Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6233 0 пікір 1 Қараша, 2013 сағат 05:42

Серік Ерғали. Тілдік орта болмаса, "Мемлекеттік тіл" деген төрден не қайыр?

Тіл мәселесінің мәйегі ретіндегі басты факторға назар аударылмай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймайды. Тіл саясатындағы нысаналы бағыт пен шынайы да нәтижелі шараларды қолға алмау мемлекеттің қауіпсіздігін қолдан әлсіретуге апарып соғады.  Бұл тақырыпқа барғыштауымыздың да, оны бұқарамен бөлісуіміздің де себебі - сол.

 

         ТІЛДІ ӨЛТІРУ МЕН ТІРІЛТУ АЛАҢЫ.

Тілдік орта – тілдің тірлік алаңы. Тілдің тірлігі оның қолдану ортасының бар екендігіне тікелей қатысты. Қатынас ортасы жойылған тіл өзінен өзі өшкен тілге айналады. 2000 жылдай өліге саналған лингвистикалық иврит жүйесі қалай қалпына келтірілді? Бар болғаны - оның тілдік ортасы қайтадан жандандырылды! Осылайша кез келген тілді өлтіруге де, тірілтуге де болады. Тілдік орта - тілдің қолданым аясы; қолданымы жойылған тіл өшкен болып есептеледі. Тілдік ортаның тұтынушылары: жазарман, оқырман, көрермен, тыңдарман, айтарман. Ал, ортаға тілдегі бүкіл жазба ресурс, кітапхана, электрондық кеңіс; оларды қолданушылар,телевидение, радио, алуан түрлі дәрісхана, аурухана, көше, қоғамдық орындар, ойын алаңы, мектеп, балабақша, жанұя, ұжым, мәдениет орындары, базар т.т...  жатқызуға болады.

Тіл мәселесінің мәйегі ретіндегі басты факторға назар аударылмай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймайды. Тіл саясатындағы нысаналы бағыт пен шынайы да нәтижелі шараларды қолға алмау мемлекеттің қауіпсіздігін қолдан әлсіретуге апарып соғады.  Бұл тақырыпқа барғыштауымыздың да, оны бұқарамен бөлісуіміздің де себебі - сол.

 

         ТІЛДІ ӨЛТІРУ МЕН ТІРІЛТУ АЛАҢЫ.

Тілдік орта – тілдің тірлік алаңы. Тілдің тірлігі оның қолдану ортасының бар екендігіне тікелей қатысты. Қатынас ортасы жойылған тіл өзінен өзі өшкен тілге айналады. 2000 жылдай өліге саналған лингвистикалық иврит жүйесі қалай қалпына келтірілді? Бар болғаны - оның тілдік ортасы қайтадан жандандырылды! Осылайша кез келген тілді өлтіруге де, тірілтуге де болады. Тілдік орта - тілдің қолданым аясы; қолданымы жойылған тіл өшкен болып есептеледі. Тілдік ортаның тұтынушылары: жазарман, оқырман, көрермен, тыңдарман, айтарман. Ал, ортаға тілдегі бүкіл жазба ресурс, кітапхана, электрондық кеңіс; оларды қолданушылар,телевидение, радио, алуан түрлі дәрісхана, аурухана, көше, қоғамдық орындар, ойын алаңы, мектеп, балабақша, жанұя, ұжым, мәдениет орындары, базар т.т...  жатқызуға болады.

Бүгінгі мемлекеттік шекара бұрынғыша географиялық қоршаудан гөрі тілдік ортамен шектелетіні жасырын емес. Бүгінде әр мемлекеттің тілдік ортасы – соның аумағын білдіретін факторға айналды. Ресеймен ортадағы тілдік ортамыздағы айырманың аздығы біздің елдің егемендігін көрер көзге  төменшіктетіп, Қазақстанды бұрынғы метрополияға рухани бағынышты етіп тұр. Егер де мемлекетке тән тілдік орта болса, оның ықпалы саяси шекарадан гөрі мол болатыны сөзсіз. Біз сол шекараны сезіне алмай отырмыз.

Тілдік орта – тілдің қызмет ету аясы мен мүмкіндігіне жол ашатын, адамдардың ақпарат алу мен беру, қарым-қатынас жасаудағы әмбебап жанды алаң.Оған дамуына көңіл бөлмеу арқылы тілдің аясын тарылтып, оның өшуіне жағдай жасайды. Бізде тілді туындататын да, өлтіретін де, үйрететін де орта екені ескерілмей отыр. Елде тілдік пәндер арқылы ғана тіл үйрету міндеті қойылған біржақты ұғым қалыптасқан. Пән ешқашан ортаны алмастыра алмайды, ол бар болғаны тіл туралы түсінік пен сауат қалыптастыруы мүмкін,тілдік жүйені таныстырып,игертуі ықтимал, бірақ тілді меңгерте алмайды!

Тілдік ортаның қаншалықты дамығандығы тіл қауқарын көрсететін басты фактор, ол оның кеңдігі мен тереңдігі арқылы өлшенеді және тілдің дамығандығы да сол өлшемдерге тікелей қатысты. Былай айтқанда, ортаның кеңдігі - тіл қолданымының саны да, ал тереңдігі – тіл қолданымының сапасы.

         КЕҢДІК. Тілдік орта бүгінгі қолданыста басты екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша орта. Адамның аты-жөнінен (қазақтың аты-жөнінен хабар алғыңыз келсе, кез келген мектептегі сынып журналына көз жіберіңіз), СМСтен бастап, ғылыми-саяси баяндамаларға, заңдарға, том-том кітаптарға дейінгі барлық жазба материал тілдің жазбаша ортасын қамтиды. Тілдің қаншалықты көлемде жазбаша материал өндіру қауқары мен қоры болса, оның жазбаша ортаны игеру мен меңгеру мүмкіндігі де соған сәйкес, оның жазбаша кеңдігі де, кеңісі де сондай. Қазақтілді ақпарат тұтынушы күніге қанша көлемде жазу жазып, қанша көлемде жазбаны оқыса, тілдік ортаның жазбаша бөлігінің саны да, сапасы да соншалықты қалыптасады.

2009 жылы бір топ қоғамдық ұйым атынан жарияланған         «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ АХУАЛЫ ЖӨНІНДЕГІ САРАПТАМАЛЫҚ БАЯН» атты құжатта (http://old.abai.kz/content/kazakstan-respublikasyndagy-memlekettik-tildin-akhualy-zhonindegi-saraptamalyk-bayan) тілдік орта үшін барынша қажетті әрі қарапайым ақпарат тарату көзі болып табылатын қазақтілді БАҚ турасында: «Елдегі қоғамдық мәлімет көзіне қарағанда, (бұл сала бойынша ресми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан аспайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі» делінген. Бұл көрсеткіш негізінен газет-журналдарға қатысты, оның 4 жыл өткеннен кейін де өзгергені шамалы,бұл сала аударынды мазмұнға түскені өз алдына мәселе. Енді қазақ газеттерінің жабылып, интернетке көше бастауы да орысша басылымдардан бұрын басталған үрдіс.

Ал, жазба тілдік ортаның ең шыңы саналатын ғылыми кітаптар мен оқулықтар жөнінде бірен-саран гуманитарлық саланы айтпағанда, әңгіме айту артық. Бүгінде жазба тілдің сапасы мен мемлекеттік қолданымын аңғартатын заң шығару саласындағы заңжобаның тек қана орыс тілінде жазылатыны тағы мәлім. Бұған қатысты қазақ филолог ғалымдарының магистратура мен докторантураға барып, ғылым даңғылына түсу үшін әуелі ағылшын тілінен сүрініп жатқанын тағы ескерейік. Ал, бұл қазақтілді  орта мен оның жүйесін көгертуге тиісті ғылымның «бүйректен шыққан сираққа» тәуелділігін аңғартады.

         ТЕРЕҢДІК. Тілдік ортаның тереңдігін, яғни сапасын сөз етсек, оны қиналыссыз-ақ бүгінгі журналистика тілінен оңай табамыз. Бұл турасында бүгінде ерінбеген адамның бәрі сынайтын болды. Жазарман мен оқырман деңгейі өзара тығыз қатынаста – қандай жазарман болса, дәл сондай  оқырман қалыптасады. Осыған орай бүгінгі қазақ журналистикасының сауатынан бастап, көркем әдебиет пен өнердің тоқырауы да, оны тұтынушы қазақтілді оқырманның орыстілді  жазбалы ортаға ойысуы да осындай қордаланған кешенді мәселенің салдары.

Бүгінде «тіл – адамдардың өзара қарым-қатынас құралы» деген тұжырым әлдеқашан ескірді, «тіл   –  ойлауды ұйымдастыратын орган» деген шындыққа жуық пайым шықты.

