Сәрсенбі, 21 Ақпан 2024
Айбын 1178 5 пікір 25 Қараша, 2023 сағат 14:07

Оқушылар: Ту – ердің абыройы, елдің өзі

Біз, ересектер, рәміздердің тарихы, оның мәні мен маңызы жайлы тым көп білеміз. Көп білетініміз сол, оны үйреткіміз келіп тұрады, үйретіп те жатырмыз. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу бағытындағы өткізіліп жатқан шаралар да жеткілікті. Ал осы жұмыстар нәтижелі болып жатыр ма? Оқушылар туымыз бен елтаңбамызды қаншалықты таниды, әнұранның сөзі еріннің ұшынан жүректің түбіне жетті ме?

Біз осы және өзге де сұрақтар төңірігінде ойлана келе, рәміздеріміз туралы оқушылардың өзінен сұрауды жөн көрдік.

1) Әр елдің өз рәміздері бар. Ол не үшін керек деп ойлайсыз?

2) Әр адам елінің рәміздеріне не себепті құрметпен қарауы керек?

3) Біздің туымызды көрмеген адамға оны қалай сипаттап берер едіңіз?

4) Сіз бен сіздің достарыңыздың еліміздің рәміздерін құрмет тұтып, қадір-қасиетін білгені қаншалықты маңызды?

Рәміздерімізде өткеніміз бен бүгініміз, тіпті ертеңіміз де бар

1. Рәміздеріміз біздің тәуелсіздігімізді ғана емес, сонымен қатар тарихымызды, дәстүрімізді басқа елдерге көрсету үшін керек деп ойлаймын. Өйткені туымыз бен елтаңбамызда, әнұранымызда бар болмысымыз да, өткеніміз бен бүгініміз де, тіпті болашағымыз да бар деп есептеймін.

2. Осынау сұрақтың жауабын тап басып айту қиын секілді. Өйткені құрмет те – сезімнің бір түрі. Ал сезім түсіндіріп жатуды қажет етпейді. Бірінші сұрақтың жауабында «рәміздерімізде біздің бар болмысымыз және бүгініміз бен ертеңіміз бар» деп едім ғой. Сол үшін де құрметтеуіміз керек. Неге десеңіз, тарихыңды бағаламасаң, жақсысына ұқсауға тырыспасаң, келешегіңнің кемел болуы екіталай. Рәміздерге құрмет – елге деген құрметпен астасып жататын ұлы құбылыс.

3. Туымызды көрмеген кісіге оны былай сипаттар едім:

Менің туымда ұлысымыздың бейбітшілігі мен бірлігін көрсететін ашық аспан бейнеленген. Ал қақ ортасында алтын шапақ таратып, нұр себелеп күн тұр. Мұны Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Күннен туған баламын, жарқыраймын, жанамын» деген өлең жолдарымен байланыстырсаңыз да болады. Бірақ туымыздағы алтын күн маған мемлекетіміздің күннен-күнге дами беретінінен, күн тұрғанша тұратынынан хабар беретін секілді әсер етеді. Ал осы күннің астында биікке самғаған бүркіт бостандық пен тәуелсіздіктің белгісі. Байқасаңыз, бүркіт қанатын сермей қағып барады. Бұл дегеніміз – ел ретіндегі мақсат-мұратымыздың анық, бағытымыздың белгілі екенінің көрінісі. Біз мәңгі бақи қанат қаға береміз, тоқтамаймыз, шаршап-шалдықпаймыз. Керісінше, қаққан сайын қанатымыз қатая түседі.

4. Мұның маңызы орасан зор. Неге екенін түсіндіріп көрейін. Біз есіміз кіре бастағаннан өзімізден үлкен адамдарға қарап бой түзейміз, әрекетін қайталаймыз. Олардың сезімін біздің де сезініп көргіміз келеді. Мысалы, ағасы немесе әкесі футбол көріп отырғанда, үйдегі кішкентай бала үлкендермен бірге өзі ойын шартын білмейтін футболды көріп, танымайтын тобына жақтасып отырғанын сіз де көрген шығарсыз. Ол бала белгілі бір топты жақсы көргеннен емес, үлкендерге еліктегеннен сөйтеді. Менің, менің достарымның ел рәміздерін құрмет тұтуының маңыздылығы да осында. Яғни біздің құрметіміз келер ұрпаққа да көп ықпал етеді.

Ақжан АСЫЛ,

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы №27 орта мектеп гимназиясының 7-сынып оқушысы.

Рәміздер ұлттық болмысымызды білдіреді

1. Рәміздер ел тәуелсіздігін айқындап, ұлттығымызды, болмысымызды көрсетеді деп  ойлаймын. Әрбір жеңісті сәтте шырқалған әнұран, желбіреген ту елдігіміздің мерейін асырып,  абыройын арттыра түседі. Сондай сәттерде өз еліммен, жеріммен мақтана алатыныма қуанып, жүрегімді шаттық сезімі кернейді.

2. Рәміздерге деген құрмет елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті білдіреді және сол сезім адам бойындағы патриотизмнің негізін қалайды деп ойлаймын.

3. Мемлекеттік ту – егемендігімізді айшықтайтын бірден-бір нышан. Ол қашан да қастерлі, киелі. Біздің туымыздың түсі аспан түстес көк, онда жарқыраған күн, қалықтаған қыран және қазақтың ою-өрнегі бейнеленген. Мұның астарында терең мағына жатыр. Көк түс бейбітшілік пен тыныштықты, еліміздің тұтастығын білдіреді.  Жарқыраған күн байлық пен молшылықты, күш-қуатты, жас жасампаз елдің ынтымақтастық пен серіктестікке әр кез дайын екенін білдіреді. Ал шуағын шашқан күннің астындағы қалықтаған қыран бейнесі еркіндік пен бостандық, адалдық пен күш-қуаттың мықтылығын, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысты бейнелесе, тудың сол жақ шетінде бейнеленген ою-өрнек қазақ халқының әдет-ғұрпын, мәдениеті мен салт-дәстүрінің символы. Осындай келелі оймен жасалған көк туымыздың авторы Шәкен Ниязбеков атама алғысым шексіз.

4. Мен және менің достарым, басқа да кез келген қазақстандық мемлекеттік рәміздеріміздің қадір-қасиетін түсініп, оны құрметтеуге міндетті. Себебі елдің болашағы – біз, оқушылар, жастар. Біз және бізден кейінгі ұрпақ ұлтымызды сүйсек, мемлекеттік рәміздерімізді құрмет тұтсақ, еліміз мәңгі жасай бермек. «Мәңгілік елдің» негізгі алғышарты да осы, ұлтымызды сүю, онымен мақтану деп білемін.

Самғат АБАТБАЙ,

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы.

Рәміздерге қараған, тыңдаған азамат Отанға лайық болсам деп талап қылады

1. Әр елдің өз рәмізі болады. Мемлекеттік рәміз елдің егемендігін, тәуелсіздігін білдіреді. Біздің де өз туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз, төл теңгеміз бар. Мұның бәрі – елдің азаттығы мен бостандығының дәлелі. Екінші жағынан, рәміздерді көріп, әнұранды тыңдаған әр азамат өз-өзін қамшылап, намысын жанып, атамекенінің өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына үлес қосу үшін не істесем болады деп ойлайды, қасиетті Отанға лайық болсам деп талап қылады.

2. Әр адам туған жерін, халқын, Отанын қалай құрметтесе, оның рәміздерін де солай құрметтеуге тиіс. Өйткені рәміздер сол елдің басқа мемлекеттерден ерекшелігін көрсетеді. Адам рәміздерін құрметтегенде, өз елін де құрметтейді.

3. Менің туым – менің елімнің дүниетанымын, болашаққа деген сенімін білдіреді. Туымыздың түсі ашық аспанды бейнелесе, ортасындағы шұғылалы күн жылылықты, ал бүркіт бостандықты, еркіндікті көрсетеді, ою-өрнек еліміздің ұлттық нақышын білдіреді. Яғни, туымыз маған біздің ашық аспан астында, алтын күннің нұрына шомылып, мәңгілік болашаққа қырандай самғап бара жатқан ұлттық болмысын сақтаған ел екенімізді айғақтайтындай көрінеді. Туымызды көрмеген адамға оны дәл осылай сипаттап берер едім.

4. Туымыз, елтаңбамыз,  әнұранымыз – мемлекетіміздің төл құжаты. Рәміздерімізді құрметтеу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Сондықтан да достарымның еліміздің рәміздерінің қадір-қасиетін білгені мен үшін маңызды. Мемлекетіміздің маңызын өзімізден кейінгі ұрпаққа рәміздерімізді ұлықтау арқылы да жеткізуге болады.

Ерасыл БОРОО,

Алматы қаласы, 208 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы.

Ту – елдің өзі

1. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін, дәлелдейтін нышандар. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Туымыз желбіреп, елтаңбамыз ел есінде мәңгі болып, гимніміз шырқалып тұрса, бізден бақытты адам болмас еді.

2. Әрбір адам өз елінің рәміздеріне құрметпен қарауы керек. Басқа елдің азаматы мен азаматшасы келіп, біздің рәміздерімізді дәріптеп, басқаға жарияламайды ғой. Өз Отанын сүйген адам қашан да рәміздерді құрмет тұтып, кейінгі жастарға үлгі көрсетері анық.

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көкшіл түсті. Бұл түс төбеміздегі бұлтсыз аспанды көз алдыңызға елестеді. Бұлтсыз аспан бейбітшіліктің, тыныштықтың, жақсылықтың, қайғы-мұңсыздықтың нышаны. Көк түс – бірлік, ынтымақтастық, адалдықты білдіреді.Туымыздағы алтын түсті нұрға малынған алтын күн – тыныштық пен мол байлығымызды бейнелейді. Күн, жалпы, барша адам баласына шуақ шашып тұрады емес пе?! Күннің астындағы алтын түсті қыран еркіндікті сүйетін қазақ халқының асқақ рухын, жан дүниесінің кеңдігін көрсетеді.

4. Қазақстанның әр азаматы мен азаматшасы өз Отынын, оның рәміздерін құрмет тұтып, сүюі керек. Өз отбасын, әке-шешесін, туған жері – бабакүлдігін сыйлайтын, құрметтейтін адам Отанын да шексіз сүйеді деп ойлаймын. Менің жанымдағы достарым өз Отанын, өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін шын сүйетін патриоттар деп мақтанышпен айтар едім. Мұның маңызы орасан зор. Өйткені мемлекетінің басты нақыштарын білетін, оның қасиетін сезініп, бағасын білетін, қадіріне жететін жан ғана ел дегенде емешегі үзіліп, дамуы, өсіп-өркендеуі үшін жан аямай қызмет ете алады. Бұрынғы батыр бабаларымыз қандай қиын кездерде ту көтеріп белгі берген, оны көрген, сезген ел сол тудың астына топтасқан. Әлемдік жарыстарда да жеңімпаз қатысушының мемлекеттік рәмізін басқалардан биіктетіп, мерейін өсіреді. Демек, Ту дегеніміз – ердің абыройы, елдің өзі.

Толғанай ҚАЛДЫБАЙ,

Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Қауырсын

Әлімжан Әшімұлы 1511
Әліпби

Латын жайы

Бижомарт Қапалбек 1554