Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4588 0 пікір 13 Қаңтар, 2014 сағат 10:09

ЕСЕНҚҰЛДЫҢ ШЫНДЫҒЫ

...Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз,
Емексіп бұл дүниеден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

Есенқұл.

...Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз,
Емексіп бұл дүниеден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

Есенқұл.

Жек көру, әрине, талдауды аса қажет ете қоймайтын, ішкі сезімді білдіретін, баршаға мәлім жалпақ ұғым. Бұл психоло­гия­лық күй (жек көру) мына қым-қуыт тір­лік­те көп билікке қолымыз жетпей жүр­ген біз түгілі, көп билікке қолы жеткен қа­зақ­тың ұлы Абайын да айналып өтпеген. Қай-қайсымыз да тілге тиек етпесек тұра алмайтын бір әңгіме бар ғой. Абайдың сол сөзін жатқа да айта аласыз: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?..». Жауабыңыз да әзір: әрине, жақсы көрді. Қазақты біз де жақсы көреміз. Ал Қазақстанды ше? Қазақстан­ды да, дау жоқ, жақсы көреміз. Тек біз (ақын­дар) қалай жақсы көреміз? Негі­зінен әлі сол Абайдан асқанымыз шамалы: ұрсамыз, сөгеміз, ақыл айтамыз... Ал егер ұрыспайтын, сөкпейтін, ақыл айтпайтын екі ақын болса, біреуі Есенқұл еді. Есенқұлдың осы бізге қаратып айтқан «Еліңді жамандама» деген өлеңі де бар.
Осы арада тақырыбымызға қатысты бір қыстырма әңгіме айта кетелік.
Мысалы, Ресей туралы өлеңдер өте көп. Әйтсе де бірден тіліңе орала салатын жолдар мен шумақтар санаулы. Айталық, Лермонтов: «Прощай, немытая Россия». Не­месе Тютчев: «Умом Россию не понять, Аршином общим не измерить: У ней особенная стать – В Россию можно только верить».
Бір қызығы, осы екі дүние де әлі күнге дейін ауыздан түспей келеді.
Мысалы, орыстардың арасында «Прощай, немытая Россия» дегенді Лермонтов жазбағандығы, бұл дегеніңіз ақынға сы­рт­­­тан зорлап телінген, төл туынды­ларының ішіне әдейі енгізіліп жіберілген идео­ло­гия­лық диверсия екендігі туралы жеңіске жетуі неғайбыл дау бар. Ал Ахмет Байтұр­сы­новтың «Қош, сау бол, Қарқаралы, жуыл­маған» деген өлеңін және қоса тал­дасақ, тым әріге кетіп қаламыз. Сон­дық­тан тоқтай тұралық.
Ал Тютчевтің өлеңі туралы әңгіме бас­қаша. Әрісін айтпағанда, беріде, Ресей Президенті В.Путин Кремльде сол кезгі Франция Президенті Н.Саркозиді қабыл­да­ған шақта Тютчевті сәл өзгертіп, «В Рос­сию нужно верить» деген ғой.
Ал біздің Есенқұлдың өз елін сүюі тым өзгеше еді. Себебі, ол Лермонтов секілді Қапқазға айдалған жоқ. Тютчев секілді Еуропа елдеріндегі неше қауым ақсүйек­тер­дің ортасында ыздиып жүрген жоқ. Қазақ ақыны Есенқұл Жақыпбек (әуелгіде Жақыпбеков) әуелі коммунистік Қазақс­танның нанын жеп, суын ішті, сосын тәуел­сіз Қазақстанда ғұмыр кешті. Телевизия­лық бағдарламаның атауына демеулік шылау қосып қайталасақ, бұл тірлік «Ай­туға ғана оңай». Әйтпесе бір өміріңді екі түрлі қоғамдық құрылысқа қақ бөліп бере салу қайдан оңай болсын. Бірақ бермегенде және қайда барасың?
Жә, Есенқұлға оралайық. Мысалы, ол сондай да сондай Қазақстанға арнаған бір өлеңінде былай дейді:
...Сенен талай қайтса-дағы меселім,
Кештім бәрін, өсе берші, өс, елім!
Бұл – сүю. Осы арада еске түсіп отыр­ған бір жай бар. Ертеректе «Қазақ әде­бие­ті» газетінде Есенғалидың топтама жыр­лары жарияланып, ең басына бірінің астына бірі екі эпиграф берілді. Біріншісі – «Азаулының Стамбұлдан несі кем?! Дос­памбет». Дау жоқ. Екіншісі – «...Астананы сүйем мен! Аманхан». Бұл енді сенімсіздеу. Жо-жоқ, Аманханның Астананы сүйетін­ді­гіне күмән келтірмейміз, бірақ Астанаға арналатын өлеңін ол бұлай жазбаса керек. Ал өлең мен мақаланың міндетін түсін­бейтіндер осылай жазатыны және рас. Солар үшін Аманхан күйіп кетіп отыр ғой. Ал Есенқұл сүйгенін, күйгенін айтпайды. Бұлданбайды. Міндетсінбейді. Кіжінбейді. Абайша түсіндірсек; «Шыдайды риза боп жар ісіне, қорлық пен маза­ғына табынса да». Өйткені, Қазақстан – өз елі. 1948 жылы Қасым Аманжоловтың қаламынан (жүрегінен) шыққан, лири­ка­ның сирек жауһарларының бірі болып қалған «Советтік менің өз елім» өлеңі де, әрі-беріден соң, саяси көлгірлік емес, өз елінің арқасында жетілген жетім баланың жан сыры еді ғой: «...Өмірден үміт жоқ өз­ге, Даланың тердім тезегін. Әкем боп тап­тың сол кезде, Советтік менің өз елім...»
Тағы да Есенқұл:
...Өсе берші, өсе берші, өс, елім!
Дәл өзімдей маңдай соры бес елім.
Бұл – мойындау. Негізгі ұсынылатын тұжырым: Қазақстан қандай болса, мен де сондаймын. Ал біз бірқатар (бәлкім, бірқатардан да көптеу) өлеңдерімізде Қазақстанның кемшіліктерін дөп басамыз да, өзімізді одан сырт ұстаймыз. Кемшілік біздің әрқайсымыздың жеке басымыздың емес, басқа біреудің, яғни Қазақстан дейтін мемлекеттің немесе «ақындарды түсінбейтін» сол респу­бли­ка­ның жер қайысқан тұрғындарының міні болып шығады. Өйткені лирика, негізінен, бірінші жақтың ғана сезімін ұсынады: мен және олар (басқалар). Бұл, бір жағынан, тиімді принцип. Қазақстанның қаптаған проблемаларын мойныңа алудың, «е-е, бұл да түк бітірмеген можантопай біреу екен» дейтіндей сөз естудің не қажеті бар? Шамаң келсе, түк бітірмесең де түйіп тастап, желе сөйлеп отырғанға не жетсін?! Жуырда ақын інім Бауыржан Ба­ба­жанұлы екеуміз өзін Көкбөрімен шен­дестірген жергілікті дәрежедегі ақынның еш­қандай да Көкбөріге ұқсамайтынын сөз еттік. Сосын, қайтадан тәубемізге ке­ліп, «Кім білсін, бәлкім, сыртынан бол­ма­ғанмен, ішінен Көкбөрі шығар» деген ше­шімге тоқтадық. Ал Есенқұл өйтпейді. Ішінен де, сыртынан да көкбөріленбейді. «Дәл өзімдей маңдай соры бес елім» деп өзінің Қазақстаннан еш ерекшелігі жоқ екенін «жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали) айтады.
Одан әрі қарай кетейік.
...Өз-өзімнен қалжырап,
Өз-өзімнен балбырап,
Өмір кештім арасында жоқ, бардың.
Аш өзегім қан жылап,
Кімді күндеп, кімді тілдеп боқтармын,
Ортасына кіре алмасам көкпардың.
Ел алдында келмейді ешбір ақталғым.
Тағдырыңды өрге тартсам деп едім,
Кешір, кешір, кеңпейілді мені Елім,
Жәй ғана бір тағдырласың боп қалдым.
Бұл – опыну. Есенқұл әуелгіде әртүрлі зымиян саясаттардың құрығын үзіп кете алмай, көппен бірге бұның да (ақынның да) алпыс жыл ғұмырын әрлі-берлі тартқылап, отқа да, суға да салған, әрине, амалсыздан сөйтуге мәжбүр болған еліне кешірім берсе, мына өлеңінде сол елін жо­ғарыға шығара алмағаны үшін өзі кешірім сұрайды. Тағдыр былай қара­ғанда, көбіне-көп әдеби шығармаға ғана лайық сөз секілді. Бірақ... Есіңізде жүрген шығар, елімізге тәуелсіздік келе бастаған шақта газеттерде «Тіл тағдыры – ел тағ­ды­ры» деген айдар жиі көрініп жүрді. Қа­зір бәсеңсіді. Өйткені, сол кезгі зор қауіп­тің беті қайтты. Ал өткен жылдан бері Қазақстанда «Елімнің тағдыры – ме­нің тағдырым» деп аталатын респу­бли_калық форум өткізіліп жүр. Яғни ақынсың ба, ақын емессің бе, бәрібір, еліңмен тағ­дырлассың. Міне, ел тағдырын, сол елдің тұрғындарының тағдырын алға тартқан сондай сезім-форумда кәдуілгі сөзден басқа құрал-жарағы жоқ ақын ретінде Есенқұл тағы да адал сөйлей салады, тіпті де өзгеше өзеуремейді: «Жәй ғана бір тағдырласың боп қалдым».
Есенқұл жырларының негізгі өзегі осы – адалдық, шыншылдық.
Адал болмаса, шыншыл болмаса, ол өзінің «Тазқара құстың тағдыры» атты кі­та­бына жазған кіріспесінде: «Күнделікті тіршілікте мінезсіз, ешкімнен асып бара жатқан ерекшелігі жоқ, тәуелсіз жалтақ, жасанды сөйлеп жіберуден де ұялмайтын жанбақының бірімін», – дей ме?! Және, бір ғажабы, Есенқұл бұл сөзді өзіне арнаға­ны­мен, монологтың арғы жағында «ерек­шелігі жоқ, жалтақ, жасанды сөйлей салатын, жанбақы» талай жазармандар­дың сұлбасы көрініп тұрады. Әлде ақын осы жолдарды соларды ескеріп, осы шындық­ты әйтеуір түбі біреу айтуы керек болған­дық­тан, өз мойнына ала салды ма екен? Олай ойлайтынымыздың тағы бір себебі, Есенқұлдың біз жоғарыда келтір­ген, келтірмеген өлеңдеріндегі бірінші жақтан сөйлейтін автордың өмірлік драмалары неге бәріміздің басымыздан алынған мысалдар сияқты?
Қалай айтқанда да мысалы, әдебиет­ке өткен ғасырдың сексенінші жылдары кел­гендердің бүгінге дейінгі тіршілігі ең ал­дымен, осы Есенқұлдың өлеңдерінде қаттаулы тұр. «Алматыдағы жыр кеші» дейтін өлең соның алғашқыларының бір дерегі еді. Ескерте кетейік, ол кезде ондай кештерге жас ақын дәрежесіндегілер өлең оқуға емес, тыңдауға баратын. Тыңдай білу де өнердің бір төресі екенін сол шақта бойға сіңіргеніміз рас. Сонымен не болды дейсіз ғой?!
...Бір өлеңнен ескенімен жыр лебі,
Бір өлеңнен көңіл қайта кірледі.
Сақа ақындар сақалдарын саудалап,
Сарыауыздар санатқа да кірмеді.

Сосын жастар көңілдерін от қарып,
Жиналды бір оңаша үйге топталып.
Бірін-бірі мақтап жатты, шынында,
Мықты ақындар дәл осындай жоқ-ты анық...
Иә, сондай заман еді. Үлкендердің орнына отырып алуға ешкім тырыспайтын. Ағалардың сөзіне, қисық болса да, түзету жасалмайтын. Мықты өлең мақ­тала­тын. Нашар өлең, мейлі, датталмаса да, әйтеуір мақталмайтын. Соның өзінде де сол 1982 жылы Асқар Сүлейменовтің «Ақынның аздығын, өлеңшінің көптігін ер­теде, ертеректе, баларақ кезінде жаз­ған бір мақаласында Мұхаң (Мұхтар Әуе­зов) жеріне жеткізіп айтқан. Одан бері, неғыпты, ақын көбейді, әрине. Бірақ, қарап жатса өлеңші бола ма. Ол, күн ұзар­ды деп қысқара қоятын түн емес. Ол – ене­сімен қатар отырып ап сыбағаға таласатын көргені кем келіндей» деп ренжігені бар.
Айтпақшы, осы Асқар ағамыздың «Пара­сат» журналында жарияланған Есен­құлдың топтамасына арнаған құйт­тай алғысөзі бар. «Ұзақ сөзге – уақыт кем. Мен ұққанда текті тиек – аршадан. Бұл – арша жігіт. Бұл жігіт жұрттың айтуында, «көк көз» екен. Көрмедім. Көре алмадым. Бірақ өлең жолдарына бойлағанда, қайта оқып, қайта парақтап-тарақтағанда көкөзегін зайыр тануға ықырар болдым. Осы жігіттің ұрып шығарына, жұлып шыға­рына кәміл сенімдімін», – депті.
Тілге соншама ұқыпты, сөйлем құры­лы­сына соншама мұқият қарайтын Асекең ағамыздың Есенқұлдың өлеңдеріне осынша құлап түскені ойға қалдырады. Расына келгенде Есенқұл жырларының бұған дейінгі жазылған дүниелерден тақы­рып­тық та, формалық та аса өзгешелігі жоқ. Айталық, өзінің алдындағы Жұматайдың өлеңдеріндегі тірі ою-өрнек, қанық бояу Есенқұлда жоқ. Есенқұлда өзімен тұстас Тыныштықбектің жырларындағы тыңнан тап болған тіркестер мен алабөтен тосын сарындар да жоқ. Мысалы, ол:
Мөлтілдеген мен осы,
Сезім едім,
Өгей тартып барамын өзіме-өзім,
Өзімді-өзім естелік сезінемін.
Көлбең қағып көшеге шыға қалсам,
Өтіп кеткен өмірге кезігемін, –
деп жаза салады. Жаза салғаны бар бол­сын, жайбарақат көңіліңді кенеттен астаң-кестең етеді. Бұл қалай болғаны? Кеше ғана Алматыдағы жыр кешінен шығып, «көңілімізді от қарып, топталып» жүргендер осы біз емес пе едік? Мынау қайдан пайда болған жасамыс күйректік? Мейлі, рас-ақ шығар, бірақ сыпайылап айтса да түсінер едік қой. Есенқұл оған апшымайды. «Мен қайтейін, осындай боп қалдық қой» деп ақсия күліп тұрады. Сірә, Асекең (Асқар Сүлейменов) «қайта оқып, қайта парақтап-тарақтағанда» Есенқұл­дың осы адалдығын анық аңғарған шы­ғар-ақ. Өмірді айтасың-ау, осы күні өлең­дегі адалдыққа да зәру болып қалдық қой.
Осы тұста жолшыбай айта кеткен мақұл, Есенқұл өз өлеңдеріне әшекейлі ұйқастар іздеп те әуреге түскен емес. Шумақтарды «басып қалған, кетіп қалған» немесе «қарашасын, барататын» деп олпы-солпы киіндіре салады. Әйтпесе ер­теректегі ағалары тәрізді «едіні» «ед» деп, «тұрадыны» «тұрад» деп шолтита салу да ақынға түк емес. Бірақ, басқамыздың өлеңдерімізге енсе, өгізге ер салғандай болып ерсіленіп тұратын сол ақаулықтар Есенқұл өлеңдеріне келгенде, апыр-ай, жымдасып-ақ кетеді. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дегеннің бір сипаты осы ма екен әлде? Аббревиатуралар қазақ­ша­лан­бай тұрған шақта «Қарызым бар қай­тар­маған қоғамға, Арызым бар айта ал­ма­ған ООН-ға...» дей салған да осы Есенқұл еді.
Жалпы, стиль жағынан келгенде, Есен­құлдың өлеңдері өзіне дейінгі еш ақындардың төлдеріне ұқсап туған емес. Әлде жас басынан сол кезде кенеттен кең өріс алып кеткен сахналық айтысқа түсіп («ақындар айтысында менің атым жеңу­мен емес, жеңілумен шықты» дейтіні де бар ғой), жауап шумақтарды шапшаң жә­не нақты құрастыруға дағдыланып кет­кен­діктен бе, ол қағазға түсіре бастаған жыр жолдарының бірін сызып, бірін жөн­деп, әлдеқанша әуреге түспей, бірден топырлатып төге салатындай болып елестейтін. Мысал келтірейік: «Шырқыра­тып шындықты айтсам бір жайсыз, Қатар бірге жүргендерден ыңғайсыз, Ойнап бірге күлгендерден ыңғайсыз. Өмілдірік, құйысқанды тең ұстап, Барған сайын бар шындықтан алыстап, Өмір сүре біл­ген­дерден ыңғайсыз...». Бұны бір деп қойсақ, екіншіден, Есенқұл бір шанаға бірнеше ат жегетін байшыкештер секілді бір өлеңге бірнеше ой-пікірді қатар жекпейді. Та­қы­рып немен қарайса, сонымен ағарады. Мынау «Ғұмырнама» дейтін өлеңнің толық нұсқасы:
Өлең жазам...
Бар ісім осы ғана.
Өлең бердім досыма, қасыма да.
Туған-туыс ішінде еркелетті
Мұқағали, Төлеген, Қасым аға.

Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл.
Өр Махамбет – өз ағам,
Абайлап жүр.
Жолдас болдым бөрінің бөрісімен,
Сырлас болдым серінің серісімен,
Аруақтандым солардың перісімен.
...Заман келді жалғасқан жең ұшымен,
Енді қалған ғұмырда не бітірем?
Сорлы басым бұл күнде соны ойлап жүр.
Бір құдайдан басқаға зауқым да жоқ,
Айналдырсаң, молдалар, мені айналдыр.

Кимесем де ақ сәлде сәнмен бүгіп,
Қоймасам да ақ сақал бәлдендіріп,
Киімімді киейін кең, мол қылып.
Аспанға ұшып жүрдік қой албырттанып,
Енді біраз көрейін жермен жүріп.
Енді қалған ғұмырда шолжаң баспай,
Бақырайған көздері балбал тастай,
Дүниені сыртынан көрген қызық.
Жалт етіп өте шығатын бүкіл ғұмырна­ма­ның негізгі мазмұны – осы, шапшаң да шалт, қысқа да нұсқа. Автордың өзінен басқа ешкімнің куә болуын қажет етпей­тін, қосымша пікір сұрамайтын бір ғана уәж. Ақындықтың санаға қаншалықты сал­мақ түсіретіні, өлең жазу дегеннің қан­дай ауыр дерт екені, қара қалам ұстап ақ қағазға төну нендей жанкештілікті талап ететіні туралы небір сұңқылдаған монологтардан жаныңыз шошынған кезде Есенқұлдың осы өлеңін оқып, қалың қайғыдан лезде айығып кетуге болатын сияқты.
Сөзімізді жалғайық. Сонымен, «бұл жас­қа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өміріміз­ді өткіздік» (Абай). Әрине, біраз өртендік, күйдік, ретті-ретсіз ғашық болдық. Ақыры ойладық: әйеліңнен артық кімің бар еді?
Жайлап алып жаны жылы пеш түбін,
Шүңкілдесіп отырамыз кешқұрым.
Демеу болар ағайын көп десек те,
Сенен басқа жоқ екен-ау ешкімім.

