Жұма, 21 Маусым 2024
Саңлақ 1475 2 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 13:26

ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Иә, иә, команда тағдырын шиырыла тасталған бақыр тиынның шешкен кезі де болған... Біз Еуропа чемпионаттарының шежіресін шертуді әрі қарай жалғастырамыз.

Менсінбегендер мерекеден сырт қалды

Алдыңғы екі бәйгенің деңгейі ұйымдастырушылардың көңілінен шыққан соң, УЕФА енді бұл турнирді одан әрі қызықты да тартымды ете түсудің жолдарын қарастыра бастады. Сөйтіп, 1965 жылдың күзінде өткен конгресс шешімі бойынша, бұрын «Еуропа кубогы» делінетін доп додасы бұдан былай ресми түрде «Еуропа чемпионаты» деп аталатын болды және әуелгідей барлық сатыда бірдей кубоктық жүйемен ғана шектелмей, жарыс әрі топтық (іріктеу турнирі), әрі кубоктық (ширек финалдан бастап) үлгіде өтеді деп келісілді. Іріктеу кезеңінде УЕФА-ға мүше 33 елдің 31-і (тек Исландия мен Мальта ғана қатысудан бас тартты) 8 топқа бөлініп, олардың жеңімпаздары ғана ширек финалға шықты.

Іріктеу кезеңінде осыдан бұрынғы турнирдегі Люксембургтің Голландияны жеңгеніндей, естіген жанды естен тандырар сұмдық сенсациялар бола қойған жоқ. Дегенмен әу бастағы мамандардың ойын жоққа шығарған бірнеше күтпеген оқиғаның болғаны рас. 1-топта испандықтар турнирді Чехословакия құрамасынан екі ұпай алда аяқтағанымен, олардың өкшесін басып келе жатқан басты қарсыластарының екі ойыны кем еді. Әрі сол кездегі Еуропа чемпиондары турнирде өте сүреңсіз ойын көрсеткендіктен, керісінше, нағыз спорттық бабында тұрған чехословак футболшыларының ширек финалға қиналмай шығатынына жұрт еш күмән келтірген жоқ-ты. Шығысеуропалықтар Ыстамбұлда тең ойынға қол жеткізгеннен кейін бұл сенім тіптен үдей түсті. Себебі, соңғы матчта ЧССР футболшылары топтағы ең әлсіз құрама – Ирландияны қабылдауға тиіс болатын.

Өкінішке қарай, мұндай астамшыл ойға команда жаттықтырушысы Йозеф Марко да бой алдырса керек, кез келген есеппен жеңсе болды, келесі сатыға ілінгелі тұрған шешуші кездесуге негізгі қақпашы Иво Викторды шығармай, оның орнына талантты болғанымен тәжірибесіз Антонин Крамериусті қойды. Ойын бітуге 25 минут қалғанда алаң иелері 1:0 есебімен ұтып жатты. Алайда «сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытқан олар 65 және 86-минуттарда екі гол жіберіп алды. Екеуінде де команда капитаны, 1962 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ян Поплухар өрескел қателік жіберді. Мұндай нәтижені күтпеген испандықтар қалпақтарын алақайлап аспанға атты – олар топ жеңімпазы атанды! Кейін олар Ирландия футбол федерациясына бірнеше жәшік ұлттық шарап түрлерін сыйға тартыпты. Ал бұл матч Поплухардың құрама сапындағы соңғы ойыны болды.

4-топта да тура осыған ұқсас жағдай болды. Құрлықтық додаға тұңғыш рет түскен (бұдан бұрынғы екі чемпионатқа олар мүлде қатыспаған болатын) Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) құрамасы соңғы турда сырт алаңда Албаниямен кездесті. Чехословактар секілді, олар да кез келген есеппен жеңсе болды, ширек финалға шыға алар еді. Немістердің қажетті екі ұпайға қол жеткізетініне басқа түгілі, олардың басты қарсыластары –югославтар да күмән келтірген жоқ. Алайда бас бапкер Хельмут Шен де «шектен тыс сенімділік» дертінен ада емес екен, Тиранаға Уве Зеелерді де, Герд Мюллерді де, Франц Беккенбауэрді де, Зепп Майерді де, яғни команданы алға сүйреп жүрген жігіттердің ешқайсысын апармады. Нәтижесінде осыған дейінгі ойындарда өз қақпасына 12 доп жіберіп алып, өздері бірде-бір гол соқпаған албандықтармен 0:0 есебімен тең түскен ГФР құрамасы екінші орында қалып, ширек финалға Югославия шықты.

Өзге топтардағы ахуал бұлармен салыстырғанда жайбарақат еді. Дегенмен 5-топтағы Голландия – Венгрия (2:2) матчында әлем футболының болашақ жарық жұлдызы Йохан Кройфтың тұңғыш рет құрама жейдесін киіп, өзінің алғашқы голын соққанын, 8-топтың шешуші кездесуі саналған Шотландия – Англия (1:1) ойынын Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында 134 мың 500 адамның тамашалағанын (Еуропа чемпионаттары тарихында көрермені бұдан көп матч болған емес) айта кеткен жөн.

Көптен күткен жеңіс

Сегіз топтың жеңімпаздары ширек финалда былай жұптасты: Англия – Испания (1:0, 2:1), Италия – Болгария (2:0, 2:3), Югославия – Франция (5:1, 1:1), КСРО – Венгрия (3:0, 0:2). Қорытынды есептерден көрініп тұрғанындай, мұнда тек югославтар ғана қарсыластарынан айқын басым түскен. Қалған ойындарының бәрі де өте тартысты өтті. Неапольдегі матчта болашақ құрлық және әлем чемпионы, итальян футболы тарихындағы ең үздік қақпашы Дино Дзофф тұңғыш рет «скуадра адзурраның» көгілдір жейдесін киді. Бірінші ойында быт-шыт боп ұтылған Кеңес Одағы құрамасы Мәскеуде венгрлерді жеңіп қана қойған жоқ, «жермен-жексен етті» десек, артық болмас. Команданың тамаша ойынына риза болған 100 мың жанкүйер кездесу аяқталған соң орындарынан тік тұрып, қол соқты.

Ширек финалдың жеребесі тартылар кезде Еуропа чемпионаты ережесіне мынадай өзгеріс енгізілді: «егер командалар матч басталмас бұрын ойын тең аяқталған жағдайда екі күннің ішінде қарымта кездесу өткізу туралы келісіп алмаған болса, онда жұп жеңімпазы жеребе арқылы анықталады». Бір қызығы, жаңа ереженің қолданылуын жұрт көп күте қойған жоқ. Біріншіліктің Италияда ұйымдастырылған ақтық сынында, дәлірек айтсақ, жартылай финалда алаң иелері мен КСРО футболшылары күш сынасты. Қарсыластар бір-бірінің аңысын аңдыған бірінші тайм да, алма-кезек шабуылмен өткен ойынның екінші бөлігі де, қақпа алды үздіксіз қарбалас болған қосымша 30 минут та ешқандай нәтиже берген жоқ – таблодағы 0:0 сол күйі сіресті де тұрды. Екі жақ қарымта ойын жөнінде алдын ала келісіп алмаған соң, жеңімпаз жеребе арқылы анықталатын болды.

Жеребе неміс төрешісі Курт Ченчердің, УЕФА өкілі, испандық Агустин Пуйольдің және команда капитандары Джачинто Факкетти мен Альберт Шестерневтің қатысуымен тартылды. Олардың ортасына киіп-жарып кіріп барған КСРО құрамасының бас бапкері Михаил Якушин өз естелігінде былай дейді: «...Пуйоль қолына француздың он франктік теңгесін алып, «қай жағын таңдайсыз?» деп Шестерневке қарады. Ол үндемей тұр. Мен шыдамай: «Фигура жағын таңда!» – деп қалдым. Өйткені бұл монетаның фигура беті сәл жеңілдеу секілді сезілген-ді маған. Бірақ Альберт ақылынан алжасқандай сілейіп тұрды да қойды. Пуйоль қашанғы күтіп тұрсын, әлгіндей сауалды енді Факкеттиге қойды. Ол бірден «Фигура!» деді. Теңге аспанға лақтырылды да, құлдилап жерге түсті. «Фигура!» деп Факкеттидің жандаусы шыққан соң-ақ, біз үшін бәрі біткенін түсіндім». Ал Италия футбол федерациясының президенті, УЕФА-ның болашақ басшысы Артемио Франки ойыннан соң: «Біздің команда жеңіске лайық болды, бірақ оған кеңес құрамасы да лайық еді», – деп ағынан жарылды.

Екінші жартылай финал да (Югославия – Англия – 1:0) жанкүйер қауымның жанын бір сәтке де тыным таптырмайтын тартысты матч болды. Кілең жас жігіттерден жасақталған югославтардан жеңіліп қалғанына намыстанған ағылшындар (қанша дегенмен, сол кездегі әлем чемпиондары емес пе?) қола жүлде үшін болған айқаста барын сала ойнап, КСРО футболшыларынан басым түсті (2:0).

Ал финал... үш күнге созылды. Әуелгісі 8 маусымда өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. 39-минутта Драган Джаич есеп ашқан соң, югославтардың оны еселей түсуге бірнеше мүмкіндігі болды, бірақ Дзофф керемет ойнады. Тиффозилер қайта-қайта сағаттарына қарап, тыпыршып отырғанда айып добын шебер орындаған Анджело Доменгини таразы басын теңестірді. Бұл ойынның 81-минуты болатын.

Алдын ала келісіп алғандықтан, алтын жүлденің тағдырын жеребе емес, қарымта матч шешті. Ол 10 маусым күні Римде, сол стадионда ойналды. «Скуадра адзурраның» бас бапкері Ферруччо Валькареджи таң қаларлық батылдыққа барып, алдыңғы кездесуде алаңға шықпаған 5 жаңа ойыншыны қосты (қорғаушылар Роберто Розато және Алессандро Сальвадоре, жартылай қорғаушылар Сандро Маццола мен Джанкарло Де Систи, шабуылшы Луиджи Рива). Сөйтіп, тың футболшылардың көмегіне сүйенген алаң иелері үш күнде екі ойын өткізіп, сілікпесі шыққан қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Әрине, сонау іріктеу сындарынан бастап команданың ойын өрнегін түзген қақпашы Дино Дзофф, қорғаушылар Джачинто Факкетти, Тарчизио Бурньич, Аристиде Гуарнери, жартылай қорғаушылар Анджело Доменгини, Эрнесто Кастано, шабуылшылар Пьетро Анастази, Пьетро Прати сынды жұлдыздардың еңбегі де ерекше екені анық.

Бұл жеңіс Италияға ауадай қажет еді. 1962 және 1966 жылғы әлем чемпионаттарында топтан да шыға алмай, айдай әлемге масқара болған команда ақыры тиффози алдындағы айыбын жуып, иығынан жүк түсіргендей болды.

ІІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1968 жыл, Италия)

Финалдық турнирде 5 матч өткізіліп, 7 гол соғылған. Мерген ойыншы: Джаич (Югославия) – 2 доп.

Жартылай финал

Италия – КСРО – 0:0 (қосымша уақытта). Жеребе бойынша финалға Италия шықты. Югославия – Англия – 1:0

3-орын үшін матч

Англия – КСРО – 2:0

Финал

Италия – Югославия – 1:1 (қосымша уақытта)

Голдар: Джаич, 39 (0:1), Доменгини, 81 (1:1).

ФИНАЛ (Қосымша матч)

ИТАЛИЯ – ЮГОСЛАВИЯ – 2:0

10 маусым. Рим. Олимпиялық стадион. 32 886 көрермен. Төреші Мендибиль Монастерио (Испания).

Италия: Дзофф, Бурньич, Факкетти, Гуарнери, Розато, Сальвадоре, Доменгини, Де Систи, Маццола, Анастази, Рива.

Югославия: Пантелич, Фазлагич, Дамянович, Павлович, Паунович, Хольцер, Хошич, Ачимович, Мусемич, Тривич, Джаич.

Голдар: Рива, 13 (1:0), Анастази, 32 (2:0).

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір