Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4077 0 пікір 23 Қаңтар, 2014 сағат 07:22

Дәулет Асау. Мәңгілік ел боламыз дейміз, ә?

«Өзі тұрып жатқан мемлекеттің тілін не қонақ, не ақымақ, не басқыншы білмеуі мүмкін»

Карл Маркс.

 

«Өзі тұрып жатқан мемлекеттің тілін не қонақ, не ақымақ, не басқыншы білмеуі мүмкін»

Карл Маркс.

 

Әлем тәжірибесінде біртұтас қуатты мемлекет құрудың мысалдары бірнешеу. Бірінші, тілдік фактор – оған Еуропа елдерінде де, әлемнің басқа құрлықтарында да мысал жеткілікті. Екінші, діни фактор – бұл негізінен Сауд Арабиясы Әмірлігі сияқты мұсылман елдеріне тән. Онда мемлекеттік саясат ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90%-ы осы дін тақырыбына арналатынын біреу білсе, біреу білмес. Үшінші, ұлттық фактор – Жапония, Армения сияқты негізінен тек бір ғана жергілікті ұлт өкілдерінен құрылған мемлекеттер. Бүгінде бір ғана ұлттан құралған мемлекет саусақпен санарлық. Төртінші фактор – азаматтық біртұтастық. Яғни мүдде бірлігі, құндылықтар бірлігі. Мұндай мысалды АҚШ-тан, Израилдан көруге болады. Жер бетіндегі 7 мың түрлі этнос бар десек,  олардың қай-қайсының да өкілін АҚШ-тан кездестіруге болады. Сөйте тұра, америкалықтар түрі мен түсіне, діні мен тіліне қарамай, кереметтей мүдде бірлігін танытып: «Біз – ең қуатты мемлекетпіз!», «Біз – әлемдегі ең демократиялық елде тұрамыз!», «Біз – патриотпыз!» деген ұғымды берік ұстанады. Енді қараңыз, Қазақстан халқын осы айтылған факторлардың қайсы біріктіріп отыр? Біздің мемлекет бір тілді, бір дінді, бір ұлттық құрамда немесе бір мүдделі деп айта аламыз ба?

Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылмандар, 26 пайызы православты христиандар, қалғаны – басқа діндегілер. Қазақстан біртекті ұлттан құралмаған, ресми есеп бойынша, ел ішінде 130-ге тарта ұлт пен ұлыс бар. Сондықтан, ҚР Президенті Н.Назарбаев Жолдауында атап көрсеткендей, Мәңгілік ел болу үшін Қазақстан діни факторға да, ұлттық факторға да сүйене алмайды. Ендігі қалғаны екеу: тілдік фактор, азаматтық біртұтастық.