 Жақандану үдерісі тіл нысанына жаңа анықтама бере бастады, соның бірі тілдің – ұлттық сана мен ойлау жүйесінің бірден бір көзі екендігі. Былай айтқанда, гендік тегіне қарамастан, өз тілінде сөйлемейтін адамда ұлттық ойлау жүйесі мен танымы ғана емес, басқаша ойлау аппараты мен талдау тәсілі, соған сай әрекет қалыптасады. Тіпті, адамның антропологиялық түр келбетінің де өзгеріске ұшырайтыны құпия емес.

Кісінің қай тілде сөйлеуіне байланысты оның ауыз қуысы мен сөйлеу аппараты да өзгеше қалыптасып, соған сәйкес дыбыс жүйелеріне көндігеді. Бұл жағдай адамның есту қабылетіне де қатысты: адам қандай дыбысты естіп, қабылдай алса, сол дыбыстар жүйесінен құралған тілді ғана сөйлей алмақ. Сол себепті есейген адамды тілге үйрету барынша ауыр және оның қалыптасқан ауыз аппаратын өзгерту мүмкіндігі мейлінше аз.

Кеңестік мемлекет миллиондаған орыс еместерге ешбір орталық ашып, бюджеттен қаржы бөлген емес, бұл мәселені орыстілді ортасы қалыптасқан жұмыс ұжымдары мен мәжбүр болған психологиялық жағдай оп-оңай шешіп берді. Осы жерде осы мақсатқа бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаржы мен оның тиімділігі әрі нәтижесі біздің көзімізге шұқып тұрған салдар емес пе?! Әрине, қызыл империяның бұл жүйесі кісі қызығарлық емес, бірақ бұл жердегі айтпағымыз – тілдік ортаның тіл үйретудегі орасан қауқарының аяқасты болуы мен тиімділігінің біздің жағдайымызда қарастырылмай отырғандығы.

Тілдік ортаның тереңдігі кейбір тілдерде мұхит секілді, ал кейбір тілдерде шалшыққа айналуда. Бұл – ортаны ескермейтін болмаса қасақана түрде ол мәселеден айналып өтетін дәрменсіз тілдік саясаттың салдары. Бір  тілді ғана мұхитқа айналдыруға тырысып, қалғанын шалшық пен балшыққа айналдыру бізге көрші елдердегі мемлекеттік саясат екені рас. 90 пайыз тілдік ортасы бар алаңдар көрер көзге өгей тілдік ортаға орын беріп, тереңдік тайыздалып, суалуда. Реті келгенде, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1000001128) басты құжатта тілдік ортаға қатысты ешбір сөйлемнің жоқтығын келтіруге мәжбүрміз.

 

         ТІЛДІК БЕДЕУЛІК.Қазақ тілді жазбалы ортаның сауатының төмендігі негізінен тілдік ортаның өгейтілді ортаға бодандығынан, ықпалынан туындап отыр. Бүгінгі тілдік ортаның жазба бөлігі шамамен 90-95 пайызға дерлік орыс тілінің аударынды нұсқасы болып табылады. Демек, қазақы тілдік орта өз бетімен ойлаудан қалып, орыстілді ортаның ойлау жүйесінің жетегінде отыр деген сөз. Осыдан келіп, тілдік ортаға тән өзіндік стил мен сөз орамы өзге тілдің көшірмесі мен жаңғырмасы түрінде ғана көрініс табуда.

Өз кезегінде тілдік ортаның өгей ортаға тәуелді болуы ұлттық ойлау жүйесінің әуелі тоқырап, келесі сатыда жасампаздықтан ажырап, ұлттық болмысқа тән ғылыми, әдеби, өнери тоқырауға ұшырап, сапалы да ықпалды туынды тудыра алмайтын «бедеулікке» ұрына бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Кино, театр, сатира саласы сценарий зәрулігіне ұшырауға басты себеп – тілдік ортаның ойсырауынан, ұлттық танымға арқа сүйейтін этноойлам жүйесінің тығырыққа тірелуінен.Бодандық құрсауында болған дәуірдегі ұлттық болмыс-бітімді көрсететін классикалық әдебиет, өнер туындыларының деңгейіне жете алмауымыз – ұлттың басты мәйегі болып табылатын тілдік ортаның осалдығы мен әлжуаздығынан. Демек, тілдік орта - ұлттық сапаның көрсеткіші ғана емес, төлтума болмыстың түпқазығы.

 

АУЫЗЕКІ ТІЛДІК ШЕКАРА. Ұлттың өзімен өзі болуға ұмтылуы -Л.Н.Гумилев дәйектегендей, пассионарлық қуаттың жүзеге асу көрінісінің жоғарғы сатысы. Бұл егемен болу үдерісінен де, өз тілі мен руханиятын, болмысын, санасын сақтауға деген ұмтылыстан күннен күнге көрінуде. Бірақ біз егемен болған кезден бастап ауызекі тілдік ортаның ауқымын тарылттық. Оны сол кезде «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» деген ұранның пайда болып, оның тілдік ортадағы басты реттеуішке айналу әуселесінен аңғарамыз. Содан бері қазақ тілі ресми-бейресми орталарда толыққанды  қатынас құралы болудан қалды. Мемлекеттік тіл мемлекеттік шешуші құжаттар әзірленетін не ресми сөйленетін тіл болып қалыптаса алмай келеді.

Ауызша тілдік ортаның әлемге жайылған шекарасы бар, ол - ілеспе аударма,яғни тілмаштық орта. Ілеспе аударма – ауызекі тілдің шарбағы да, бекінісі де. Ол болмаған жерде төл тілдік ортаны өгей орта бұзып-жарып, өз патшалығын құрады.Өткен ғасырдың 90-жылдарында әрбір әкімдік пен мәслихатта пайда болған синхрон аударма түріндегі тілдік бұл шекара жоғарыда келтірілген «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» науқаны енгізілген соң келмеске кетті. Себебі, қазақтілділердің барлығы да орыс тілін ұғатын еді және оны түсінбеу қоғамда сауатсыздық пен мәдениетсіздіктің, артта қалудың көрсеткішіндей қабылданып, орысша сөйлеу сәнге айналды. Сөйтіп, қос тілдік қазақтілді орта монотілдік орыстілді ортаға орын босата бастады.

Бірқатар мемлекеттік ұйымдарда,органдарда арнайы аударма бөлімі бар, алайда ол бөлім негізінен қазақша-орысша ілеспе тілмаштықпен ғана айналысып, орыстілділерге ғана қызмет ететіні құпия емес. Арнайы талап етілгенде ғана қазақтілді ортаға арналған орысша-қазақша аударма қолға алынады. Ресми форумдар мен отырыстарда ауызекі тілдік ортаға деген саяси көзқарас осылайша әйгіленіп отыр. Сөйтіп, жазба тілдік орта негізінен аударманың салдары түрінде қалыптасып отырса, ал ауызекі ортаға керісінше, тілмаштың тілі байланып, шекарасыз қалып отырған жағдай тән. Соның салдарынан Қазақстан өзге елдермен өгей тілде араласып, қазақ тілінің шет тілдермен тілмаштық қарым-қатынасы дамымай, тілдік шекара қалыптаспай отыр.

 

ТІЛДІК САЯСИ ЖҮЙЕ.Арнайы ілеспе аудармалық техниканың орнына әрбір мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Тілдерді дамыту басқармалары мен бөлімдері құрылғанымен, бұл құрылымдар мемтілдің пайдасына қызмет етуге арналмаған, бұлардың басым бөлігі сол орган басшыларын тілдік шабуылдан құтқаратындай және ісжүргізімді жазбаша ортаға емес, мұрағатқа ғана қызмет ететіндей қасаң да жансыз жазбаша аудармаға жегілген. Және де бұл бөлімшелер мемқызметшілерді мемтілге үйретуді ұйымдастырушы болғанымен, оның нәтижесі барынша төмен, өйткені ресми түрде мемтілді білу талабы жоқ, қазақ тілге деген ресми сұраныс қалыптаспаған. Осылайша мемлекеттік бюджеттен бөлінетін айтарлықтай қаржы нәтижесіз, тілдік ортаның қызығын көрмейтін формалды тілдік курстарға жем болуда, оның нәтижесі мен тиімі сұралатындай жүйе енгізілмеген. Қазақ тілін білу деңгейін тексеретін бірден бір құрал – ҚазТЕСТ жүйесінің дайын болғанына бірнеше  жыл болса да, оны мемқызметшілерді білуге міндеттейтін әлі күнге нормативтік құжат болмағандықтан, бұл сайманды қолданудың мүмкіндігі тағы жоқ.

