Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3870 0 пікір 16 Қаңтар, 2014 сағат 08:18

Жанар БАЙСЕМІЗОВА, тележурналист: Олар мейірімге, жылылыққа, махаббатқа зәру

– Қазірде «шетел асқан қазақ бала­ла­-ры» жөнінде әркімнің аузынан түспей айтылатын тақырыпқа айналды. Жобаны бастауға не түрткі болды?

– Қазірде «шетел асқан қазақ бала­ла­-ры» жөнінде әркімнің аузынан түспей айтылатын тақырыпқа айналды. Жобаны бастауға не түрткі болды?
– ...Ұзақ әңгіме! Бұл менің ойымда, жүрегімде бір ай немесе бір жыл емес, жур­налистикаға араласа бастағаннан бері жүрген тақырып. Кішкентай кезімнен-ақ теледидардан көрген жетім балаларды өскенде асырап аламын, ата-анасыз қал­ған бүлдіршінге қамқор боламын деген түсінік көкейімде жүретін. Жиі айтатын­мын да. Мүмкін періште аузыма салған шығар, әлі бала асырап ала алмасам да, осы мәселеге араласу маңдайға жазылыпты. Кезінде қазақ тілі, дін, діл, ұлт пробле­ма­ла­рымен қоса айтылатын, талқыланатын мәселе еді бұл. 2000 жылдардың басынан бастап депутаттар қазақстандық жетім балалардың туған елден жыраққа кетуіне алаңдаушылық танытып, тыйым салу, тоқ­тату керегін көп айтып жүрді. «Шетелге кеткен қазақ балалары», «шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуына жол берілмеуі керек» деген сөздерді жиі ести­тінбіз. Бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздегі балалар үйлерінің тәрбиеле­ну­шілері жайында ұдайы мақала жазылып, бейнематериалдар көп көрсетілетін. Алай­да шетелге кеткен бүлдіршіндердің өмірі­нен хабар берілмеді, «қанша қаракөз құр­лық асты, қай мемлекетте қанша бала бар?!» деген сұрақтарға тек дүдәмал, нақты емес сандар айтылды. Журналист ретінде әлеуметтік проблемалармен қатар басқа салаға қатысты түйткілді тақырыптар бо­йынша бейнесюжеттер жасап жүрдім. Журналист кез келген тақырыпты алып кететін жан-жақты маман болуы керек де­сек те, әркімнің өзіндік миссиясы болады екен. Бұл тақырыпты көтеру маған журна­лист ретінде бұйырған бақ, міндет, парыз деп білемін. Қазір осы жобамен «ауырып» жүрмін десем де болады. 2009 жылы Америкаға аттанар кезде досым, әріптесім маған: «Жанар, бұл сенің миссияң» деп еді. Алайда мен сол кезде бұл сөздің ма­ғынасын соншалықты терең түсінген жоқ­пын. Ойымды жүзеге асыруға ең алғаш «Хабар» агенттігінің Бас продюсері бол­-ған Серік Абас-шах мүмкіндік берді. Тақырыпты қолдаған «Хабар» агенттігі­-нің сол кездегі басшысы Гүлнәр Мұста­химқызына алғысым шексіз. Осылайша мұхит асқан қазақ балалары туралы қазақ телевизиясындағы тұңғыш арнайы ре­портаж түсіріліп, эфирде көрсетілді. Бұдан кейін «Алматы» телеарнасындағы қызмет барысында бұл тақырып арна дирек­торы­ның бірінші орынбасары болған Серік Сарыбаевтың қолдауына ие болып, бель­гиялықтар асырап алған қазақ балалары туралы арнайы репортаж әзірледім. Маған сенім артқан, кезінде телевизияның не екенін ұғындырған, нағыз журналистің «қасқыр» болу керектігін санама құйған Серік Сарыбаев жұмысымды жоғары ба­ғалады. Бірақ мен бір ғана бағдарламамен тоқтағым келмеді. Үнемі жалғастыруды ойлап жүрдім, басшылық қызметке ара­ласқанда да бұл ой маған маза берген жоқ. Бұл – пафос емес, ақиқат. Осылайша араға жылдар салып, тұңғыш рет сериялық ре­портаж есебінде «Қазақстан» Ұлттық те­леарнасында «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы жарық көрді. Халықаралық дең­гейдегі ірі жоба «Қазақстан» РТРК АҚ бас­қарма төрайымы Нұржан Мұхамед­жанованың тікелей қолдауымен, қамқор­лығымен жүзеге асты. Ұлттық арна дирек­торы Ілияс Ысқақовқа да алғысым шексіз. Бір емес, бірнеше елден бағдарлама түсіру, шетелде түсірілім жұмыстарын ұйым­дас­тыру оңай шаруа емес. Бұл бағытта Сыртқы істер министрлігінің, Консулдық қызмет департаментінің, Қазақстанның шет мем­лекеттегі елшіліктерінің қызметі ұшан-теңіз, көмегі орасан. «Шетелдегі қазақ ба­лалары» жобасы – Ұлттық арна мен Сырт­қы істер министрлігінің бірігіп күш салған туындысы. Елімізде тұңғыш рет қолға алын­ған жобаның баламасы жоқ. Сол себепті де біреуден көргеніңді істей сал­май­сың, барлығын басынан өзің ойлап табасың. Тағы бір мәселе «Шетелдегі қазақ балалары» шетелдік азаматтардың бала асырап алуы үшін жасалып жатқан жар­нама емес! Өз перзентінен безініп, күл-қоқысқа тастап кетіп жатқан адамдар, шаранасын балалар үйіне өткіземін деп жүр­ген қыз-келіншектер қаншама... Сол пенделер райынан қайтса, ұрпағынан бас тартпау, тентіретпеу үшін, балалар үйіндегі көздері жәудіреген бүлдіршіндерді жатқа жібермей, асырап алсақ, мемлекет тара­пынан қолдау көрсетілсе, қазақ өз тұ­қы­мының жалғасына бейқам қарамаса екен деген ниетте жасалды. Сондай-ақ шекара асып кеткен қазақ балалары мен Қазақстан арасындағы байланыстың үзілмеуіне үлес қосудан тұратын тілек. Өйткені тілі, діні, менталитеті басқа болып кетсе де, олардың қаны қазақ, қазаққа тән гендік ақпараттар қандарында сақталған.

– Сапар Испания корольдігінен бас­талды... Испаниядағы қазақ елшілігі мен Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметтерінде қазақстандық балалардың саны туралы әртүрлі дерек келтірілгені жаны­мызға батты. Не себепті екенін анық­тай алдыңыз ба?
– Шетел асқан балаларға бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі – басты себеп. Білім және ғылым министрлігі, Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер «ол кезде елімізде шетелдіктер асырап алған балаларды қадағалайтын айқын, біртекті жүйе болған жоқ» деп түсіндіреді. Салдарынан қазақстандық балаларға қарсы жасалған озбырлық оқи­ғалары да бізге кеш жетті, алдын ала ал­ма­дық. Мені таңдандыратыны, жетім ба­ла­ларды шетелдіктердің қамқорлығына бе­ретін комитет әртүрлі себептермен өз­дері­нен жауапкершілікті ысыруға тыры­са­ды. Жобаны бастаған уақытта министрлік «қай мемлекетте қанша бала бар?!» деген ақпаратты «құпия мәлімет» деген желеумен маған бермеді. Бірақ ол тізім және сандар менде болды. Тек комитеттің дерегімен са­лыстырғым келді. Бірақ Америкадағы сорақы жағдайдан кейін комитет ешқан­дай ресми хатсыз, өзі байланысқа шы­ғып, барлық ақпаратты ұсынды. Осы тұста «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы АҚШ-тағы қазақстандық балаларға қа­тысты қылмыс елге жеткеннен бұрын басталғанын айта кеткім келеді. Яғни жобаны жүргізуге бұл оқиға түрткі болған жоқ. Массачусетс штатында тіркелген оқиғаны Еуропада іссапарда жүргенде естідім. Қазақстанға америкалық ерлі-зайыптылар зорлаған, қорлық көрген ба­лалар туралы есеп 2005 жылы ғана түскен. Кейінірек те ол балалардан еш хабар бол­мады. Оларды ешкім іздемеген. Салдары­нан екі бірдей баланың тағдырына балта шабылды.

– Қаншама қазақ баласының тағдыры­на куә болдыңыз? Ондағы балапандардың жағдайын көргеннен кейін «мүмкін, осы да дұрыс шығар» деген ойға қалған сәттер болды ма?
– Еуропа елдерінде елуге жуық қазақ­стандық жетім баламен кездестім. Олар туралы фильмді көрдіңіздер. Жақында АҚШ пен Канададан іссапардан оралдым. Бұл мемлекеттерде отызға жуық баланың өмірімен таныстым. Уақыт шектеулі. Аме­риканың өзіндегі жеті мыңға жуық баланы аралап шығу мүмкін емес. Балалар үйінде тәрбиеленетін бүлдіршіндердің барлығы дерлік кемтар. Білесіз бе, қай жағынан кем­тар?! Жүрек, сана тұрғысынан. Олар мейірімге, жылылыққа, махаббатқа зәру. Ешбір бала жетім болмауы керек. Толық­қанды отбасында тәрбиеленіп, жеке өзіне арналған сезімге тербеліп, жайқалып өсуі қажет. Осы жағынан алып қарағанда ата-ана қамқорлығынан шеттетілген балғын­дардың өздерін жақсы көретін, өнегелі тәр­бие, мықты білім, баянды болашақ жасап беретін ортаға түскені де жақсы ма деп ойлайсың. Ең бастысы – өздерін бақытты сезінеді. Алайда мемлекеттің қауіпсіздігі, патриотизм, ұлттық рух тұр­ғысынан алып қарағанда олардың тілі, діні, ділі басқа, менталитеті өзге, таным-түсінігі қазаққа жат, көзқарасы бөлек ел­дерге берілуі жаныңды ауыртады. Бұл – жетімін тентіретпеген, баласын өзекке теппеген қазақ халқының трагедиясы. Кей­де «біз кедейшілік азабын тартып отыр­ған Африка елдерімен тең болғаны­мыз ба?!» деп ойлаймын. Өйткені дамы­-ған мемлекеттердің бірде-бірі сыртқа бала бермейді. Бала асырап алуға болатын ел­дердің тізімінде көш бастап тұрғанымыз аянышты. Тіпті бұрын баланы оңды-солды үлестіре беретін Қытайдың өзі қазір бұл мәселеге аса сақтықпен қарап, еуропа­лықтар мен америкалықтарға бала беруді уақытша тоқтатыпты. Өйткені қыз бала­ларды шетке асыра берген соң елдің ішіндегі демографиялық баланс бұзы­лыпты. Кейбір мемлекеттер шетке тек ауру, мүгедек балғындарды, ал кейбір ел­дер өз дініндегі шетелдік азаматтардың бала асырауына ғана жол береді.

– Шетел асқан қаракөздеріміздің бо­йында қандай қазақы элемент сақта­лып­ты?
– Қандағы гендік ақпарат сақталады. Олар жылқыға құмар, шетелдіктермен салыстырғанда ерекше мейірімді, та­лант­ты, дарынды. Көшпенділер ұрпағы екен­дерін мақтан тұтады.

– Еуропалықтар қазақ балаларын алуға неге соншалық құмар? Осы сауалдың жа­уабын таба алдыңыз ба?
– Мен шетелдік азаматтардың барлы­ғына дерлік осы сұрақты қойып шықтым. Біріншіден, халықаралық бала асырау процесіне араласатын басқа мемлекет­тер­мен салыстырғанда, бұған дейін Қазақ­станнан бала алу процедуралары өте же­-ңіл болған. Яғни Қазақстаннан бала алу сөз емес! Енді Гаага конвенциясын рати­фикациялаған соң бұл мәселеге мемлекет жүрдім-бардым қарамайтын шығар деп ойлаймын. Бұл – бір.
Екіншіден, шетелдіктер үшін қазақтың қанының тазалығы аса маңызды. Біздің балаларымыздың ағзасы Ресейдегі сияқты ішімдікпен лайланбағанын біледі. Қаны таза ұрпақ интеллектуалдық жағынан мық­ты болады, алғыр, ойы таза, өте ақыл­ды. Шетелдік азаматтарға да саналы ұрпақ керек.

– Әзірге Испания, Бельгия, Лондондағы қаракөздеріміздің тағдырын көрдік. Алдағы уақытта қай мемлекеттегі қазақ балала­рын көре аламыз?
– Қаңтардың 16 жұлдызынан бастап, бағдарламаның екінші кезеңі басталады. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы АҚШ-тан жалғасады. Одан кейінгі кезекте Канада тұр.

– Түсірілім барысында қазақ баласын қазақ еліне көрсетуден бас тартқан от­басы­лар кездесті ме?
– Әрине, мұндай отбасылар өте көп. Тіпті кездесуге келісіп, барлығын уағда­ласып қойғаннан кейін де уәдесінен теріс айналған ата-аналар болды. Қанша келіс­сөз жүргізгенмен, көндіре алмадық. Олар дереу заңгерлердің көмегіне жүгінеді. Заң бойынша қазақстандық балаларды асырап алған азаматтар бізбен кездесуге, сұхбат беруге, баланы көрсетуге міндетті емес. Тек біздің консулдарымыз ғана баланың тұрмысымен танысуына хақысы бар. Шетел­діктер қазақтар сияқты емес, өз құ­қық­тарын өте жақсы біледі. Олардың бас тар­туына бір ғана жауап бар – қорқыныш. Шетелдіктер баланың туған ата-анасы немесе туыстары көріп, танып қоя ма деп сескенеді.

– Аталған бағдарламаның сауабы мол десек болады. Бір жағынан шетелге кетіп жатқан балалар туралы проблема көтерілді. Енді бір жағынан мұхит асқан қаракөз­деріміздің тағдыры туралы мол ақпарат бе­рілді. Осы бағытта алдағы уақытта жоспар­ларыңыз бар?
– Ең алдымен, жобаның негізгі мақ­сатын түсініп, осы мәселеге бей-жай қара­маған шетелдегі қазақ балаларының өмірі толғандырған, кейбір сәтте ашындырған, әлеуметтік желілер арқылы болсын, ті­ке­лей өзіме болсын жобаны талқылаған, ойын, ризашылығын білдірген Ұлттық ар­наның көрермендеріне алғыс айтамын. Бағдарламадан кейін бала асырап алуға ниет танытқан адамдардың көбейгені
де – еңбектің ақталғаны, төгілген маңдай тердің өтеуі деп білемін. Идеядан идея туады ғой. Осы бағытта менің тағы бір үлкен жоспарым бар. Әлем­нің 30 еліне таралып кеткен қазақстандық жетім балалардың бәрін болмаса да, көп­шілігін елге саяхаттап келуге шақырғым келеді. Мен ол балалардың барлығын өз көзіммен көрдім, жан дүниесіне үңілдім. Сондықтан екі арадағы жіп үзілмесе екен деймін. Сондай-ақ «Шетелдегі қазақ бала­лары» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенемін. Өйткені бұл – қазақ халқы үшін қажет бағдарлама. Олар әзірге бала ғой, бойларында туған жерін, өмірге әкелген ата-анасын жек көру деген сезім жоқ. Кейбірі, тіпті тағдырларының қалайша түрленіп кеткенін, өзгеріп кет­ке­нін әлі же­те түсінбейді де.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айдана НҰРМҰХАН
"Айқын" газеті
Түпнұсқадағы тақырып: Бұл – пафос емес, ақиқат
0 пікір