Жұма, 21 Маусым 2024
Аласапыран 1053 1 пікір 13 Мамыр, 2024 сағат 13:36

«Рафах операциясы» бастала ма? Израиль не дейді?

Коллаж суреттері: Mezgil.kz, dw.com және Википедия сайттарынан алынды

Израиль билігі Газа тұрғындарын Рафах қаласынан эвакуациялауға шақырды. Қалада миллионнан астам адам тұрақтаған. Израиль билігі қаланы «ХАМАС-тың соңғы бекінісі» деп атап, әскери операцияны бастайтынын айтуда. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Reuters ақпараттық агенттігінің жазуынша Рафахтағы босқындар телефондарына қаладан кету керектігі жайлы хабарлама келе бастағанын айтуда. Хабарламаны араб тілінде Израиль билігі жіберуде. Сонымен бірге дрондар әуеден қалаға үнпарақтар тастауда. Израиль бастапқыда босқындар қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан босқындар лагеріне кетуі тиіс дейді.

Эвакуация Рафахтың солтүстік аудандарында басталған. Ақпарат көздері халықтың басым көпшілігі Хан-Жүніс пен Әль-Мувасси аймағындағы арнайы тігілген лагерьге аттанғанын жазды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху айлар бойы Рафах операциясын бастайтынын айтумен келеді. Израильдің ақпарат көздері ХАМАС-тың Газадағы 24 батальонының 20-сын жойғанын айтуда, ал қалған 4 батальон Рафахқа бекінді деген ақпаратты таратуда. ХАМАС бұл ақпаратты жоққа шығарып, қарымта соққы беру мүмкіндігінің жоғары екенін мәлімдеді.

Қазіргі сәтте Израиль мен ХАМАС өкілдері Мысырда келіссөз жүргізуде. Тараптар негізгі мәселелер бойынша келісе алмады. ХАМАС өкілдері нақты шешім қабуылдау үшін, Катардағы көшбасшыларымен консультация өткізу керектігін айтты. Келіссөзде ұрыс қимылдарын 40 күнге тоқтату, тұтқын алмасу талқылануда. Израиль келісім жасалса да, «Рафах операциясын» іске асыру маңызды деумен келеді.

Күні кеше Израиль билігі Әль-Жазира телеарнасын жабу туралы шешім қабылдады. Арнайы шешімнен кейін Израильдегі арнаның офисінде тінту жұмыстары өткен. БҰҰ-ның Адам құқығы туралы комиссиясы Израиль билігінің шешімін айыптап, арнаның Израильде бұғатталуын «сөз бостандығын шектеу» деп атады.

Сарапшылар Израиль билігі Рафах операциясын іске асыратынына сенімді. АҚШ пен Израиль арасында бұл операцияға қатысты келіспеушіліктер артқанына қарамастан, Нетаньяху операцияны жүзеге асыруға ниетті.

Abai.kz

1 пікір