Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3087 0 пікір 17 Қаңтар, 2014 сағат 10:01

«Атажұртқа» жеткен көш

Соңғы кездері еліміздегі Көші-қон мәселесі исі қазақ үшін ең өзекті тақырыпқа айналды. Қазақ көші туралы жазылған мақала, айтылған ой, бас қосқан жиындар да есеп жоқ. Тіпті арнайы кітаптарда жарық көре бастады. Әрине, Қазақ көші турасында тиісті мамандардың пікірі айрықша маңызға ие. Солардың бірі - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, осы мекемеде 20 жылдан астам қызмет атқарған Ботакөз Уатқан десек қателеспеспіз.

«Атажұртқа жеткен көш». Бұл – Ботакөз Уатқанның жақында жарық көрген кітабының атауы. Кітапта тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолиядан атажұртқа бастау алған алғашқы көш жөнінде сөз етіледі. Мұның өзі еліміз тарихындағы тұтас бір жаңа кезеңнің басталуы іспетті оқиға еді.

Соңғы кездері еліміздегі Көші-қон мәселесі исі қазақ үшін ең өзекті тақырыпқа айналды. Қазақ көші туралы жазылған мақала, айтылған ой, бас қосқан жиындар да есеп жоқ. Тіпті арнайы кітаптарда жарық көре бастады. Әрине, Қазақ көші турасында тиісті мамандардың пікірі айрықша маңызға ие. Солардың бірі - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, осы мекемеде 20 жылдан астам қызмет атқарған Ботакөз Уатқан десек қателеспеспіз.

«Атажұртқа жеткен көш». Бұл – Ботакөз Уатқанның жақында жарық көрген кітабының атауы. Кітапта тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолиядан атажұртқа бастау алған алғашқы көш жөнінде сөз етіледі. Мұның өзі еліміз тарихындағы тұтас бір жаңа кезеңнің басталуы іспетті оқиға еді.

Қазақ елі өз  тәуелсіздігін жариялаған тұста-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланды. Хатта: «...Халқымыздың тұрмыс тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгеріс алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 – қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол Жаңа 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбасыларыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін. Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік. 1991 жыл қазақ елі үшін тарихта алтын әріппен жазылып қалатын жыл болды... », – деген еді. Елбасының осы лебізі жолы буулы сеңнің алдын бұзғандай әсер етті.

Осыдан 22 жыл бұрын Моңғолия қазақтары ең алғаш Қазақстанға қарай көш керуенін бастап берді. Алғашында «Еңбек шарты» атты құжатқа сәйкес 1991-1992 жылдары 45 мыңнан астам қазақ атажұртқа оралды.

Тарихшы-ғалым Зардыхан Қинаятұлы айтқандай, «Қазақстан үкіметі елдегі күн көрістің қиыншылығына қарамастан осыншама қазақты көшіріп алуда адам таңқаларлық шынайы ерлік қадамдар жасады», – деп бағалаған еді.

Бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы облысы), Семей, Өскемен (қазіргі ШҚО), Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарының әкімдері, аудан, ауыл басшылары Моңғолия қазақтарын көшіріп алу үшін қыруар  әрі қажырлы жұмыстар атқарды. ҚР Министрлер Кабинеті қабылдаған 1992 жылғы қыркүйектің 23-і күнгі №791 «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» қаулысы моңғолиялық ағайындардың атажұртта өмір сүріп кетуіне ұйытқы болды. Осы қаулы бойынша оралмандардың көбі баспанамен қамтамасыз етілді, тиісті көмектерін алды, зейнетақы мен басқадай жеңілдіктерге қол жеткізді.  

Сондай-ақ, 20 жылдан астам уақыт ішінде Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ атажұртына көшіп келіп қоныс тепті. Олар бүгінгі күні Қазақстанның барлық облыс, аудандарында ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Моңғолиядан көшіп келсем деп буынып-түйініп отырған қазақтар әлі де болса баршылық.   

Моңғолиядан басталған осы көшті әлемнің басқадай елдеріндегі: Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Сауд Арабиясы, Ресей, Түрікменстан,  Қырғызстан қазақтары жалғастырды.

Автор көш басталған алғашқы жылдардан бүгінге дейін үзбей еңбек етіп келеді. Ол Алматы қаласы әкімшілігі жанындағы Көші-қон комиссиясының мүшесі және де халықаралық Түрік кеңесінің жұмыс тобының мүшесі қызметтерін де ойдағыдай атқаруда.

Көші-қонға сіңірген еңбегі мен Қауымдастықта атқарған ісі жоғары бағаланып, II дәрежелі «Достық» орденімен (2006 ж.) «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Моңғолия үкіметі тарапынан «Шыңғыс хан» медаліне  т.б. марапаттауларға ие.

Б.Уатқанның «Атажұртқа жеткен көш» атты кітабы соңғы уақыттағы қазақ көшінің жай-жапсарын бағамдағысы келгендер мен диаспора істеріне қызығушылық танытушылар үшін, жалпы, көпшілік үшін құнды дүниеге айналары сөзсіз. Өйткені автор көштің ұйымдастырылуын, оның түрлі үдерістерін өз көзімен көрген адам ретінде көптеген қызықты оқиғаларды, деректерді келтірген. Сондай-ақ, автордың Қауымдастықта істеген  жиырма жылында атқарған кейбір жұмыстары мен іс-сапарлары жайында жазған, жинаққа енген  мақалалары мен сұхбаттары да оқырмандарын бей-жай қалдырмасы анық.

 

Ақеділ Тойшан

Abai.kz

 

0 пікір