Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Күбіртке 2432 13 пікір 20 Қараша, 2023 сағат 13:21

Қазақтағы әйел адам құны

Үндемей ғана кітабымды шұқылап жәй жатайын десем, журналистер мен блогерлер қырып бара жатыр...

Аталы ұл, қожалы құл туралы - 2

Біле білген адамға эксминистр Қ.Бішімбаевтың қылмысы қазіргі қазақ қоғамының, оның билеуші топтарының қоясын ашқан қылмыс. Қандай да болсын адамзат қауымы қылмыссыз болмайды, Құдай тағала адам баласын жаратқанда топырақты жерден алған-мыс. Шалдардың айтуына қарағанда топырақты басқа періште емес, Әзірейіл әкелген және басқа жерден емес тура қазіргі Қағба тұрған жерден. Әзірейіл Жер «топырақты менен алмаңыз, ертең адам баласы көбейгенде бірі залым, бірі момын, бірі күнәһар, бірі құрбан болып азап шегер» дегеніне болмай алған.

Онсыз да советтің 70 жылынан азып-тозып, дәстүрінен, мәдениетінен, тілінен айрылған елге Назарбаев билігі ұрған үстіне жұдырық болды. 30 жыл бойы Қазақстанды жайлаған ұрлық-қарлық, өтірік-зорлық енді Бішімбаевтар арқылы шығып жатыр. Құлдықтан енді құтылдық па дегенде авторитарлы билік жаңа құлдықты орнатты. Қазақстандықтардың, көпшілігі қазақтар, 84 пайызы, яғни 8,5 млн адам, жұмысқа қабілетті адамның 77 пайызы банктерге қарыз. Банктер кімнің қолында екені бәрімізге белгілі.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары большевиктер қазақты қырып-жою үшін құлдарды пайдаланды, бұл саясат Назарбаев кезінде қайта жаңғырды. Кім жағымпаз, кім жантық, кім көттақы- солар билікке келді, байлыққа кенелді. Қазақ құлға мал бағудың өзін сеніп тапсырмаған, оларға ел бақтырсаң қандай нәтиже болмақ?! Жоғарыда біз қазақтың экономикалық жағдайын көрсету үшін банк саласынан мысал келтірдік, руханият саласы ешқандай цифрға бағынбайды, бірақ ол саладағы жағдай дәл осындай.

***

Журналистер мен блогерлердің айтуына қарағанда қазақ халқында қатынды ұру дәстүрлі салттардың біріне жатады, бұл қоғам патриархалды, кертартпа қоғам, сол себепті қатын ұру күнделікті, тіпті міндетті шаруа. Осылар ештеңе оқымайды, әсіресе орыс тілділері, түсінік жоқ. Мен сан рет жаздым, айттым- дәстүрлі қазақ қоғамы ол рыцарлық қоғам, оның 80 пайызы орта шаруа. Оның үстіне қазақ еркегі де, әйелі де ат құлағында ойнайтын жауынгер қоғам. Жүсіпбектің «Күнікейдің жазығынан» Күнікей қыздың қашағанды қуған әңгімесін оқысаңыздаршы

Қазақ көшпелі өмір салтына байланысты қатын- қыздарын бір бөлмеге тығып тастай алмайды, бірінен бірі жасырынбайды, ойына келгенін еркегі де, әйелі де хан алдында болса да қорықпай айтады. Бүгежектікті бізге Ресей отар үкіметі, жазалаушы отрядтары, құлдар, одан қалды аштық, репрессиялар әкелді. Мәшһүр жазбаларының ішінде «Мұсабек көтерілісі» деген әңгіме бар: «Кеше Қоңырат деген елде –«Көктіңұлы Сапақ»- атанған кісі болды. Соның інісі Мұсабек датханың ат арқасына мінген күнінде Қоңырат деген елдің көшін шұбыртып санап, әлгі айтылған ретті істі зекетшілер (Қоқан адамдары-Ж.А.) қылып түрғанда, түйе жетектеген бір бәйбіше қатын Мүсабекке үрысты:

- Ай, сен, жаман Мұсабек би, сен бері кел!- дейді.

Бастапқы ханның түсында,

Арғымақ міндік ноқталап,

Соңғы ханның түсында

Шәрке бір кидік соқталап!- деген осы екен-ау! Кеше сенің ағаң Сапақ үйінде отырып, Бүхара мен Қоқанның ханына айтқанын қылдырушы еді. Соның шыққан жерінен сен де шықтың ғой! Сенің түсыңда көрген күніміз мынау болса, қартайған күнімізде қыз-келіншек орнында болып, қүрып, суалып қалған емшегімізді әр сартқа бір уқалатып қойғаның! Сені тапқан қатын ит те: «Ұл таптым!»- деп, қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан артымның садағасы кет!»- деп, бәйбіше атын санға бір үрып, жөнеле бергенде, Мүсабекте ес қалмады, ажар, түр қалмады.

Есі шығып кетті, үстіндегі киімін дал-дал қылып, жүлып-жүлып тастады да:- Ал, бозбала, бір күн туыппыз, бір күн өліппіз! Өлген өлген жерде, қалған қалған жерде!- деп», қырып-жойып Қоқанның шенеуніктерін қазақ жерінен қуып шықты.

Сіз осындай бәйбіше-қатынды ұрмақ түгілі «әй» деп көріңіз, не болады екенсіз, сол жердегі елдің азаматтары басыңызды жұлып алады.

***

Қазақ әйелінің қадірі қашан және не себепті кетті? Біріншіден, қалай Совет үкіметі қалың мал институтын қылмысқа айналдырды, солай қадірі кетті. Қазақтың өз заманында 47 жылқыны байлап-матап бермесең саған қатын жоқ. Қазақта тіпті ұсақ малдың билігі де қатында болады. Қатынмен бірге отау үйің, жасау-дүниең келеді, жұрт қатарлы үй боласың, адам қатарына қосыласың. Әрине, қазақ қоғамы ер азаматын алдына салған патриархалды қоғам, әйелі ер азаматын қадірлейді, атын атамайды, алдынан кесіп өтпейді. Біз сол қоғамның сарқыншақ дәстүрлерін көрдік, бала кезімізде әжелеріміз де алдымыздан жол кеспейтін, азамат деп құрмет көрсететін, ол құрметті көрген соң өзіңнің сөзіңе, ісіңе жауапты боласың.

Қазақ әйелінің қадірін кетіріп жүрген екінші топ біздің әншілер, өнер – бомонд адамдары т.б.. Мысалы, Иманжүсіптің әні деп «бір түнде сегіз қызды алып қаштым» дейді. Дәстүрлі қазақ қоғамында сегіз емес, бір қызды алып қашып көр, мың жерден Иманжүсіп болсаң да өлімші болып таяқ жейсің, қыздың қалың малының құнындай айып төлейсің. Ол қыздың айттырған жері бар, төлеп қойған қалың малы бар, ол біреудің аманаты. Алып қашу деген Ресей келген басталды, орыс ондайларды Алтай асырып қорғады, шоқындырды. Қазақ та қарсыласып, шоқынғандарды өлтіріп, «шоқыншының малы адал, қатыны адал» деп қыз алып қашқыштардың соңынан түсті. Бастысы күшпен алып қашам дегеніңе қыз көнсе жақсы, Ақтотының Ақан серіге пышақ тығып алған оқиғасы есте болу керек.

***

Әрине, қазақ қоғамының бәрі біркелкі емес. Отбасын қашанда қатын ұстайды, ұқсатады, еркек табыскер, қорған. Бұл ережеге сай келетін де, келмейтін де еркектер болады. Сай болмаған жағдайда әйелдің билер кеңесіне арыз беріп, бас еркін алатын жағдайлар болады. Қатындардың арасында да небір бетбақтары, жеңіл жүрістілері т.б. ол заманда да болған. Ол жағдайда ақсүйектері, орта табы қатынды ұрмайды, соқпайды, бұл болмайтын шаруа екен дейді де, дүние-мүлкімен төркініне апарып тастайды.

Кедей-кепшік, құлдар мен күңдердің үлесі қазақта онша көп болмайды, олар өз тіршілігін жасап жатады. Міне, осы ортада қатын ұру деген болады. Біз Жүсіпбекке, оның «Ақбілегіне» жүгінейік: «Итаяқтың Ұлтарағы, Итаяқ әкесі Бақыраш, Бақыраштың әкесін адам білмейді. Сондықтан Ұлтарақтарды жұрт «Түбі жоқ, шұнақ құл» деуші еді. Жасы қырыққа келсе де әлі қатын алған жоқ еді, үйткені өзінен үлкен екі ағасы үшеу ара бір қатынды әзер алған ғой....Ұлтарақ «жақсылардың» қасына еріп, ет жегенге бусанып, жеңгесін қатынынан жаман ұрушы еді...»

***

Егер бұрыңғы қазақ заманы болса Бішімбаевқа қандай жаза қолданар еді? Бұл туралы тағы да Мәшһүрге сүйенейік. Әңгіме Ұлбике ақынның өлімі туралы. Ұлы шежіреші бұл әңгімені «Ұлбикені жүн жеп, жабағы тышқан бір байдың баласы (бұл Бішімбаев сияқтыларға әдемі келетін теңеу екен!-Ж.А.) көп мал беріп алған екен. Байының аты Бойтансері екен. Тойға барып, өлең айтысқанын қызғанып жүреді екен:

- Егер ендігәрі тойға барып, өлең айтыссаң, өлтіремін,- депті.

Күйеуі үйде жоғында қайны-қайнағалары еркіне қоя ма, -Ұрғызбаймыз, сабатпаймыз,- деп тойға апарып, өлең айтқызып, той тарқаған соң, келіншек-қатын аяқсыз асығып, үйіне қайтып, сылаң етіп үйіне кіріп келсе, иесіз үйге байы бұрын келіп, балтасын қайрап отыр екен. Есіктен кіріп келген Ұлбикені қақ маңдайдан қойдың бір қатқан санымен періп қалған екен. Сонан тіл тартпай өліп кеткен деседі...».

Осы өлімге Күдері қожа төрелік айтып- Бойтансерінің жақындары Ұлбикенің төркініне – сүйек құны, қара құн, өнер құны деп үш кісінің құнын төлеген. Оның үстіне осы оқиғаға куә болған жанның бәрі күйініп Бойтан серіні бас жетімі үшін деп Ұлбикенің төркінінің босағасына байлаған. Босағаға байлады дегені - Бойтан серіні ол жақ құл қылып ұстаса да, өлтірсе де ерікті деген сөз.

- Міне, сіздер жамандап жүрген қазақ дәстүрлі қоғамының өзінің қатынын өлтірген байына берген жазасы. Осы жазаны неге қайта жаңғыртпасқа?!

Проф. Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1453
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1301
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1057
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107