановты ойы сарқылмайтын, қасиеті кемімейтін лирик ақын ретінде таныған да, көбіне сол ыңғайда бағалап әдеттенген болатын. Біз де лирик ақынның өзіміз аңғарған осы тұсына тоқталып қана өттік. Кейінгі өлеңдерінің бірінде ақын:

Үзбестен ой салармын өренге мен,

Өрен ойын жетелер тереңге өлең.

Өзімді ылғи ортада деп білемін,

Өлең барда орнымнан төмендемен, –

деп еді. Қазақ поэзиясының ешқашан өз орнынан жылжымас қадау-қадау құзар биіктері көп. Ғали Орманов та – өзі көп жырлаған Талғар шыңындай болып, әдебиет төрінде, ұрпақ көңілінде сол бұрынғы мызғымас берік қалпында қала беретін ақын.

Сәкен Имансов

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

0 пікір