Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3574 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 11:59

Ойлау қабiлетi төмен “зомбилер” ағылшын тiлiн бiрiншi сыныптан бастап оқиды

МҰҒАЛIМНIҢ ЖЕТКIЛIКСIЗДIГI, МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫ МИНИСТРДI ОЙЛАНТПАЙДЫ.

МҰҒАЛIМНIҢ ЖЕТКIЛIКСIЗДIГI, МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫ МИНИСТРДI ОЙЛАНТПАЙДЫ.

Биылғы жаңа оқу жылында 2,5 миллионнан астам бала мектепке барады. Олардың 265 мыңнан астамы - мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бiрiншi сынып оқушысы. Кешегi ойын баласы, ендi мектеп оқушысы атанады. 6-7 жасар осы бүлдiр­шiн­дер­ге бiлiм ми­нистр­­лiгiнiң дайындаған “тосын сыйы” да аз емес.
2013-2014 оқу жылындағы басты жаңалық деп – ағылшын тiлi пәнiнiң бiрiншi сыныптан бастап оқытылатынын айтса болады. Шет тiлiн бiрiншi сыныптан бастап оқыту мәселесi бiрнеше жылдан берi көтерiлiп келген-дi. 6-7 жасар баланың шет тiлi былай тұрсын, жазу-сызуды меңгеруi оңай емес. Қалалық жерде онсыз да тiлi шұбарланған балаларға ендi ағылшынша үйретсек, нағыз мәңгүрт­терге қарық боларымыз сөзсiз. Бiрiншi сыныптан шет тiлiн оқыту мәселесiне байланысты осы сияқты қарсы пiкiрлер айтудай айтылып, жазудай жазылды. Он жасқа дейiн тек ана тiлiнде сөйлетiп, оқытып, үйрету арқылы шынайы патриоттарды өсiрiп, тәрбиелеуге болады дейтiн жапондардың ұстанымына бiздегi Бiлiм министрлiгi пысқырып та қарамады. Дегенiне жетiп, биылғы мектеп бағдарламасына бiрiншi сыныптан бастап шет тiлiн оқытуды енгiзiп тастады. Алайда 2,5 миллионнан астам оқушыға ағылшын тiлiнде бiлiм беретiн мамандар жеткiлiктi ме? Мiне, мәселе қайда жатыр?!
Биылғы оқу жылында 292 064 мұғалiм оқушыларға бiлiм беруге тас-түйiн дайын отыр. Әйтсе де, математика, физика, химия пән­де­рi­мен қатар, ағылшын тiлiнен оқытатын мұғалiмдер жетiспейдi екен. Егер мұғалiмi болмаса, шет тiлiн бiрiншi сыныптан бастап оқытудың ақырын болжау қиынға соқпас. Ағылшын сабағын өтетiн мұғалiм жоқ, бiрақ оның орнына қазақ тiлiнiң немесе биология пәнiнiң мұғалiмi 45 минутты оқушыларға сурет салғызып, ән айтқызып өткiзе сала ма? Бұдан не ұтпақпыз? Әсiлi, министр Бақытжан Жұмағұловқа бiлiм сапасы емес, әлдебiр жаңалықты енгiзу анағұрлым маңызды саналса керек.
Шет тiлi бiрiншi сыныптан бастап оқытылады, бiрақ мұғалiмдерi жетiспейдi дедiк. Келесi проблема – оқушыларға бiлiм берудегi материалдық база мәселесi. Шет тiлiн оқыту кабинеттерi жаңа технологиялық құрал-саймандармен жабдықталған ба? Оқулықтар мен оқыту құралдары талапқа сай жасалып, кабинеттерде ең болмаса, лингофонды құрылғылар орнатыл­ған ба? Республика бойынша бiр­дi-екiлi мектептен осы аталған дүниелердi табуыңыз мүмкiн. Ал жалпы, бiздегi барлық мектептерден толықтай жабдықталған арнайы кабинеттi шаммен iздеп таппайсыз. Есесiне апатты жағдайдағы бiлiм беру мекемелерiнiң көптiгi сондай, аяқ алып жүргiсiз.
Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк 3 759 бiлiм беру нысанынан өрт қауiпсiздiгiне байланысты он мыңнан астам заңбұзушылықтар болғанын әшкерелеп, бетiн ашып көрсеттi. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 15, Оңтүстiк Қазақстан облысында 245 мектептi жабу туралы сот шешiмi шыққан. Ал Шығыс Қазақстан облысы апатты жағдайда тұрған мектептер саны жағынан елiмiзде алдыңғы орында екен. Сондықтан оқушылар кейбiр мектептерде үш ауысым бойынша оқиды. Бұл өңiрдегi апатты жағдайдағы мектептердiң жыл санап көбеюiне Б.Жұмағұловтың назар аударуға мұршасы да жоқ. 12 жылдық бiлiм беру мәселесiне қызу дайындық үстiнде. Шығысымызда 2011 жылы апатты мектептер саны 27, былтыр 43 болса, биыл оның қатары 61 мектепке жетiптi. Алматыда оқу жылы басталмай жатып 300 орындық бiлiм беру мекемесi жабылды.
Жамбыл облысында да апатты жағдайдағы 30 мектеп бары анықталды. Сонымен қатар елiмiзде үш ауысымда оқытатын мектептердiң өте көп екенiн ұмытпаңыз. Дәл осындай оқушыларды қабылдай алмайтын бiлiм беру орындары басқа да аймақтарда көптеп кездеседi. Ауыл-аймақ мектептерiнiң басым бөлiгiне күрделi жөндеу жұмыстарының жасалмауы, оқушы санының аздығы, компьютер сыныптарының болмауы сынды проблемалардан әлi көз ашпаған. Бұған қоса, мұғалiмдердiң бiлiктiлiгi мен сауаттылығы сын көтермейтiнi тағы бар. Осындай қордаланған проблемаларға қарамастан, Бiлiм министрлiгi жаңалықтарын тықпалап, жанталасуда.
Ойлап қараңызшы, оқулықтары сауатсыз жазылған, мектебi жабылған, мұғалiмi жоқ, бiлiм берудiң материалдық базасы жасақталмаған жағдайда оқушы қалай ағылшын тiлiн оқып-үйренедi? Тамыз конференциясында Б.Жұмағұлов қазiргi оқушылардың логикалық ойлау қабiлетiнiң төмен екенiн сынаған едi. Мұндайда басқа сауатты министр оқушылардың ойлау деңгейiнiң төмендеуiне не себеп екенiн анықтаған болар едi. Проблеманың себеп-салдарын шешпей, көшiрме реформаларға жармаса берсе, Б.Жұмағұловтың алдағы уақытта логикасы мүлде жоқ “зомби” оқушылармен кездесерi сөзсiз. 12 жылдық бiлiм беру, шет тiлiн бастауыш сыныптан оқыту, профильдi сыныптар санын арттыру, жылда жаңа оқулық басып шығару Қазақстандағы сауатсыздықтың деңгейiн арттырмаса, кемiтпейдi.  
 
Меруерт ХУСАИНОВА
"Жас Алаш" газеті
0 пікір