Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3539 0 пікір 17 Қаңтар, 2014 сағат 06:51

Өз бейнеңді өзің сомдасаң...

 (екі пьеса туралы ой)

 

Өнер - өмір дейтін жұмбақ әлемнің жарқ етіп көрінген көркем көшірмесі.

Сахнада ойналатын қайсыбір шығарманы алсаңыз да, оның өне – бойынан өмірге деген құштарлықтың  лаулаған жалыны өріліп тұрады. Сосын да болар, сіз бен біз мына тірліктен  зерігіп не болмаса шаршап, әлде қажи бастаған сәттерде театрға келеміз. Театрға шаршаған көңіл күймен кіріп, қайта тысқа шыққанда жігерленіп, ойымыз тұтанып, көңіліміз кеңейіп, жанымыз жадырап сала беретіні айтып жеткізгісіз ақиқат.

Өнер - өмірге жалын беретін, от беретін құдіретті күш!

Содан да болар, біз театрды сүйеміз. Театрға қай кезде де жан-тәнімізбен ынтығып, бөлекше ықыласпен баруға-көруге асығып тұратынымыз да дау тудырмасы анық.

Сол театрдың күре тамырын қуалай өн бойына нәр беріп, барынша қуаттандыратын – ең алдымен қаламы жүрдек драматургтер. Драмалық шығарма – болашақ көркем спектакльдің  алтын діңгегі һәм алтын қазығы!

Шын талантты, айтары салмақты, ойлы пьеса тіпті жартылай әзір спектакль десек те артық емес.

Х Х Х

 

Бүгінгі күні қазақ деген қабырғалы елдің драматургиясы қалай десек те,  жан-жақты жетіліп, дамып, соны ізденістерге жол аша бастады.

 (екі пьеса туралы ой)

 

Өнер - өмір дейтін жұмбақ әлемнің жарқ етіп көрінген көркем көшірмесі.

Сахнада ойналатын қайсыбір шығарманы алсаңыз да, оның өне – бойынан өмірге деген құштарлықтың  лаулаған жалыны өріліп тұрады. Сосын да болар, сіз бен біз мына тірліктен  зерігіп не болмаса шаршап, әлде қажи бастаған сәттерде театрға келеміз. Театрға шаршаған көңіл күймен кіріп, қайта тысқа шыққанда жігерленіп, ойымыз тұтанып, көңіліміз кеңейіп, жанымыз жадырап сала беретіні айтып жеткізгісіз ақиқат.

Өнер - өмірге жалын беретін, от беретін құдіретті күш!

Содан да болар, біз театрды сүйеміз. Театрға қай кезде де жан-тәнімізбен ынтығып, бөлекше ықыласпен баруға-көруге асығып тұратынымыз да дау тудырмасы анық.

Сол театрдың күре тамырын қуалай өн бойына нәр беріп, барынша қуаттандыратын – ең алдымен қаламы жүрдек драматургтер. Драмалық шығарма – болашақ көркем спектакльдің  алтын діңгегі һәм алтын қазығы!

Шын талантты, айтары салмақты, ойлы пьеса тіпті жартылай әзір спектакль десек те артық емес.

Х Х Х

 

Бүгінгі күні қазақ деген қабырғалы елдің драматургиясы қалай десек те,  жан-жақты жетіліп, дамып, соны ізденістерге жол аша бастады.

Өз кезінде ұлттық драматургиямыздың негізін қалаған Ж.Шанин,       Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мүсіреповтер бастап, одан кейінгі кезеңдерде     С. Шаймерденов, Т.Ахтанов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С.Жүнісов,  Қ.Ысқақов,  Д. Исабеков, О. Бөкей, Т.Нұрмағамбетов, т. б. болып жалғасатын тұнып тұрған тұма бұлақ осы күні арналы өзенге айналып, бір белесті артқа тастады. Бұлар кешегі Кеңестік кезеңде-ақ аты шығып, шығармалары мойындалған тума таланттар.

