Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3266 0 пікір 10 Қаңтар, 2014 сағат 07:09

Бақытбек Смағұлов, мәжіліс депутаты: Барлық бағытта діни ағартушылықты күшейту керек

Мемлекетіміздегі діни жағдайға, радикалды ағымдарға байланысты жасалған депутаттық сауалым қоғам тарапынан қатты талқылауға түсіп отыр. Мұның өзі азаматтарымыздың аталмыш мәселеде бей-жай емес екендігін, немқұрайлы қарай алмайтындығын көрсетсе керек. Дегенмен, журналисттер, зиялы қауым, қоғам тарапынан түрлі сауалдар көбейіп отыр. Ең біріншісі, әлбетте, депутаттық сауалдың мақсатына байланысты.

Мемлекетіміздегі діни жағдайға, радикалды ағымдарға байланысты жасалған депутаттық сауалым қоғам тарапынан қатты талқылауға түсіп отыр. Мұның өзі азаматтарымыздың аталмыш мәселеде бей-жай емес екендігін, немқұрайлы қарай алмайтындығын көрсетсе керек. Дегенмен, журналисттер, зиялы қауым, қоғам тарапынан түрлі сауалдар көбейіп отыр. Ең біріншісі, әлбетте, депутаттық сауалдың мақсатына байланысты.

            Біріншіден, менің мақсатым, қандай да бір алауыздық, түсініспеушілік, бір-біріне деген жек көрініш тудыру, атақ жинау емес, өз жастарымыздың келешек өмірі, олардың тағдырлары мен ата-аналарының, туысқандарының көз жасына байланысты болып отыр. Радикалды топтардың (салафизм, тафирлер) жетегінде кеткені үшін жастарымыз кінәлі емес. Керісінше, олардың болашағына немқұрайлы қараған біз, мемлекет, қоғам айыптымыз. Менің депутаттық сауалым бұл жастарға деген ағалық қамқорлығым, Егемендігіміздің, елдігі мен Тәуелсіздігіміздің теңдігін Ту етіп ұстар ұрпағымыздың тұл өзге жат ағымға құл болмаса деген алаңдаушылығым. Себебі, жас азаматтың, әлі де болса, өзіндік түсінігі қалыптаспаған, сондықтан әртүрлі ағымның жетегінде кетуі оңай. Менің ойым, тек күш қолдану арқылы ғана бұл мәселені шешу емес. Егер біз жас азаматтың бойында діни иммунитет қалыптастыра алсақ, онда ол ешбір ағымның айдауында кете қоймайды. Бейбіт күнде қазақты қазақ ату деген нағыз қасірет. Радикалдармен күресте ең нәтижелі жол – ағартушылық. Менің ұстанымым - «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Сондықтан, депутаттық сауалымда дәстүрлі исламды ЖОО-ында, мектептерде оқытуға басымдық беру қажет деген ұсыныс айттым.

            Екіншіден, идеологиялық күресте керемет жеңіске жетіп жатпағанымызды мойындауымыз қажет. Ал, жеңіске жетудің жолы қан төгумен емес, тер төгумен келетінін, яғни бүлік шыққан жерден өлік шығатынын ескерту. Бұл өте – күрделі, нәзік жүйелі жұмыс. Радикалдар жетегінде кеткендердің барлығын түрмеге қамай, қарсыласқанын ата берсек, біз керісінше нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін. Күш күшті тудыратынын ұмытпаған абзал.   

Үшіншіден, қазақ қай кезден де құдайсыз халық емес. Үш жүзге бөлінсе де, дінге ешқашан бөлінбеген. Мен ешкімнің сақалына жармасқым келмейді, алайда барлық өсудің жолы сақалда тұрса, мен болған Ауғанстан дүниежүзіндегі ең дамыған мемлекет болар еді.   

Сондықтан, мына жұмыстар тез арада қолға алынуы тиіс деп санаймын.

  1. Діни ағартушылықты күшейту. Барлық бағытта.
  2. Телеарналарда арнайы бағдарламалар ашылуы тиіс. Бейнероликтер дайындау қажет.
  3. Шетелден діни уағыз жүргізуге мүлде тыйым салу керек. Тек Діни Басқарманың рұқсатымен ғана жүргізілуі шарт.
  4. Жауапты орган ретінде Мемлекеттік Дін істері агенттігі, құқық қорғау органдарының дін істеріне қатысты жауапкершілік жүктеу туралы заң жобасын жасау, оны қабылдау.

 

 

Бүгін бар ертең жоқ болар,

Дүние мүлкің боқ болар.

Батырлар өтер өмірден,

Сыймастан басы ноқтаға.

Тіріде сыйлай білмесең,

Өлген соң жылап жоқтама.

Жалғаншы мынау дүниеде,

Тал бесіктен тіршілік,

Табытқа барып тоқтаған.

Тіріде пенде не көрмес,

Еліне бәлкім еленбес.

Кеудесіне нан піссін,

Жақсыға жаман теңелмес.

Тар жол тайғақ болса да,

Тоқтамаған кемел көш.

Заманаменен жаңғырар,

Ел үшін туған, ер өлмес!

 

Жақсыны жүрміз жат қылып,

Есекті мініп ат қылып.

Заманға енген қатқылдық,

Адамнан келген сатқындық.

Мырыңды жүрміз мәрт қылып,

Қыртты да жүрміз қарт қылып.

Ептінің бәрін текті етіп,

Арт бүлік, бірақ бет күліп.

Ар алдында ант еттім,

Ауғанда жүріп қан төктім.

Тағдырында тәлкектің,

Қаншама уақыт сарп еттім.

Мінезіменен еркектің,

Қаншама рет тер төктім.

Қаншама рет адастым,

Арасын білмей жер-көктің.

 

Анамның әппақ төсінен,

Ақ уыз ішіп өсіп ем,

Ар азыған алғасын,

Санамнан қалай өшірем?

Ес кірер десе, есінер,

Айырылған ұлды есінен.

Ұлт тағдыры тұрғанда,

Ұрпағы қалай кешірер?

Қазақты қазақ сатпайық,

Қазақты қазақ атпайық!

Бит болып кіріп балақтан,

Ит болып үріп қаппайық.

Атаға тартып ар қуып,

Ананың сүтін ақтайық!

Мәңгілік Ел болуға,

Тәуелсіздікті сақтайық!

 

Дүние шіркін, бөкен-бүлкіл,

Бастан зулап өтер бір күн.

Неткен зіл күн, кеткен күлкің,

Соққан жүрек дүркін-дүркін!

 

 

ҚҰРМЕТПЕН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының

«ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ»

қауымдастығының төрағасы   Б. Смағұл

Abai.kz

0 пікір