Жексенбі, 16 Маусым 2024
Әріптестің әңгімесі 1497 5 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 12:08

ХҚС: Олар қылмыскерлер! Олар тұтқындалуы тиіс!

Коллаж: Mezgil.kz

Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Хан Газадағы қанқасапқа қатысты Израиль мен ХАМАС басшылығындағы бірқатар лауазымды тұлғаларды тұтқындауға ордер талап етті. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Кәрім Хан тұтқындауға ордер сұраған тұлғалар кімдер? Қараңыз:

* Израиль премьер-министрі – Бениямин Нетаняху;

* Израиль Қорғаныс министрі – Йоав Галант;

* ХАМАС лилері – Яхия Синвар;

* ХАМАС саяси бюросының басшысы – Исмалил Хания;

* ХАМАС-тың әскери қанатының командирі – Мұхаммад Диаф.

ИЗРАИЛЬДЕН ЕКЕУ, ХАМАСТАН ҮШЕУ: ОЛАРҒА ҚАНДАЙ АЙЫПТАР ТАҒЫЛУДА?

Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Кәрім Хан бұл аталған тұлғалардың барлығын дерлік: «Газадағы соғыс үшін жауапты тұлғалар және олар қылмыскерлер», - деп атады. Тұтқындауға ордер сұраудың басты себебі – «ХАМАС-тың Израильге шабуылы» және «Израильдің Газа секторындағы жауап операциясы».

ХАМАСТЫҚТАРҒА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП:

Кәрім Хан ХҚС сайтында ХАМАС басшылары туралы, атап айтқанда ХАМАС лилері – Яхия Синвар, ХАМАС саяси бюросының басшысы – Исмалил Хания мен ХАМАС-тың әскери қанатының командирі – Мұхаммад Диаб (Мұхаммед Диаб әл-Масри) туралы: «Олар адамзатқа қарсы қылмыстар мен әскери қылмыстар үшін кінәлі. Израильге шабуыл жасап, бейбіт адамдарды өлтірді. Ең кемі 245 тұтқынды кепілге алды», - деп жазады.

ИЗРАИЛЬ БАСШЫЛАРЫНА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП:

Ал Израиль премьері Бенямин Нетаняху мен Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галантты:  «Ашаршылықты соғыс амалы ретінде пайдаланды, бейбіт тұрғындарды өлтірді және өзге де әскери қылмыстар жасады», - деп айыптаған.

1716223862625620.jpg

(Сурет: news.un.org)

Прокурор Кәрім Хан айыптауларды жазып, күдіктілерді тұтқындауға ордер сұрады. Енді ХҚС соттары шешім қабылдайды. Аталғын қылмыстардың дәлелін тексереді. ХҚС шешім қабылдауға қанша уақыт жұмсайтыны әзірге белгісіз. Шешім қабылдау бірнеше аптаға немесе айларға созылуы мүмкін.

Израиль премьері Нетаняху осыған дейін«Егер ХҚС Израильдің Үкімет мүшелеріне Газадағы соғыс үшін тұтқындау ордерін шығаратын болса, бұл тарихи ауқымдағы дау болмақ», - деп мәлімдеген.

ХҚС Израильдің Газадағы іс-әрекеттерін тергеп жатқанына 3 жылдың жүзі болды. Ал бұл тағылған айып пен тұтқындау ордеріне себеп – 2023 жылдың 7 қазанындағы ХАМАС-тың Израильге шабуылы мен Израильдің Газадағы жауап операциясына ғана қатысты тағылып отыр.

Ескерте кетейік, Израиль ХҚС құзыретін мойындамайтын мемлекет.

ХАМАС содырлары мен өзге де ірілі-ұсақты қарулы топтар 2023 жылдың 7 қазанында Израильдің оңтүстігіне басып кіріп, шабуыл ұйымдастырды. Нәтижеде 1200 адам (дені бейбіт тұрғындар) қаза тапты. ХАМАС 240-тан астам адамды кепілге, тұтқынға алды.

Онан соң, Израиль Газа секторында жауап ретінде нағыз қанқасап операция бастады. Қазірге дейін анклав тұрғындарының ішінде қаза тапқандар саны 35 мыңнан асқан. Қаза тапқандардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар.

Халықаралық қылмыстық соттың бұл тергеуінен өзге Израильді айыптаған тағы бір шағымды Оңтүстік Африка республикасы БҰҰ-ның Халықаралық сотына түсірген. ОАР БҰҰ Халықаралық сотынан: «Израиль Газада палестиналықтарға қарсы геноцид жасап жатыр ма, соны тексеруді сұраймыз», - деген.

Халықаралық қылмыстық сот пен БҰҰ Халықаралық сотының айырмашылығы – БҰҰ Халықаралық соты қандай да бір қылмысы үшін күдікті немесе айыпты деген тұлғаларды қудалай алмайды.

Abai.kz

5 пікір