Мына нәрсенің басын ашып алған жөн: Қазақстанда бір-ақ ұлт бар – ол қазақ, қалған этникалық топтар – диаспоралар. Халықаралық стандарттар бойынша мемлекет тұрғындарының 1%-нан асатын ұлыстар ғана диаспора аталуға хақылы. Ал, бізде қалай? Қазақстан – көп ұлтты мемлекет деп дабыралатып жүрсек, ол олай емес екен. ҚР Статистика агентігінің өткен жылдың соңғы мәліметінде халық саны 17 100 мыңнан асқан. Пайызға шаққанда: қазақ – 11 миллионы ( 65,2%). Одан кейінгісі – орыс(21,8%), өзбек (3%), украин (1,8%), ұйғыр (1,4%),татар (1,2%), неміс (1,1%). Бұларға жалғас кәріс – 0,6(%), түрік (0,6%). Қазақпен қосып есептегенде, сан жағынан ең көп он этнос – бүкіл республика жұртының 96,7 пайызын құрайды. Қалған 130 ұлт пен «ұлыстың» үлесі – 3,3 пайыз ғана. Сонда 5 чукча, 4 нивх, 3 нганасан, 2 юкагир, 1 айн,.. да диаспора ма? Ал, егер, көшеде бір чукчамен бір нивх кездейсоқ ұшыраса кетті дейік, сонда чукчалар мен нивхтар диаспораларының кездесуі өтті деп әлемге жар саламыз ба?! Егер қазақстандық «көп ұлттық» есеппен санасақ, Ұлыбритания – әлемдегі барлық жұрттардың отаны (5 мың этнос тұрады),  Германия – жеті жүз «ұлыстың» тұрағы, Франция – бес жүз халықтың мекені... Бірақ, ол жақтардан «біз- көп ұлттымыз» деген дабыраны естімедік. Шыққан тегі мен нәсіліне қарамастан, Франция азаматтарының бәрі – француздар, Германияда – немістер, Түркияда – түріктер... Аталған мемлекеттер өздерiн унитарлық, ұлттық мемлекетпiз дейдi де, ал бiз болсақ, көпұлттымыз деп әлі көпіріп жүрміз. Әрине, мақтан жақсы, мақтаннан адам өлмейді. Тек, оны зияны тимесе болды. Бiздiң мемлекетiмiзде көп ұлттың өкілдері тұратынына күмән жоқ. Бiрақ, ол бiздi унитарлық, ұлттық мемлекет құқымыздан айырмауы керек қой.

БҰҰ 1992 жылғы жіктеуі бойынша Қазақстан ұлттық мемлекеттер қатарына кіреді. Егер әлемде 200-ге тарта мемлекет бар десек, солардың 90 пайызы ұлттық мемлекеттер. Өзіміз тілге тиек еткен еуропалық мемлекеттердің көпшілігі дерлік ұлттық сипатта. Құрылымы жағынан федеративтік, конфедеративтік немесе құрама штаттарынан құрылған мемлекеттер екен-саяқ.

ҚР «Тіл туралы» заңының 4 бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – деп нақты жазылған. Олай болса, ел саясатында Қазақстан халқын топтастыратын ең маңызды фактордың бірі мемлекеттік тіл екеніне дау жоқ. Бірақ, әзірге бұл міндетті ресми тіл атқарған болып келеді. «Атқарған боп» дейтініміз, бөтен елдің тілімен туған Отаныңды сүю, оның патриоты болу мүмкін емес. «Қазақстан» деген атаудың өзі халықаралық терминде Қазақ елі дегенді білдіреді. Ал, мемлекетке өз атауын берген, төл халқының саны 65 пайызға жеткен қазақ жұрты тұрғанда, азшылдық диаспораның тілі ешқашан елді біріктіруші фактор бола алмайды. Егер алдағы он жылды болжамдасақ,  қазақ саны 75 пайызға өсіп, орыс 15 пайыз кемісе, ресми тіл сонда да халықты топтастырушы фактор болып қала бермек пе?! Бұл ақиқатқа мүлдем сәйкес келмейтін нәрсе. Сондықтан, қазірден бастап қазақ тілінің мемлекеттік және қоғамдық қатынастардағы рөлін, шаруашылық салаларындағы атқаратын функциясын арттыра бергеніміз абзал. Тек осындай жағдайда ғана біз ресми тілдің құзырынан мемлекеттік тілдің құзырына ешқандай ауыртпалықтарсыз көше аламыз.