Әсіресе тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде  біздің төл драматургиямыз біршама өркендеді, өсті, марқая түсті. Өзіміз таразыға салып, талқыға түсіріп, тиісті бағасын бере алмай келе жатқанымыз болмаса, драматургия саласында алынған асу көңіл қуантарлықтай. Төл драматургиямыз осы 20 жыл ішінде екі бағытта кеңінен дамыды, жан-жақты тамыр жайды деуге болады. Оның біріншісі – кешегі өткен күндердің тарихи шындығы сахна тілінде барынша шынайы  сөйледі. Айталық, 20 жылдарда елім деп еңіреп өткен Алаш арыстарының асыл бейнесі сахна арқылы халқымен қауышуда. Бұл айтулы істің бастауында дарынды драматургіміз Қ. Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз» трагедиясы тұрса, одан соң  Ш. Мұртазаның «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» деген драмалары өмірге келді. Оған ілесе Шәкәрім, Мағжан, Мұстафа, Нәзір, Сұлтанбек т.б. қайраткерлер бейнесі сахнада мейлінше шынайы сомдалды.

Екінші бағыт – бүгінгі күн шындығы һәм адамның ішкі иірімдеріне үңілетін жаңа пьесалар шоғыры болмақшы. Бұл бағытта да қазақ драматургтері үлкен-үлкен сүбелі туындылар жасай алды десек, еш артық айтқандық емес. Жаңа пьесаларымен көк жұлдызындай жарқ-жұрқ еткен драматургтер қатарына Ә. Тарази, Д. Исабеков, Т. Нұрмағамбетов,                 И. Оразбаев, И.Сапарбаев, С. Балғабаев, Р.Мұқанова, С.Асылбеков, т.т. жатқызуға әбден болады. Ел тәуелсіздігі жылдары Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты байқаудың «драматургия» номинациясы бойынша әлденеше ойлы пьесалар жүйрік шығып арқан үзді. Сол пьесалар шоғыры өз алдына топталып, «Өрілген өмір өрнегі» деген атпен жеке жинақ болып басылды да. Міне, сол жаңа туындылар енді еліміздің сахналарына  кезегімен жол тартуда.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы – тәуелсіздік кезеңінде оза шапқан, жаңашыл пьесаларымен елді елеңдеткен драматургтеріміздің еңбегіне шолу жасап, талдау мақала жазу емес. Сондықтан да осымен шектеліп, әрі қарай тізгін тарта тұрмақпыз.

 

Х Х Х

 

Қайсыбір драмалық туынды болмасын, оны сахна тілінде мейлінше құбылта ойнатып, патша көңілді көрерменге рухани ләззат сыйлайтын өнер адамы – ол актерлер яки актрисалар. Өмірде өзіміздей мүлде қарапайым жан болса, ал сахнада  кісі танымастай болып, ширыға өзгеріп шыға келетін осынау ерекше жаратылған өнер өкілі туралы қай қаламгер жеріне жеткізе ой толғап, оның  жеке тағдырына қатысты салалы сөз өрбіте алды екен?           Әй, қайдам! Әй, айта алмай келеміз-ау!...

Біз үшін актердің аты – актер! Олар кешкі сахнада болмаса, ал былайғы өмірде қуанбайтын, қайғырмайтын, жыламайтын кісілер сияқты көреміз. Әсте осылай ойлауымыз қателіктің көкесі! Актер де адам. Ал, оның сезімі...

Атақты драматург Әкім Таразидың «Үкілі жұлдыз» деген фарс – трагедиясында мынадай оқшау ой бар: «Әртістің бәрі адам, ал адамның бәрі әртіс емес!...».

Рас, сіз бен біз қалай талассақ та, әртіс емеспіз. Бола да алмаймыз. Талпынсақ та, тырыссақ та... Өйткені ол – таланттың шаруасы. Талант деген – Алланың сыйы. Туа бітті қасиет!

