Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6072 0 пікір 13 Қаңтар, 2014 сағат 10:29

ТІЛ – АМАНАТ, АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖҮРМЕЙДІ

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының сарапшылары мәліметіне сүйенсек, әлемде 6300-ге жуық тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен. Өзінің төл тілі жойылып бара жатқан тілдер санатына жататын британиялық Д.Кристал есімді жазушы-журналист XXI ғасырдың аяғына таман негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетуі мүмкін деген болжамдар жасап, мысал ретінде Камерун елінің Адамавия өлкесінде 1995 жылы касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азамат дүниеден өткенін, 1992 жылы Батыс Кавказдағы обух тілінде сөйлеген Тефлик Есенщ дүние салғанда, обух тілі де бірге өлгенін айтқан.
Жалпы, әлемде 100 миллионнан ас­там сөйлеушісі бар – қытай, испан, ағыл­шын, бенгал, хинди, португал, орыс, жапон тілдерінде 2 миллиард 400 миллион адам сөйлесе, сөйлеушісі тек бір адамнан ғана қалған 51 тіл бар көрінеді. Ал жиырма мың сөйлеушісі ғана қалған тіл­дерді қауіпті жағдайда десек, дәл қа­зір әлемнің 4000 тілі жойылу алдында тұр. Лингвист Майкл Краустың пікірінше, әр айда 2 тіл жойылып, ХХІ ғасырда тілдердің 50%-ы қалып, 3000 тіл ғана өмір сүруін жалғастырады.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының сарапшылары мәліметіне сүйенсек, әлемде 6300-ге жуық тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен. Өзінің төл тілі жойылып бара жатқан тілдер санатына жататын британиялық Д.Кристал есімді жазушы-журналист XXI ғасырдың аяғына таман негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетуі мүмкін деген болжамдар жасап, мысал ретінде Камерун елінің Адамавия өлкесінде 1995 жылы касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азамат дүниеден өткенін, 1992 жылы Батыс Кавказдағы обух тілінде сөйлеген Тефлик Есенщ дүние салғанда, обух тілі де бірге өлгенін айтқан.
Жалпы, әлемде 100 миллионнан ас­там сөйлеушісі бар – қытай, испан, ағыл­шын, бенгал, хинди, португал, орыс, жапон тілдерінде 2 миллиард 400 миллион адам сөйлесе, сөйлеушісі тек бір адамнан ғана қалған 51 тіл бар көрінеді. Ал жиырма мың сөйлеушісі ғана қалған тіл­дерді қауіпті жағдайда десек, дәл қа­зір әлемнің 4000 тілі жойылу алдында тұр. Лингвист Майкл Краустың пікірінше, әр айда 2 тіл жойылып, ХХІ ғасырда тілдердің 50%-ы қалып, 3000 тіл ғана өмір сүруін жалғастырады.
Дәл осындай мәліметтерге көз тік­кенде қазақ тілінің болашағына алаң­дай­тынымызды несіне жасырайық. Тіл та­рихы қай елде болсын зерттелетінін ес­керсек, ана тіліміздің тағдыры сонау бағ­зы заманда айтылып, ғалымдардың қауіп еткені ойға оралады. Жалпы, бүгінгі тіл мәселесін көтерудегі мақсат – өткен кем­шіліктерді немесе өзге жұрттардың артықшылықтарын тізбелеу емес еді. Тек ал­ғашқы саны жарық көргеніне сексен жыл толған «Қазақ әдебиеті» га­зетінің ұлттық тіл мәселесін шешуге қан­шалықты үлес қоса алғанын білгіміз келді. Осыған орай, «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге ықпал етеді», – деген Х.Дос­мұхамедұлының сөзі бүгінгі күннің шындығына жанаса ма? Біз бүгін сөз тал­дайтын, тереңіне бойлай алатын, ас­та­рын аңғаратын, мәнін түсінетін жағдай­дан қаншалықты алыстадық? Осы та­қы­леттес сауалдардан тұратын бүгінгінің бес сауалын тіл мамандарына жолдаған­да төмендегідей жауап алдық.

1. Бұрынғы көне дәуірде біртұтас болған түркі тілдері бүгінде отызға жіктелсе, славяндарда он беске жуық туыс тіл бар. Егер бағзы заманға көз салсақ, славяндар сияқты бізге де көне түркі тілін түсіну қиын. Ал ғасырмен өлшейтін болсақ, мысалы, қазір бізге А.Байтұрсынұлының жазғандарын ұғып-білу қиынға соқпайды, ал олар біздің тілімізді түсінер ме еді? Жалпы, біз бүгін сөз талдайтын, тереңіне бойлай алатын, астарын аңғаратын, мәнін түсінетін жағдайдан қаншалықты алыстадық?
