Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2954 0 пікір 16 Қаңтар, 2014 сағат 09:10

Ағзамен өтелетін парыз бен қарыз

Қазақстанда шамамен 7 мыңнан астам адам донорлық ағзаға зәру. Оның ішінде бүйрекке – 3,5 мың, жүрекке – 800, бауырға – 1,5 мың адам мұқтаж Алайда, мамандар науқастардың 30-40 пайызы жаңа ағзаға қол жеткізбеген күйі қайтыс болып кететінін айтады.
 

Бұл уақытта интернет арқылы дене мүшесін қомақты қаржыға өткізгісі келетін жастардың жарнамасынан көз сүрінеді. 

Қазақстанда шамамен 7 мыңнан астам адам донорлық ағзаға зәру. Оның ішінде бүйрекке – 3,5 мың, жүрекке – 800, бауырға – 1,5 мың адам мұқтаж Алайда, мамандар науқастардың 30-40 пайызы жаңа ағзаға қол жеткізбеген күйі қайтыс болып кететінін айтады.
 

Бұл уақытта интернет арқылы дене мүшесін қомақты қаржыға өткізгісі келетін жастардың жарнамасынан көз сүрінеді. 

«Бүйрекке» айналған бауыр
Анар өзінің жалғыз бауырын «бүйрегім» дейді. Өйткені оның сол жақ бүйрегінің Айдынға берілгеніне алты ай болды. Екі баланың анасы бұл қадамға басқа амалдың қалмағанынан барған. «Бауырымның жағдайы күн санап нашарлап бара жатты. Оны өлтіріп қойып, қарап отыра алмадым» дейді Анар. Себебі ағайындылардың ағзалары бір-біріне өте сәйкес келетінін естіген. Сондықтан ол күйеуінің де, қайын жұртының да қарсылығына қарамастан, бір бүйрегін жақыны үшін тәрк еткен.
Анардың құрбандығының арқасында Айдынның өмірі ұзарды. Әпкесіне бауырының амандығы мен махаббаты – ең үлкен сый. Алайда ешқандай өтемсіз өзінің бір мүшесін тіпті туысына болсын, суырып беруге әзір адамдар аз. «Жеті өмір» фильміндегі Уилл Смиттің кейіпкері тәрізді жанкештілерді тек кинодан көруге болады. Ал шынайы өмірде адамның сау ағзасы қып-қызыл саудаға түседі.
Интернет арқылы дене мүшесін аукционға салатындардың басым бөлігі 30-ға дейінгі жастар.Олар өздерінің бір ағзасын (бүйрек, бауыр) 40-150 мың долларға бағалайды. Мәселен, http://uralsk.vsesdelki.kz  сайтында 19 жасар Ақбаянның: «Сау бүйрегімді сатамын. Қымбат емес» деген жарнамасы назарға ілікті. Ол бүйрегін 40 мың долларға сатқысы келеді.Бірақ кейін райынан қайтты ма, әлде бүйрегі тез «өтіп» кетті ме, телефонын көтермеді. «Бүйрегімді шұғыл түрде сатамын» деген келесі жарнаманы оқып, хабарласқанымызда Алмагүл есімді 33 жасар астаналық келіншек «бүйректі өте қымбатқа беретіндігін» бірден мәлімдеді. Әңгіме барысында сатылатын бүйректің оның күйеуінікі екендігі анықталып, одан түсетін 130 мың доллар ипотекалық несиені жабуға кететіндігін білдік. Алмагүл өзінің тауар бағасын түсірмейтіндігін, қазірдің өзінде оған сұраныс жоғары екендігін қадап айтты. «Бір кісі баласына сатып алғысы келеді. Сол үшін қазір ақша іздеп жүр» деді шімірікпестен.
Қазіргі кезде қазақстандық қара нарықта бір бүйректің құны 20-30 мың доллар шамасында екендігін баяндады 47 жасар семейлік Шыңғыс. Ол өзінің бір бүйрегін 20 мың долларға алған. Тіпті 15 мың долларға сататындар да табылатындығын, бірақ ондайды әлі кездестірмегенін айтады. Оған бір бүйрегін берген 23 жасар Михаил есімді жігітті таныстары арқылы тапқан. Кенеттен қомақты олжаға кенелген жас жігіт үйлену тойын жасап алыпты.
Заң бойынша Қазақстанда адам ағзасын сатуға да, сатып алуға да тыйым салынады. «Органдар ерікті түрде және өтеусіз берілуі тиіс» деп жазылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2010 жылғы декларациясында. Дене мүшесін саудалағандар, мәселен, Германияда донор да, ағзаны алушы да, операция тіпті шетелде жасалса да, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қазақстанда ағза сатып алатындарға операция жасалмайтындығына, дәрігерлердің ондай іске бармайтындығына сендіреді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас трансплантологы, «Болашақ» бағдарламасын түлегі Ғани Құттымұратов. «Бізге донорлар «ағзаны өтеусіз беремін» деген нотариалды хатпен келеді. Ал заңда «тек туысқаны ғана ағзасын беруі керек» деп жазылмаған» дейді дәрігер. Яғни бір мүшесін ақшаға сатқысы келген адам науқастың «жолдасы, сыныптасы» бола салса, олардың астыртын келісімдерінің сырын ешкім аша алмайды. Екінші жағынан, дене мүшесін саудаға салған кісі сатып алушының ауызша уәдесіне ғана сеніп, пышаққа түседі. Егер операциядан кейін ағзаның жаңа иесі уәдесін ұмытып, ақша төлеуден жалтарса, донор өзінің шығынын еш дәлелдей алмайды. Бірақ мұндай жағдайдың мүмкін еместігін айтады Шыңғыс. «Бұл – зат емес, адамның бір ағзасы! Сондықтан әр науқас жаңа мүшесінің сіңісті болуын тілеп, донордың ризашылығын қалайды. Маған бүйрегін берген бала туған бауырымдай», – дейді науқас.

Ақшаға табылатын ағайын
Өзінің бір ағзасын ақшаға айырбастаса да, ол сол арқылы өлім аузында жатқан адамға көмек көрсетеді деп есептейді Шыңғыс. «Бәрі, туыстар да, жолдастар да ақшаға келіседі. Бүйрекке кеткен қаражат – өмірімді сақтап қалғаны үшін жасалған сый» деп түсіндірді Шыңғыс. Ал сыйлық жасауға тыйым салынбайды. Бұған дейін ол өзіне лайық бүйрек іздеп талай сандалған, бүйрек жетіспеушілігінің қасіретін жылдап тартқан. Ресейдің Омск қаласында мәйіт ағзасын пайдаланатын бір клиникада 40 мың долларға жасалынатын операцияны бір жыл күткенімен, кезегі сол күйі келмеген. Пәкстанға да бармақшы болған. Бірақ ол жақта емделген таныстарының бәрі кейін қайтыс болып кеткеннен кейін райынан қайтыпты. Бірнеше жылда 4-5 адамды тауып, донор ретінде оларды емханаға да жетектеген. Әрқайсысын 60-70 мың теңгеге медициналық тексеруден өткізген. Бірақ ешқайсысы бұл операцияға жарамды болмай шыққан. Сондықтан өткен жылы Михаилдың табыла кетуі – Шыңғыс үшін сәттілік.  
Қазақстанда ағзаға зәру ауыр науқастардың тек 15 пайызы ғана өздеріне сәйкес келетін «туыстар» таба алады. Қалғандары донор тапшылығынан шетелдерге жіберіледі немесе елдің бір түкпірінде қайтыс болатындығын айтады Құттымұратов. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, былтыр трансплантациялық операцияға мұқтаж адамдардың шетелдерде емделуі үшін бюджеттен миллиард теңге бөлінген. Шетелдегі әр трансплантологиялық операция шамамен 200 мың доллар тұратынын ескерсек, бұл ақшаға мыңдаған науқастың 1 пайызынан азы ғана иек арта алады.
Мұндай жағдайда ауру жандарды қайтыс болған адамдардың  құтқара алатындығын алға тартады Құттымұратов. «Бір қайтыс болған адамнан екі бүйрек, бір бауыр, бір жүрек алынады. Сонда бір адам төрт адамның өмірін сақтап қалады» дейді дәрігер. Алайда қайтыс болған адамның туған-туыстары оның мүшесінің кесіліп алынуына келісім бере бермейді. Бір жағы – заңды білмесе, екінші жағы – мұның дінге қайшы келетіндігін уәж етеді. Алайда интернеттегі форумдарда мәйіттерден ағзалар жаппай алына бастаса, бұл жол апатына ұшыраған жастардың тірі қалу мүмкіндігін күрт кемітеді деген күдік жиі келтіріледі. Былтыр тек жол апатынан Қазақстанда 3 мың адам қайтыс болса, жалпы 3 мәйіттен ғана ағза алынған.
Ал Қазақстанда адам ағзасын ауыстыруға қатысты операция саны жыл сайын арта түсуде. Егер 2009 жылы бар жоғы 4 операция жасалса, 2012 жылы – 74, 2013 жылдың алғашқы сегіз айында – 115 операция өткен. Сондықтан қазақстандық науқас жандардың әзірге жалғыз үміті – қандай жолмен болсын, ағзасымен бөлісетін ағайын табу.

Айжан Көшкенова

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616