Сейсенбі, 5 Наурыз 2024
Аймақ 1287 3 пікір 22 Қараша, 2023 сағат 13:39

Қалбатаулықтар жол азабын қашанғы тартады?

21 миллиард теңгенің жыры

Құрылысы алты жылға созылған жол... Сақалды құрылыс қаншама халықтың қыжынын қайнатып келеді. Осы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы халыққа жолдауында: «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», - деген еді.

Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы бөлігі Абай ауданында 2018 жылдан бері республикалық маңызы бар Қалбатау – Майқапшағай тас жолының бұзылған бөлігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскеде жұмыс істеу туралы келісім 2016 жылы жасалған – оның қатысушылары жобаға тапсырыс беруші ретінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және мердігер ретінде Қытайдың China XingXing Corporation (Group) корпорациясы жетекшілік ететін консорциумды қосты. Бұл консорциумға «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС мен «Қыран» ЖШС де кірді. Консорциум мен «ҚазАвтоЖол» 2016 жылы қайта құру жұмыстары туралы келісімге қол қойды. Келісімшарт сомасы 157 млрд теңгені құрайды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы консорциумға келісім-шарт сомасының 50%-ы көлемінде аванс беріп, оны Синсин корпорациясы көрсеткен есепшотқа аударуы тиіс еді. Корпорация қаражатты тікелей мердігер – «ҚазГерСтрой» БК-ға аударды. «ҚазГерСтрой» өкілдері өз қызметін қаржыландыру және банктік кепілдік беру үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ-на жүгініп, 30 миллиард теңгеден астам несие желісін ашты.

Осы процедураларды орындағаннан кейін «ҚазГерСтрой» Қытайдың XingXing корпорациясынан 65 миллион доллар және 2,3 миллион теңгеге мақсатты аванс алды.

Бірақ авансттық төлем «ҚазГерСтрой» БК есепшотына 2018 жылдың қаңтарында түскенімен жол құрылысы тоқтап тұр. Қадағалау органдары анықтағандай «ҚазГерСтрой» бірлескен кәсіпорнының басшылығы алынған қаражатты басқа мақсатқа пайдаланған. Осыған байланысты Астана қаласы мен Абай облысында қылмыстық істер қозғап, жымқыру фактісі ағымдағы жылдың қаңтар айында елордалық мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салықтық тексеру актісімен расталды.

Сондай-ақ, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2017 жылғы қаңтардан 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге тек автожол құрылысына арналған қаражатты жымқыру фактісін сенімді анықтап, салықтық тексеру жүргізуді тапсырды. Қаржыны жымқыру штаты, құрал-жабдығы басқа да материалдық-техникалық базасы жоқ жалған кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасау арқылы жүзеге асырылған. Бір қызығы, қаржыны жымқыруға «ҚазГерСтрой» БК-ның менеджерлері ғана емес, Қытайдың XingXing корпорациясының өкілдері де қатысқан.

Жалпы өз жұмысына немқұрайдылық танытып, құрылысты дер кезінде жүргізе алмағаны үшін отандық компания жұмыстан шеттелгені туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәлімет берді. Енді жұмысына жауапкершілік танытқан Қытай компаниясы жұмысты ары қарай жалғастыратын көрінеді.

Содан бері Қалбатау – Майқапшағай тасжолының алты жылда 415 шақырым жолының жартысына жуығы ғана жөнделді. Әлі 200 шақырымнан астам жол мүлдем дайын емес. Кейбір жерде жүру мүмкін болмағандықтан шабындық аралап, төтелеп жүруге тура келеді. Сөздің қысқасы осы маңайда күн кешіп отырған тұрғындардың бар әңгімесі осы жолдың жыры.

- Жол азабын жүрген біледі. Өткен жылы Зайсаннан қыз алдық. Содан көлігімізбен келінімізді алып келуге шықтық. Жол емес. Үш-төрт рет жарылған дөңгелегімізді ауыстырдық. Әйтеуір, бір тәулік жүріп әзер жеттік. Құзырлы орын шопырдың рөлде сегіз сағаттан артық отыруына болмайтынын айтады ғой. Мына жолда ол ережені де ұстау мүмкін емес. Шыққан соң межелі жерге жету керек. Сондықтан да шығар көлік апатынан қаза табушылардың саны көбейетіні, - деді Айжан Ысқақова.

Осы мәселеге қатысты осы жылдың сәуір айында Қазақстан Бас прокуратурасы «жол жөндеуге қатысқан «КазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны» 21 миллиард теңге аванс қаржысының едәуір бөлігін жол салудан басқа мақсатқа жұмсады»,- деп хабар таратты. «Компания Қайрат Сатыбалды құрылымдарымен байланысты» деп те жазды. Сөйтті де, бұл істе кінәлі кім екендігі туралы ләм-мим, ауыз ашпады.

Сәл шегініс жасап «КазГерСтрой» ЖШС-нің тарихына үңілсек.

2016 жылға дейін «КазГерСтрой» Роберт Шумахер деген германиялық кәсіпкер мен бұрынғы ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Тимур Тұрысбековтің иелігінде болыпты. Кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Шумахердің компанияға билік ете алмайтыны туралы ақпарат таратты. Берілген мәлімет бойынша «Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалды мен өзінің бизнес-серіктесінің әкесі Зауытбек Тұрысбековтің адамдары «мені компаниядан шығарып тастады» деген еді Шумахер. Ақпараттың артын ала Зауытбек Тұрысбеков  «ондай адам емеспін» деп ақталды. Осылай ақпараттық тартыс болып жатқан кезде «КазГерСтрой» Сатыбалдының бажасы Абай Жүнісовтің қарамағына өтті. Нақтырақ айтқанда, Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрғаны айтылатын Гүлмира Сатыбалдының сіңлісін алған Абай Жүнісов бұл компанияны 2017 жылы Bereke Astana Group компаниясы арқылы басқарды.

Осындай құйтырқы әрекет арқылы «КазГерСтрой» құрылтайшылары қатарынан Шумахердің аты-жөні алынып тасталды. Сөйтіп, арнайы тіркеу бойынша Абай Жүнісовпен бірге Тұрысбековке жақын адам үлескер болып шыға келді. Қызықтың бәрі осы жерде. Тұрысбековке жақын адам бұрынғы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Мейірхат Қасымбаев. Бұл азамат Зауытбек Тұрысбеков 2005-2011 жылдары мемлекеттік қызмет істері агенттігінде төраға, кейін Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып істегенде Қасымбаев оның көмекшісі әрі кеңесшісі қызметтерін атқарған еді. Бүгінде М. Қасымбаев өз еркімен қызметінен кетті. Жаңа басшы ұлттық компаниядағы былықтарды жөндейді деп үміттенеміз.

Сөзіміздің басында келтіргендей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жол сапасына қатысты айтқанындай кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс.

Біздің тарапымыздан көкейде көп сауал қалып тұр.

Неге қомақты қаржыны қалтасына басып, жоғары лауазымға ие болғандардың әрекеті әшкере болмады?

Құзырлы орган бұл құйтырқы әрекеттің «құйрығын» басудан неге сескенеді?

Әділетті Қазақстанның негізгі ұстанымы бұл емес еді. Ал Қалбатау – Майқапшағай жолын салуға бөлінген 21 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарыла ма, жоқ па?

Тиісті орындар бұл жөнінде жауап беруге құлықсыз.

Әзірге Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ойқы-шойқы жолдың азабын әлі қанша уақыт тартатыны белгісіз.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 946
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында

Бейбіт Қойшыбаев 645
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 1351