2. «Қазақ әдебиетінің» сөздік қоры, жазу стилі, жалпы стилис­тикасы тұрғысынан алғанда қандай артықшылығы, я кемшілігі бар? Өткен сексен жыл ішінде қазақ тілінде қандай өзгерістер болды және оның біздің дамуымызға тигізген әсері газет тарихында қалай байқалды?
3. Бүгінде қазақ тілі аударма тіліне айналып барады деген қауіп бар. Шын мәнінде қазіргі жастар бұрынғының адамдарынша сөйлеп, сөздің астарына бойлай алмайтыны анық байқалады. Бұрынғы ата-бабаларымыз сөз құдіретін, жауапкершілігін қалай сезінген еді, қазір сөз қадіріне жете алып жүрміз бе?
4. 1912 жылы «Айқап» журналында сол кезде шығып тұрған екі басылымның қазақ халқы үшін аздық ететіні жазылған. Соңғы 2010 жылғы санақ бойынша ел ішінде тарайтын басылымдарды 1619 газет пен 808 журнал құрайды. Соңғы бір ғасыр ішінде басылымдар саны еселеп артты десек те, кезінде екі басылымның көтерген жүгін бүгінде екі мыңға жуық газет-журнал абыроймен атқара алып жүр ме? Оның ішінде 80 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» қазаққа қаншалықты жақындай алды?
5. Қазақ тілінің ұлттық бояуын сақтап, ұрпағына аманат еткен, тілдің құнарлылығын, байлығын, тереңдігін жеткізген қариялардың қатары бүгінде сиреген. Сөзге шешен, тілге шебер болған бабаларымыздың орнын басқан шағымызда сол аманатқа қиянат жасап жүрген жоқпыз ба деген ой келеді. Қазір сөзді жауапсыз қолдану ерсі саналмайды, тіпті, тіл мамандары болмаса оны біліп, елеп, екшеп, түзеп жатқан ешкім жоқ. Осылай жалғаса берсе қалай болады?

 

Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Ш.Шаяхметов атындағы
Тілдерді дамытудың республикалық
үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры

1. Тіл дамымай тұрмайды. Қоғам өзгеріп, технология жетіледі, жаңа ұғымдар пайда болады. Бір халық бір халықтан алға озып, мәдени жағынан ықпал етеді, сөз қосады. Мысалы, ағылшын тілі жыл сайын өзінде жоқ 25 мыңдай сөзді басқа тілдерден алып, толығып отырады екен. Би-шешен, жыршы-жыраулардың заманынан алыстасақ та, біз ауыздан-ауызға жеткізіп, солардың айтқанын тасқа түсіріп алдық. Оған да шүкір. Бізге бүгін өткенімізге тамсанып отыра беруге болмайды. Өркениеттің көшінен қалмау үшін тіл өзі өмір сүріп отырған қоғамның барлық саласында қызмет етуге жарайтын болуы тиіс. Бізде қазір салалық терминология, ғылым тілі, техника тілі жаңадан келіп жатқан инновацияның тілі дегендер кенже қалып отыр.
2. «Қазақ әдебиеті» газеті ұлтымыздың рухани айнасы деуге болады. Қазақтың әдеби және мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым ретінде оқырмандарын әдебиет, кино, театр қайраткерлерінің туындыларымен таныстырумен қоса көне тарихымызға қатысты деректер мен этнографиялық мұраларға терең сусындатады. Ол 80 жыл бойы қандай заман болса да осы жолынан еш тайған емес.
Ал тіл дегеніміз не? Әр түрлі лингвистикалық әдебиетте оның 200 түрлі анықтамасы бар. Ш.Айтматов: «Тіл – ұлттың автопортреті», – дейді. Біздің ойымызша, тіл сол ұлттың өзі, ұлттың мазмұны. Тіл мәдениет пен әдебиетті танудың да, танытудың да құралы. Тіл сол мәдениет пен әдебиеттің сақталатын орны, дамитын ортасы. «Қазақ әдебиетінде» тілдің майын ішкен, сөзінен бал тамызатын марғасқалар жұмыс істеген. Сондықтан бұл газеттің тілдік қордың молаюына, көркем әдебиет стилінің қалыптасуына жасаған еңбегі ұшан-теңіз. 15 томдық сөздікті түзушілер сөз іздеп алдымен осы газеттің тігіндісін сүзеді.
