Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2401 0 пікір 21 Қараша, 2013 сағат 04:17

Ашық хат: Оралмандардың азаматтық алуына шектеу қойылмасын!

ҚР Парламенті
Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевқа,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
төрағасы Н.З.Нығматулинге,
Парламенттің барлық депутаттарының
назарына!

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты мақсат-мұраты – Қазақстан халқының егемендігі мен тұтастығы. Бұл басты стратегиялық саясаттың айырылмас негіздерінің бірі – шет елдегі қазақтардың Қазақстанға оралып, өз еліне қосылуы. Бұны мемлекетіміз алғаш тәуелсіздік алған сәтте, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқын түсініп, 1991 жылы 31 желтоқсанда «Қазақ радиосы» арқылы шетелдегі барша қазақты Қазақстанға көшіп келуге шақырған болатын.
Елбасы Н.Назарбаевтің бұл игі саясатын Үкімет те қолдады. Шеттегі қазақтардың елге оралуына ыңғайлы шарт-жағдайлар жасады. Соның арқасында бүгінге дейін елімізге 900 мыңнан астам қандастарымыз көшіп келді.

ҚР Парламенті
Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевқа,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
төрағасы Н.З.Нығматулинге,
Парламенттің барлық депутаттарының
назарына!

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты мақсат-мұраты – Қазақстан халқының егемендігі мен тұтастығы. Бұл басты стратегиялық саясаттың айырылмас негіздерінің бірі – шет елдегі қазақтардың Қазақстанға оралып, өз еліне қосылуы. Бұны мемлекетіміз алғаш тәуелсіздік алған сәтте, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқын түсініп, 1991 жылы 31 желтоқсанда «Қазақ радиосы» арқылы шетелдегі барша қазақты Қазақстанға көшіп келуге шақырған болатын.
Елбасы Н.Назарбаевтің бұл игі саясатын Үкімет те қолдады. Шеттегі қазақтардың елге оралуына ыңғайлы шарт-жағдайлар жасады. Соның арқасында бүгінге дейін елімізге 900 мыңнан астам қандастарымыз көшіп келді.
Шеттен оралған қандастарымыз Қазақстан азаматтарының қатарын толтырып, мемлекетіміздің ұлттық негізін бекемдей түсті. Олар еліміздің демография, экономика, мәдениет, руханият, тіл, дін, салт-дәстүрін нығайтуда өз үлестерін қосуда. Олардың арасында Майра Мұхамедқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы, Отанбек Еңсеханұлы, Бақыт Сәрсекбаев, Қанат Ислам секілді өнер, спорт жұлдыздары Қазақстанның атын әлемге танытса, Қаржаубай Сартқожаұлы, Бақыт Беженханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Зардыхан Қинаятұлы, Нәбижан Мұхаметжан, Дүкен Мәсімханұлы секілді тарихшы, шығыстанушы ғалымдар ғылым саласында қажырлы еңбек етуде. Руханият саласында Жақсылық Сәмитұлы, Алмас Ахметбек, Жәди Шәкенұлы сынды ақын-жазушылар бар. Одан өзге де медицина, білім, жоғары технология саласында көптеген талантты мамандар қызмет етуде.
2013 жылдың 7 қараша күні Сенат депутаттары «Еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, Мәжіліске кері қайтарды. Біз бұл үшін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сенаторларға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Осыған дейін Заң жобасын үн-түнсіз бекітіп, Сенатқа жіберген Мәжіліс депутаттарының түсініксіз әрекетіне қатты алаңдаған едік. Себебі, аталған Заң жобасында елге келген қандастарымызға 5 жыл бойы азаматтық берілмеу қарастырылған. Егер Заңдағы бұл белгілемелер күшіне енетін болса, шеттегі қандастарымыздың елге қосылуы үлкен трагедиялық жағдайға ұшырайтыны анық еді. Ал, Президент Н.Назарабев алға қойған қазақ ұлтының тұтастығына ауыр нұқсан келеді деп есептейміз. Сондықтан Мәжіліс алдағы отырыстарында аталған Заңды мұқият қарап, шетелдегі және еліміздегі миллиондаған қазақтардың тағдырына селқос қарамауын сұраймыз.
Заң жобасындағы бұл өзгерістер халықаралық заң талаптарына да қайшы. Мәселен БҰҰ-ның «Азаматтардың бірыңғай құқық декларациясында» кез-келген отбасы мүшелерін бір-бірінен мәжбүрлі айыруға жол берілмейді делінген. Қазіргі күні елімізге оралып, азаматтық алған қандастарымыздың жақын туыстары, әке-шешесі, баласы, бірге туған бауырлары әлі шетелде. Олар да алдағы уақытта Қазақстанға түпкілікті қоныстануға көшіп келмекші. Егер осы адамдарға 5 жыл бойы азаматтық берілмесе, олар Қазақстанда тұрып жатқан отбасы мүшелерінен ажырап қалады.
Бүгінгі таңда Қазақстанмен қатар Ресей, Германия, Израиль, Грекия, Польша сынды өз қандастарын еліне шақырып жатқан елдердің тәжірибелері көңіл аударуға тұрарлық. Мәселен, Ресей президенті В.Путин бүкіл әлемдегі орыстарды еліне шақырып, материалдық жақтан көлемді көмек беруде. Германия неміс қанды азаматтардың бәрін еш кедергісіз қабылдауда. Ал, Израиль елі өз мемлекеттеріне келген азаматтардың әкесі басқа ұлт болғанымен, шешесі не әжесі еврей ұлтының өкілі екені растайтын құжаты болған қандастарының бәріне сол күні азаматтық беріп жатыр. Соның арқасында бүгінгі күні Израиль мемлекеті дүние жүзінен оралған 1 миллион қандасын өздеріне қосып алды. Дерек үшін айта кетсек, бүгінде Израиль елінің 25 пайыз халқы бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалардан барған қандастары екен.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!

Сіздерден аталған Заң жобасындағы оралмандарға қатысты баптардың бәрін алып тастауды өтінеміз. Оралмандардың азаматтық алуына қатысты қандай да бір уақыт шектемесін қоюдың қажеті жоқ. Өз қандастарымызды Қазақстанға шетелден уақытша жұмыс іздеп келуші келімсек басқа ұлт өкілдерімен (тәжік, өзбек, грузин, түрік, қытай т.б) қатар қою үлкен қателік деп санаймыз. Өйткені, мемлекетті құраушы қазақ ұлтының қатары көбейгенде ғана Қазақстан мемлекеті әлемдік қауымдастықта ырықты орынға ие болады.
Құрметті Парламент мүшелері!
Сонымен қатар, Сіздерден Оралмандарға квота беру мәселесін де қалпына келтіруді сұраймыз. Және Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін нығайтуда, әрі қорғауда шын жанашыр бола білетін шеттегі қандастарымыздың елімізге көптеп келуіне жол ашады деп сенеміз!

Астана қалалық «Мемлекеттік тіл»
қоғамдық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Батыршаұлы
Abai.kz

0 пікір