Әрине, бұл жерде ықтиярлы іске кедергі көп. Тіл жанашырлары баяғыдан-ақ Мемлекеттік тіл туралы заң керек деп зар қылып келеді. Бірақ, Үкімет те, депутаттар да мұны елең қылар емес. Ал қолданыстағы «Тілдер туралы» заңның шикілігі туралы ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Біріншіден, бұл заңның өзі жетілмеген, екіншіден, оны орындататын механизмдер қалыптаспаған. Өйткені, «Тіл туралы» заңның қай тармағын алып қарасаң да «мемлекеттік тілмен бірге ресми тіл» деген жолдардан аяқ алып жүргісіз. Осыдан кейін ешкімнің жанын қинап қазақша үйренбесі анық. Қайтеді оны? «Тіл туралы» Заңның 24 бабында «...тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі... заңға сәйкес жауапты болады» десе, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 81 бабында «айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салу...» делінгеннен басқа ештеңе жоқ. Мұндай солқылдақ-былқылдақ заңнан кім қорқады? Тіл заңын бұзушыларға әрі кетсе, ескерту жасалады, ал олар еш қысылып-қымтырылмастан жұмысын әрі жалғастыра береді. Ал тіл заңын бұзған лауазым иелеріне ақшалай айыппұл салыпты деген көрмек түгілі, естіген емеспіз. Сонда қалай, «Тіл заңы» басқа құқықтық құжаттар сияқты орындалуы міндетті болмағаны ма? Заңда қазақша білмесең де, мемлекеттік органдарда істей беруге шектеу қойылмаған. Қайта орысша құжат толтыра білмейтін қазақтілді мамандарға қиын.

Ата Заңымыздың 19 бабында: «Әркімнің ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқы бар» делінген, бірақ менің осы конституциялық хақым күніне әлденеше рет бұзылады. Менің мемлекеттік тілде толыққанды өмір сүру құқым шектеулі, өмір сүру, баламды өсіру, жұмыс істеу, қажет ақпараттарды алу бәрінде орысша сөйлеуге тура келеді. Халыққа қызмет көрсететін орындар – банк, ХҚКО, пошта, вокзал, мұрағат, аурухана, т.б. қайсына барсаңыз да орысша сөйлеуге тура келеді. Қоғамдық қатынастар, әкімшілік жиналыстарының бәрі өзге тілде өтеді. Тіпті лауазым иелерінің қабылдау бөлмесіне хабарлассаң да орысша сөйлесуің керек, өйткені хатшы қыз қазақша білмейді. Енді, қабылдау бөлмелеріне, жұртқа жаппай қызмет көрсететін жерлердің бәріне екі тілді адамдарды отырғызу қиын болып па? Қазақша талап етсеңіз, қазақша білетін біреуді ертіп әкелгенше тосып тұрасыз. Осының бәрі заң бұзушылық, менің ана тілімде жүріп-туру, қызмет ету құқымның шектелуі, бірақ жергілікті атқарушы органдардың бәрі (прокуратура, тіл бөлімі, әкімдік) мұнымен күресуге құлықсыз. Осыған қарағанда, біздің қоғамда тіл заңнамасын бұзуға болады деген түсінік қалыптасқан ба деп қалдым? Қоғам орысшыл, қазақ тіліне қажеттілік жоқ. Мұндай жағдайда, қайбір жетістірген Мәңгілік ел бола алады екенбіз?

Турасына көшсек, қара қазақ қазақпен қазақша сөйлесіп жүр, шүлдірлейтіндер мен міңгірлейтіндер мемлекеттік қызметте отырғандар. Дұрырысында, мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтегі тұлғаға керек емес пе еді. Мемлекеттік тілдің бірінші қорғаушысы да, оны жүзеге асырушы да қолында барлық басқару  тетігі бар атқарушы билік болуы керек еді ғой. Ал Үкімет әзірге мемлекеттік тілге қажеттілік тудыра алмай отыр.Оның Мәңгілік ел құрудағы қоғамды топтастырушы, елді біріктіруші рөлін арттыра алмай тұр. Тәуелсіздік жылдары тіл туралы бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жасалды, бірақ соның біреуі де мардымды нәтиже берген жоқ. Сондықтан Тіл туралы мемлекеттік бірнеше бағдарламаларды  22 жыл бойы орындай алмай келе жатқан Үкіметке, оқушының тілмен айтқанда, семіз «2» деген баға қоюға болады.

Abai.kz

0 пікір