Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4342 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:23

Нұржан ТОЙШЫ, «Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі: Дәстүрлі әуендерді шетелдік технологияны қолданып, бірақ ұлттық болмысты сақтай отырып насихаттау қажет

– «Алдаспан» тобы акустикалық дом­быраның үнін бұзды ма, сақтады ма?

– Бұрынғы домбыралардың ішегі мал­дың ішегінен жасалатын болған. Кейін ком­позитор-реформатор Ахмет Жұбанов оркестр құру үшін, оркестр домбыраларын бір стандартқа келтіру үшін нейлон жіпті пайдаланды. 19 пернелі акустикалық дом­быра осылай қалыптасып келді. «Ал­дас­пан» тобы сол форманы сақтады, бірақ дом­быраның ішектерін металға ауыс­тыр­ды. Дегенмен нейлон ішектің дыбысы, тембрі 90%-дай сақталып қалды. 10%-ын жоғалтып алдық, әрине. Алайда бір мұра­ғат­тық жазбалардан күйші Дина Нұр­пейі­со­ваның домбырасының үнін тыңдаған кезде біздің темір ішекті аспабымыздың үнінен аумайтын болып шықты. Сондықтан Ахмет Жұбанов домбырасынан 10% айыр­­машылығымыз бар, ал Дина Нұрпейі­со­ваның аспабынан 2%-дай ғана айыр­ма­шы­лық бар дей аламыз. Технология жағы­нан біздікінің, әрине, мүлдем басқа аспап екені рас. Акустикалық домбыраның үні бәсеңдеу болады, ал электр аспаптың дыбысы зор, олармен үлкен стадиондарда ойнай беруге болады.

– Дегенмен «домбыраны электр аспапқа айналдыру оның үнін, ұлттық бояуын, қасиетін жоғалтады» деген пікірлер тыйылар емес...

– «Алдаспан» тобы акустикалық дом­быраның үнін бұзды ма, сақтады ма?

– Бұрынғы домбыралардың ішегі мал­дың ішегінен жасалатын болған. Кейін ком­позитор-реформатор Ахмет Жұбанов оркестр құру үшін, оркестр домбыраларын бір стандартқа келтіру үшін нейлон жіпті пайдаланды. 19 пернелі акустикалық дом­быра осылай қалыптасып келді. «Ал­дас­пан» тобы сол форманы сақтады, бірақ дом­быраның ішектерін металға ауыс­тыр­ды. Дегенмен нейлон ішектің дыбысы, тембрі 90%-дай сақталып қалды. 10%-ын жоғалтып алдық, әрине. Алайда бір мұра­ғат­тық жазбалардан күйші Дина Нұр­пейі­со­ваның домбырасының үнін тыңдаған кезде біздің темір ішекті аспабымыздың үнінен аумайтын болып шықты. Сондықтан Ахмет Жұбанов домбырасынан 10% айыр­­машылығымыз бар, ал Дина Нұрпейі­со­ваның аспабынан 2%-дай ғана айыр­ма­шы­лық бар дей аламыз. Технология жағы­нан біздікінің, әрине, мүлдем басқа аспап екені рас. Акустикалық домбыраның үні бәсеңдеу болады, ал электр аспаптың дыбысы зор, олармен үлкен стадиондарда ойнай беруге болады.

– Дегенмен «домбыраны электр аспапқа айналдыру оның үнін, ұлттық бояуын, қасиетін жоғалтады» деген пікірлер тыйылар емес...

– Иә, бірақ біз мұндай пікір айтатын адам­дармен күреспейміз. Уақытында акус­тикалық гитара болды. Кейін электр гитаралар пайда болған кезде де көпшілік наразы болған, «мұның не керегі бар, аспаптың үнін бұзды» деп. Бірақ уақыт өте келе бұл аспап та стандарт болып кетті. Қазір эстрада алты ішекті электр гитараны стандартты аспап ретінде пайдаланады. Кезінде малдың ішегінен жасалған ішегі бар домбырада ойнап үйреніп қалған көнекөздер оны Ахмет Жұбанов өзгерткен кезде де жақтырмай, риза болмаған. Біз этникалық жанрға тиісіп жатқан жоқпыз, этникалық бағыттағы өнерде акустикалық домбыра қолданыла береді. Ал біз эстрада өкілдеріміз ғой, эстраданың дамыған саласы – рок. Міне, біздікі – осы бағыт. Электр домбыраны осы өнер түріне ғана қолданып отырмыз. Топтың шығар­ма­шы­лы­ғы көне, дәстүрлі музыкаға негізделген. Музыканттарымыз – акустикалық дом­бы­ра­ны жанына 15 жыл бойы серік еткен кәсіби мамандар. Мен ғана әуесқоймын. Шығармашылығымыздың көздегені түптің түбінде сол қара домбыраны насихаттап, жұрттың қызығушылығын арттыра түсу болатын. Өкінішке қарай, дәстүрлі музыка өкілдері мұны түсінбей, бізге ұрсып жата­ды. Тіпті теледидардан «ұлттық музыкалық аспап­ты бұзғаны үшін қылмыстық жауап­кершілікке тарту керек» деген де сөздер айтылды. Негізінде, біз солар үшін, соларға жас­тардың қызығушылығы аусын деп қызмет етіп жүрген топпыз.

– Ұлттық әуенді заманауи ағым-ба­ғыт­тармен жарастырып дамыту керектігін этникалық музыканың әлем­­дік өкілдері көп айтқанымен, елі­мізде көпшілік бұлай ойламайтын сияқты...

– Бұл жерде басын ашып алатын бір мәселе бар. Біздегі қара домбыра, қобыз, жетіген шеберлерінің шығармашылығына, «Отырар сазы», Құрманғазы оркестр­ле­ріне, этникалық музыканың басқа да өкіл­де­рінің өнеріне жасанды электрониканы қосу, әрине, бұл дәстүрлі музыканы бұз­ған­дық болып есептеледі. Бұл, міне, қылмыс болар еді. Күй ойнаудың 10-нан астам, дәстүрлі әннің бес мектебі бар. Бұл – өнердің іргетасы. Мұны, әрине, бұзуға болмайды. Ал эстрадаға шыққан кезде түрлі-түрлі эксперимент жасау керек. Міне, біздің айтпағымыз, біздің істеп жүргеніміз – осы. Біздің күйлеріміздің ноталық тізбегі, үйлесімі рок жанрына көбірек келеді, ұқсайды. Сол себепті біз қазақтың күйлерін рок жанрына бейімдедік. Шетелдік тыңдармандарға бұл қатты ұнап жатыр. Енді қазіргі заманғы басқа да жанрларда тәжірибе жасап көру керек. Эстрадада бұған қарсы болмау керек, мұнсыз даму болмайды. Ал академиялық дәстүрлі музыка ол онсыз да іргетас болып қала береді, ол мемлекеттік деңгейде сақталып келеді. Эстрада – заманауи, өтпелі мәселе.

– Бір сұхбатыңызда «халықтың ән-күйін жаңғырту үшін ұтымды жанрды таңдай білу керек» депсіз. Роктан басқа қандай жанрларға көзіңіз түсіп жүр?

– Енді мұны екеуіміз отырып талдайық. Сіз де жас адамсыз ғой. Қандай жанрларды таңдаған дұрыс? Мысалы, кейбір өңір­лердің ән айту стилі хип-хопқа келіңкірейді. Ритм-н-блюз дәстүрлі әндерімізге келе қоймайды. Классикалық жанр ұтымды жанр бола алмайды. Джазға Еділ Құсайы­нов ағамыз тәжірибе жасап жүр, ұлттық музыка мен джазды араластырып, шетел­діктер назарына ұсынып келеді. Айналып келгенде, қайтадан рокты айтамыз. Роктың жанға балдай сіңетін әуезді жеңіл және құлаққа жағымсыз тиетін ауыр түрі бар екені белгілі. Біздің күйлеріміз осы ауыр рок стиліне жақын, осы жанрға судай сіңіп кете алады. Бірақ қазақтар бұл жанрды құлақ­қа жағымсыз деп жақтырмай жата­ды. Ал шетелдіктер, тіпті ресейліктер қатты ұнатады, мысалы, «Алдаспанның» ауыр роктан тұратын бірінші альбомы орыстар­дың көңіліне майдай жақты. Сол себепті әр алуан жанрға тәжірибе жасап көру керек. Біздің топ – күй орындау дәстүріне негіз­делген топ. Ауыр рок стиліне келтірген кезде күйлердің табиғатын өзгертпейміз, дәмін бұзбаймыз. Тыңдармандар мұндай шығармаларды ұнатып жатса, демек, дәстүрлі музыканы заманауиландыру үшін таңдалған жанрдың ұтымды болғаны.

– Сіздер тыңдармандардың пікірі­мен әрдайым санасасыздар ма?

– Әрине. Біз осы кезге дейін тыңдар­мандардан тек алғыс естіп келеміз. Әсіре­се шетелдіктерден. Қытай, Еуропа елде­рінде фанаттарымыз бар. Украинада бір қыз өз ақшасына «Алдаспанның» логотипі бар жейде жасатып киіп жүргенін айтты. Біз үшін бұл үлкен абырой болды, тіпті ондайды естігенде көңіліміз босайды, осындай тыңдармандарымыз көп. Қазақ­тың музыкасын шетелдіктер тыңдайтындай ете алғанымыз үшін мақтанамыз да.

– Маған кейде топ ауыр рокқа, метал­ға, қазіргі заманғы этникалық ырғақ­тар мен басқа да жанрларға жал­тақтап, өзінің бастапқы көзде­ге­нінен ауытқып кеткен сияқты көрі­не­ді... Сіз қалай ойлайсыз?

– Біз әдейілеп түрлі жанрларға барып, тәжірибе жасадық. Солай істеп келеміз де. Домбыраның әр алуан жанрдағы мүмкін­дігін көрсетіп, онымен түрлі бағытта тама­ша ойнауға болатынына адамдардың көзін жеткізгіміз келеді. Сонда өзге музы­калық ұжымдар да қара домбыраны заманауи ағым-бағыттармен дамытуға қызығушылық танытады деген үмітіміз бар. Өйткені қазір біз электр домбыраны пайдаланатын жалғыз топпыз. Біз сияқты кемінде он шақты ұжым болуы керек. Егер біз тек ауыр рок жанрында ғана жұмыс істеп жүрсек, электр домбыраның бар мүмкіндігі насихатталмас еді. Сол себепті электр домбыраны дамытуды көздейтін «Алдаспан» тобы бұл бағытта ағартушы іспетті еңбек етіп жатыр. Келер жылы электр домбыраның көмегімен орыс тілінде рок әндерді орындағымыз келіп отыр. Көрсін бәрі, естісін, білсін, танысын. Онсыз біз дамымаймыз.

– Әңгімеңізге қарағанда, сіздер сияқты электр домбырамен өнер көрсетуге ниет білдіретін музыкалық ұжымдар ашылып жатса, оларға қарсы болмайсыз ғой? Бәсекелес санайтын боласыз ба, әлде ізбасар деп қарайсыз ба?

– Менің үмітім бар, электр домбыраны насихаттағысы келетін музыкалық ұжым­дар шығатын сияқты. Әрине, топ құру, музыкалық қызметті бастау көп қаржыға тіреледі, бұл – өте күрделі жұмыс. Тіпті эстрадада жүрген өнерпаздардың көбі менеджмент пен промоутерлік жұмыс жағынан ақсап жатады. Сонымен бірге электр домбыраны алып жүру үшін біздің топтағы музыканттар сияқты консер­ва­торияны бітірген, ұзақ жылғы кәсіби тәжірибесі бар мамандар қажет. Дегенмен сондай коллективтер шығып жатса, мен тек қана қуанатын боламын. Себебі электр гитарада ойнайтын миллиондаған топ бар, олардың ешқайсысы бір-біріне кедергі жасап жатқан жоқ. Тіпті бір жанрда жүрсе де, бастары сыйып жатады, әркімнің өзіндік ерекшелігі болады. Сондықтан қызығушылық танытқан топтар болса, қорықпай, бізден электр домбыраны сатып алып, кәсіби қызметпен айналыса беруіне жол ашық.

– «Алдаспанның» композициялары қазір әлемдік чарттардан естіліп жүр ме?

– Тобымыз кең тарала қоймаған жанр – хеви-метал мен треш-метал бойынша жұмыс істейтін америкалық лейблдің тәуелсіз чартына қатысқан еді. Бірақ 2012 жылдың соңына қарай бұл чарт жабылып қалды. Дегенмен сол хит-шерудің екінші орнына көтерілуіміздің өзі бізді танымал етті. Ең алғаш қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына сол жетістігімізбен белгілі болдық.

– Топтың шығармашылығына қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстанда дүниеге келген тұңғыш халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri жобасы қалай әсер етті?

– Тобымызды құрғаннан кейін өзім этникалық музыкаға негізделген үздік музыкалық топтардың өнерін кеңінен көрсе­тетін жоба, сахна болса деп арман­даушы едім. Әрине, оны біреудің ұйым­дас­тырып беруі екіталай ғой деп қапа­ла­натынмын. Сол уақытта ойымды сезгендей The Spirit of Tengri фестивалі дүниеге келді. Ұйымдастырушыларға мың да бір рақмет. Бұл қазіргі заманғы этникалық музыка, яғни этника мен рок, электроника аралас­қан форматтағы сахнаға айналды. Таза этникалық музыкаға арналған фести­валь­дер әлем бойынша өте аз. Ал бұл Орталық Азия аумағында туыстас түркі-моңғол халықтарының ұлттық музыкасын бірік­ті­ретін, соған мамандандырылған, тұғыр­на­масы берік, мақсаты айқын тұңғыш музыкалық фестиваль болды. Енді бұл жобаны ары қарай дамыту керек, ол бір сахнада емес, бірнеше сахнада және бір күн емес, бірнеше күнге созылатын болуы тиіс. Мазмұн-формасы жағынан фести­валді таза акустикалық жобалар, этно-рок, этно-эстрада және электронды музыка деп бірнеше бөлімге бөлуге де болады. Сонымен бірге келешекте The Spirit of Tengri музыка ғана емес, түбі бір халықтар өнерінің өзге де салаларын қамтуы қажет деп ойлаймын. Ұйымдастырушылардың, әсіресе идея авторы Жан Қастеевтің ойында бұл мәселелер бар, оны білемін, біз жобаны әрдайым қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ этникалық мұраны насихат­тай­тын әрбір жоба мемлекеттің және отаншылдық сезімі мықты меценаттардың қолдауымен өтуі керек. Музыкалық фести­вальдер бірден танымал болып кетпейді, әдетте мұндай жобалар бес жылдан соң ғана айтарлықтай бедел мен үлкен ауди­торияға ие болып жатады.

– Жуырда халықаралық жобада қазақ өнерін паш ету мүмкіндігі «Алдаспан» тобына бұйырыпты. Сол туралы айтсаңыз.

– Ұлыбританиялық Addictive TV дуэті қолға алған Orchestra of Samples жобасы дүниежүзі халықтарының ұлттық музы­ка­сын бір бейнекомпозицияға біріктіруді көздеген. Біз бұл жобада қара домбырамен бірге электр домбыраны да көрсетпек болғанбыз. Бірақ, өкінішке қарай, оған уақыт жетпей қалды. Оларға акустикалық домбыраның өзі қызық болып көрінді. Сонымен бірге музыканттарымыздың шаңқо­бызда ойнағанын да жазып алды. Addictive TV төрт жыл бойы әлемнің көпте­ген елінде болып, этникалық музыка үлгі­лерін жинастырған. Бұл – беделді, танымал өнер ұжымы, солардың бейне­ма­те­риалына енген композициялардың көмегімен әлем жұртшылығы түрлі халық­тар­ды танитын болады, соның ішінде біз арқылы қазақ халқын дүниежүзі білетін болады.

– «Алдаспан» этно-рок тобының мақ­саты да дәстүрлі әншілер шығар­ма­шылығы сияқты халық музыкасын насихаттау» деп үнемі айтасыз. Осы халықтық музыканы, көне әуендерді, күйлерімізді, жыр-термелерімізді, сал-серілер дәстүрін қалай танымал етуге болады?

– Біздің топтың соло домбырашысы Мақсат Хасанов қазір магистратурада жаһандану заманында дәстүрлі музыканы жоғалтып алмау үшін не істеу керек деген мәселені зерттеп жүр. Осы зерттеу бары­сында ол ауылдың және қаланың тұрғын­дарынан «Қандай күйшілерді, күйлерді білесіз?» деген тақырыпта сауалнама алған. Сол кезде көпшілік Құрманғазыдан басқа ешкімді, «Адай» күйінен басқа ешбір күйді білмейтін және естімеген болып шықты. Бұл – өте өкінішті жайт. Кейде ауылдың қазағы өзін «нағыз қазақпыз» деп мақтап жатады, бірақ ауыл қазағы да дәстүрлі музыкадан бейхабар екен, дәстүрлі әннің қанша мектебі барын, қандай өңірлерден қандай жыршылар шыққанын білмейді. Керісінше, қала қазақтарының біраз нәрсе білетіні анықталды. Сонда «нағыз қазақ­пыз» деп жүрген ауыл қазағы Қайрат Нұртас­ты ғана тыңдап жүргеніне мәз бе?! Демек, халық музыкасын насихаттауды, танымал етуді мықтап қолға алу керек. Бұл бағытта «Алдаспан» тобының халықтық ән-күйлерді жаңа заманға бейімдеп шыға­руы дұрыс шешім дер едім. Дәстүрлі әуен­дерді танымал ету үшін шетелдік техно­логияны қолданып, бірақ ұлттық болмысты сақтай отырып, насихаттау қажет. Бұдан жұрттың қызығушылығы артады деген бір үміт бар. Ал таза акустикалық жобалармен, академиялық қалпында халықтың қызы­ғушы­лығын туғызу ешқашан мүмкін болмайтын сияқты. «Отырар сазы» қашан­нан бері ойнап келе жатыр, Құрманғазы оркестрі қанша уақыттан бері өнер көрсетіп келеді, бірақ одан ұлттық музыкаға деген құлшы­ныс, сұраныс артты деу қиын. Жастар оларды тыңдап жатқан жоқ, ұялы телефондарына олардың mp3-ін қойып жүрген жоқ.

– Дәстүрлі ән мен халық музыкасы үшін арнайы жоғары оқу орнын ашу қажет емес пе?

– Тағы да Мақсат Хасановтың мәлі­мет­теріне сүйенейін. Оның айтуынша, күй ойнау дәстүрінің 12 мектебі болса, консер­ва­торияда оның жеті мектебі оқытылады екен. Оның ішінде, төкпе күйді ойнауды меңгерген домбырашылар шертпе күйді нақышына келтіре алмайды. Керісінше, шерт­пе күйдің шеберлері төкпе күйді жақсы ойнамайды екен. Демек, күй дәс­түрінің әр мектебін жеке, терең оқыту қажет. «Дәстүрлі ән мен күй үшін жеке жоғары оқу орнын ашу керек» деген пікірді сол себепті құптаймын. Өйткені бір ғана күй саласының өзі үлкен, күрделі, көп­қырлы.

– Қазақ эстрадасында фоно­грам­маны қолдану мәселесі өзекті екенін білесіз. Жанды дыбыс туғызушы музы­каның өкілі ретінде үлкен сахна­лар­дағы көзбояушылыққа қалай тосқауыл керек деп ойлайсыз?

– Кішкентайымнан жанды дауысты тың­дап келе жатқан адам болғандықтан, мен фонограммамен ән салатын адам­дарды түсінбеймін. Телеарналарда түсірі­лімдер болған кезде студияның техникалық мүмкіндігіне қарай фонограмма қолда­ны­луы мүмкін, өйткені студиялардың техни­калық негізі әлсіз, техникалар өте қымбат болады ғой. Ондай жағдайда үнемі жанды өнер көрсететін біз де алдын ала жазылған дыбыспен шығамыз. Бұл жағдай үшін телеарналарға реніш жоқ, әрине. Сол сияқты кейбір концерттерді ұйым­дас­ты­ру­шылардың қымбат аппаратура қоюға мүм­кіндігі келмей жатады. Кәсіби мамандар, дыбыс инженерлері болмай жатады. Мұн­дай кезде де түсіністікпен қарап, жанды өнер көрсетпеуге келісеміз. Ал мүмкіндік бар уақытта да үлкен сахналарда жанды ойын көрсетпейтін музыканттардікі біз үшін түсініксіз. Меніңше, бұқаралық ақпа­рат құралдары, теледидар мен радио аспап­та тірілей ойнап тұрып, өнер көрсе­тетін музыкалық топтарды көбірек насихаттауы керек. Дыбыс қалай шығып жатыр, соны білуге халықтың көзін ашса... Жалпы, тірі музыканы халықтың талғамына кіргізу керек. Сонда ғана қалыптасқан мәселе өзгере бастай ма деп ойлаймын. Ресей­де бұл мәселе әлдеқашан жолға қойылды. Поп-музыка өкілдері сахнада жанды өнер көрсететін болды. Жанды дауыс­пен ән салу намысқа айналды. Фоно­граммамен ән шырқап жүрген адам­дардың вокалды-инструментті ансамблі болғаны дұрыс, техникалық жағынан жарақ­тандырылмаған сахнада плюсімен айта берсін, ал басқа уақытта, мысалы, ақшаны жеткілікті төлейтін кезде тобын алып келіп өнер көрсетсін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор: Болатбек МҰХТАРОВ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір