Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Дәстүр 1747 26 пікір 22 Ақпан, 2024 сағат 18:31

Әз Наурыз дұрыс тойланғаннан кейін Қазақстан жаңара бастайды

Сурет: Видео скрині

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Әз Наурызды естен шығармаған жөн дегенді айтты. Мәдениеттанушы Серік Ерғалидың айтуынша, мемлекет жетекшісі мұндай ескертуді бірінші рет жасап отырған жоқ. Оның пікірінше, Наурыз дұрыс тойланғаннан кейін Қазақстан жаңара бастайды.

Бүгінгі таңда мәдениеттанушы Серік Ерғали қазақтың төл жаңа жылы - Әз Наурыздың тойланып жүргеніне көңілі толмайды. Сол себептен мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдайтынын айтады.

«Қазір біз Наурыз мейрамын қазақтың этнографиялық еске алу күніне айналдырып жібердік, ол мереке емес. Былай айтқанда, көшеде  сахна қойылады, сахнада түрлі өнер көрсетіліп жатады. Қалған халық тек көрермен болады, басқа ешқандай мейрамның мәні қалған жоқ. Яғни мереке не болу керек? Мереке бүкіл халықтық болу керек, әр адам өзінше мерекелеу керек. Соның бір дәстүрі қалыптасуы керек еді. Оның атрибуттарын, оның идеологиясынжасалу керек еді. Өкінішке қарай, біз қаншама жылдар бойы ұсынып келе жатырмыз, ол жасалған жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «...Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген болатын. Одан бері қарай серпіліс болған жоқ, енді болатын шығар деген үмітпен, сол қолымызда барымызды айтып жатырмыз»,- деді Серік Ерғали.

Оның сөзіне жүгінсек, ол өз  тұжырымдамасын 2009 жылдан бастап жасап келеді. Биыл 13 жыл болады. Бұ еңбегін маман ғалымдарға көрсеткен, олар мәдениеттанушының бастамасын қолдаған, бірақ бұл ұсыныс қолға алғанбай келе жатыр.

«Наурыз іс жүзінде күллі қазақстандықтарды біріктіретін, жалпыхалықтық мерекеге айналуы керек. 14 наурыздан басталатын мейрам қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан қатарлы түркі халықтары, тәжік, күрд этностары үшін таңсық емес. Шығыс славяндардың 14 наурызда аяқталатын масленицасы да Наурыздың қарсаңында болады. Демек, Ұлыстың ұлы күні шын мәнінде барша халықтың мейрамы. Ал оның әр күніне жеке атау беріп, атрибуттарын белгілеу көне мерекені нақты тұжырымдамасы бар мейрамға айналдырады. Біз 9 күнге шуақ, алас, жайнау, шаттық, береке, тағзым, өркен, үйлесім, бас таң күні деген атаулар бердік. Осы күндері үлкендерге сәлем беруден бастап, аруақтарға құран бағыштау, сенбілік ұйымдастыру, қайырымдылық жасау, Наурыз таңын қарсы алу тәрізді көптеген шара ұйымдастыруға болады. Әр күннің ерекшеліктерін белгілерін, тағамын сипаттасақ әңгімеміз ұзаққа созылып кетеді.

Ұлыстың ұлы күнін 7-9 күн тойлауды мен ойлап тапқан жоқпын. Қазақта бұрын болған салт. ХІХ ғасырда ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз аралығы) аралығында Наурыз мейрамын 8 күн бойы тойланғанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай атап өтеді: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым...». Ғұлама мұны өзінің «Наурыздама» атты еңбегінде айтқан. Сонымен бірге ол Төле би заманында қазақтың наурыздамасына көршілердің ешқайсының мерекесі теңесе алмағанын айтады. Едіге бидің 100 жолдасымен Сәті байға Наурыздама жасатуға барғаны жайлы әңгімені келтіреді. Ең қызығы, «наурызнама» деп емес, «наурыздама» деп жазған. Қисынға салсақ «наурыздату» деген жеке ұғым шығады»,- дейді Серік Ерғали.

Мәдениеттанушы бұл мейрамның ежелден бері тойланып келе жатқанын дәлідейтін «құжат» тапқанын айтады.

«Наурыз мейрамының «төлқұжатын» таптым десем де болады. Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында шамамен 5 000 жыл бұрын жартаста қашалған ежелгі суреттер бар. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адам кейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтан кейіпті Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті», - деп түсіндірді маман.

Соңғы жылдары Қазақстанда «Амал» немесе «Көрісу» мейрамы танымал болып келеді. Алайда мәдениеттанушы Серік Ерғалидың айтуынша, бұл мейрам 1980 жылдардың соңына қарай пайда боған. Себебі ол кезде қазақтың Әз Наурызын тойлау күндері ауыстырылған.

«Наурыз мейрамы Кеңес Одағы кезінде ресми тойланбаса да, халық ешқашан одан бас тартқан емес. Ел ішінде мерекенің жұрнағы түрлі сипатта сақталып қалды. Батыс өңірлерде Наурыз мейрамы бұрыннан-ақ 14 наурызда басталады. Өйткені мүшелдік жаңа жыл осы күні кіреді. Ескіше 1 наурыз. Мәшһүр Жүсіп те солай жазған. Кейін зерделесек шығыста да, теріскейде де ертеректе 14 наурыздан бастап жыл кірген деп есептелген екен. 1914 жылы 9 наурызда шыққан «Қазақ» газетінің 53 санында «Наурыз» деген зерттеу мақала жарияланыпты. Онда «... төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – «наурыз» айы, «жаңа күн» деп аталады» деп жазылған. Яғни, жаңа күнтізбе бойынша 14-15 наурыз мерекенің басы саналған. Этнограф Досымбек Қатыранұлы бұрын көрісу амалының шығыста да, орталықта да болғанын жазады. Ал Шоқан Уәлиханов болса 14 наурызда Күн мен Тоқты жұлдызының «көріскендей» сипатын сызып қалдырған. Астрономиялық тұрғыда осы күні Күн мен Тоқты шоқжұлдызының «маңдайындағы» Қамал (арапша – хамале, парсыша – хамал) жұлдызы жерден қарағанда беттескендей болады. Осы құбылыс көктем мезгілін келтіреді. Сонда бұл күн – әрі жыл басы, әрі көктемнің алғашқы күні. «Самарқанның көк тасын» ерітетін күн. Ол тас ортаазиялық астрономдардың мұз бен тасты қатырып, арнайы орында бақылауынан шықса керек. Қазақстан дәл осы күндері Наурызға арнап, қарынға салып сақтаған жент жібиді. Ол да этнографияда сақталған. 1989 жылдан бастап Наурыз мейрамы ресми түрде 21-22-не ауыстырылғандықтан, халық амал жоқ 14 наурызды «амал», «көрісу» атап кетті. Қазақ этнографиясында ондай жеке дара мереке жоқ. Ол 22 наурыздағы ұлы тілек айтылумен аяқталатын 9 күндік мей¬рамның басы. Мәшһүр Жүсіп наурыздаманың соңында, күн мен түн теңескен кезде тілейтін ұлы тілек қабыл болатынын жазған»,- дейді Серік Ерғали.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали қазақстың төл жаңа жылы биыл өз деңгейінде аталып өтетініне үмітті. Себебі бұл Қазақстан болашағы үшін маңызды дейді ол.

«Осы уақытқа дейін бұл мейрамның дұрыс мерекеленбеуінің себебі – оның сәті келген жоқ. Сәті енді түсті. Ол сәт жаратқанның арнайы бір жасаған уақытына сәйкес. Біз қалай Наурызды дұрыс мерекелейміз, солай Қазақстан жаңару жолына түседі. Мәселе сонда. Мен мұны ғалым ретінде зерттеп жүрген жоқпын, Қазақстанды жаңарту жолында жүрген адаммын. Қалай біз биыл дұрыстаймыз, сол сәттен бізде жаңару басталады. Бүкіл сала бойына жаңарады. Бұл мифологиялық, мистикалық дүние. Бұл ғаламмен сәйкес дүние. Және бұл  ұлыстың емес, ұлы істің ұлы күні.Ұлы іс деп, қазақ жер бетіне тән емес көктегі нәрсені айтқан. Көктегі жұлдыздардың қалпын, яғни күн мен түнді теңестіру адамның қолынан келмейтін дүние. Сондықтан бұл өте маңызды дүние»,- дейді мәдениеттануы.

Abai.kz

26 пікір