Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 1803 5 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 13:46

Көшіргіштер

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Естелік

1970-жылдың тамыз айы.

«Қазақ әдебиетi» гәзетiнiң редакциясында әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүргенмiн. Бiр күнi Бас редакторымыз Әнуар Әлiмжанов бөлмеме келiп (Әнекеңде бiздiң қай-қайсысымызды болсын шақыртып алудың орнына көбінесе өзi кiрiп-шығып, әңгiмелесiп жүретiн әдет  бар-ды), маған күле қарап отырды да:

- Ғаббас, сен сын бөлiмiне ауыс, сатира жазатын кiсi сынға бейiм болады ғой, сынды қолыңа ал, - дедi.

- Мен сын жазып көрген жоқпын, қисыны келмес, - дедiм, ұсынысына келiскім жоғын аңғартып. Бас редактор ризашылығымызды сұрамай-ақ, бұйрықпен ауыстыра салуға құқылы екенiн бiлсем де, Әнекеңнiң демократияшыл жұмсақ мiнезiн пайдаланып, орнымда қала берудi ойлап үлгiргенмін.

- Гәзетiмiздiң беделi әдеби сынымыздың әдiл, қуатты болуында, бiзде, өзiң де байқап жүрген шығарсың, сын жүрмей жатыр, ұсақтап кеттi, ол сыншы авторлармен жұмыс iстей алмауымыздан, жаңа автор таба алмауымыздан. Мәселе ұйымдастыруда, ол сенің қолыңнан келеді, сөйт, сын бөлiмiне ауыс, жарай ма? - дедi Әнекең, «құда түсуiн» жалғастырып. Бас тартқанмен «жаным қалмайтыны» белгiлi болды:

- Жарайды, ал ертең дұрыстап атқара алмасам, онда өзiңiз жауапты боласыз, - деп әзiлге бұрдым. Әнекең әдетiнше сылқ-сылқ күлiп:

- Боламын, боламын, - деп алды да, сынымыздың жағдайын түзеу жайындағы ой-пiкiрлерiн бiраз таратып айтты.

…Гәзетiмiз шыққан жұма күнi сағат 11 шамасында лездеме («летучка» деген) өткiзiледi де, жаңа санның сапасы және алдағы санның нысанасы әңгiмеленедi. Сондай бас қосудың бiрi аяқталып, тарай бастағанымызда Әнекең:

- Ғаббас, сен кiдiре тұршы, - деп жымыңдады. Әлдебiр тың, қызық жәйттi айтардағы әдетінше ақырын ғана сылқ-сылқ күліп. Кiдiрдiм.

- Мынаны оқып, пiкiрiңдi айтшы, - дедi, әжептәуiр қалың қолжазбаны ұсынды.

- Күлкiлi нәрсе ме? - деп жорта сұрадым.

- Оқып көрсеңшi…

Көлемдi әңгiменi де, мақаланы да үйге алып қайтып, түн мезетiнде оқитынмын. Өз дүниелерiмдi де түн тыныштығында жазып дағдыланғанмын. Әнекеңнiң «оқып көрсеңшісiн» де үйге әкелiп оқыдым.

Мақала аты: «Ұрлық түбi – қорлық». Қиналмай атай салған. «П.Табылғанов» деп қол қойған бейтаныс жазыпты. Әлдекiмнiң бүркеншiк аты-жөнi екенiн түсiндiм, себебi әдебиетiмiздiң әлемiнде ондай бiреу барын естiген де емеспiн. Бейтанысым  филология ғылымдарының бiр кандидатын «әдебиет ұрысы» деп iреп-сойып салыпты. Кандидаттық жұмысын: Мұхтар Әуезовтiң, Сәрсен Аманжоловтың, Есмағамбет Ысмайыловтың еңбектерiнен ұрлап жазғанын хабарлапты да, қайсысының қай кiтабынан, оның нешiншi бетiнен, қай абзацын көшiрiп алғанына дейін көрсетiптi. Кандидаттың авторефератын қоса жолдаған екен, оның көшiрiндi тұстарын қызыл қарындашпен айғыздап қойыпты. Дес бергенде үйдегi кiтапханамда ол атаған ағаларымыздың кітаптары бар едi, дереу алып, салыстырып шықсам, «П.Табылғанов» жолдас шындықты айнадай жарқыратып берiптi!

Дүйсенбiде Әнекеңе бардым.

- Иә, оқыдың ба, қалай екен? – деді.

- Ой, Әнеке, қызық! Заказбен жаздырта алмайтын мақала, фактiсi жүз процент рас, салыстырып шықтым, бірер сөздерді алып-қосыпты, келесi нөмiрге беріп кеп жіберелiк!

- Мен де оқыдым ғой, - дедi Әнекең, күлiп.

- Әнеке-ау, неге күлесiз, қызық та шыжық мақала ғой, осы күйінде  жариялайық!

- Солай ма?

- Дайын мақала, алып-қосары жоқ. Автор аты-жөнiн жасырса да, шындықты мөлдiретiп жазыпты.

- Иә, авторы бүркеншiк фамилия қойыпты, қорыққан шығар. Өзi де сол маңайдың бiр «мықтысы» болса керек, қалам сiлтесi осал емес, кандидат па екен, доктор ма екен… Ғаббас, мұны бiр аптадай кiдiрте тұрайық, асықпайық.

- Неге?

- Көрейiк. Арғы нөмiрге жоспарлармыз.

- Е, мейлiңiз. Бастықтың айтқаны болады да, - деп орнымнан тұрдым. Өткiр де шыншыл, дайын мақаланы бөгеуiне ептеп ренжiп қалдым. Әнекең  жымыңдап:

- Әкәу, «асықпаған арбамен қоян алар» деген бар емес пе, сәл шыдайық, - дедi. «Әкәу» Әнекеңнің сөзсыралғысы едi.

- Жарайды, шыдалық.

Жетінші күні, кезектi лездемеден соң Әнекең менi тағы кiдiрттi де, тағы бiр қалың қолжазбаны ұсынып:

- Ендi мынаны оқып көршi! – деп тағы күлдi…

Сенбi күнi түннiң бiр жерiне дейiн оқып, салыстырып, ерiксiз қайран қалдым. «С.Жарболов» деген автор (оның да бүркеншік атпен жазғанын сездім) анау «П.Табылғановтың» филология ғылымдарының кандидаты атағын арам еңбекпен иеленгенiн жазыпты. Мақаласын «Арам малдың етiнен без!» деп атапты және кiрiспесiнде:

«Құрметтi редакция! Сiздерге «П.Табылғынов» дегеннен мақала түскен болар, Сiздер оған сенбеңiздер, ол - жалақор, ҚКП Орталық Комитетіне белгілі алаяқ,  оның шын аты-жөнi…» деп «П.Табылғыновтың» кiм екенiн ашып жазыпты. Әшкерелеуiн тура «П. Табылғынов» тәсiлiмен жүргiзiптi. Бiр ғана өзгерiсi – ғылыми  еңбектерi ұрланғандардың анау тiзiмiн Бейсенбай Кенжебаев ағамызбен толықтырыпты. Үйімде Бейсекеңнiң де кiтаптары бар едi, ал салыстырайын бағана!..  «С.Жарболов» та тек шындықты хабарлапты. Мәссаға-а-ан!..

Бас редакторымыздың бөлмесiне кiре бере:

- Әнеке, «қуырдақтың көкесiн» әкелдім! – дедiм.

- Әкәу, саған «шыдай тұрайық» дегенде осындай бiр пәле болатынын сезiп айттым ғой, иә, қалай екен?

- Екеуi де шындықты қатырып жазыпты, Әнеке, бір қызық болсын, екеуiнiң де бiр сөзiн өзгертпей, «Кiм кiмнен жымқырыпты?» деп ортақ тақырып қояйық та, алдыңғысына соңғысын тiркеп, жариялап кеп жiберейiк, жатсын шатысып! - дедiм.

- Асықпайық, ойланайық.

- Үшiншi бiреуден келетiнiн тағы сезiп отырсыз ба?

- Жо-ға, бiрақ… - дегенiнше бөлмеге:

- Кiм-ау, Әнуар-ау, кешегi… - деп Iлияс Есенберлин кiре бердi.

…Ертеңiнде Әнекең бөлмеме келіп, әлгi екi қолжазбаны алдыма қойып:

- Құрысын, пәлелерiнен аулақ, редакцияның архивiне өткiзе салшы, - дедi.

- Әнеке-ау, жариялайық та?! Фактiлерi түп-түгел рас қой?!                   Ғалымсымақтарға бiр сабақ болсын, шошытсын! – дедiм, сұрау салып iздесең де таба алмас мақалалардың қолымнан шығып кетуiне қалайда тосқауыл қойғым келіп.

- Ғаббас, сенiң қызығуың орынды, оны түсiнемiн, бiрақ, бiз бұл мақалаларды жарияласақ, академияда ма, институтта ма, мына екеуі, құдай біледі, сонда істейді, олар бір-біріне кетіп жақан еселерін бізден алуға тыраштанады. Сен оларды бiлмейсiң ғой, орыстар айтатындай, «подводное течениесi» сұмдық олардың. Мен қорқып отырған жоқпын, ғылыми атақ алуды ешқашан ойлаған емеспiн, оларға менің iсiм түспейдi, бiрақ, олар гәзетке, сендерге жұмыс істетпейді, бәріміздің, Жазушылар одағының да есін шығарады.

- Маған да бәрiбiр, ғалымдықты мен де көксемеймiн.

- Әкәу, Ғаббас, сен сәл ойланшы,  олар сендерді, ең әуелі сын бөліміндегі сені жабыла талайды...

- Атасының басы! – деп қалғаным, Әнекеңнің сөзін бөліп. Әнекең ренжіген жоқ:

- Құмырсқаның илеуін көрмей-ақ қой. Бұларға қызықпайық, – деп Әнекең күле түрегелiп, шығып кеттi. Мақалаларға көз салсам, «шекелерiне»:  «Архивке» деп жазып, қолын қойыпты. Не iстерсiң?..

Әнекеңдi есiме алған сайын сол бiр жәйт те жадымда жаңғыра қалады. Шындық үшiн күресте  отқа түсуден де тайынып көрмеген Әнекең, ол мақалаларды жариялаудан пендешілікпен сескенбепті, тек біздi –редакцияның жас жорналшыларын – шындықтың төңірегінде болатын шайтан  шырғалаңнан, өлермен ғалымсымақтардың тым дойыр, тым тежеусiз шабуылынан қорғауды ойлапты. Кейiнде өзім куә болған сан жәйттi кейде ой безбенiме салып отырып, Ұстазымыздың  сол жолғы «осалдығын»  түсініп жүрдім.

«Қазақ әдебиеті» гәзетінің 90 жылдығы атала бастаған күннен беріде гәзет редакциясында 8 жыл (1966-1974) қызметтес болған үлкен-кші қаламдастарыммен бірге өткізген қымбат сәттерімнің бәрі де көз алдыма қайталана келіп жүргендей. Ерекше қарапайым, кішіпейіл, білімдар тарихи тұлға болған Әнуар ағамыз орыны мен үшін, әрине, бөлек...

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

5 пікір