Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Талқы 2899 30 пікір 2 Сәуір, 2024 сағат 14:34

Елтаңбаны өзгертуді ұсынып жүрген кімдер?

Фото: baq.kz

Осыдан біраз бұрын көтерілген «Елтаңбаны өзгерту» туралы әңгіме көп қазақтың жүрегіне салмақ салды. Соның бірі болып, өзім де Елтаңба құндылығы туралы пікір жаздым: «Қазіргі Елтаңбада өте терең ұлттық-философиялық, даналық мағына бар. Оны түсіну үшін де адам қазақ болып туылуы керек. Ол сонысымен құнды. Оны жасаған және комиссияда бекіткен қазақтың майталман өнер иелері һәм қайраткерлері. Қолданыстағы Елтаңбада  идеясы оның көркемдік формасымен абсолютті үйлесімдікте тұр. Мұндай мағыналы Елтаңба ешкімде жоқ. Ол біздің халықтың рухани әлемі деңгейін көтеріп тұрған дүние. Оны алмастыру - қателік. Оған өзге діни не басқа идиомаларын сіңдіру де қателік. Біздің Герб - Ұлттың терең тарихының символы!», ‑ деп. 

Бүгін желіде белгілі қаламгер Нұрлыбек Саматұлы Елтаңба туралы тосын пікір білдіріпті. Осыны оқырмандарен бөлісуді жөн көріп отырмыз:

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Нұрлыбек Саматұлы:

ТАУТЕКЕ МҮЙІЗДІ ҚАНАТТЫ ТҰЛПАРДАН ҚЫМБАТ НЕ БАР?

«Мемлекеттiк Елтаңбаны ауыстыру туралы әңгімені кім екен бықсытқан?» деп қолым тигенде ақпарат ақтарсам, оны дабыра қып жүрген «Жаңа адамдар» деген жастар қозғалысы екен. Астаналық жастардан құрылған сол қозғалыс белсенділері 500 адамға Елтаңба туралы сауал қойыпты-мыс. Сонда жауап бергендердің 70%-ы елтаңбадағы жекелеген кескіндердің мағынасын түсінбейтінін айтқан дейді. Осы есепке сүйенген «жаңа адамдар» Елтаңбаны ауыстыру ұсынысын: «...біз білетін елтаңба құндылықтарымыз жайлы сыр шертпейді әрі болашаққа жол сілтер рәміз емес» деп түсіндірмек болыпты.

Мәссаған! Сонда бұларға қандай құндылық керек?!

БАҚ-та қозғалыс туралы бірсыпыра мақала жарияланған екен. Бірақ ол мақалалардан қозғалыс құрып, шапқылап жүрген балдардың орнықты ойын оқи алмадым. Керісінше бұлар туралы көңіліме күмән ұялағаны.

Елтаңбадағы көк аспан, шаңырақ, уық, кереге, таутеке мүйізді қанатты тұлпар – бұлардың барлығы қазақтың тарихын бейнелейді. Бергі емес, тым әрідегі тарихымызды. Ғалымдардың зерттеуінше, ол біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдарға кетеді. Бұл туралы әңгіме тым ұзақ, әрі өте қызық. Ол тарихты айтсақ, осы бұйымдарды жасаған ежелгі ата-бабаларымызға, олардың дүниетанымына соқпай кете алмаймыз. Олардың елден ерек наным-сенімі жадымызда еріксіз жаңғырады. Ол наным-сенім әрі тіршіліктен бастау алады, ойға қисынды. Қазіргі біз ұстанып жүрген наным-сенімдей ойдан құралған мифтер емес. Менің ойымша, осы ғажайып тарихымызды паш етіп тұрған Елтаңбамыздағы киелі кескіндердің мағынасын көшеде кездейсоқ ұшырасқандар емес, «жаңа адамдардың» өздері түсінбеген.

Әлде оларға ақыл айтып отырған біреу бар ма? Солай сияқты. Бұларға «ЭКСПО» қалашығынан 100 шаршы метрден асатын кеңсені жалдап алып беріп отырған демеуші бар көрінеді. Бірақ ол демеушінің кім екенін «жаңа адамдар» айтқысы келмейді. Сонымен бірге былтыр қарашада Алматыда өткізген митіңгісіне қатысқан 500-дей адамның дені қозғалыс мүшелері екенін, олардың Астанадан келгенін, Алматыға дейінгі жолақысын «Жаңа адамдар» ұйымы төлегенін «Азаттық» радиосы жазды.

Демек жастарды қолдап, қолпаштап отырған біреу бар. Әрі ол белгілі бір мақсатқа ақшаны аямайтын біреу. Ол біреуге қазақтың ежелгі тарихы, сол тарихпен бірге өрілетін ұлт дүниетанымы ұнамайтын сияқты. Ол тарих онсыз да ислам жорықшылары тарапынан жойылуға айналған. Тасқа қашалған жазуларымыз, салт-дәстүріміз халық жадынан өшірілген. Тек арап жылқыларының тұяғы жетпеген Орхон-Енисей бойындағы жазба ескерткіштер мен жер астында мыңдаған жыл бойы жасырынып жатқан таутеке мүйізді қанатты тұлпар басқыншылықтан аман қалған. Сол арқылы тірілген тарихты тағы біреулер жойғысы  келе ме, қалай? Сонда олар Түркіге қымбат, қастерлі бейнелерді ауыстырғанда, оның орнына не қоймақшы екен. Көгілдір түсті жасылмен ауытырмақшы ма?

Сондықтан Елтаңбаны ауыстыру деген сандырақты қою керек. Оның орнына жас ұрпаққа Елтаңбаның жекелеген бөліктерін талмай түсіндірген жөн. Ол үшін отандық археологияның жетістіктерін қатыстыра отырып, ауыз әдебиетіміздегі кейінгі діни жапсырмаларды айқандап, оның тасасында танылмай қалған Түркілік ұғымдарды, ұлттық дүниетанымды жас ұрпаққа түсінікті етіп оқытқан дұрыс. Бұл жұмыс әдебиетші ғалымдардың ісі.  Алайда қазір ораза тұтып, намаз оқитын, ислами қағидаттар санасына сіңіп кеткен «фольклортанушы» ғалымдар дәл осыны көктете қоюы екіталай-ау!

Әбдірашит Бәкірұлы,

публицист

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2244
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2597
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2565
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1687