Жұма, 21 Маусым 2024
Естелік 1843 3 пікір 21 Мамыр, 2024 сағат 16:33

Әйгілі «Әй-әй Ақын» 70-те!

Коллаж: Abai.kz

Қонысбай ақын қайтқалы қанша рет оқталсам да мандытып естелік жаза алмай жүрмін...

...Ол алғаш әдебиет табалдырығын «Қоныс Іскендіров» деген атпен сатирик бала болып аттаған. 60-шы жылдардың аяғында, «Ара» журналында. Сол тұста...

…60-шы жылдардың соңына таман бірен-саран өлеңдерім баспасөзде жариялана бастаған кезде жан-жақтан танысу хаттар жиіледі. Кейбір мәнді дегендеріне жауап қатып жүрдім. Солардың ішінде Қоныс Іскендіровтың да хаты болды.

Конвертке аты-жөнімді шатастырып жазыпты: «8-класс оқушысы Ұлықбеков Есдәулетке» деп тұр. Таңырқап, ішімнен күлдім де, мен де әдейі ауыстырып: «8-класс оқушысы Қонысов Іскендірге» деп жауап жаздым, бірақ, жіберілмей қалды: өйткені, «Қонысов» маған өз адресін жазуды ұмытып кетіпті...

Кейін мектеп бітіріп, елде жұмыс істеп, Алматыға оқуға түсуге қайта келген кезде жарияланған шығармаларымыз арқылы бір-біріміздің атымызға сырттай қанық болып та қалған едік.

Абитуриент кезде алғаш жолықтық. Оның толық аты-жөні Қонысбай Іскендірұлы Әбілов екенін сонда білдім. Оқуға қабылданғандар тізімін хабарлайтын кезде күтіп, әңгімелесіп, бір жерде тұрған едік, пәмилеміз қатар аталғанда, қуанғаннан құшақтаса кеттік. Содан өле-өлгенше арамыз ажыраған жоқ, жұбымыз жазылмаған дос болдық.

Мен оған шешем сақтап жүрген өзінің бала кездегі хатын әкеліп көрсетіп, бір мәз болып күлгеніміз бар.

Жатақханада бір бөлмеде тұрдық.
Сабаққа бірге дайындалдық.
Өлеңді бірге жаздық.
Қыздарға бірге қырындадық.

Қонысбайдың жазба және суырып-салма ақындығы, әзілқой-сатириктігі, әншілігі мен күйшілігі, композиторлығына қоса домбырадан бастап, гитара, баян, мандолина, аккордеон, пианино, саксофон сияқты кез-келген музыка аспабында ойнай беретін ерекше қабілеті бар болып шықты. Қолына екі қасық берсең, тыңқылдатып музыка шығарып отырады. Өзі шешен. Күлдіргі. Кез-келген отырыстың гүлі. Анекдотты қолма-қол ойдан құрастырып шығарады. «Сегіз қырлы» деген теңеу оған аздық ететін еді. Бірінші курста жүргенде Нұртілеу Иманғалиұлы, Марат Нұрқалиев, Бақберген Табылдиев, Бақыт Ахмеров сияқты кілең өнерлі жігіттердің басын қосып, «Ләйлім-шырақ» атты вокальды-аспапты ансамбль құрды. Дауысы кейде дызылдай беретін ескі қарапайым гитараларды жөндетіп, баптатып, дауыс күшейткіш «звукосниматель» деген тетік орнатып, университет сахнасына шығып, дүркірете-күркірете ойнап, әуелете ән салып, конкурста ерекше көзге түсті.

Ешкімге емешегі үзілмейтін қатал деканымыз Темірбек Қожакеевтің қатты риза болғаннан «темір» жүрегі жібіп, оларға бүкіл керек-жарағымен жөндем аспаптар сатып әперді.

Деканымыз ансамбльге бас-көз болуға доцент, фантаст жазушы Абдул-Хамит Мархабаевты бөлді. Мен солармен біргемін. Өйткені, Қонысбай менің өлеңдеріме бірнеше ән шығарып, ансамбльдегі жігіттер репетицияларда ептеп үйреніп, орындай бастады.

Ансамбльдің аты «Ләйлім-шырақ» болғанмен, Хамаң (Абдул-Хамит ағай) бізді «Берекесіздер» деп атайтын еді.

Олар гитараларын біресе сыңсытып, біресе күңгірлетіп, біресе бажылдатып, «Ямахаларын» мияулатып, дауылпаздарын дүңкілдетіп бағады. Ойнаған музыкасы мен әндері бірде үйлесіп, бірде қабыспай жатады. «Берекесіздер» деген ат содан шықты.

Қонысбай - бас гитарада, Нұртілеу - солода, Бақберген ритм гитарада, Марат - клавиште, Бақыт - барабанда. Және бәрі шетінен әнші. Хамаң екеуміз тыңдап отырамыз. Бармай қалсам Хамаң іздейді. Жалғыз көрермен болуға іші пысатын болуы керек.

Бірде солардың біреуі ән салғанда дауыс нәшін таба алмай қалып, Хамаң:

-Сенен гөрі мына Ұлықбектің дауысы ашық!-деп, бәрін күлдіріп, содан өзі мені «Дауысы ашық» деп атай бастады. Ал, бірақ маған әншілік деген бұйырмаған.

Қонысбайдың ансамблінің жігіттері өз стипедияларын қосып, сахнаға арнап, қып-қызыл барқыттан модалы куртка мен шалбар тіктіріп киді. «Сахнаға шықпаймын ғой, керегі не?» деп ары-бері бұлтақтаған мені де көндіріп, тыс қалдырған жоқ. Бәрімізге киіміміз жарасып-ақ кетті. Отырыстарға, кездесулерге де киіп жүрдік.

Бірде Сурет училищесінде Әлібек Асқаров ұйымдастырып, өткізген жазушы Оралхан Бөкей ағамен кездесуге қып-қызыл болып киініп бардым. Әлібек: «Қызыл жалаудан айнымай қалыпсың ғой?»-деп қағытып еді, Оралхан ағама кейпім ұнаған болуы керек:

-Біздің Ұлаш тура өзім сияқты экзотикаға құмар! Ақындар осылай ешкімге ұқсамай, ерекше киініп жүруі керек!-деп, көтермелеп қойды. Ораш ағамның сөзі маған майдай жақты. Ләмінен «Экзотика» деген жаман сөз емес-ау» деп түйдім.

Екінші курста жүргенде «Қанат қақты» кітабына Қадыр Мырза Әли ағаның алғысөзімен өлеңдер жинағым шығып, елдегі әке-шешеме өзімше қаламақы жіберіп, курстастардың «жу-жуымен» Қонысбай екеуміз жатақханаға үлкен сөмке толы «қызыл» әкеліп, бөлмеде алқа-қотан отырыс жасағанбыз. Сол отырыста Қонысбай бір жарқылдап еді-ау! Суырып салып, әрқайсымызға әзіл-өлең, анекдот шығарып, дуылдатқаны естен кетпес!

Екінші курс бітіргенде студенттердің бір тобы механизация отрядын құрып, тың өлкесіне аттандық. Қыстай оқып шыққан комбайншы курсының нәтижесі. Екі студентке бір комбайннан еншіге тиді. Қонысбай екеумізге де бір түйе мойын қызылы бұйырды. Бәрімізге «сеніп» тапсырғаны «списаниеге» жатқызылған ескі-құсқы техника болып шықты. Жаздан күзге дейін соларды жөндеумен айналыстық. Кейін, әбден жөндеп болдық дегенде, комбайнымызды ауыл сыртына жүргізіп шығарып, қурай, жусан, ермен шауып жаттықтық. Одан орақ басталды. Қырып егін ора алмадық, өйткені қаусаған ескі комбайнымыздың жүргенінен тұрғаны көп болды.

Сол тұста мен оған арнап, «Комбайншы Қоныс» деген әзілі бар өлең шығардым:

Торғайдың кең өлкесінде,
Жаңадаланың самал кешінде,
Ұйықтаған жігітті көрдім,
Комбайнның көлеңкесінде.
Атанған «үздік» көптен,
Қоныс қой ол мызғып кеткен.
Дән үшін жанын салып,
Жүрегін жүз бүктелткен.
Көңілі тоғайып,
Орақ аяқталғанда,
Ұйқысы ғажап қанбауда.
Әбділда жырын оқыдым,
Қонысты оятқандарға:
«Тынықсын, тимеңдер адамға!..»

Сәл кейінірек өз ауылымда болған оқиғаны Торғай топырағына көшіріп, «Сарыарқа пирамидасы» деген поэма жазғанмын.

Оның ауызша күлдіргі әңгімелерінің кейіпкерлері өз ауылының адамдары болатын. Мен оған: «Осы сенің ауылыңда кілең қожанасырлар тұратын сияқты. Жөні түзу біреуі бар ма өзі?» деп әзілдейтінмін.

Сол бір жылы Қонысбайдың қайтыс болған әкесінің зиратын салысуға барғанымда ауылдастарымен танысып, таңырқап қайттым. Шетінен аузымен құс тістеген айтқыш шешендер! Қонысбай аузынан тастамайтын Ахаң, Жахаң, Нұрхан, Сырағаң, Ғафаң, төлен, Сейіт, Кеңшілік сияқты кілең ұлылар мен классиктер туса туғандай ел екеніне көзім жетіп оралдым!

Қонысбай айтатын «Айсаның әңгімелері» көп кешікпей менің репертуарыма көшті. Ал менің айтып жүрген әңгімелерім оның аузында тіпті түрленіп кететін.

Ол «Бала махаббаты» атты алғашқы әнінің шығу тарихын айтып берген.

Мен «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы» деген алғашқы кітаптарымның аттарын Қонысбаймен ақылдасып қойған едім.

“Жедел жәрдем” деген өлеңімді Қонысбайдың ой салуымен жазған болатынмын.

Қонысбай студенттік жылдардағы көптеген өлеңдерімнің алғашқы оқырманы да, сыншысы да болды.

«Хат» деген өлеңіме «Көздеріңе ғашықпын» деп, басқа өлеңімнің атын қойып, алғаш ән шығарған Қонысбай болатын.

Әннің соңғы шумағына өзінің жан-жары Мүнираға:

Біле білсең өмір деген өткінші,
Аз ғұмырда көп қуаншы, көп күлші.
Ақжүректі Қоныс тектес дүние
Көздеріңе ғашық болып өтсінші! -

деп, алғашқы кітабыма өлеңмен жазып берген автографымның үшінші жолын «Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн» деп, өзіме өзгерткізіп, қосып алған еді. Әйтпесе, бұл шумақ кітабымдағы өлеңде о баста болмаған.

Ол әні Торғай, Көкшетау өңірінде белгілі әнші Ғазиза Жұмекенованың орындауында танымал болды.

Соңыра бұл өлеңге дарынды ақын, әнші композитор Лена Әбдіхалықова қарындасым шығарған «Көздеріңе ғашықпын» деген әсем ән шартарапқа тарап кетті. Жалпы, осы өлеңге менің туған әпкем композитор Бағдат Есдәулетова да, белгілі композитор Оралхан Көшеров те ән шығарған.

Қонысбай болашақ жары Мүнира арумен кездескен соң ертерек үйленіп, пәтерге шығып кетті. Бір бөлмеде тұрған Нұртілеу де, Марат та, Тоқтар да біртіндеп үйленіп, шаңырақ көтеріп, жатақхананы тастап кетті...

Олардың орнын күзетіп, Төлеген ақын жазған “аңшының қосына тастап кеткен қарауылдай” жалғыз қалдым...

Өмірде де солай болды...
Бәрі кетіп қалды...
Жаза алмай жүрген себебім содан болуы керек...
Атақты Ғафу ақынның:
Торғайда бір ақын бар Қоныс деген,
Шеберден айналайын оны істеген! - деген егіз жолы қанатты сөзге айналғалы қашан?!

Қонысбай Әбіл!

Алты Алаштың ардақты ақыны!

Сөз сүлейі! Сайыпқыран сатирик! Қайталанбас қаламгер!

Ол Айтыстың туын желбіретіп, «Торғайдың топжарғаны» атанды.

Әсерлі әзілге бай әңгімелер жинақтарын қалдырды.

Әдемі әндер тудырды.

Әзіл-сықақтың көрігін қыздырып, ұлттың көңілін көтерді.

Астананың ұлттық келбеті үшін қажымай күресіп, Қазақ тілінің қайтпас қайраткеріне айналды.

...Ол Пантеонда, өзі ардақ тұтқан Әбіш ағасының, сыйласып өткен Фариза апасының қасында, басқа да тұлғалардың қатарында жатыр.

Бірақ туған Торғайы, киелі Қостанайында ескерткіші, көшесі, мектебі бар ма? Өзі өркендеуіне үлес қосып, ғұмырын берген Астанада ше?

«Қазақстанның Халық ақыны» атағын иеленген тарихтағы 5 тұлпардың бірі еді ғой!..

70 жасың құтты болсын, әйгілі «Әй-әй Ақын»!

Тасқын басылса, халқыңның қабағы ашылса - тойың да басталар!

Бәлкім, сенің мерейтойың халқыңның қабағын ашар?!.

Ұлықбек Есдәулет, 

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Abai.kz

3 пікір