Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5374 0 пікір 14 Қаңтар, 2014 сағат 03:57

«Елім-ай» «дастаны» – былық пен шылық (жалғасы)

Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан кейінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан... беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүткіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төрелер болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған  дана көсем Әлихан Бөкейханов та төре-тін. «Әйтеке би» – Биғожин мықтап қателесіп, беталды лаққан! Өсиеті нақты шындықпен қабыспайды, «аманат- болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Ақиқатында бұған тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық.

          «Дастанның» бөстекі, қисынсыз сөздермен құрастырылғанын әдебиетші-ғалым Серікбай Қосанның талдауымен бекіте түсейік, ол: «...Әдебиет және өнер институты Сирек қорындағы 863, 853, 766- нөмірлі бумаларында сақтаулы Қожаберген, Сегіз сері шығармаларының қолжазбалары мәтіндік жағынан да, поэтикалық жағынан да еш сын көтермейтін дүбәра дүниелер екенін тарихшылар мен әдебиетшілердің бірі білсе, бірі білмейді. «Елім-ай» дастанының мәтінінде өрескел қайшылықтар өріп жүр. Мысалы:

Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан кейінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан... беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүткіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төрелер болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған  дана көсем Әлихан Бөкейханов та төре-тін. «Әйтеке би» – Биғожин мықтап қателесіп, беталды лаққан! Өсиеті нақты шындықпен қабыспайды, «аманат- болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Ақиқатында бұған тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық.

          «Дастанның» бөстекі, қисынсыз сөздермен құрастырылғанын әдебиетші-ғалым Серікбай Қосанның талдауымен бекіте түсейік, ол: «...Әдебиет және өнер институты Сирек қорындағы 863, 853, 766- нөмірлі бумаларында сақтаулы Қожаберген, Сегіз сері шығармаларының қолжазбалары мәтіндік жағынан да, поэтикалық жағынан да еш сын көтермейтін дүбәра дүниелер екенін тарихшылар мен әдебиетшілердің бірі білсе, бірі білмейді. «Елім-ай» дастанының мәтінінде өрескел қайшылықтар өріп жүр. Мысалы:

                                         «Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,

                                          Көш бас сайын бір топ нар бос келеді» (Үш пайғамбар. Құраст. А.Нысаналы – Алматы, 1992. 159-бет) – деп келетін жолдардың шынайылығы күмән тудырады. Немесе осы беттегі:

                                         «... Басынан Алатаудың көш келеді,

                                          Көшкен сайын жорғалар бос келеді».

           Сондай-ақ, 162-беттегі «Басынан Қаратаудың көш келеді,// Көшкен сайын тайлақтар бос келеді» деген жолдардың тарихи шындыққа да, қарапайым қисынға да мүлде жанаспайтын оғаш тұстар бар.  ...қаралы көш Қожаберген жырау жазыпты-мыс дегендей, Алакөл, Алатау яки болмаса Еділ-Жайықтан емес, Қаратаудың басынан келгені, қазақ тайпаларының Сырды жағалай Оңтүстікке – Орта Азия бағытына қарай бет алғаны басы ашық мәселе. Сонымен бірге, көш жағалап жалғыз келе жатқан тайлақ ол түйе малы емес, образ арқылы өрнектелген...  енесінен айрылған мұңлық сәби, шапқыншылықтың зардабынан жапа шеккен, жаны жаралы жетімек», – дейді (Қараңыз: Ғасыр жұмбағы немесе Сегіз сері кім?// «Қазақ әдебиеті».№37. 15.09. 2006 жыл).

          Халық композиторы, ақын Мералыұлы Мұхит бабамыздың да «Айнамкөз» атты алашқа жақсы мәлім туындысындағы: «Айнамкөз сен қайдағы, мен қайдағы,// Біреудің мен де  өзіңдей бозтайлағы», – деген сөздері жасөспірімді, балаң жігітті бейнелеген. Сондай-ақ әлгінде келтірілген «шумақтарда» баяндалғандай қазақтың шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай қарама-қарсы жөңкіле босуы да ми айналдыратын түсініксіз жайт.

         Тағы да жалғастырайық.        

                                      Жырыма көңіл аудар азаматым,

                                      Ұнаса менің айтқан насихатым.

                                      Қожа, молда, ишандар артын қысып,(!)

Қоржынға салып қойсын шариғатын...

Әнекей! Қожа, молда, ишандарға «арттарыңды қыс, шариғаттарыңды

қоржындарыңа салып қой» дейді «Қожаберген». Совет тұсы болса, нағыз атеист шал!

                                      Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар,

Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар.

Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер.

Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар...(!)

         Аңғал «Қожаберген» келіндері мен қыздарына «селебені қалмақтың тек шабына ғана ұрыңдар» дейді. Биғожин ұйқас іздеймін деп «Қожабергенді» ыңғайсыз кепке түсірген!

           Классик жазушы, текстолог-ғалым Мұхтар Мағауин де біз талдап отырған «Қожаберген» «жыраудың» осы «Елім-ай» «дастанымен», өзге де «шығармаларымен» танысқан, мұндай шалдыр-шатпақтарға көп бас қатырмай сөздің тоқетеріне былай көшеді: «... Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп Қожабергенмен қоштастым», – депті әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңілген ол (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен».Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл).

         Мұхтар аға Мағауиннен асырып не айтпақпыз. Жұртқа әйгілі халық әні «Елім-айдың» мәтіні мен Биғожин шығарған «Елім-ай» «дастаны» мәтінінің арасы жер мен көктей! Бұған көп сауаттылықтың қажеті шамалы. Бұдан әрі қаузайтын ештеңесі де жоқ, алтын уақытты текке зая ғып. «Дастан» талдауға тұрмайды!

          Жақсы, осы Көшебе Керей «Қожаберген» «жыраудың» басқа «туындыларын» тексеріп көрейік. Бәлкім жөні түзу бір шығармасын кездестіріп қалармыз. «Үмітсіз – шайтан»... Мың ақтарып, жүз төңкердік. Әлденеше рет мұқият сүзіп шықтық. Үміт ақталмады. Өзге де «жырлары» «Елім-ай» «дастаны» сықылды шалдыр-шатпақ бірдеңелер шетінен. Өлең деуге келмейді. Енді соларынан ұсынайық дәлелге.

                                         Хақназардың тұсында

                                         Қазақтың халі жақсарған.

                                         Тұтас күйде Үш жүзді (?)

                                         Көп жыл бойы басқарған.

                                      ...Жыл сайын егіп егінді,

                                         Нандық (?) астық мол алған.

                                         Арпа, сұлы көп шығып,

                                         Аттардың жемі молайған...(?)

          Өстіп тоқтаусыз жалғаса береді. Мұның да поэзияға тән көтеріп тұрған поэтикалық жүгі жоқ. Салмақсыз, мәнсіз бос сөздер ылғи. ХVIII ғасыр жырауларының тіл үлгісіне мүлде маңайламайды. Дәлеліміз жалқы болмасын, тағы да айғақ берейік.

                                     ...Денсаулықтың қадырын,

                                        Науқастансаң білерсің.

                                        Асыл менен жасықты,

                                        Бағаласаң білерсің.

                                     ...Динар ақша қадырын,(?)

                                        Тарыққанда білерсің.

                                        Туысқанның қадырын,

                                        Зарыққанда білерсің, – деп шұбыртып кете береді «Қожаберген» «жырау». Көзі қарақтының шыдамы жетпейді әрі қарай оқи беруге.

           «Соқыр тауыққа бәрі бидай». Сонда «Жарық дүние қадірін, түн батқанда білерсің,// Айлы түннің қадірін таң атқанда білерсің» деп ауызға түскенді сандырақтап айта берсе поэзия деп түсінеді екен «қожабергентанушылар».       

         Биғожиннің қолжазбалары қолымызда, оның «өлең» шығаратын «ақын» екенін куәландыратын. Талдықорған жақта Биғаш деген жерде жүргенінде Сәруар есімді әйелге арнаған «өлеңінде»:

                                        «Уақытша Жетісудан алған жарым,

Жаудырап екі көзің қаласың да.

Шашылып бұл кездерде қолда барың,

Жар тастап, Қаратай еліңе барасың да»,  – дейді.

  Тура жоғарыдағы «Елім-ай» «дастаны» стиліне келеді. Бір адамның, Биғожиннің қолынан шыққанын бұл да нақтылап тұр.

  Бейәдеп әрекеттің орын алу себебі мына жайларға байланысты: 1960-70 жылдары ҰҒА  М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қатты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал, тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Батыс аймақта туған «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан. Бұрмалап. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Керейдің Абақ атасынан тарайтын шын Қожаберген батырды тағы бұрмалап. Биғожин осы «ақын» «бабасына» өзі жанынан құраған жаңағы күлдібадам «Елім-ай» «дастанын» таңады, сол шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Совет тұсында «төртінші билікке» күдік келтіру мүмкін емес еді, олар жариялағандардың бәрісі ақиқат боп саналатын. Өтіріктің әуелгі өріс алуы осылай. Одан әлгі қойыртпақты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына өткізеді. Жақсы білетіндер, туыстары Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді. Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп іске барған.

  Көшебе Керей «Қожаберген» «жыраудың» «Елім-ай» «дастанын», «оның» басқа да «жыр-толғауларын» уағыздап жүргендер арасында ақындар да бар. Олар да жоғарыдағы шатпақтарды поэзияға санайды. Сонда сөз өнері турасындағы бүгінгі ақындарымыздың таным-түйсігі осындай болса, балдыр-батпақтарды шедевр туынды деп қабылдаған бизнесмендерге, заңгерлерге, тарихшыларға не кінә?! Әл-Фараби бабамыз поэзияға қалам тартатындарды үш топқа былай бөледі: «Біріншісі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екіншісі – туғаннан соң жетілген, өлең өнерінің барлық құпиясымен жете таныс «ойлампаз» таланттар; үшіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным-дарыны да жоқ, жоғарғы екеуіне еліктеумен ғана жүретіндер»,- депті (Қараңыз: Қабдолов З. Сөз өнері – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 52-бет). Демек, «Елім-ай» «дастанын» асыл мұраға жатқызып жүрген «ақындардың» анықтамадағы үшінші топтан екені айқын аңдалып тұр. Сорпа-суын ғұмыр бойы филология мамандығынан айырған ғылым докторлары да әлгі дүмбілез дүниені мінсіз өлеңге санайды. Жақсы мен жасықты, алтын мен мысты айыра алмаған. Бірақ мұның себебін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылы Қазақстан халқына жасаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауындағы:«200 ғылыми кеңестер кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады», – деген деректері жан-жақты түсіндіріп тұр.

   Бәрін де қояйықшы. Ең қинайтыны «Қожаберген» «жыраудікі» делінетін шатпақтардың мектептерде балаларға оқытыла бастауы. Бұрмаланаған жалған нәрсенің сәби санасына сіңірілуі. Теріс бағыт сілтенуі. Ендігі айтпағымыз жалпы білім беретін мектептің 7-класына арналған «Қазақ тілі» оқулығына қатысты. Кемістігі жетерлік. Бәрін саралап жатпаймыз, оқушыларға талғамсыздық пен өтірікті үйретуге жол ашып тұрған бір ғана мәтінді талдап көрсетейік тағы да. (Қараңыз: Қазақ тілі. 7-класс оқулығы.(Құраст. С.Исаев, Г.Қосымова) Алматы, «Атамұра», 2003 жыл)

   Әлдекімдердің жанынан шығарып Көшебе Керей «Қожаберген» «жырауға» теліген «Баба тілі» атты өлеңсымақтың (4-бетте) шумақтарында былай делінеді:

                                        «Баба тілін қадірле,

                                        Болашақтан түңілме.(?)

                                        Айналайын боздақтар,

                                        Аралас тілге үңілме!»(?)

   Бұған сенсек, қазақ тілінің мүшкіл жағдайы бұдан бірнеше ғасыр бұрын, дәлірек айтсақ, хандық дәуірде басталған, совет өкіметі тұсында емес.

  «Өлеңнің» келесі шумағында:

                                        «Миды оят, жамиғат,

                                        Қазақша алтын, жезіңді,(?)

                                       

                                       Қазақша жазбай жүргенді,(?)

                                       Түзет құрып тезіңді»,(?) – дейді.

   Дүбәра тіркестерге құрылған бұл шатпақтарды шәкірттерге өлең деп ұсынып отырған «ғалымдарға» айтар сөзіміз жоқ, көркемдік сапа тұрғысындағы бар таным-түсінігі осы болса?! Сонысына қарамай ол «ғалымдар» бұрынғы ақын-жыраулардың мұраларына төрелік айтатынын қайтерсің...

  Одан кейін былай дейді әлгі «өлең» мәтінінде:

                                         «Хат жазыссаң өзара,(?)

                                         Жетілдір, қазақ, сөзіңді.(?)

                                         Жат алдында ез болмай,(?)

                                         Берік ұста өзіңді».(?)

  Бұдан әрі сөз қозғаудың өзі артық, оған тұрмайды! Қысқасы, 7-класқа арналған «Қазақ тілі» оқулығына енген «Баба тілі» аталатын шатпақ фольклорлық тіл үлгілеріне һәм ондағы баяндалған жайлар ХVIII ғасырдағы қоғам шындығына ешқандай жанаспайды. Көркемдіктен жұрдай, сын көтермейтін дүмбілез дүние. (Кейін білдік, осы «өлеңді» аталған оқулықтың соңғы басылымына Г. Қосымова қайта енгізіпті.)                                               

  Сондай-ақ, анау-мынау емес, Алматы қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназияда «Қожаберген» – Биғожиннің «Елім-ай» «дастаны» сабақ боп өтілген. (Қараңыз: М. Дастанова. Қожаберген мұрасындағы ерлік пен елдік тақырыбы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2, 2001 жыл)

  Қазақ айтқан екен: «Дүмше молда ел бұзар, қисық арба жол бұзар», – деп, соның ең көкесі осы боп тұр...

  Пікірімізді түйіндейік. Елге ежелден мәлім халық әні «Елім-айдың» мәтіні мен шоң ұстаз Ы. Алтынсариннің «Киргизская хрестоматия» атты (1879 жыл, Орынбор) кітабында таңбаланған бағзылық ойлау формаларын, сөз саптау үлгілерін, тарихи деректерді т.б. әлдекімдердің жеке бейәдеп әрекеттері үшін өңін айналдырып бұрмалауға, көркемдік бәсін түсіріп бүлдіруге ешкімнің хұқы жоқ. Бұл рухани-мәдени құндылықтарымыз ҚР «Мәдениет туралы», ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдары негізінде тиісті Құзырлы орындар тарапынан қорғауға алынуы керек.

  «Қожаберген» «жыраудікі» делінетін ырғағы, ұйқасы, мағынасы т.б. еш келіспеген өлеңсымақтар оқушыны өтірікке, талғамсыздыққа үйретеді. Бұндай шалдыр-шатпақтарды үлгі еткен ұрпақтың ойлауы да, тіл мәдениеті де оны уағыздаушылар өресінің деңгей-дәрежесінде қалыптаспақ. Сөз танитын, түсінігі жоғары қауымды ойлантып қиналтатын да осы жай. Тарихқа, тіл мәдениетіне зор нұсқан келтіретін, кесір-кесапаты мол «Қожаберген» «жырау» –  Биғожиннің «Елім-ай» «дастанын», өзге де «шығармаларын» ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарынан және жоғары оқу орыны бағдарламаларынан алып тастауы, оқытуға түбегейлі тыйым салуы тиіс деп санаймыз.

Бөрібай КӘРТЕН

жоғары санаттағы музыка маманы,

қазақ тілі мен әдебиеті магистрі

Ақтөбе қаласы

Соңы

Abai.kz

0 пікір