Жұма, 21 Маусым 2024
Алашорда 2959 14 пікір 20 Мамыр, 2024 сағат 10:02

Шоқан - қазақтың тұңғыш прозаигі, кәсіби суретшісі...

Коллаж: Abai.kz

ШОҚАН - 190

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

Шоқан Уәлихановтың әдеби мұрасы өте бай және әр алуан. Оның сан қырлы ғылыми-әдебиеттік мұраларын саралаған адам, Шоқанның жан-жақты дамыған, аса білімді, парасатты ғалым болғанына, бір өзі геолог-этнограф-тарихшы-шығыстанушы-экономист-публицист-өнертанушы-ойшыл-философ және әдебиетші де екеніне бірден көз жеткізеді. Өзінің ғажайып еңбекқорлығының арқасында соншама ғылыми еңбектер жазып, дүниежүзілік ғылымға зор үлес қосты. Көзі тірісінде  Орта Азия мен Шығыс Түркістанды зерттеуші тұңғыш ғалым ретінде күллі әлемді мойындатты.

Ш.Уәлихановтың географиялық зерттеулеріне сол заманның алдыңғы қатарлы П.П. Семенов-Тян-Шанский, И.В. Мушкетов, М.И. Венюков, Н.А. Аристов сияқты ғалымдар лайықты, өте жоғары баға берген болатын.

Ал Шоқанның әдеби мұрасына келетін болсақ, оның қайнар көзі кадет корпусындағы ұстаздарының сұрауымен ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтауынан, кейінірек, 1855 жылдан бергі Орта Азияға бірнеше мәрте жасаған саяхаттарынан басталады. Алғашында жас ғалым Орталық Қазақстанды, Жетісуды, Тарбағатай тауларын аралады. Саяхаттар барысында Шоқан қазақ халқын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын ғылыми тұрғыдан зерттеуді қолға алып, заң дәстүрлері мен көне діни жоралғылары туралы ұшан-теңіз материал жинады.

1856 жылы Шоқан білімді офицер М.М. Хоментовскийдің басшылығымен   ұйымдастырылған    әскери-ғылыми  экспедиция  құрамында Ыстықкөл жағалуын аралап, Тянь-Шань құздарына шығады. Одан кейін бірнеше саяхатқа географ ғалым П.П. Семенов – Тян-Шанскийдің отрядымен барып, Алакөлден бастап орталық Тянь-Шань таулары мен Ыстықкөлге дейін жетеді. Әсіресе Тянь-Шаньның құздарынан тамашалаған Хан Тәңірі тауларының ғажайып көрінісі жас ғалымның жадында өшпестей із қалдырады.

Сурет мақала авторының ұсынуымен жарияланды

Мысалы, Шоқанның 1856 жылы 14 шілдеде теңіз деңгейінен 3268 метр биіктікте орналасқан Саты асуының Күнгейінен Ыстықкөлдің Түпке иек артқан қолтығы мен Теріскей Алатаудың сағымдалған ақшулан шыңдарын бейнелеген, акварельмен салған суреті теңдессіз туындылардың қатарына жатады.

Шоқан асудың өзіне дейін ешбір суретшінің аяғы тимеген ең жоғарғы нүктесінде тұрып, мәңгі ерімейтін қардың ызғарына қарамастан, көз алдына ашылған таңғажайып көріністі жайдан-жай аттап кетпеген. Әскери отрядын сол жерге аялдатып қойып, қолына қылқалам алған Шоқанның қаншалықты нәзік жанды, романтик, сезімтал жан екенін байқауға болады.

Суретші Шоқан бұл композициялық құрылымда Көлем мен Кеңістікті асқан шеберлікпен, ұтымды пайдаланған. Бірден көзге түсетін Күнгей Алатаудың өркеш-өркеш мәңгі мұзарттары. Сол қапталдағы мұзарттар ақшаңқайланып жатқанымен сұсты да суық, оң қанаттағы мұзарттың қабағы тіптен қатыңқы көрінеді.

Асудан кейінгі көрініс туралы Ұлы ғалым  әйгілі «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты еңбегінде: «Тас төбеден қапырық атқан отты, лепті күн аңғарлы тау алқабына ақша бұлт арасынан ойдым-ойдым көлеңке түсіріп тұр, кіршіксіз қызғылт түсті шұғылаға шомылған көлдің дидары көктен құйылған нұрдың реңімен үйлесіп, ол қиырдағы қарлы таудың мұнартқан бедерімен ұнасым тауып астасып жатыр», - деп жазды.

Осы сапарында Шоқан Жетісу мен Ыстықкөлдің табиғаты мен хайуанат дүниесін зерттейді, кейінірек осынау бай материалдарын лабороториялық жағдайда терең зерттеу үшін Дрезден Академиясына жібереді.

«Менің бұл саяхатымды, - дейді Уәлиханов, - жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі менің Жоңғариядағы сапарыммен, яғни Жетісуға, Іле өлкесіне, Ыстықкөлге жасаған сапарыммен аяқталады...  Жоңғарияда алғаш рет 1856 жылы болдым. Ыстықкөлге полковник Хоментовский ұйымдастырған бірінші экспедицияға қатыстым. Сосын 3 ай Құлжада тұрдым. Бас-аяғы Жоңғарияда 5 ай болдым: Алакөлден Тянь-Шаньға дейін бардым, сол жылы Жырғалаң өзені арқылы Тянь-Шаньға көтерілдім» (Марғұлан  Ә.Х. Шығармалары. Құраст. Д.Ә. Марғұлан, Д.А. Марғұлан – Алматы: «Алматы-Болашақ» баспасы, 2011. 96-шы бет).

Шоқанға қатты әсер етіп, қызығушылығын тудырған тағы бір сала – ол көне мәдениет ескерткіштері. Ыстыққкөл жағасында кездесетін көне қала орны, бағзы замандағы суару жүйесінің қалдығы, тас мүсіндер сияқты жәдігерлер Шоқанға Ыстыққкөл мен Жетісуды мекендеген халықтар туралы нақты ғылыми түйіндеме жасауға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының нәтижесін Шоқан талантты да ғажайып тұрғыда күнделіктер мен очерктерге айналдырды. «Жоңғария очерктері», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» сынды еңбектерінен жиырмадан жаңа ғана асқан жас ғалымның нәзік жандүниесін, сезімталдығын, білімділігін, парасаттылығын байқауға болады.  Тянь-Шань мен Жетісудың географиясын, оны сонау көне заманнан бері мекендеген халықтардың тарихын, жер-су атауларын, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесін асқан шеберлікпен суреттеп жазуы таң қалдырады.

Мысалы, Ыстықкөлдің Зәуке асуынан оңтүстүкке қарай қырғыздар «Сыр» деп атайтын зәулім таулы өлке орналасқан. Бұл жерлерге Шоқанға дейін ешбір ғалым аяқ баспаған. Осы маңды алғаш зерттеген Шоқан оны үстірт деп анықтайды. «Бүгін біз, - деп жазады Шоқан Қашқария күнделігінде, - Зәукеден астық та, бұрын көрмеген-білмеген жат елге аяқ басып отырмыз. Бұл мәлімсіздік мені толығырақ та дұрысырақ күнделік жүргізуге мәжбүр етеді. Біздің керуен тек жаңа ғана қос пен шатыр тігіп үлгерді... Жан-жағымызда аппақ қар басқан тау, төменде терең сай, оның сонау түкпірінде көл көрінеді. Қар жауып тұр, сұп-суық. Мен бұл күнделікті ошақтың сығырайған жарығында қоста жазып отырмын. Бұл биік тау елдің, ауа райының қаталдығы, хайуанаттары мен өсімдіктерінің өзгешелігі осы биіктігінен болса керек. Тіпті бұл жерде жеміс ағашы түгіл, жай ағаш та ұшыраспайды. Бұл – елсіз-күнсіз қаңырап бос жатқан таулы өлке. Мұнда егіс егілмейді, мал да өсірілмейді, жалпы ешқандай тіршілік иісі сезілмейді».

Осы Қашқар сапарының ең басты нәтижесі - ғалымның «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұқара) провинциясының шығысындағы алты шаһардың халі туралы» деген атақты еңбегі. Бұл Шығыс Түркістан туралы еуропалық ғылым үрдісімен жазылған алғашқы еңбек күні бүгінге дейін өз мәнін жойған емес. Ш. Уәлихановтың осындай ғылыми еңбектері Ресей мен Батыс Қытай арасындағы сауда және мәдени қарым-қатынас орнату ісінде таптырмас құрал болды.

