Жұма, 21 Маусым 2024
Билік 1066 5 пікір 20 Мамыр, 2024 сағат 10:17

Қазақстан азаматы болү үшін қазақ тілін білу міндет!

Сурет: egov.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды деп хабарлайды телеграмдағы Ақорданың баспасөз қызметі.

Ең алдымен елге айтар қуанышты хабарымыз, енді бұдан былай Заң бойынша Мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматы бола алмайды!

ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдаған Заң бойынша:

Қарапайым деңгейде Мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады.

Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этникалық қазақтарға қолданылмайды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы парламентте 2017 жылдан бері көтеріп келе жатқан мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор бұл Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын талапты заңға енгізген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса.

Иә, 2017 жылы Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін Мемлекеттік тіл мен Конституция негіздерінен және ел тарихынан емтихан тапсыруды ұсынған болатын.

«Кейбір мемлекеттерде емтихандарды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар, еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалға Голландия мен Ресейде. Оның мақсаты - тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау», - деген еді ол депутаттық сауалда.

2022 жылы 27 сәуірде Қазыбек Иса жариялаған Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң мен шұғыл Ұлттық идеология концепциясын қабылдауды талап еткен депутаттық сауалда да: «Біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып келіп жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2017 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиістігін заңмен бекітуіміз керек. Егер мемлекетімізге шегарамыз қорған бола алмаса, мемлекеттік тіліміз қорған болуы тиіс!», - деген ұсыныс тағы жасалды.

«Заңға «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕГЕНДЕР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ БОЛА АЛМАЙДЫ!» - деген ұсыныс енгізіп, ол қабылданғанына қатты қуанып отырмыз. Бұл мемлекеттік-ұлттық мүддені қорғаудағы үлкен бетбұрыс! «Ақ жол» партиясы бұл ұсынысты 2011 жылғы партия құрылтайында жасалған саяси бағдарламасынан бері көтеріп келеді.

Заң жобасын талқылауда еліміз үшін мәні зор бұл ұсынысымызды ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама комитеті мүшелері бастаған депутаттар бір ауыздан қолдады.

Кең байтақ жер көлемі әлемде 9-шы орын алатын, халқының саны аз, айналасын алып елдер қоршаған Тәуелсіз мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздігі үшін Азаматтық алуда Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру зор қорған болары анық.

Бұдан басқа да қандастарымыз және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін тиімді көптеген ұсыныстарымыз да заңға енді», - дейді депутат Қазыбек Иса.

Сонымен қатар, осыдан 7 жыл бұрын жасалған «Ақ жолдың» депутаттық сауалында «Конституцияның 10-шы бабы бойынша Республика азаматтығы ерекше қасиетке ие, сондықтан да терроризммен айналысқандар және ұлттық мүдделерге ауыр зардап әкелгендер үшін азаматтықтан айыру және азаматтық берілмеу, олардың елге кіруіне тыйым салуды қарастыру қажет», - деп жазылған болатын. Заңға бұл ұсыныстар да кірді.

Атап айтқанда:

Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген;

-қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету көзделген;

-Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілген;

-экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салынған.

Сонымен қатар Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделген.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Abai.kz

5 пікір