...Маздап жатыр, қозғап қойшы пеш түбін,
Менен басқа сенің де жоқ ешкімің,
Мен бар кезде сенің де жоқ еш мұңың.
«Біздің күйеу әйгілі ақын екен» деп,
Айқым біткен шулап жүр деп естідім.
Түбі менің түсініксіз байлығым
Тұқымындай көбейеді ешкінің...
ХІХ ғасыр ақынының өлеңдерінен мұн­дай шумақтарды кездестіре алмайсыз. Әрі кетсе, «Сыртқа шықсам – батырмын, үйге келсем – қатынмын. Қатын ауру, бала жас, тары түйіп жатырмын» деп дүрс еткізе салады. Ал бірақ, тап сол шақта тап сол қатынынан жақын ешкімі жоқ болып тұрғанын еш мойындағысы келмейді. Есенқұл мойындайды, онымен қоймай, үстіне әтір сепкен небір сақа ақындарға да мойындатады. Себебі, «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді»-нің (Шалкиіз) заманы өтіп кеткелі қашан.
Осылай сараптай берсек, Есенқұл өлең­дері арқылы біз өзімізбен-өзіміз (ана тұста, мына маңайда, асфальт кө­ше­де, жасыл соқпақта, жападан-жалғыз, екеуара, шаттанысып-күлісіп, мұңдасып-мұңайысып) әлсін-әлсін кезіге берер едік. Өйткені, Есенқұлдың өлеңдері сондай: «Өткен-кеткен», «Сан жылдан соң», «Ғұ­мы­р­­­нама», «Жазмыш», «Біреуді іздеу», «Елегізу», «Жан дауылы», «Сол жазда», «Сол баяғы...», «Өтеді күндер осылай»... Әри­не, бұларға «Алдай-ау» немесе «Өзіңді аңсап» тәрізді талай әндер мөлдірей қосылады.
Бәрімізге белгілі, жалт етіп өте шық­қан жас дәуренді сағыну, сағынып қана қоймай, оны, реті келсе, шаң тигізбей асы­ра мадақтау, сөйтіп, жастықтың орнына келген мына тоқтасты тірлікті місе тұтпай, астамшылыққа ұрыну, әсіресе, ақындарға тән. «Әсіресе» дейтініміз, бұл ғадет, әрине, сөз өнерінен аулақ жүрген­дерге де бірыңғай жат емес. Осы ахуалды Есенқұл бір өлеңінде былай суреттейді:
...Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да,
Бәрі де тіреледі мұңға барып...
Рас қой. Себебі, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», ал ойлы адамыңыздың бірі – жақсы өлең жаза алатын ақын. Тағы бір өлеңінде осы өтпелі өксікті Есен­құл тағы былай түйіндейді:
...Кеудемді бір кернеген жел бар еді,
Қасымда содыр-сойқан ел бар еді.
Серпілейін десем де серілермен
Таба алсамшы оларды емге қане.
Арасында албырттардың жүре тұрмай,
Дүние, сені қуып нем бар еді...
Міне, осы шумақтан кейін ақын жыр­ла­рының адалдыққа, шыншылдыққа (бұл ретте шыншылдық дегенді қоғамның кемшіліктерін тап басып айтумен шектеуді жөн көрмейтінімізді ескерткіміз келеді), иә, сондай түпқазыққа негізделген қас­иеттеріне нәр беретін тағы бір қыры шыға келеді. Есенқұл нендей гәптерді қозғаса да, қандай оқиғаларды (оның әр өлеңінің әржағында әйтеуір бір оқиға жатқан сияқты ынтықтырып отыратыны мәлім) баян етсе де, әрнәрсеге ұрынбай, бізге (әрқайсымызға) өз сезімімізді өзіміздің сөзімізбен ғана (тек өңдеп, қалт ойлантып тастарлық деңгейге шығарып) жет­кізіп береді екен ғой. Тағы оқып көрейік:
...Көкектей күндер өтіп сұңқылдаған,
Әйтеуір, жеттік біздер бұл күнге аман.
Шымырлап жас тамады екі көзден
Шықтай боп шөп басында жылтылдаған...
Бұл шумақты, мысалы, қазір көз алдымызда қадірі түсіп бара жатқан халық әндерін сүйіп тыңдағандар (әлі де тың­дай­тын­дар) тым жылы қабылдаса керек. Өйт­пегенде қалай, бұл жолдардың астарында «Сусамыр – елдің жайлауы, өмірдің бар ма байлауы» мен «Өтіп дәурен бара жатыр, сіз бен бізге білінбей-ау» жасырынып жатқан жоқ па?! Есенқұл тіпті «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» (Қадыр) екенін бізден артық біле тұра, қазақпен туыстасып кеткен басқа аспаптардың да сүйкімді әуенін құлағыңа әкеледі:
...Сыбырлап айтатұғын әлденені,
Сыртында ауылымның көл бар еді.
Қаздай бір қаңқылдаған қара гармонь
Сені аңсап айлы түнде зарлар еді.
Отырған гармонь тартып балалармен,
О, қайран, қыз бен алма,
Арман еді...
Бір байқалатын нәрсе, бір кездері «Қалада жүр ақынның ірі-ұсағы...» деп бас­талатын өлең жазып, «Есігінің көз­дігі­нен сығалап, Қарайтұғын қаладағы қазақ­тай...» деп шымшығаны болмаса, Есенқұл ауылда тұратын ақын екенін астын сызып айтуға құмартқан да жоқ. Бірақ ауылда тұратынын көпшілік өлеңде­рін­де сездіріп ала беретін. Мысалы, «Жаң­бырлы күн» деген өлеңіндегі «Бүгін де жаңбыр, қаңғыр да күңгір шатырым, Қаңғысам ба екен қақпамнан шығып ақырын» деген жолдар қаланың көп қа­бат­ты үйлеріне үйлеспейтіні, тек Есен­құлдың жеке дара тұрған өз үйіндегі өзі жап­қан (жапқызған) шатырға, қадасын өзі қаққан қақпаға ғана қатысты екені байқалып тұрады. Әрине, бұл ауылда қақ­па біреу ғана емес, басқа да қақпалар бар: «Қақпаға әрбір сүрініп...», «Аса алмадым қоңыр қақпа, ауладан...». Немесе «Кү­пәйкемнің жағасын көтеріп ап, Шық­қым келіп көшеге тұрғаным-ай» әйтпесе «Кеше жалғыз келе жатсам көшеде...» деген жолдарды оқысаңыз, күпәйкені былай қойғанда, көшенің өзі сансыз көліктер ерсілі-қарсылы ызғыған алаулы-жалаулы көше емес, әйтеуір жаныңды түсінер таныс біреу кезігіп қалар деген үміттің маршрутына лайық ауылдық жү­деу­леу көше екенін іштей сезесіз. Ең ақырында, «Көшеңізде шалшық көп» деп келмейді, «Жалтыраған машиналар шеткі үйге» деген анықтама арқылы бұл ақын­ның адресі де белгілі болып қалады. Немесе «Бір әйелге» деген өлеңдегі мына қайырымның қала ақынының тіршілігіне қандай қатысы бар екендігін пайымдап кө­ріңіз: «Алжапқыш киген келіндер қал­май қасыңнан, Тойларда сені көремін қазан асылған...». Ал «Моншадан шыққан моншақ қыз» ше? Қай заманда қайысқан жұрты бар қаланың қай қызы қай моншадан шығып тұрғанын аңғарып едіңіз?.. Қалада тұратын ақын кез келген уақытта «Шарбағы сіздің үйдің көрінбей тұр...» деп осы шақпен сөйлей ала ма? Мұндай мысалдарды Есенқұлдың өлеңдерінен көп­теп теріп алуға болады. Әңгіме онда емес. Бірен-саран болмаса, ауыл туралы қазіргі көптеген өлеңдер көркем-сурет факульте­тінің тәжірибесіздеу студенті дипломдық жұмысына арнап салған тап-тұйнақтай полотноларды елестеді: ауыл – анау, бірақ бірдеңесі жетіспей тұрады. Ал Есен­құл­дың өлеңдерінде көктем кәдімгідей бусанады, жер жібиді, гүлдің исі бұрқырап ке­теді, шыбынсыз жаз мәужіретеді, жаң­быр­дан соң көлкіген су жерге сіңеді, күзгі жел бүрсең қақтырады, қар саусылдайды және осының әрқайсысының ішінде өзің жүрген секілді болып көрінесің. Ақыны­мыздың «Менің жаным – жасыл орман, қалың ну, Адасқандар жапырағын жамыл­ған» дейтіні де содан шығар.
Тағы бір ерекшелік, Есенқұлдың тосын тақырыптар іздеп әуреленбейтіні өлең­дері­нен анық аңғарылып тұрады. Ол көзіне түскен, көңіліне әсер еткен сурет­терді сол бойда сіміріп алады да, дереу поэзиялық өрнек-өрмекке түсіре қояды. «Көне сүрлеу барады ағып суша алға...» деп басталатын өлеңінде көптен соқпай кеткен Бірлік ауылына бара жатқандағы сәтін көркем бейнелесе, «Жүрдек пойыз жүйткіді дүдік-дүдік...» деп жүйтки жөнеле­тін шумақтарында қара мазарлардың тұсынан өткенде қандай ойларға қамалға­нын алқына айтады. «Қабырғасын қалың қурай жасырған» иесіз үй, «қыздары көйлек­терін шешпей-ақ шомылатын» Самсы ауылындағы көл, «жас келіннің төсегіндей былқылдаған» Көкөзек, «газ бен шаңнан, кір мұнардан шаңытқан» Суық­төбе, «қаз-үйрегі қаңқылдап ұшып жатқан» Қарой, «су, бұлағы сусып аққан» Салқынсаз, олармен жүздесіп болсаңыз, сары терезе, қоңыр есік, тал шарбақ, қу ағаш, қураған бақ, шет мүйіс, терең сай, қараңғы жол, тақыр қыр, жас тоғай, жылы оттар, әйтеуір, небір көзкөрген, ыстық, бірақ басқаша боялған, газетшілердің тілі­мен айтқанда, «таныс та бейтаныс» көр­кем көштер көз алдыңыздан тізіліп өтіп жатады. Мұндай суреттердің неге ыс­тық болатынын ұзақ уақыт бойы Маңғыстаудың мұнайын кешкен Темірхан, Жездінің аудандық газетінде әдеби қызметкер болған Жүрсін, Жаңарқада жыл­қы баққан Ғалым Жайлыбай, Түркіс­танда мәдениет бөлімінің отымен кіріп, күлімен шыққан Қасымхан, Өскеменнің Құйған ауылдық мектебінде мұғалім болған Жанат Әскербекқызы тәрізді үл­кен­ді-кішілі ағаларымыз бен замандастарымыз жүдә тереңірек түсіндіріп берсе керек. Бұл да, әрине, бір бөлек әң­гіме.
Ал Есенқұл туралы сөзімізді жалғас­тырсақ, өзінің осындай өлеңдерін оның алдын ала жоспарланған, оқырманды өзіне тартып алуға тиіс міндеттер атқара­тын ерекше бөлімдерге жүйелеп алып жазбағаны да қапысыз сезіледі-ақ. Мысалы, әр кездердегі жыр жинақтарындағы «Өмірім менің өлеңім», «Махаббат, жастық әлемім», «Өмірден бір түңіліп, бір ұмты­лып...», «Махаббат, мархабат», «Ешкімді сүймей, сағынбай...», «Пенде-ғұмыр» деген атаулардың айтары түптеп келгенде бір-ақ тақырып екенінен ақын әуелі нені жазуды емес, қалай жазуды мақсұт тұт­қанын байқауыңызға болады. Тіпті, үңіле қарасаңыз, «Біз екеуміз» әйтпесе «Жеріңе табын» тәрізді жинақтарындағы өлеңдер ешқандай жеке-жеке бөлімдерге де топтастырылмаған, тұтас, бір шаңырақ­тың астына жинала қалған етжақын туыс­тар. Сол себептен де Есенқұл «Көрініп тұрар шын бейнем, Оқырман, осы өлеңім. Гүл терген қыздай күнгейден, Аларсың теріп керегін» деп қалауыңызды өз еркіңізге салады.
Міне, қан-сөлсіз қасаң қағидалардан қашып, өлеңмен еркін сырласып, айталық, езу тартқыза отырып, кенет мұңайтатын; әйтпесе өрті бар өлеңдердің салдарынан абайсызда өзекті тырнап кеткен өкініш­ің­ді лезде уанышпен әлдилейтін; поэзия­ның әлеміш бояулар жағып алған сыртқы сұлулығын емес, ішке түсер мағынасын артық көретіндіктен солай істейтін Есен­құл елу жастан асқан соң бірден алпысқа әзірленді: «Елуден астық...», «Жасым бүгін елуден де кетті асып...», «Елу бес астық...», «Алпысқа қарай асықтың неге, ғұмы­рым...», «Арман көп қой жас алпысқа кір­генде...», «Қалдың, міне, біраз жасты ал­қым­дап...», «Менің де жасым жас емес...», «Тұрса да жас ұлғайып, күрең күз кеп...», «Егде тарттық...», «Алпыс жас тұр-ау, аттасаң болды бір белге...», «Жеттік, міне, алпысқа...»... Әрине, мұнда тұрған еш сора­қылық та жоқ. 1886 жылы «Қартай­дық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» пен «Қар­тайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманды» жазғанда Абайдың жасы 41-де еді ғой. Дегенмен газеттерден Есенқұлдың осындай және басқа да осыларға ұқсас жолдары көзіме шалына берген соң Ақтөбеде отырып тілдей хат жаздым. Әрине, өлеңмен. Өткен жылдың қыс айы болуы керек. Кезінде факспен не элек­трондық поштамен өзіне салып жіберуге ақылым жеткенімен, газет бетінен бір-ақ көргенін мақұл көріп, тартынып қалып ем. Қате бопты. Себебі осы өлеңі бар топтамамды жарияламақшы газеттің беті босамай қойды әйтеуір. Ұнаса да, ұнамаса да Есенқұлдың өзі оқығаны жөн-ақ еді. Ал өлеңім мынау.
 