Мемтілдік ауызша орта әлеуметтік-қоғамдық орындарда мейлінше шеттетілген. Банктерде, дүкендермен басқа да қоғамдық қызмет ету орындарында біртілді (яғни орыстілді) қызметшілер монополиясы мен диктаты орнаған. Бұларда қазақтілді қызметшілер ішінара жұмысқа алынғанымен, бірақ оларға сәйкес еңбекақы төлемей-ақ қостілді қызметке жегу орын алған. Айта берсе, атай берсе, бұл саланың осалдығын тауысу қиын. Елде мемтілдік ортаны дамыту тұжырымы талқыланған да, қарастырылған да емес.

САЛДАР. Нәтижесінде Қазақстандағы тілдік орта мен демографиялық әлеуеттің арасында мейлінше қайшылық туындап отыр.Мемлекеттік мәртебесі бар саяси-ресми бас тіл болып табылатын қазақ тіліне деген көзқарас әлдебір саяси осалдықты қымтайтын көрпе ретінде қалыптасқан ақуал байқалады. Нәтижесінде орыстілді қауым билік пен байлыққа ие жоғары каста рөлінде отыр, оған қарсы қостілді болса да қазақтілді қауымның алакөздігін қоздыра түсуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын айтылған философ ақсақал Амангелді Айталының «орыс тілі – байлардың, қазақ тілі – кедейлердің тілі» деген уәжі бұрынғыдан бетер аңғарылуда.

Барған сайын демографиялық ақуалдың қазақы тілдік ортаның пайдасына шешілуіне қарамастан, аталмыш баянда аталып өткендей, 2009 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана ішінара қолға алынады. Осыдан келіп, қазақтілді жарнама тілдік ортаға икемсіз, өгей мазмұнда. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бұрынырақтағы мәліметінше, Алматыдағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер қазақтілді тұтынушылар мүддесін ескергендіктен емес, тіл саясатында тууы мүмкін даудан қашқақтағаннан амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт, жүрдім-бардым қазақшалаумен шектеледі.

Елдегі азаматтық ақпарат алу, айталық хабарландырулар мен құлақтандырулардың өзі біртілді ортаның пайдасына арналған индустрияға жол беріп, дамудың даңғылына түскен. «Из рук в руки», «Колесо» газеттері,тіпті коммерциялық жүгіртпе тележолдардың өзі, СМС арқылы таралатын Төтенше жағдайлар саласының хабарламалары да мемтілді ортаны оп-оңай айналып өтіп, қазақтілді ақпарат тұтынушының бар-жоғына мән бермейді. Бұл жағдайды саралап, талдап ресми түрде бағалап отырған уәкілдік органдар жоқ, қазақтілді ақпарат тұтынушылардың құқығы тапталып жатқанымен, құқықкүзету органдарының да ісі жоқ. Елде әлі күнге тіл жөніндегі құқыққорғау бойынша қоғамдық ұйымдар да жоқ.Ішінара,жүйесіз жекелеген азаматтық бастамалар ғана қазақтілді қауымның кешіп отырған тілдік азабын әйгілеуде.

2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. 2013 жылғы көрсеткішке жүгінсек, 37 пайыз қазақ баласы есебінен білім орыс тілінде беріліп, жүздеген орыстілді мектептер саны солардың есебінен сақталуда. Бұл жағдай білім сапасы қазақтілді ортада жоғары болса да, осылай сақталып отыр:  нәтижесінде ушығуға жеткізбейтін шаралар жасау мүмкіндігі мол болса да, елімізде тілдік баланс пен үйлесім алшақ күйінде қалғаны өз алдына, барған сайын тілдік алакөздік ұлғайа түсуде.

 

ҚОРЫТЫНДЫ. Атап айтар басты аңғарғанымыз – тілдік саясат мәдениет пен ақпарат саласынан гөрі, елдің ішкі саясатының бірден бір өзегі екендігі уақыт өткен сайын маңызды бола түсуде. Сол себепті, тіл мәселесімен кәзіргідей Білім және Мәдениет министрліктері, әкімдіктердің бөлімшелері емес, елдің біртұтас Ішкі саяси құрылымдары айналысуы керек. Сонда ғана бар мәселе оңалып,  оңай шешімін табатынына сенеміз. Және де бұрынғыдай тіл мәселесін жаба тоқитын жауыр сипатынан гөрі тиянақты түрде нәтижелі іс-әрекеттермен әдіптеген абзал. Өйткені, тілдік ортаның ақуалы мен елдегі демографиялық жағдай барған сайын мәселені басқаша қойуға душар етпек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3531