Ал «Жоңғария очерктерінде» Шоқан қазақтар мен қырғыздар туралы маңызды тарихи-этнографиялық мәліметтер береді, әйгілі «Манас» поэмасымен оқырмандарды тұңғыш рет былай таныстырады: «Тау-тасты мекендеген қырғыздарда ноғайлы дәуіріне жататын бір ғана «Манас» дастаны. «Манас – бір дәуірге сәйкестірілген бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырған қырғыздардың бүкіл аңыздарын, ертегілері мен аңыз әңгімелерінің жиынтығы. Бұл дала Иллиадасы тәрізді. Қырғыздардың өмір тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, мінез-құлқы, географиясы, діндік және медициналық дүние тануы, олардың халық аралық қарым-қатынасы осынау көлемді дастанда айқын көрінеді. «Манас» - көптеген эпизодтардан тұратын тұтас шығарма. Екінші бір дастан – Манастың жалғасы «Сәметай» ол - қырғыз Одиссеясы».

Сондай ақ, қазақ халқының тарихына, этнографиясына, ауыз әдебиетіне арналған «Ұлы жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «Ерте замандағы қырғыздардың қару-жарақтары», «Шона батыр», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Қырғыздардың ата-тегі», «Қазақ батырлары», «Абылай» сияқты еңбектері тіл байлығымен және көркемдігімен ерекшеленеді.

Осындай еңбектерінде Шоқан тек тарихшы, этнограф қана емес, сол сияқты әдебиетші, публицист, көркем сөздің ғажайып шебері ретінде көрінеді. Ең жақын досы Г.П. Потаниннің айтуы бойынша Шоқан жастайынан жазушы болсам деп армандаған.  Мысалы, жеті жасында әкесі Шыңғыстың көмегімен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Көкше»  жырларының бірнеше нұсқасын жазып қойған, кейінірек оларды Омбы қаласына барып, оқуға түскенде ұстазы Н.Ф. Костылецкийдің қолына тапсырады. Сондай-ақ, әкесі Шыңғыстың бұйрығымен үйлеріне бірнеше мәрте ақын, жыршыларды шақыртып, екеуі бірге қазақ әндері мен аңыздарын қағазға түсіріп, оларды да Омбыға жіберген. Сөйтіп, Шоқан қазақ халқының аса бай мәдени мұрасының бір бөлшегінің жазбаша түрде сақталап қалуына бала күнінен бастап үлес қосты.

Бұл туралы академик Әлкей Марғұлан былай деп толғайды: «Ежелгі дәстүр бойынша, сұлтанның балалары «жеті жұрттың тілін біл» деген ескі қағида негізінде бірнеше шығыс тілін үйренуге тиіс болды. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталатын, сөйтіп Шоқан бала күнінен бастап-ақ шығыс тілдерін оқып, араб тілін меңгереді, ал кейінірек ұйғыр жазуын үйренеді.

Шоқан өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін А.С. Пушкин мен М.Ю. Лермонтовтың прозалары үлгісінде көркем проза түрінде жазған. Оның «Ыстықкөл күнделіктері» мен «Құлжа өлкесі жайлы очерк» атты еңбектерін ең үздік, ең көркем прозалық шығармалар қатарына қоюға болады. Оларды Лермонтовтың Кавказ очерктерімен салыстыруға болады. Әсіресе Шоқанның жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын бағзы заманмен байланыстыра отырып шебер әрі біліктілікпен баяндауы таң қалдырады. Ал  табиғат көріністерін нағыз ойшыл, философ дәрежесінде суреттеуі оқырманға ерекше әсер ететіні сөзсіз.

Шоқан мұрасын ең тыңғылықты зерттеген академик Ә. Мағұлан былай деп атап өткен: «Жүз жылдар бойы Ш.Уәлихановтың әдеби мұраларының зерттелмей келуінің салдарынан қазақ әдебиетінің бұл асыл шығармалары күні бүгінге дейін бізге мәлім болмай келді. Енді бүгінде осылардың бәрі белгілі боп отырғанда, Уәлихановты тек ойшыл-ғалым ғана емес, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деп мойындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр».

Қазақ кәсіби суретшілерінің. «...Шоқан суреттерін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреттері «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері (наброскілері) Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайды» деп берген бағаларына ешкімнің таласы жоқ болар деген сенімдеміз.

Олай болса, құрметті оқырман, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановты жаңа қырынан дәріптей отырып, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деген атақты ресми түрде Қазақстан Жазушылар Одағы атынан жариялауды ұсынамыз.

Бұл игілікті іске Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары, Мәдениет министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар атсалыса отырып, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуы қарсаңында жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков,

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, Тезек Төре және Шоқантанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

Abai.kz

14 пікір