Ғұмыр

...Алпысқа қарай асықтың неге,
ғұмырым?..
Есенқұл Жақыпбек.

Бізді де түсінетін жұрт бар ма?
Кеттік алпысқа қарай.
Әне, сіңіп барады бұлттарға
Бізбен талай тартысқан арай.

Көкжал Есенқұл ең, талай қан тістеген,
Сұрапыл ең.
Жөн екен ғой әуелде ант ішпеген,
Мен де, шіркін, ұмсынып тұратын ем.

Енді қасқыр да тоқ, қой да аман,
Үндемейді терек-көше, қайың-қала.
Тек біз бе ештеңеге тоймаған?..
Уайымдама.

Мың алғыс жүрегімізге ұзақ
жыл сүйреген,
Рахмет мүжілген тырнағымызға.
Мынау –
кемеміз күйреген,
Анау жап-жас кемпір –
баяғы жырдағы қыз ба?

Анау – сауал – жол ма, сұрақ – із бе?
Мынау – біз гүл үзуге барған маң ба?
...Беу, сонда да өкініш бар ма
мына бізде?
Мына бізде, беу, сонда да арман
бар ма?..
Біреуге арнап өлең жазу да әйтеуір өзіңді (ең алдымен, әрине, сол біреуді) алдай салуға негізделген бір зиянсыз тірлік қой. Әйтпесе осы Есенқұлдың өзі бір ретте кейін сыршыл әнге айналып кеткен «Өнер адамы» деген өлеңінде «...Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да, Ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ» демеп пе еді?! Ал одан әріде Мұқағалидың «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер» дегенін қайда қоясыз?! Соны жақсы білетін Есенқұл өз өлеңдерінің басым бөлігінде өзі арқылы бізге, өзімізді-өзімізге түсіндіріп беруге қызмет етті. Ал оны кім қалай түсінді, бұл – мүлде басқа әңгіме.
Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақтөбе қаласы.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір