Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4293 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:20

Өлiмнен кейiн өмiр бар ма?

Өлiмнен кейiн өмiр бар ма, жоқ адамның жаны оның денесiмен бiрге өле ме? Бұл сұрақ ғалымдарды ғана емес, кез келген пенденi тол­ғантатыны түсiнiктi. Өлiмнен кейiн адамның жаны өлмейдi, қайта дүниеге келедi деген тео­рияны ұстанатын зерттеушiлердiң келтiретiн өз дәлелдерi бар.

Өлiмнен кейiн өмiр бар ма, жоқ адамның жаны оның денесiмен бiрге өле ме? Бұл сұрақ ғалымдарды ғана емес, кез келген пенденi тол­ғантатыны түсiнiктi. Өлiмнен кейiн адамның жаны өлмейдi, қайта дүниеге келедi деген тео­рияны ұстанатын зерттеушiлердiң келтiретiн өз дәлелдерi бар.

САНА-СЕЗIМ ӨЗ БЕТIНШЕ ӨМIР СҮРЕДI
Клиникалық өлiмдi бастан кешiргендер жаны денесiнен ұшып кеткен соң, өзiн-өзi жеңiл сезiнiп, жарыққа толы әлемге барғандарын айтып жатады. АҚШ ғалымы Роберт Ланца адам денесi өлсе де, рухы мәңгiбақи өмiр сүре бередi деп болжайды. Ланцаның “Биоцентризм: өмiр мен сана – ғаламның нағыз табиғатын түсiнудiң кiлтi” атты кiтабында бұл болжамның дұрыстығын дәлел­дейдi.
Ланца – регенеративтi медицина маманы және Advanced Cell Technology компаниясының ғылыми жетекшiсi. Бұған дейiн жұлын жасушаларын зерттеп, жойылып бара жатқан жануарларды клондау бойынша сәттi тәжiрибелер жүргiзген. Бiрақ бiрнеше жыл бұрын физикаға, кванттық механика мен астрофизикаға ден қойған профессор жаңа биоцентризм теория­сын ойлап тапты.
Осы теорияға сәйкес, өлiм жоқ. Өлiм – бұл адам санасында пайда болған қиял ғана. Бұл қиял адам өз өмiрiн денесiмен байланыстырғандықтан пайда болды дейдi ол. Себебi ерте ме, кеш пе, адам өз денесiнiң өлетiнiн бiледi. Денесi өлсе, рухы мен санасы қоса өшедi деп есептейдi. Бiрақ сана-сезiм уақыт пен кеңiстiктен тыс өмiр сүредi. Яғни, адам санасы денеде де, денеден тыс жерде де өмiр сүре бередi. Бұл болжам кванттық механика заңдарына томпақ келмейдi. Өйткенi оған сәйкес, қандай да бiр бөлшек кез келген жерде жылжи бередi, ал қандай да бiр оқиға бiрнеше нұсқа бойынша өрбуi мүмкiн.
Ланцаның ойынша, бiздiң ғаламнан бөлек, тағы көптеген ғаламдар бар. Бiздiң ғаламда оқиға бiр нұсқа бойынша өрбi­се, өзге ғаламдарда дәл осы оқиға мүлде басқаша өрбидi. Яғни, бiр ғаламда дене өлiп қалса, оның санасы басқа ғалам­ға ауысып, өмiр сүруiн жалғастыра бередi.
Бiр ауыз сөзбен айтқанда, қазадан кейiн адам жаны жаннатқа немесе тозаққа емес, бас­қа ғаламға аттанып, өмiр сүредi. Бұл – шексiз жалғаса беретiн процесс.
Ланцаның бұл теориясын жақтаушылар да, даттаушылар да көп. Медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Дж.Экклздың пiкiрiнше, адамның сана-сезiмi өлiмнен кейiн өз бетiнше өмiр сүре бередi.
 
О ДҮНИЕ МЕН БҰЛ ДҮНИЕНIҢ АРАСЫНДА
Клиникалық өлiмге тап болатын адамның нелiктен салмақсыздықты сезiп, жеңiл, бейқам, тыныш күй кешетiнiн ғалымдар түрлiше түсiндiрiп көрдi. Өлiм мен өмiрдiң арасында қалған жандар кешетiн күйдi “өлiмге жақын хал” деп атайды. Бұл термин осыдан 30 жыл бұрын пайда болған.
Көп зерттеушi бұл сезiмдi психофизикалық себептермен байланыстырады. Бiрi миға оттегi жетiспегендiктен, адам миы өзгерiске ұшырайды десе, ендi бiрi өлiмнен қорқу сондай реакция тудырады дейдi.
Голландия ғалымы Пим Ван Ломмель жетекшiлiк ететiн зерт­теу тобы “адам өлiмге жақын халдi нақты қай уақытта кешедi: клиникалық өлiм ке­зiнде ме, әлде ми мүлде өлiп қалғанда ма?” деген сұраққа жауап iздеп көрдi. Кездейсоқ оқиғаның арқасында осы сұрақтың жауабы табылды.
Бiрде ауруханаға комаға түсiп қалған ауру жеткiзiлдi. Жүрек массажы, қолдан дем алдыру жасаса да, түк шықпады. Әлгiнiң миы өлiп қалды, ал энцефалограмма ұзын жасыл сызықты көрсеттi. Осы кезде дәрiгерлер интубацияға жү­гiнiп, көмейге арнайы түтiкше жiбер­мек болады. Сөйтсе, аурудың аузында тiс протезi бар болып шықты. Дәрiгерлер протездi алып тастап, қапе­лiмде оны жылжымалы үстелге сала салған. Жарты сағаттан кейiн аурудың жүрек ырғағы мен қан қысымы қалпына келедi. Бiр аптадан кейiн денсаулығы дұрысталып, аяқтан тiк тұрған соң, тiс про­тезiн қайтаруды сұрапты. Сөйт­се, жөпелдемеде ем жасаған дәрiгерлер протездi қайда қойғанын ұмытып қалса керек. Ал сол кезде ес-түссiз жатқан ауру дәрiгер­лердiң протездi қайда қойғанын өзi бүге-шiгесiне дейiн суреттеп берiптi. Дәрiгерлер мұны қайдан бiлдiң десе, өмiр мен өлiмнiң арасында жатқан адам төсектiң төбесiнен өзiн және дәрiгерлердiң әрекетiн бастан‑аяқ бақылап тұрған екен. Ол бұл уақытта палатадағылардың не iстеп не қойғанын ғана емес, өзiн дәрiгерлер құт­қара алмаса қайтем деген үрей билегенiн егжей-тегжейлi баян­дап берiптi. Дәрiгерлерге өзiнiң тiрi екенiн сездiруге тырысқаны да оның есiнде қалыпты.
Осы оқиға адамның санасы миы мен денесiнен тыс жерде де өмiр сүре беретiнiн көрсет­тi.
 
ҚҰДАЙДЫҢ ОРНЫ БЕЛГIЛЕНБЕГЕН ТЕОРИЯ
Американдық физиолог Гэри Шварц – өлiм құпиясын зертте­гендердiң бiрi. Аризона универ­ситетiнiң энергетикалық жүйелер зертханасында түрлi тә­жiрибе жасаған ол жоғарыдағы теорияның дұрыстығына көз жеткiзген. Сондай‑ақ, ол өлi­лермен байланыс орната алатын адамдар – медиумдар феноме­нiн зерттеп көрдi. Ғалымның ойынша, бақилық бол­ған адамдардың энергиясы мен ақпараты ғаламда қалып қояды. Адамдар дәл жұлдыз тәрiздi көзге көрiнбейтiн жарық фотондарын бөледi. Ал бұл фотондар ғарышқа тарайды. Осылайша адамның ақпараты, энергиясы мен сана‑сезiмi өмiр сүруiн жалғастыра бередi.
Осы болжамды АҚШ‑тың профессоры Стюарт Хамерофф та құптайды. Оның болжамынша, адам миы – кванттық компьютер, ал оның рухы мен сана‑сезiмi – кванттық деңгейде жинақталған ақпарат. Дене өлген соң осы ақпарат ғаламмен қосылып, онда мәңгiлiк ғұмыр кешедi.
Хамерофф және оның әрiп­тесi Роджер Пенроуз са­на­сезiмдi тасымалдайтын эле­мент­­тердi таптық деп есеп­тейдi. Бұлар – нейрондардың iшiнде орналасқан ақуыз микро­түтiкшелерi.
Ланца, Шварц, Хамерофф пен Пенроуздар өлiмнен кейiн өмiр барын ғылым тiлiнде түсiндiрiп көруге тырысты демесеңiз, о дүние туралы тү­сiнiк бағзы заманнан берi дiнде бар. Бiрақ әзiрге бiр­де‑бiр ғалым өз теориясында Құдайдың орнын белгiлеген емес.
Елнұр Бақытқызы
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551