Міне, содан ба екен, Ә. Тарази көкеміз өзінің «Үкілі жұлдыз»  трагедиясының оқиға желісін артистердің қилы тағдырынан алып жазыпты. Пьесадағы бас кейіпкерлер – Ай мен Би театрда ұзақ жыл еңбек еткен қос құрбы, былайша қарасаңыз, өз дегендеріне жеткен, атақ-даңққа да кенде емес. Өз сөздерімен айтсақ, екеуі де «жұлдыз». Алайда, мына тағдыр тым-ақ қатал. Ол сенің атақ-даңқыңа, бедел-биігіңе бас имейді. Кезі келгенде тобықтан қағып жіберіп, тоңқалаң асыруы да, есіңнен тандырып, тәубаңа келтіре салуы да бір сәтте!

Қос құрбының тағдырына ой салып қарасаңыз, расында да солай. Екеуінде де сүйеу болар сүйікті жар жоқ. Бірінде жалғыз ұл, бірінде – жалғыз қыз! Ең сұмдығы олардың да тағдыры аумалы – төкпелі. Айдың ұлы ерте қайтыс болып, келіні басқа біреуге тұрмысқа шықты. Ұлынан қалған жалғыз немере өз тағдырын айқындамаған әрі-сәрі күйде. Бидің қызы тұрмысқа шықты, бірақ отбасылық өмір жалғаспай жатыр, күрт үзілмекші. Күйеу бала ажырасуды ойластырып жүр.

Айдың арманы – жалғыз немересі өз теңін тауып үйленіп, жас отау құрса, солармен бірге тұру бақытына ие болсам дейді.

Бидің арманы -  жалғыз қызы ажыраспаса екен, әйтеуір тағдырын бүлдіріп алмаса екен деп ойлап жүргенде...

Қысқасы, екі «театр жұлдызының» ғұмырының соңы оқыс бұзылып, өмірлік трагедияға ұласады. Би күйеу баласының әзәзіл сөзіне арбалып, өз қызымен ың-шыңсыз ажырасуға себепкер болады. Күйеу бала «солай істесеңіз, мен сізге су жаңа Джип автокөлігін сыйлаймын» деген соң, ой пенделік-ай,  дүниеге  аңсары ауып жүре бергенін де сезбей қалады. Бірақ, бәрі бітіп, өз үйіне оралғанда бір-ақ күнде өңі қуарып, көзі шүңірейіп, боп-боз болып кеткен сүйікті қызын көріп, жан азабына түседі. Тіпті түн ішінде уыстап дәрі ішіп, мына пәниді тәрк етіп, өле салмақшы да болады.

Ай болса немересінен аяқ астынан жақсы хабар естіп, «ақыры үйленетін болды-ау» деп абыр-сабыр болып жатқанда, екінші күйеуге шығып үлгерген өз келіні төбеден түскендей етіп, «сізге осы үлкен үй керек пе, қала шетінен бір кереует сыятын шағын бөлме алып берсек жетпей ме!» деп айтып салатын ауыр сөзінен жүрегі ұстап, кенеттен ол дүниелік болып кете барады. Көңілдегі аналық арман әдіра қалады.

Дәл осы өнер адамдарының өмірі туралы ой қозғаған екінші драмалық туынды – Дулат Исабековтың «Алтын тордағы тоты» (Актриса) деген пьесасы.

Мұндағы оқиға да бір театрдың ең танымал актрисасы – Айгүл Асанованың басына өтеді. Ол өте талантты актриса. Атағына бүкіл ел қанық. Алайда, өмірдегі өз тірлігі қалай етсе де қиюласпай-ақ қояды. Қыздай шыққан күйеуі қызғаныш сезіміне ерік беріп, ажырасып кетеді. Содан бірер жыл жалғыздан-жалғыз өмір кешуге тура келеді. Өз ойынша мына тірлікте енді ешқандай қызық қалмаған іспетті. Бәрі де өтірік, бәрі де алдамшы. Әсіресе еркектер...

Сондай селқос, сүресоқ күндердің бірінде оған «Ғимарат» бизнес серіктестігі басшылығы атынан арнайы хат келеді. Серіктестіктің құрылғанына 10 жыл толыпты, сол салтанатқа құрметті қонақ болып қатысып, өзі ойнаған спектакльдерден бірнеше үзінділер орындап беруін өтініпті. Ақысы да қомақты екен,  «Фольксфаген» автомашинасын сыйға тартпақ.

Пендешілігі ұстады. Әлде... дүниеге қызықты. Әйтеуір «Ғимарат» серіктестігінің он жылдық мерейтойына баруға келісе кетеді. Басшысы өтінген соң сол кеште әлде ән салды, әлде спектакльден үзінді орындады. Әйтеуір сахнада актриса болып, өнер жұлдызы болып жарқылдады. Қолына автокөліктің кілтін ұстатып тұрып, әлгі серіктестік басшысы басындағы парикті шешті. Сөйтсе – бір кездегі өзіне өлердей ғашық болған, тұрмысқа шығуын жалына сұраған әлгібір сүйкімсіз жігіт... Айгүл оған қанша ынтықса да мүлде жылы қабақ танытпай қойған-ды. Қасына жақындатпаған-ды. Енді, міне, сол жігіттің алдында бір сәтте бас иіп, сыйлаған дүниесіне ынтығып, пенде болып тұр. Бизнесі оңға басқан жігіт те мысқылдай күліп «бұрын асау едіңдер, енді кімсіңдер, мен қаласам – сені шетелге де алып кете алам, төбеңнен алтын құям»  деп арындай сөйлеп, биіктен бөседі. Сол сәтте Айгүл өнер адамының намысын ойлады ма, дереу кілтті бір келіншектің ашылып тұрған кеудесіне тастай салып, кілт бұрылып шығып кетіп қалады...

Айтпақшы, бір жас жігіт Айгүл кезекті спектакльді ойнап тұрғанда залдан көтеріліп, оның жанына жетіп келетіні бар. Айгүл оған зекіп «спектакльді бұзасыз, түсіңіз» десе де болмайды. Сөйтсе, ол бала кезден Айгүлдің өнеріне ғашық болған бозбала  екен... Өнеріне табынушы екен...     

Айгүл – актриса оңаша қалған сәттерде екі түрлі сезімге бөленетіні бар.

Алғашқысы – әлгі бизнесі дөңгеленіп тұрған, «Ғимарат» бірлестігінің басшысы, баяғы өзіне өлердей ғашық, бүгінгі паң кеуде... Оны еске алса жүрегі мұздап қоя береді. Әсіресе, ана жолғы бұны мазақ еткені жанына жара болып жабысты. Арын азапқа салды.

Екіншісі – әлгі бір жас бозбала, бұның өнеріне өлердей ғашық, ес-түссіз сүйген, жаны таңғы шықтай мөп-мөлдір жас жігіт... Сахнаға еш именбей, жүгіріп шығып, бұның қолынан сүймек болғаны... есіне түссе, жүрегі жылып сала береді.   

Айгүл – актриса оңашада сол жас жігітті ойлап, өз ішіндегі әлдебір қуаныш сезімін ұзақ бастан өткізетін сәттері де көп...

 

Х Х Х

 

Біз сөз етіп отырған екі драма – Ә.Таразидің «Үкілі жұлдыз» және           Д. Исабековтың «Актриса» атты шығармалары өнер адамдарына, оның ішінде театр актрисаларының өміріне арналып жазылған көркем дүниелер  һәм  айтары мол туындылар екен.

Өнер адамы болу оңай іс емес. Өйткені актер өзі ойнаған сәтте кез-келген мамандық иесі  болып, елді барынша сендіруі керек. Ол бірде кәрі болып қалтылдап, бірде жас болып жайраңдауы қажет. Ол бірде шаттана күліп, ал енді бірде ағыл-тегіл жылауы шарт. Және бәрі де табиғи болып көрінуі тағы бар.

Айтқандай, Д. Исабековтың Айгүлі кезекті спектакльге шығайын деп тұрғанда туған бауыры аяқ астынан ауыр жағдайда ауруханаға түскенін естиді. Қайтпек керек? Спектакльді тастап, ауруханаға жүгіре ме? Жоқ болмаса спектакльді аяқтап, өз ролін ойнап шығуы қажет пе? Қайсысын таңдайды?

Айгүл – актриса көрерменнің көңілін қалдыра алмады, ішінен жылап  тұрса да, сахнада жайраңдап ойнап, елге көкірек сарайындағы кермек ой мен жан дүние азабын сездірген жоқ.

Ә. Таразидың «Үкілі жұлдыз» трагедиясындағы Ай бақиға озып, Би орталарында өсіп келе жатқан жас актрисаға үкілі бөрік кигізіп тұрып, «ендігі жұлдыз сенсің» деп тебірене айтатын сөзі бар. Міне, бұл өнер адамдарының мәңгі өлмес үміт-символы. Өнер – мәңгілік! Өйткені, ол өзінің бастау – бұлағын кәдімгі өмірден алып келеді.

          Қазақтың белгілі драматургтері жазған осы қос туынды әр кездерде Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрында сахналанды. Әр кездерде деп отырғаным – Д. Исабековтың «Актрисасы» осыдан бес-алты жыл бұрын сахнаға жол тартқан екен. Оны белгілі режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған-ды. Ол қойылымға да барғанбыз. Көргенбіз. Қол соққанбыз. Ағаға ризалық сезімімізді білдіре тұрып, кейбір ой-пікірлерімізді айтқанбыз.

          Ал, Ә.Тарази көкеміздің «Үкілі жұлдыз» трагедиясын тағы бір белгілі режиссер – Әлімбек Оразбеков сахнаға шығарыпты. Осы таяуда ғана... Ең қызығы – бұл пьеса осыдан 14-15 жыл бұрын жазылып, тіпті жазушы-драматургтің кезекті жинағына әлдеқашан енген екен. Осы күнге дейін бірде - бір  режиссердің көзіне түспегені таң қалдырады.

         Осы жерде айта кету керек, бүгінгі қазақ драматургиясы қандай белеске көтеріле алды, оның ең көрнекті, өкілдері кім десе, сөз жоқ, алдымен аузымызға жоғарыдағы екі қаламгер есімі түсетіні ақиқат. Алды сексенге ілініп, екіншісі жетпістен асса да, қаламдары қартая қойған жоқ. Шабыты сарқылған емес. Демек, ұлт драматургиясының арқа сүйері де осы кісілер.

         Рас, екі драма да қазір көрермен назарына ұсынылды. Ендігі төреші де – халық болмақ! Мен сахналық нұсқасына төрелік айтып, артық-кем  кеткен жерлеріне сын айтудан аулақпын, оны театр сыншылары өз кезегінде әлі де молынан айта жатар. Баспасөз арқылы кеңінен талдап жазатын да болар.

         Айтпағымыз – «Үкілі жұлдыз» да, «Актриса» да еліміздегі кез-келген драма театры қуана сахналайтын, қайта-қайта қоятын өте сәтті әрі ойлы дүниелер! Ең бастысы мұнда театрдың тап-таза өмірі бар, тыныс-тіршілігі бар. Актрисалардың жанды  образы бар.  Өзі бар...

Өзіңді-өзің ойнаудан, өз бейнеңді өзің сомдаудан һәм өзің туралы өзгеге көл-көсір сыр айтудан артық бақыт та жоқ, азап та жоқ...

 

Жолтай Жұмат

жазушы-драматург

Abai.kz

0 пікір