3. Аударма – тілді байытудың бір жолы. Бірақ біздің қазақ өзінен тілдік бірлік тудыруды қойып, тек аударма арқылы дамуға көшкен сияқты. Содан нағыз қазақи қауым қабылдай алмайтын жасанды сөздер мен синтаксистік нормаларға сәйкес келмейтін құранды сөйлемдер қаптап кетті. Қазір екінің бірі аудармашы. Бұл екінің бірінің, тіпті, жүздің бірінің қолынан келетін шаруа емес. «Сөзбе-сөз аудару, көбінесе түпнұсқа тілдің әуеніне еріп, соған құл болудан шығады», – дейді С.Талжанов. Қазіргі кезде сөзбе-сөз аудармадан аяқ алып жүре алмайсыз. Аудармашылар ойлануды мүлдем қойған сияқты. Бір мысал келтірейін: «Есікке жазылатын от себя, на себя деген тіркес көп жерде – өзіңе қарай, өзіңнен әрі қарай делініп жүр. Оны солай деп аударғандар Абай айтпақшы, аудармашының білімсіз бейшарасы. Өзіміздің тілдің жүйесіне үңілсе, соған бірнеше балама табылар еді. Еш ойланбайды ғой, сабаздар! Есіктің барлығы сыртқа, не ішке ашылады. Ішке ашылатынына ішке, сыртқа ашылатынына сыртқа деп жазып қойса болды емес пе. Тіпті, орыстың көзімен қарап, соның шырмауынан шыға алмай жатсаңыз, онда тарт-итер деп жазыңыз. Ең қысқа түрі тағы бар: әрі-бері, яғни от себя – әрі, на себя – бері. Ақпаратты тез алам деп ағылшын-орыс дереккөздеріне сүйенетін БАҚ журналшы­ларының көбі өзіміздің тіл жүйесіндегі бар баламаны тауып, мәтіннің сапасын арттырудың орнына сыдыртып сөзбе-сөз аударып шыққанды оңай көреді. Көбіміз бүгін тілдің киесі, сөздің құдіреті барын сезінбейміз.
4. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, республика аймағына тарайтын 8004 басылымның 2756-сы Қазақстанда, онда да оның 453-і ғана қазақ тілінде басылады да, қалған 5248 газет пен журнал сырттан келеді екен. Ақпараттық кеңістіктің кеңейуі арқылы қоғамды тез ақпараттандыру сияқты тиімді жақтарымен қатар, бұның тілімізге, ұлттық болмысымызға, тіпті, тәуелсіздігі­міз­ге қауіп төндіретін кері жақтары да болатындығы белгілі. Сондықтан қазақ тілді БАҚ-ты күшейту керек. 80 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газеті өзінің кеңес кезіндегі әр қазақ шаңырағы іздеп оқитын деңгейін қазір жоғалтып алды, 15 мың деген көп таралымға жатпайды. Сөз жоқ, «Қазақ әдебиеті» газетінің қазақ руханияты үшін берері мол. Қазіргі көтеріп отырған мәселелері де қоғам үшін өте өзекті. Оның таралымын бұрынғы кеңес кезіндегі деңгейге жеткізуге болады. Қазақ тілінде көп таралыммен шығатын тәуелсіз газеттер оған дәлел бола алады. Бұл жерде газетті нарық жағдайында насихаттау, менеджмент жүйесін ұтымды құру жақтарын жетілдіру керек сияқты.
5. Тілдің дамуы тіл-норма-сөйлеу деген үш тағанға сүйеніп отырады. Тілдің нормасы тіл білімін іргелі түрде зерттейтін институттарда әзірленетін академиялық сөздіктер мен нормативтік грамматикада белгіленсе, БАҚ сөйлеуді (жазбаша, ауызша) жүзеге асырады. Егер сөйлеу (реч) нормадан ауытқып, ондағы өзгерісті қоғам (көпшілік) қабылдап кетсе, әлгі өзгерістің өзі біртіндеп нормаға айналуы мүмкін.
Бұрынғы би-шешендеріміз, көнекөз қарияларымыз теңеумен, мақалдатып, әсерлі сөйлейтін, бүгінгінің тілі басқа, бүгінгі талап та басқа, қысқалықты, нұсқалықты кажет етеді. Жалпы, жаңалықтан корқудың қажеті жоқ. Бірақ қазір ең өкініштісі, тілдің өз ішінде шығармашылық (творчество в языке) жағы қатты ақсап тұр. Оған себеп көп: тілдік тұлғаның сапасының төмендігі, аударылатын түпнұсқа тілдің құрылымынан шыға алмау, тілдік ортаның ала-құлалығы, тіл саясатының пәрменсіздігі, тіл (сөйлеу) мәдениетін бақылайтын жүйенің болмауы, т.б. Ең бастысы, мектептердегі қазақ тілі бағдарламасының әлсіздігі. Кейде мен кесімді, тіліп сөйлейтін жастарды немесе талантты жас айтыскерлерді, ақындарды көргенде біздің әлсіз, жүйесіз мектептен осындай дарынды балалар қалай ғана жарып шықты екен деп таңғалам. Біздегі оқу жүйесі 1 сыныптан бастап ұлттық шешендік өнерді дамытып, басқа сапаға көтеруге емес, өшіріп, баланы мылқау етуге бағытталған сияқты көрінеді. Меніңше, біздің қазақ мектептерінде жазуға (сауат ашуға) байланбаған сөз өнері деген пән жүргізілуі керек. Құймақұлақтық пен шешендік өнер біздің генімізде бар. Соны тірілту үшін бізге осындай пән керек-ақ.


Жанат ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты

1. Тіліміздің ұлттық ділінен, елдік сипатынан ажырамауын көздеп төте жазумен төл таңбалар жүйесін ұсынған ұлт ұстазы А.Байтұр­сын­ұлының елге жөн сілтеп, әліпби түзген, «Сауаташқыш» жазып, сан салалы оқулықтар құрастырған уақыты ұлтымыздың қаймағы бұзылмай, мәйегі сақталған кезең еді. Бар рухани байлығы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткiзiлген көшпелi жұрт сөзінің мәнді, әрі сәнді болуына назар аударған. Дала жұрты ойлап тапқан көркемдік айшықтардың қатарында қайталау тәсілдері ерекше орын алады. Әлгіндей айрықша аша түсер не болмаса назар аударуға тиісті тұстарды түйдегімен (тұтас сөйлем не сөз тіркесі), тұтасымен (сөз), үзігімен (буын не дыбыс) қайталау арқылы көркем сурет салып, тыңдаушысын еліте түскен.
Сөздің сыртқы айтылу ұқсастығы оның ішкі мағыналық тұтастығын ұстап тұруға септігін тигізеді. Белгілі бір салыстыруға негізделген ұғым сөйлеуші жадында ассоциациялық көріністің бейнесіндей болып қалады. Адамның жас ерекшелігін көрсетуде орда бұзар отыз, қырықтың қырқасы, ер жасы – елу, алпыстың асқары, сексеннің сеңгірі, т.б. сияқты образдық қолданыстар уақыт көшінің белгілі бір белесін адам алған асулармен салыстыра қарау арқылы жасалып тұр. Бұлардың өміршеңдігі де сол айшықты образдылығында жатыр. Тіпті, қырық күн тойын, отыз күн ойын, торқалы той, топырақты өлім, т.б. деген этнографизмдерде абстрактылы көптік ұғымды білдіретін қырық, отыз сөздері бекерге таңдалынып алынбаған. Қ-к-т/ о-к-о, т-т / т-ө дыбыстық сәйкестігімен келетін фразалық тіркес тұрақтылығына мағына тұтастығымен қатар, фоникалық сәйкестік те қызмет етіп тұр.
Жалпы, дыбыстардың әуездiлiгi даналықтың көзi, өмiр тәжiрибесiнiң тұжырымы iспеттес мақал-мәтелдерде олардың есте сақталып, көңiлде жатталуына, керек жерiнде тiлге орала кетуге бейiмдiгiне қызмет етедi. Таз таранғанша той тарқайды; қойшының қызы қой келгенде; тисе терекке; тимесе бұтаққа, ырыс алды – ынтымақ; алтау ала болса, ауыздағы кетер, төртеу түгел болса; төбедегi келер, т.б. сияқты сөз мәйегiндегi астарлы ой мен көркемдiктiң сыры неде? Қарапайым өмiр туғызған қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым, аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын; бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенiн қағады, т.б. секiлденiп келетiн түйдек тiркестердiң өмiршеңдiгi басы артық сөз не дыбыс қоспай, сом-сом ойларды ұқсас дыбыстар қатарымен тiзген халық санасының саралығы мен кемел ойының шеберлiктiң биiк деңгейiне көтерiлгенiн аңғартса керек. Жалпы, кешегі қазақ тәрбие-тәлімді бүгінгідей көгілдір экраннан немесе ғаламтор беттерінен емес, көпті көрген данагөй қарттардан, оқығанынан тоқығаны көп отаналарынан алған.
Бүгінгі қазақ тілінде жарық көрген сөздіктердегі сөздік қордың тең жарымын өзге тілді (ғылым тілі саналған латын, грек, әлем алпауыттарының қатарындағы ағылшын, орыс) лексикон құрайды. Ғылым мен білімнің, техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында өзге жұрттан қалыспаудың, олармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасаудың «халықаралық сөз қорынсыз» мүмкін емес екені түсінікті. Алайда, өзге тілде сөйлеп, өзгелерше ойлап жүріп, бұрынғы сөз түсінетін, оның астарына бойлай алатын болмысымыздан алыстап бара жатқанымыз жанға батады. Тіпті, көпіріп сөйлеп жатпай-ақ, көп жайтты ишарамен ұғындыра алатын ибалы мінезімізден айырылып бара жатқанымыз қандай өкінішті. Заң-қарардан бастап, оқулық, жарнамаға дейін орысшадан аударылып берілгендіктен, ел ішінде қазақ тілі ғылым, білім, құқық, медицина, басқару тілі болуға қауқарсыз деген сыңаржақ пікір қалыптасып үлгерді.
Жақында ғана А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымының құрастыруымен жарық көрген «Қазақ сөздігінде» тілдік қорымыздағы 106 000 сөздің ұғымдық анықтамасы ашылып, мағыналық қабаттары сараланды, 48 000 сөз тіркесінің лексика-семантикалық, контекстік, стилистикалық мағыналары айқындалды. Осыншама сөздік байлыққа ие халық қалайша өз заңын өз тілінде жазып, ғылымын өз тілінде дамытып, өз елін өз тілінде басқара алмайды? Мұндай парадокс­ты пікірді өз тілінде білім алмаған, өзгенің тілінде ойлап, соларша сөйлейтін «қара орыс» қана айта алады. Қолына кітаптан гөрі планшетті көбірек алатын, атыс-шабысқа құрылған кинолар мен жарымжан жарнамаларды жиірек қарайтын, дайын сөз «штамптарын» естіп, өз бетінше ойланудан қалған ұрпақ қана айта алады.
3. Қазіргі жастардың барлығына бірдей топырақ шашу дұрыс болмас. Олардың арасында қолынан кітабы түспеген, үлкендерден бәтуалы сөз күткен, сол сөздің астарын аңдауға қабілетті, ойлы жастарымыз да жоқ емес. Алайда олардың қатары бұрынғыдай емес, сирек. Ал қазақтың көрген-баққаны, естіп-ұққаны, сеніп-тұшынғаны – бәрі-бәрі тілінде тұр. Өмір үйреткен тәжірибесі ауыздан-ауызға тараған фольклорында, одан бергі дәуірлерде арындап өткен от ауызды алдаспан жыраулар поэзиясында; ел, жер, тіпті, тұтас ұлт мәселесін өрелі ойына өрнекті сөзін бұлтартпас дәлелімен қоса беретін сұңғыла би-шешендер сөзінде өрілген. Ата-бабаларымыз аманаттаған асылдың қадіріне жетіп, сөз сыры мен астарын түсіну үшін, сөз тарихы мен тағылымын тану үшін, сөз әдебі мен мәдениетін білу үшін, сөз құдіреті мен киесінен қорқып, аманатқа қиянат жасамау үшін, ертеңгі ұрпақтың алдында жүзіміз жарқын болуы үшін ана тіліміз – қазақ тілінде сөйлеу қажет. Ұмыт болған ескі сөздерді еске түсіріп, қолданысқа енгізу үшін балабақша, мектеп бағдарламасына қисса-дастандарды, ертегі-мифтерді, шешендік сөздерді, фольклорлық мұраны молынан енгізу қажет. Бесіктегі баланы бесік жырымен уатып, тілі шыққан балдырғанға санамақ үйретіп, жаңылтпаш айтуға, жұмбақ шешуге баулыған дұрыс. Қиялшыл бала санасын ұлттық ертегілер арқылы жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге ғана емес, сөз мағынасын ажыратуға, ой астарын ұғынуға, ақыр аяғы СӨЗ арқылы елдік мұраттарға қызмет етуге үйретер едік. Бала Абайды дана Абай еткен, шоқиып қана отыратын Шоқанды Шоқан Уәлихановтай ұлт тұлғасы еткен көкірегі қазына Зере мен Айғаным әжелердің еліктірер ертегілері мен түгесілмес қиссалары еді ғой?!
4. Соңғы бір ғасыр ішінде басылымдар саны еселеп артқаны рас. Алайда осынша газет-журналдың барлығы бірдей баспасөзге қойылатын ел сұранысы мен уақыт талабын бірдей көтеріп отыр дей алмаймыз. Қаптаған дүңгіршектердің іші-сыртына самсата ілінетін сөзі арзан, қағазы қымбат басылымдардан көз сүрінеді. Пайда табу көзіне айналған арзанқолды басылымдар арасынан ел өзіне қажеттіні іздеп оқиды. Осындай сұранысқа ие, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, елге айтары бар салиқалы сөз иелерінің қатарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бары қуантады. Қазақтың тұтас мәдениетіне, руханиятына, тәрбие-тәліміне 80 жыл адал қызмет етіп келе жатқан басылымның осы биіктен түспей, қазақтың қара сөзінің қадірін арттыра беретініне, елдік мұрат пен ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек ететініне сеніміміз зор.
5. Сөзді жауапсыз қолдану дегенді анықтаңқырай кетсек, ол сөйлеушінің білместігінен не біле тұрып, әдейі бұра тартуынан болуы мүмкін. Қазақша тілдесіп жүргенімен, тілдік қолданыста сөз мағынасын дұрыс түсінбеу, этнографиялық мәнін, стильдік мағыналарды ажырата алмау, әдеби тіл нормасын білмеу, т.б. себептерге байланысты қателіктерге жол беріліп жататынын байқап жүрміз. Көп адам әдеби тіл нормасы міндеттеген форма мен дағдылық қолданыстың қайсысы тиімді, ұғынықты екенін ажырата алмау себебінен жарыспалы нұсқалардың қайсысын қолданарын білмей жатады. Мәселен, мынадай – мынандай, тірідей – тірілей, түгелдеу – түгендеу, т.б. қайсысы дұрыс, қайсысы қате? Берілген нұсқалардың дұрыстығына көз жеткізу үшін оларды басқа грамматикалық көрсеткіштер арқылы түрлендіріп көруге болады: түгел – түп-түгел (түп-түген деп қолданылмайды). Немесе қазіргі қолданыста жиі жұмсалатын нұсқаларды тізбектеп салыстырып көруге болады: ақшалай (ақшадай емес), жылылай (жылыдай емес). Демек, түгел, тірілей, ақшалай, жылылай нұсқалары норма болып саналады.
Қазіргі тілдік қоғам тіліндегі қателіктердің дені оқулықтардың негізінен орыс тілінен (бұрын және қазіргі кезде де) аударылуына байланысты негізгі түсініктердің ұлттық ұғымнан алшақ жатуынан туындап отыр. География пәні бойынша қазақ танымындағы бұлт түрлерін түсіндіре кету артық етпейді: будақ бұлт – шумақ-шумақ бұлт; желең бұлт – түтілген шудадай жеңіл бұлт; зілмәуір бұлт – аспан күмбезін түгел жапқан ауыр бұлт; қазбауыр бұлт – ондаған шақырым биіктікте ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болған бұлт; кілегей бұлт – жұқа, сирек бұлт; маса бұлты – желсіз, тымырсық түнгі бұлт; өркеш бұлт – түйе өркештенген ала бұлттар тізбегі; сетінеуік бұлт – іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлт.
Айта берсе, мұндай мәселе өте көп. Ал жалпы алғанда, артымыздан ерген жастарға ұлттық болмысымыз бен таным-өрісімізді дұрыс таныта отырып, қазақы тәрбие беру керек.


Ботагөз СҮЙЕРҚҰЛ,
филология ғылымдарының докторы,
Сүлеймен Демирел университетінің қауымдастырылған профессоры

1. Орхон, Енисей, Талас өзендерінің бойынан, Алтай тауының аңғарларынан, Есік қорғанынан, басқа да көне қалаларымыздың орындарынан, жекелеген сәулет ескерткіштерінің маңынан табылған үлкенді-кішілі жазба ескерткіштеріміз бен түрлі бұйымдардағы таңбалардың мағыналарын білдіретін тілдік бірліктердің ғылыми сипаттамаларына қарап, кезінде көне түркі тілінің ереже-қағидалары қалыптасқан, жазба дәстүрі орныққан біртұтас тіл болғанын аңғару қиын емес, алайда, тарихи заңдылықтарға сәйкес тармақталған ол тіл бүгінге дейін түркі халықтарына ортақ сөздік қорды құрайтын қайнар көз ретінде құнды. Ал ондағы мәтіннің жалпы мазмұнын түсіну біз ойлағандай қиын емес, ол үшін тілдің ішкі даму заңдылықтары мен оған ықпал ететін сыртқы факторларды білу жеткілікті.
Ал ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары біздің «өзімізді танытатын сөзімізді» естігенде, дәлірек айтқанда, қазіргі қазақтың сөз саптауындағы, жалпы сөзжұмсамдағы өзгерістерді байқағанда екіұдайы күйге түсер еді де, ел арасына жаңалық болып еніп, санамызға біртіндеп сіңіп, ұлттық болмысымыздың ажырамастай бөлігіне айналған кейбір салт-дәстүрлеріміз бен күнделікті тіршілігімізді көргенде, өздерінің не үшін атылып кеткенін түсінер еді...
Ал «жат әсерлерге» не жатады, алдымен соны нақтылап алсақ...
Х.Досмұхамедұлы бұл сөзді айтқаннан бері ғасырға жуық уақыт өтті, сондықтан оны «Ел санасының бұзылуына, ең алдымен, бөгде/өзге тілде оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілімен қоса, этникалық сананы және ұлттық құндылықтар жүйесін өзгертуге ықпал етеді» деп «өңдесек», нағыз қазіргі рухани дүниеден материалдық бай­лық­тың бағасы артығырақ саналатын нарық заманының ащы шындығын көрсетер еді. Бір ғана мысал келтірейін, Қазақстан қалаларының үлкен көше­ле­рінде қаптап тұрған жарнама тақ­тала­рын­да Батыстың киножұлдызы Антонио Бандерасты қапсыра құшақтап, аяғын көкке көтеріп, «шаттыққа бөленіп тұрған» қазақ әйелінің орысша оқығаны даусыз дер едім, себебі, қазақша оқыған, қазақы тәрбие алған әйел «ел анасы» атанар шағында мұндай жарнамаға түскенше «өлгенім артық» дер еді... Ел тізгінін ұстаған, әсіресе, Мәдениет және ақпарат министрлігінде отырған ағалардың «құлағына алтын сырға», бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, жарна­малардың, өнер туындыларының (кино, музыка т.б.) да ұлт мүддесіне қайшы келмеуін (мазмұн жағынан да, формасы бойынша да!) қадағалайтын мезгіл әлдеқашан жетті емес пе?!
2. «Қазақ әдебиетін» онда қолданылатын сөздік қор, жарияланатын мәтіндердің стилистика талаптарына сәйкестігі тұрғысынан алғанда, қазіргі медиакеңістіктегі алдыңғы қатарлы басылымдар қатарына жатқызар едім. Бұл, бір жағынан, газет қызметкер­лерінің кәсіби деңгейін аңғартса, екінші жағынан, сексен жылдық тарихы бар, өмір мектебінен өткен мамандар қалыптастырған дәстүрге адалдық пен азаматтық жауапкершіліктерін көрсетсе керек.
4. ХХ ғасырдың басында газет-журналдың аздығынан қиналған қазақ, ХХІ ғасырдың басында, керісінше, басылымның көптігінен зиян шегіп отыр десек, қателеспеспіз. Өйткені, саны көп, сапасы жоқ түрлі-түсті басылымдар (желтая пресса), онсыз да ғаламторға шырмалып, күндіз-түні ұялы телефонның шағын мониторына қадалып, көз майын тауысқанымен тұрмай, көз ақысын қоса жеп, есін жия алмай жатқан жастарымыздың санасын тұмандан­ды­рып, ақ пен қараны айырудан қалдыруда. Қазақ жастарының 60 пайыздан астамы «газет оқымайтынын» мақтанышпен айтса, оқитындардың жартысына жуығы «қазақша басылымдардың атауын есіне түсіре алмай қиналады». Газет сататын орындарда таралымы жергілікті басылымдардан әлденеше есе артық болатын сырттан, әсіресе, Ресейден әкелінген қат-қат газет пен «жалтыраған» журналдардың қай бағыттағы идеологияны қару еткенін бір-екі сөйлеммен жеткізу қиын. Бүгін бар, ертең жоқ «маусымдық» газет-журналдар – өз алдына бір төбе. Ұзын сөздің қысқасы, 25-30 бетін түгел ойдан шығарылған кейіпкерлердің ақылды аздыратын «қызықты хикаяларымен», бейәдеп суреттер, басқатырғылар, сөзжұмбақтар, т.б.с.с. «шедеврлермен» толтыратын арзанқол басылымдардың санын қысқартып, онда жарияланатын материалдарды сүзгіден өткізіп, мәтінде ашық айтылатын және жасырын түрде меңзелетін ойларды сана елегінен өткізіп барып халыққа ұсыну керек және мұны біздің «ел болам дегелі қисайып, дұрыс тербете алмай келе жатқан бесігімізді түзеуге» жасалған аса маңызды қадамымыз деп санауға тиіспіз.
5. Шындығында, қазақ тілінің тамыры тереңде екені, онда сақталған кейбір сөздердің дыбыстық, морфологиялық құрамы мен семантикалық аясының, яғни мағыналық шеңберінің тарылуы немесе кеңеюінен де байқалады. Сөз басында айтылған пікірге қайта оралсақ, «көне түркі тілін» қазіргі тілдік ұжым мүшелерінің бәрі бірдей түсінбейтіні рас, алайда, бұл «тілдің адам танымастай өзгеріске ұшырауының ғана нәтижесі» емес, оның лингвистикалықтан бөлек, экстралингвистикалық та себептері бар. Солардың бірі – Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері жазылған көне түркі жазба дәстүрінен қол үзіп қалғанды­ғымыз. Б.з. VIII ғ. дейін өркендеген көне түркі жазуын Қыпшақ даласына тарала бастаған ислам дінінің ықпалымен араб тілі мен жазуы ығыстыра бастайды. Жалпы, біздің төл тарихымыздан көз жазып қалуымызға көп жағдайда жазу дәстүрінен ерікті немесе еріксіз түрде бас тартуымыз белгілі бір дәрежеде ықпал етіп отырған. Себебі, «ескіше» хат таныған адамдардың бір бөлігі «жаңа» жазуды меңгеріп алғанымен, екінші бөлігі үшін бұл едәуір қиындық тудырған, дәл сол сияқты сауатын жаңа жазумен ашқан адамдардың басым бөлігі үшін ескі жазу жұмбақ күйі қалып отырған...
Енді мына мәтін үзіндісіне назар аударайық:
Уа, түрк будуны, сабымын түкети ишитгил.
Мұндағы: Уа – қаратпа сөз, қазіргі қазақ тілінде өзгеріссіз сақталған;
Түрк будуны – түркі халқы, қазіргі қазақ тілінде «будун» сөзі аздаған фонетикалық өзгеріске ұшырап, мағыналық аясы мен қолданыстық шеңбері тарылған: бодан – өзге елге, мемлекетке тәуелді, өз еркіндігі жоқ халық;
Сабымын – сөзімді, бұл саб//сап сөзінің қазіргі қазақ тіліндегі «сөз саптау», «сөзін/ойын/ сабақтады» сияқты тұрақты тіркестер құрамында қолданылуы оның бізге соншалықты жат еместігін көрсетеді.
Түкети ишитгил – түгел есітіңдер, түкети сөзі фонетикалық өзгеріске ұшырағанымен (к қатаң дауыссызының ұяңдап, ғ дыбысына айналуы, ал сөз соңындағы т-ны л дыбысының ығыстыруы), лексикалық мағынасы сақталған; л дыбысының аса күшті ығыстырғыштық қабілеті Алматы, Өлеңті, Шідерті сияқты топонимдердің құрамындағы тарихи т дыбысының сақталуынан, ал олардың қазіргі қазақ тілінің сингармониялық заңы бойынша Алмалы, Өлеңді, Шідерлі болуы тиіс екенінен де анық көрінеді.
ишитгил – есітіңдер деген сөзде фонетикалықпен (ш//с) қатар, морфологиялық та алмасу / өзгеріс орын алған, сондай-ақ, көне бұйрық рай тұлғасы (-қыл/ғыл, -кил/-гил) түсіп қалған, бұл – тіліміздегі үнемдеу заңының талабы. Қазіргі қазақ тілінде бұл форманың -қын/ғын, -кін/-гін нұсқасы жергілікті ерекшелік ретінде танылғанымен, әдеби тілде де жұмсалады: Мұқағали Мақатаевтың «Өтінем, сенен ғафу, асыл жарым, Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағын...» деген жыр жолдарын еске түсіру жеткілікті.
Сонымен, ә дегенде «бөтен» көрінген мәтінге жіті көңіл аударсақ, яғни лингвистикалық талдау жасасақ, көне түркі тілін қазіргі қазақ тілінің көне бастауларының бірі ретінде санауға толық негіз бар екеніне көз жеткіземіз.

Дайындаған
Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір