Жұма, 21 Маусым 2024
Ақмылтық 2371 5 пікір 28 Мамыр, 2024 сағат 12:40

Қазақ тілі пәні: Мектеп бағдарламасы әлі қисық!

Коллаж: Abai.kz / суреттер автордың жеке мұрағатынан және Егемен сайтынан алынды

Мектепке қатысты функционалды білім, функционалдық сауаттылық дегенді көп айтамыз, жиі айтамыз.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы оны жалпыға бірдей тегіс керек білім дейді. Орта мектептегі қазақ тілі – баланың келешегіне азық болатын нағыз функционалды білім беретін пән. Ол дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйретеді. Бұл өмірде жазбайтын, сөйлемейтін адам жоқ. Тілші, әдебиетші, журналист қана жазбайды, бәріміз жазамыз, бәріміз сөйлейміз. Мектептегі оқушыны дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрететін, яғни, функционалды білім беретін пән болғандықтан, қазақ тілі мектептегі пәндердің ішіндегі негізгісі, төресі!

Біріншіден, қазақ тілі нағыз керек білімді, яғни, сөйлеуді және жазуды үйретеді.

Екіншіден, ішінара ғана емес, жалпыға тегіс керек білімді үйретеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бәріміз сөйлейміз, бәріміз жазамыз. Әрине, мектептегі барлық пәндер баланың болашағына керек білімді үйретуге міндетті. Функционалдық білім дегеніміз осы. Бірақ, жұрттың бәріне тегіс керек білімді, тек қазақ тілі ғана үйретеді. Өйткені ол сөйлеуге және жазуға үйретеді. Бәрінің физик, химик, математик болуы екі талай, ішінара ғана болады. Ал бірақ, сөйлемейтін физик, жазбайтын математик болмайды.

Иә, қазақ тілі функционалдық сауаттылыққа үйрететін пән, оның мектептегі басқа пәнен айырмасы, мұндағы білім ішінара емес, барлық оқушыға тегіс керек. Сондықтан мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі де мұғалімдердің төресі, яғни олардың жауапкершілігі өте жоғары болу керек. Қазақ тілі пәні сөйлеу мен жазуға үйретсе, әдебиет ұлттың болашағын тәрбиелейді. Екі пәнді де бір маман жүргізетіндіктен осының арасын өздері анық ажырата білуі тиіс. Иә, бүгінгі орта мектепте осы негізгі пәндердің сыйқы кетіп ақ тұр. Реформадан көз ашпаған мектептің бағдарламасы әлі қисық. Қазақ тілінің де, әдебиетінің де.

Жалпы мемлекеттік тілге қатысты, оны оқытуға, оның зерттелуіне, оның қолданылуына қатысты жоғарыдан оң шаралар қабылданып жатыр. Бұл – құптарлық жағдай.

- Ең бірінші, азаматтық алатын кезде мемлекеттік тілді білу талабы туралы заң қабылданып жатыр.

- Содан кейін орта мектептердің бәріне биыл жылдың аяғында 5 сыныптан бастап 11- сыныпқа дейін емтихан алу ережесі бекітілді.

- Үшінші, жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін оқытудың жаңа бағдарламасы бекітілді. Осындай оң нәрселер болып жатыр. Сөйте-сөйте мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға да жетіп қалармыз.

Көбіміз мектептегі қазақ тілі грамматиканы ғана үйретеді деп ойлаймыз, негізінен қазақ тілі пәні мынадай төрт мақсатты қамтиды:

1. Дұрыс, шебер сөйлеуге үйрету (ауызша барлық стильде мәтін тудыру дағдысын жетілдіру);

2. Сауатты жазуға үйрету (барлық стильдің жанрларында жазбаша мәтін тудыру дағдысын қалыптастыру);

3. Қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай лингвистикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын, құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу);

4. Ұлттық дүниетанымын қалыптастыру (тіл арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, аялық білімді меңгерту, әлемнің қазақ тіліндегі бейнесін түйсіну).

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде республикада мынадай екі түрлі жүйе бойынша оқытылады: бірі – комуникативтік дағды қалыптастыру, бірі – академиялық білім беру. Коммуникативті дағды қалыптастыру жүйесі: балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі оқытуды қамтиды. Ал академиялық білім филолог мамандарға арналған оқу жүйесі. Мектептегі білім коммуникативтік дағды қалыптастыруды басшылыққа ала отырып функционалдық сауаттылыққа үйретеді.

Тәуелсіздік алғалы біздің мектептегі білімді кім басқармады. Барлығы бір бір бастама көтерді. Кеңестік оқулықтарды кетіріп жаңа буын оқулықтарымен оқып жатқан тұста министрлік 2006 жылы он екі жылдық мектеп жүйесіне өтеміз деген әрекет бастады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі N 681 қаулысымен бекітілген 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру қабылданып, 2008 жылы 1 қаңтардан бастап қолданылысқа енгізілді. Бағдарламасын жасап, оқулығын шығарып, пилоттық мектептерге сынап та тастадық. Бірақ аяқ астынан 2016 жылы жаңартылған бағдарлама енгізіліп, он екі жылдық білім жүйесіне қатысты басталған жұмыс аяқсыз қалды. Жаңартылған бағдарлама шыққаннан кейін көпшілік жиындарда, семинарларда, әлеуметтік желілерде сынала бастады. Одан кейін сол кездегі білім министрі болған Асхат Аймағамбетов 2022 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін съезге шақырып, жаңартылған бағдарламада кемшіліктер болса, оны жетілдіру керек деген пәрмен берді. Содан бері өтті міне екі жыл.

Тыныштық орнап тұр, сұрасақ министрлікте бүгін отырғандар жаңартылған бағдарламаны жетілдіріп жатырмыз дейді. Алдымен оның стандарты жасалуы керек екен, қазір соны түзіп жатырмыз дейді...

Көмектесуге әзірміз! Оны өздеріне айттық.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

5 пікір