Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3161 0 пікір 15 Қаңтар, 2014 сағат 06:44

Интернет-конференция: Жүрсін Ерман (4-жауап)

Конференция қонағы – ақын Жүрсін Ерман оқырмандар сауалына жауап беруін жалғастырып отыр.

Бүгінгі әдебиет туралы сауалға жауап бере келіп, Жүрсін Молдашұлы былай дейді: «Поэзия туралы әңгіме қозғайтын болсақ – ағаларымды сағынам. Кеше өзім жақсы араласқан Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Иманасовтарды сағынамын. Қазақ поэзиясының көшін жолға салып кеткен ірі тұлғалар еді. Қазір ұсақталып кеттік».

 

Конференция қонағы – ақын Жүрсін Ерман оқырмандар сауалына жауап беруін жалғастырып отыр.

Бүгінгі әдебиет туралы сауалға жауап бере келіп, Жүрсін Молдашұлы былай дейді: «Поэзия туралы әңгіме қозғайтын болсақ – ағаларымды сағынам. Кеше өзім жақсы араласқан Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Иманасовтарды сағынамын. Қазақ поэзиясының көшін жолға салып кеткен ірі тұлғалар еді. Қазір ұсақталып кеттік».

 

- Бір өкінішті нәрсе – кеңестің кезінде Манаптың, Тұрсынның мектебі дегенді ашып, ақындарды тәрбиелеп, шыңдайтын едік. Қазір осыған мүмкіндік болмай қалды. Жоғарыда айтқан айтыскерлер одағы арқылы біз биыл Әселханның, Айтбайдың және басқа ақындардың бес шеберлік сыныбын өткіздік. Екі рет ғылыми-конференция жасадық. Соның бәрінің мақсаты – айтыстарды талдау, кемшілігі мен артшылығын көзге шұқып отырып көрсетіп, жаңа, жас ақындардың қалыптасуына әсер ету. Ақын қамқорлық болған жерде шығады. Мысалы, Қызылорда да ақындардың әдемі ортасы қалыптасқан. Қарағандыда да сондай. Бір кезде Шымкентте, Алматыда да сондай еді. Кейінгі кездері оның бәрі сұйылып кетті. Оның себебі, қамқорлықтың жоқтығынан. Қалай болғанда да, билікке күніміз түспей тұрмайды. Әлгіндей бір-бір мектебін ашып, ақындарды демеп отырған жерден жаңа таланттар шығады. Ол – халықтың рухани қазынасы, олжасы. Осыны түсінетін басшылар бар жерде жұмысымыз ілгері басады.

- Қазақ мәдениеті мен өнеріне және әдебиетіне Сіздің сіңірген толағай еңбегіңіз халқыңыздың жадына мәңгілікке жатталды. рахмет сізге Жүрсін аға. Енді Қазақты орыстандыру саясатын тежеуге де атсалысқаныңызды шын қалаймыз!

- Әркім өзінің шама-шарқын білуі керек. Абайдың сөзі бар:

 Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға,

Екі көзің аларып

Құр қарайсың аспанға».

Біздің бір жазушы ағамыз бар, бәріміз күліп жүреміз, сол кісінің араласпайтын мәселесі жоқ. Малды ұрықтандырудан бастап, космосқа ұшу мәселесіне дейін сұрақ берсеңіз, айта береді. Интернетте, баспасөзде соның сұхбаты жүріп жатады. Оның бәрінің маманы емессің ғой, әр саланың өз маманы бар емес пе?! Мен солай ойлаймын. Әркім өзінің жүрген жерінде қазақтың мүддесіне деп қолынан келетін істі істесе, айтыстың 30 жылдық қызметінің өзі қазақты тәрбиелеуге, жақсартуға, жаңғыртуға қызмет етті деп ойлаймын.  Осы іске шамам келгенше үлес қостым. Барлық мәселеге жүгіре беруге менің шамам да келмейді. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды» дейді. Мен жолымды білетін құмырсқамын деп ойлаймын.

- Жүке кезінде өзіңіз тәрбиелеген Мэлс Қосымбаев, Бекарыс Шойбековтер мүлде көрінбей кетті, қазір олар қайда? Ақмарал Леубаева ше?

- Осы сұрақ та дұрыс емес. Бекарыс Шойбековті ең мықты айтыскер ақын деп есептеймін. Еш айтыстан қалдырмаймын. Мүмкіндігі, уақыты келгенше барлық айтыстарға қатысып жүр. Біздің айтыс телевизордан көрсетілмеген соң, жоқ сияқты болып көрінеді.   Мэлстің жөнін алдында айттым. Дәулеткерей де айтыстан шегеріліп кетті. Біз ешкімді шығарып салғымыз келмейді.

- Бүгінгі таңда Қазақ үшін ең маңызды нәрсе не?

- Абайдың кезінде қазақтың басында қандай кемшілік болды, соның бәрі біздің басымызда  әлі тұр. Ел болып, ұлт болып ұйимыз деп отырғанда жаңағы ғой, тіршілігіміз аяқтан шалу, ши жүгірту. Қазақ осындай пәле мінездерден арылу керек.

Қазақтың болашағы үлкен деп есептеймін. Біз жас ұлтпыз. Оң-солымызды енді танып жатырмыз. Тәуелсіздігімізді енді алып, рухани дербестігімізді енді ғана сақтап жатырмыз. Осы кезеңде бізге ауызбіршілік керек. Ұсақталмауымыз қажет. Біресе дін арқылы, біресе, тіл арқылы, біресе оралман, жергілікті қазақ болып жарылу -  қазақтың ең басты жауы. Осыны түсінуге деңгейіміз жетсе, болашағымыз жақсы.

Осы азғантай уақыттың ішінде біз барлық мәселеден әлемге мәшһүр болып жатқан жайымыз бар. Тіпті спорттың өзінен Құдай біздің жолымызды оңғартып, әлемнің алдына шығарып тұр. Соның бәрі ауызбірліктің, ынтымақтың, татулқтың арқасы деп ойлаймын.

- Жүрсін аға қазіргі айтыста және жеке шығармашылығыңызда қандай жоспарларыңыз бар?

- Айтыстың жөнін жоғарыда айттым. Мүмкіндігім келгенше, биліктен тәуелсіз айтыстарды ұйымдастыра беремін. Көп уақытым айтысқа кетіп қалғанымен, мен өзім жазудың адамымын. Деседе, жазуымды тоқтатқан емеспін. Түнеугүні ғана «Жүрсін Ерман – алыстан және жақыннан» деген бір томдық кітабым шықты. Осы көктемде шығарсам ба деп, «Гөй-гөй» деген атпен прозалық жинағымды дайындап жатырмын. Оның үстіне мен Қарағанды облысының адамымын. Облыс әкімі Бауыржан Әбішов қарағандылық жүз қаламгердің кітабын шығарамын деп бастады. Соның ішінде менің де бір томдығым бар, қазір дайындап біттім. Жаңа дүниелерімді жазып жатырмын. Шығармашылық дейтін мәңгі тоқтамайтын ішкі арпалыс қой.

Поэзия туралы әңгіме қозғайтын болсақ – ағаларымды сағынам. Кеше өзім жақсы араласқан Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Иманасовтарды сағынамын. Қазақ поэзиясының көшін жолға салып кеткен ірі тұлғалар еді. Қазір ұсақталып кеттік.

Қазіргі қзақ қоғамында мынау деп бетке ұстайтын ақынды айта аласың ба? Менің бір қолымның саусағы жетпей қалады. Алпыстың ар жақ, бер жағында айқайлап, өздерін жарнамалап жүретін бірнеше ақынымыз бар. Соның сөзін оқысаң, биік поэзия деген түсінік бар ғой, ол емес, өзін-өзі насихаттайтын ішкі рухани қуаты жоқ дүниелер жазып жүрген ақындарға қарным ашады. Мен де солардың ішінде жүрмін ғой, бірақ қолымнан келгенше таза поэзия болса екен деймін. Уақытыңның көбі айтыс-тартыспен өтіп кетеді.

Мына бір өлеңімді оқып берейін.

 

Жүректе жыр, көңілде күй тұрғанмен,

Өтіп жатыр өмірім ит ырғаңмен.

Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан,

Оянғанның орнына сиқырлы әнмен.

 

Уақыт зая, самалдай жел еспеген,

Тағдырым да секілді бір ескі өлең.

Өтіп жатыр түндерім уайыммен,

Өтіп жатыр өмірім күреспенен.

 

Айтылғанда өтірік бет қызармай,

Ызаланам бәріне кекті жандай.

Бәрін алып сататын қан базарда,

Шындығымды жүремін өткізе алмай.

Ию-қию шығарар есебін кім,

Әділетпен толмаса есе бір күн.

Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,

Несі аяулы өксіген осы өмірдің.

 

Абайдың басындағы уайым – әр қазақтың басындағы уайым.

- Бүгінгі әдебиет және әдеби процестер туралы ойыңызды білсек.

- Кейде баспасөзді қарап отырсаң, ойбай, біздің әдебиет тұралап қалды дейтін пікірлер айтылады.  Барлығы өтірік. Қазақ әдебиеті - біз өзі сөзді басына көтерген халықпыз. Біздің басқа шаруамыз оңбай қалуы мүмкін, бірақ, сөз шаруамыз орнында.

Кешегі анау Нобель сыйлығын алып жатқан, үйтіп жатқан, бүйтіп жатқан шығармалардың кез келгенімен үзеңгі қағыстыра алатын шығармалар қазақ прозасында да, поэзиясында да бар. Біздің ең басты проблемамыз – талантты шығармаларды дүниенің тіліне аударып, тарату мәселесінде жұмыс жасалмай жатыр. Жазушылар одағының қолы қысқарып қалды. Ең болмағанда, орысшаға аудартып, Мәскеуден шығарып насихаттай білсек, керемет болар еді.

Әдебиеттің ішкі процесі күрделі дүние ғой. Кейде болмайтын, қатарға қосылмайтын шығармаларды, авторларды артына қарап насихаттап, құндылықтардың орнын ауыстырып, жалған пікір тудыратын кездеріміз бар.

Жастар поэзиясы деп әркімді мадақтап жатырмыз. Алып қарасаң, ештеңе таппай қаласың. Бірақ, бұл – әдеби процесс. Жаманды – жаман, жақсыны – жақсы, жасықты – жасық, барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын сынның жоқтығынан шығар, көңілді көншітпейтін авторлардың қатты насихатталып жататынына кейде қынжыласың.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір