Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3112 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 12:13

Тоқтап қалған қазақ көшi – елiмiзге сын, билiкке тағылар мiн

ОНЫ ҚАЙТА ҚОЗҒАУ ҮШIН ДЭН СЯОПИН МЕКТЕБIНIҢ ТҮЛЕГI РАҚЫМ АЙЫПҰЛЫ СИЯҚТЫ ЖАНАШЫР АЗАМАТТАРҒА ҚОЛДАУ ЖАСАЙЫҚ

ОНЫ ҚАЙТА ҚОЗҒАУ ҮШIН ДЭН СЯОПИН МЕКТЕБIНIҢ ТҮЛЕГI РАҚЫМ АЙЫПҰЛЫ СИЯҚТЫ ЖАНАШЫР АЗАМАТТАРҒА ҚОЛДАУ ЖАСАЙЫҚ

Бiздi осынау Қазақстан топырағына тартқан бiр ғана тылсым күш бар. Ол – қасиеттi Тәуелсiздiк. Өзiңнiң тарихи Отаныңа оралған соң, осындағы тұрғылықты халықпен тағдырлассың. Бiлгенiңдi үйрете, бiлмегенiңдi үйрене жүрiп, күн кешесiң. Жақсысымен сыйласасың, жаманымен айтысасың, тартысасың...
Ғасырлар бойы қан төгiп, әрең жеткен сол тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы Қазақстан билiгiнiң алыстағы ағайын­ға деген ынта-ықыласы шынымен де бөлек едi. Не түлен түрткенi белгiсiз, қазақ билiгi соңғы жылдары қағынан же­рiнiп, басқа бағытқа бұрылып шыға келдi. Бар бәле-қазаны шеттен келген қандастарына арта салатын мiнез тапты. Бұл жақсылықтың нышаны емес!
Жиырма жылда салғанымыз бiр Астана, сол Астанадан Шортандыға дейiн баратын 200 шақырым жол! Осы арқылы әлемдегi дамыған елу елдiң қатарына енiппiз. Ендi алдыңғы отыз елдiң тобына қарай “заулап” барады екенбiз. Сiз сол Астанадан шығып, басқа емес, анау iргесiнде тұрған Қорғалжынға не Ерейментауға дейiн ерiнбей барыңызшы, кеңес кезiнен берi жөндеу көрмеген ескi жолға қарап, не күлерiңiз­дi, не жыларыңызды бiлмей, дал боласыз. Қазақстан автожолдарының осындай тарлығы мен сапасыздығынан көлiк апатына ұшырап, қырылып жатқан қазақ қаншама?! Бәрiн “тежегiшi iстен шыққан” деп машинаның өзiне жабады. Ал тежегiштi iстен шығаратын жол туралы ешкiм тiс жармайды. Негiзi, демографияның тамырына қан жү­гiртетiн табиғи өсiм мен шеттен келетiн қандастарымыз едi. Табиғи өсiм жол апатының есебiн жабуға кетiп жатыр. Көш тоқтады. Демек, тоқтап қалған Қазақ көшi, бұрынғы Көшi-қон комитетiнiң таратылып, басқарма дәреже­сiне дейiн құлдырауы, ұлттық болмысынан ажырап, жұтылып бара жатқан шеттегi бес миллион қазақтың қиын тағдыры... бәрiмiздiң де түн ұйқымызды төрт бөлетiн, ұлттың төл мүд­десiне қатысты қиын мәселелер.
Дәл осындай қысылтаяң кезеңде салмақ санаулы ғана азаматтарға түседi екен. Жұрт солардың аузына қарайды. Бiрдеме айтса екен дейдi. Мұндайда үнсiз қалу, тыныш жату шынымен де ел болам дейтiн елдiң азаматына жат қылық. Рақым Айыпұлы деген жiгiттi ел-жұрты осындай кiлең мәселелердiң түйiнiн шешуге, жолын ашуға арналған бастамалардың басынан көрiп келедi.
Байлығы бiр басына жете­тiн, хан кигендi киiп, қарашаның алдыңғы деңгейiнде өмiр сүрiп келе жатқан осы жiгiтке не жетпейдi екен десеңiз, сiздiң шындап қателескенiңiз. Қазақстан тәуелсiздiгiн алып, алғашқы жаңа жылды тойлау қарсаңында (31.12.1991 ж) тұң­ғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар!
Халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiне, елiмiздiң iшкi, сырт­қы саясатына ұлы өзгерiстер алып келген, барлығымыз үшiн үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үмiт пен күдiгi мол жаңа – 1992 жыл келдi. Тағдыр тәлкегiне ұшырап, жер бетiне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сiздердi Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тiлеймiн!
Қымбатты отандастар! Ежелгi атамекенiнен жырақтап қалған Сiздердi кешегi күнге дейiн ата-баба жерiне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенiн мен жақсы бiлемiн. “Туған жердiң түтiнi де ыстық” дейдi халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата-қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелердi басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкiметi “Бас­қа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс iстеуге тiлек бiл­дiрушi байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртiбi мен шарттары туралы” арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемiн деушi ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!” деп алыстағы ағайынға ағынан жарылып, ақ тiлек жолдағаны есiңiзде болар. Осынау ұранға елеңдеген құлақтың бiрi осы Рақым Айыпұлы едi. 1980 жылдардың басында ортасынан оза шауып, Қытай астанасы Бейжiңдегi ең таңдаулы жоғары оқу орнынан бiлiм алған санаулы жастардың iшiнде Айып­ұлы да бар болатын. Рақаңдардың бұл буыны алып елдiң басына зобалаң әкелген Маоның “Мәдениет төңкерiсi” аяқталып, билiк басына Дэн Сяопин келiп, ғылым мен мә­дениеттiң дамуына кең жол ашылып, реформаның шындап салтант құрған шағындағы қызметке шыққан алғашқы қарлығаштар есептеледi. Сол реформалардың бiр саласында бiлек түрiп еңбек еткен, қоғамдық тәжiрибеден өткен, жемiсiн көрген дайын кадрлар саналады. Менiң есiме сол Дэннiң екi ұраны әбден ұялап қалыпты: “Жастарды жауапты қызметтерге көптеп қою!”, “Реформа жасауда жүректi болу!”
Ұлтты мемлекет, сол мем­лекеттiң тiзгiнiн ұстап отырған бiрiншi басшы тәрбиелейтiнiн әбден дәлелдеп кеткен кiсi – осы Дэн ақсақал. Бiздiң елдегi секiлдi “Қазақстандық ұлт”, “Астананың атын Нұрсұлтанға өзгерту”, “Н.Назарбаевқа Ең­бек ерi атағын беру”, “Жаңа­өзендi Бекет ата деп атау”, “Кедендiк одаққа кiру”, “Қазақстан тарихын жаңаша жазу” деген секiлдi елдi әлекке салатын баланың ойыны, бақсының жыны Дэн дәуiрiнде мүлдем бол­ған емес. Есесiне, ұлттың тұтастығын (Шаңгаң, Аумын, Тайваньды қайтарып алу) бiрiншi орынға қойып, ел iргесiн бекемдеп кеттi.
1987 жылы 29 тамызда сапарлай келген Италия компартиясының басшылары Иотти мен Зангерилерге “Сiздер ауыл-қыстаққа барып көр­дiңiздер ме?! Бiздегi нағыз өзгерiс ауыл-қыстақта. Онда бiз ойламаған өзгерiстер жарыққа шықты” дейдi аса мақтанышпен Дэн қария (“Дэн Сяопин мақалаларынан таңдамалылар”, 3-том, 456-бет). Бұл   – Дэннiң реформа жүргiзгенiне он жыл бола қоймаған мезгiлдегi сөзi. Мiне, тәуелсiздiктiң 22 жылына аяқ бастық, бiздiң ақсақал дәл осылай шетел басшыларына «бiздiң ауылды көрiңiз» деп айта ала ма?!
Тәуелсiздiктен кейiн қай жағынан болсын, пiсiп-жетiлген, қандай қызметтiң болсын үдесiнен сүрiнбей шығатын Дэн мектебiнен өткен бiр буын жас Қазақстанға келуiн келдi-ақ. Бiрақ елеп-ескерусiз қалды. Қазiр соның алды алпысты ал­қымдап, ортасы елуге келiп, соңы қырықтың қыр желкесiне шығып үлгердi. Өкiнiштi! Дэн ақсақалдың есебiне салсаң, елу жастан асқан кадр кәрi есептеледi. Неге десең, ар жағың – алпыс. Зейнеткерлiктiң төбесi шошайып көрiнiп тұр. Мұндай адамдар реформадан гөрi тыныштықты көбiрек қалайды. «Сен тимесең, мен тимен, бадыраңкөз» дегендей, ептеп-септеп орнын сақтап отыра бергендi жөн көредi. Ал нағыз батыл жұмыс iстей­тiндер – отыз бен қырықтағылар.
Тәуелсiз Қазақстанның саяси өмiрiне бiлек түре кiрiскен, алдыңғы сапында жүрген кiсi осы Рақым Айыпұлындай-ақ болар! Онда да оның Ақорданың қазiргi жүргiзiп отырған сая­сатын мiсе тұтпай, анау-мынау емес, ұлттың рухын асқақтатқан, билiктiң талмау жерiнен дәп басып ұстаған, ел сенiмiне бiрден ие болған Алаштың ардақты азаматтары марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Ғалымжан Жақиянов бастаған топтың қатарынан төбе көр­сетуiнiң сыры осында. Бұл батыл қадам мен қиын шешiмнiң екiнiң бiрiнiң қолынан келетiн азаматтық емес екенiн қандас бауырларымыз жақсы түсiнуi керек. Ол – бiреулер айтып жүргендей, атақ шығарудан, абырой табудан туындаған әрекет емес, шын мәнiндегi азаматтық белсендiлiк, ұлтқа деген жауапкершiлiк. Уақыт деген төре сол Алтекең бастаған әрекеттер мен көтерген мәселелердiң жүз пайыз дұ­рыс­тыған дәлелдеп отыр бүгiн. Халық санағы жүрiп, соңында нәтижесiн үш қайтара өзгертiп, басшылары шетелге қашқанда, “Айналдырған он алты миллион адамды дұрыстап санай алмадық-ау!” деп Қабдеш Жұмадiловтiң кейiгенi бар едi. Алғашқы қазақ көшiн бастаған ұлт жанашыры, халық жазушысы бекер күйiнген жоқ. Басқаны былай қойғанда, өз аяғымен келiп, елiмiздiң демографиялық жағына демеу болып отырған қазақ көшiн жөндеп жүргiзе алмай, тоқтатып тастағаннан кейiн не сұрайсың бұл билiктен.
Рақым оны кезiнде жерiне жеткiзiп айтты. Ұлттық мүдде тұрғысынан жан-жақты дәлелдеп айтты. Бiз бiрден басқа ұрып, талдамай-ақ қоялық, Қазақ көшiн зерттейтiн ке­лешектiң ғалымдары БАҚ бетiнде жарық көрген сол мақалалардың атынан-ақ бар мәселенiң аужайын бiрден аңғаратынына менiң сенiмiм кәмiл!
Шеттен келетiн Қазақ көшiн тоқтатып, Қазақстан билiгi үлкен саяси қателiкке ұрынды. Сол қателiктi түзетудiң жолдарын нұсқап, шыр-пыр болып жүрген Рақым сияқты ел азаматтарына қолдау керек. Халықтық қолдау болса, ұлттық мұратымыз iске асады.
 
Ауыт Мұқибек,
Астана
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591