Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3998 0 пікір 16 Тамыз, 2013 сағат 07:42

 Таласбек Әсемқұлов. Көлденең жолаушының әңгімесі

2011 жылдың күзінде Ақтөбеден Алматыға келе жаттым. Жарты вагон бос екен. Ертеңіне Шымкенттен жиырма шақты адам отырды. Кілең жастар. Ұмытпасам Алматыда өтетін информатика мәселелеріне арналған конференцияға бара жатқан болуы керек. Барлығы компьютерді жоғары деңгейде меңгерген мамандар. Басшысы біздің купеге орналасты. Екі миығы түсіңкі, жүзін ерте әжім торлаған, бірақ көзі өткір, отыздардағы адам екен. Өзін Асанқадыр деп таныстырды. Шымкенттен ұзамай-ақ жұрт біздің купеге жиналды.
– Ренжімеңіздер, – деді Асанқадыр ыңғайсыздана жымиып, – Қазір барлығын қуып жіберем.
Ештеңе етпейді дедік. Кеш бата жұрт тарасты. Барлығымыз ұйқымызды қандырып алған сергекпіз. Менімен бірге Ақтөбеден бір заңгер еркек және бір дәрігер әйел отырған. Аздан соң заңгер ағамыз бір шиша коньяк шығарды.
– Кел, Асанқадыр бауырым, – деген коньякты екі рюмкеге бөліп құйып жатып, – Мына адамдар ішпейді екен. Өзіміз қауымдасып отырайық. Енді атымды айтайын. Тек күлме. Менің атым – Майталман.
– Оның несі күлкі, – деді Асанқадыр жымиып, – Кәдімгі ат.
Екеуі алып қойды. Содан соң әр тақырыптың басын шалған әңгіме басталып, ақырында компьютер, интернет мәселесіне тірелген.
– Осы сен нағыз профессионал компьютершісің ғой? – деді Майталман.
– Қайдағы, – деді Асанқадыр әдетінше жымиып. – Асса, тәжіребелі пайдаланушымын.

2011 жылдың күзінде Ақтөбеден Алматыға келе жаттым. Жарты вагон бос екен. Ертеңіне Шымкенттен жиырма шақты адам отырды. Кілең жастар. Ұмытпасам Алматыда өтетін информатика мәселелеріне арналған конференцияға бара жатқан болуы керек. Барлығы компьютерді жоғары деңгейде меңгерген мамандар. Басшысы біздің купеге орналасты. Екі миығы түсіңкі, жүзін ерте әжім торлаған, бірақ көзі өткір, отыздардағы адам екен. Өзін Асанқадыр деп таныстырды. Шымкенттен ұзамай-ақ жұрт біздің купеге жиналды.
– Ренжімеңіздер, – деді Асанқадыр ыңғайсыздана жымиып, – Қазір барлығын қуып жіберем.
Ештеңе етпейді дедік. Кеш бата жұрт тарасты. Барлығымыз ұйқымызды қандырып алған сергекпіз. Менімен бірге Ақтөбеден бір заңгер еркек және бір дәрігер әйел отырған. Аздан соң заңгер ағамыз бір шиша коньяк шығарды.
– Кел, Асанқадыр бауырым, – деген коньякты екі рюмкеге бөліп құйып жатып, – Мына адамдар ішпейді екен. Өзіміз қауымдасып отырайық. Енді атымды айтайын. Тек күлме. Менің атым – Майталман.
– Оның несі күлкі, – деді Асанқадыр жымиып, – Кәдімгі ат.
Екеуі алып қойды. Содан соң әр тақырыптың басын шалған әңгіме басталып, ақырында компьютер, интернет мәселесіне тірелген.
– Осы сен нағыз профессионал компьютершісің ғой? – деді Майталман.
– Қайдағы, – деді Асанқадыр әдетінше жымиып. – Асса, тәжіребелі пайдаланушымын.
– Солай-ақ болсын, сен маған мынаны айтшы, – деді Майталман, Асанқадырға қарай ұмсына отырып, – Осы мына біздің Қазақ интернеті дейміз ғой. Осы интернет басталмай жатып неге ластанып кетті? Неге сонша былапыт? Адамдар осы интернетке кіріп, неге ауыздарына келгенін айтады?
– Сізге айтты ма? – деді Асанқадыр.
– Жоқ, мен интернетке ештеңе жазбаймын, – деді Майталман. – Мен тек оқырманмын. Қазақта бірнеше жақсы сайт бар. Сонда кіріп, жақсы материалдарды оқимын. Ләззат алам. Қазақта да жақсы, ақылды адамдар бар екен ғой деп қуанам.
Асанқадыр төмен қараған күйі үндемеді.
– Интеллектуалдар, – деді Майталман сұқ саусағын шошайтып. – Біз азбыз. Осы аз қазақтан шыққан азғантай интеллектуалдар. Кейбіреуі тіпті әлемдік деңгейдегі білімді адамдар. Кейбір сайттар солардың материалдарын көшіріп басады, «ал, пікір айтыңдар» деп есікті ашып тастайды. Сол кездегі айтылған пікірлерді көрсең...
Майталман рюмкелерді толтыра құйды.
– Сұмдық! – деді содан соң басын шайқап. – Не деген сұмдық! Не деген өштік!
Екеуі қағыстырып алып қойды.
– Өз елінің ақылды адамдарын осынша жеккөруге болады екен, – деді Майталман тағы да басын шайқап.
– Егерде сізге тікелей қатысы болмаса, онда ондай пікірлерді оқымай-ақ қойсаңыз да болады, – деді Асанқадыр жымиып.
Майталман екі қолын жайып, Асанқадырға ажырая қарап отырды да қалды.
– Түсінбедім ғой, бауырым, – деді содан соң маған бір қарап алып.
– Қойыңыздар, – деді дәрігер әйел күліп, – Жанжалдаспаңыздар.
– Жоқ, сен маған түсіндір, – деді Майталман үнсіз отырған Асанқадырға төніп барып. – Бұл не сөз сонда? Сен кімнің жағындасың?
– Ешкімнің жағында емеспін, – деді Асанқадыр.
– Жоқ, түсінбедім, – деді Майталман, – Интернетке жаңағындай «пікірлерді» жазып жүрген сен емессің бе? Мен сенен қорқайын дедім.
Асанқадыр күлді.
– Жоқ, мен емеспін. Мен ондаймен айналыспайтын адаммын. Ренжімеңіз. Мен сізге қайран қалып отырмын, аға. Сіз айтып отырған «пікірлер» – ол интернеттің ең төменгі, құл-құтандар жүретін деңгейі. Сізді біреу сол деңгейге күшпен алып барған жоқ қой. Сіз өз еркіңізбен барып оқыдыңыз ғой, сол пікірлерді? Солай ма?
– Иә, солай, – деді Майталман, – Өзім барып оқыдым.
– Көрдіңіз бе, – деді Асанқадыр әдетінше жымиып, – «Боқты тепсең, аяғың былғанады» деген мақал бар қазақта. Айдалада боқ жатыр. Сіздің жүретін жолыңыздан мүлдем қиыс. Ал сіз ерінбей бұрылып барып сол боқты тебесіз. Содан соң аяғым неге былғанады деп ренжисіз.
Майталман үнсіз қалды.
– Интеллектуалдарға обал болды дегенім ғой, – деді содан соң.
– Интеллектуалдар сол пікірді оқиды дейсіз бе? – деді Асанқадыр. – Әрине, сіздікі дұрыс. Виртуальдік кеңістікті таза сақтаған жақсы. Алайда, бұл бір қазақтың проблемасы ғана емес. Сіз әлемдік сайттарды кезбеген екенсіз. Сұмдықтың көкесі сонда.
– Біздің мына керауыздар, шіркін сол шетелдің сұмдықтарына қашан жетеміз деп аңсайтын шығар, – деді Майталман аяқ астынан көңілденіп. – Шіркін, тезірек жетсек екен деп армандайтын шығар.
Аз үнсіздік орнады. Содан соң Асанқадыр ойланып отырып сөйлеп кеткен.
– Осыдан біраз бұрын интернетке қатысты бір әлемдік жиында сол интернеттің жаратушыларының бірі Джарон Ланирдің толғанып айтқан сөзі бар. О баста интернеттің негіздері дұрыс болмады деді. Пайдаланушылардың анонимдігі сияқты нәрселерді айтқаны ғой. Соның салдарынан тобырдың пікірі жеке тұлғаның парасатынан жоғары болып шықты.  Интернетті жауып, жаңадан жарақтау керек пе деген ұсыныстар бар. Әрине, ол болмайтын нәрсе. Информациялық қоғам интернетсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан интернетті жою, ауаны жоюмен бірдей. Интернет жойылмайды. Дені дұрыс адам интернетке өз атымен, келбетімен шығады. Егерде ол адам жігіт болса, дидарын ашып тастап сөйлесуге қорықпайтын адам болса. Фейсбук деген бар. Сол жерде адамдар көбінесе өз атымен шығады, өмірде араласатын адамдармен пікірлеседі. Ал сіздің айтып отырғаныңыз анонимдік интернет. Ол жерде бетпе-бет келіп сөйлесуге жарамайтындар, бұғып жатып ататындар жүреді. Өздері ылыққан ит сияқты үнемі бірге жүреді. Бір жақсы текст шықса соны боққа былғауға ілезде жинала қалады. Көзіңізге елестетіңіз. Айдалада қойшыдан қалған бір тон жатыр. Іші толған бит. Бір адам сол тонды байқамай киіп алды. Сонда неше жылдан бері жүннің шайырын жеп аш жүрген биттер тірі тән, жылы қанды көріп лап қояды. Қазақ интернетінің ең төменгі деңгейі осы биттеген тон сияқты. Оларға жарияланған материалдың жақсы я жаман болғанының керегі жоқ. Материалдың өз басы болса, тілге тиек болса болды. Не жазсаң да биттің ішін босатуға ілік тауып бересің. Әрине, бұлар сіз ойлағандай жазасыз емес. IP-адрес деген нәрсе бар. Яғни, компьютер интернетке қандай жерден келіп қосылды, соны білуге болады.  Егер принципке кетсеңіз, сол із бойынша интернетті былғап жүрген қошақанды құйрығынан ұстауға болады. Бес-ақ минуттік шаруа. Бірақ біздің қазақ жеме-жемге келгенде соны іздеп, тауып, соттасуға ерінеді. Қойшы соны деп қолын бір сілтейді. Болды. Ал мен сізге айтайын, тіл тигізгені, қорлағаны үшін  деген статья бар. Ұсталған адам, үлкен ақша сомасы айыппұл төлейді.
Жұрт үнсіз қалды. Аздан соң шай келді. Әркім өз сөмкесінен жолға алған азығын шығарды. Дәмдеп отырып шай іштік.
– Әрине, жақсы нәрсе емес, – деді осы уақытқа дейін үнсіз келген дәрігер әйел. – Менің қызым өзіне бір қазақстандық желіде парақша ашып еді. Ертеңіне-ақ нешетүрлі лас ұсыныстарға толып кетті. Жауып тастадық. Осыны істеп жүрген қазақтың жас балалары ғой.
Неліктен осындай болды екен?
– Сіздерге былай дейін, – деді Асанқадыр. – Мен Мәскеу университетін психология пәні бойынша тәмәмдадым.
– Қай жылдары? – деп сұрады Майталман.
– Екі мыңыншы жылдары, – деді Асанқадыр.
– Ең қиын кезде оқыған екенсің, бауырым, – деді Майталман, – Ресейде нағыз шовинизм дәуірлеген кез ғой. Қазір де оңып тұрғаны шамалы ғой.
Асанқадыр болмашы езу тартты.
– Иә, сол кезде оқыдық. Бірақ бізге ешкім көпе-кернеу зорлық істеген жоқ. Тек анда-санда, «осы Совет өкіметінің құлауына сендер себеп болдыңдар ғой» деп айтқаны болмаса. 86 жылдың декабріне меңзегені.
– Өздерінен көрсін, – деді Майталман. – Барлық республикаларда бірінші басшы жергілікті ұлттан болады. Грузияда грузин, Арменияда армян, Өзбекстанда өзбек. Ал Қазақстанда неге міндетті түрде орыс отыруы керек? Қазақ сенгіш, көнгіш халық. Қонаевтан кейін бір қазақты қоя салса сол жастар ың-шыңсыз алаңнан кетіп қалар еді. Бірақ Горбачев деген қасқа принципке кетті ғой. Осы азғантай теңдіктің өзін қазаққа көп көрді. Тізеге салды. Сол анау орыстарың дұрыс айтқан. Қазақтың бір киесі бар. 86-жылы бізге анандай істеді – бес жылдан кейін Совет өкіметі құлап қалды. Ал керек болса. Жарайды, әңгімеңді үзіп жібердім ғой. Сонымен, Мәскеуде оқыдың.
– Иә, – деді Асанқадыр, – Ресейдің кітапханалары керемет. Университеттің өз кітапханасы, Ленин атындағы мемлекеттік кітапхана, толып жатыр. Оқимын, ізденемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Оның үстіне «темір перде» құлағаннан кейін Батыстың озық әдебиеті келген. Ол кезде де, қазір де Мәскеуді «Книжный Вавилон», яғни «Кітаптың Бабылы» деп атайды. Міне, осы кітапқа күп бердік. Әрине, талай қиыншылық болды. Бірақ өкінбеймін. Көкірек көзім ашылды, өрісім кеңейді. Орыстың талай керемет азаматтарымен таныс болып араластым.
Асанқадыр сәл үзіліс жасап сөзін сабақтаған.
– Осы, компьютерлік технологиялардан дәріс беретін бір мәскеулік досым болды. Сол айтып еді, «Интернет это свальный грех» деп. Яғни, «топалаң былық» деген сөз.
– Ол не, «свальный грех» деген? – деді Майталман.
– Ол былай, – деді Асанқадыр. – Бұл, орыстың әлі христиан дініне кірмей, мәжүси, жабайы болып жүрген кезінде болған жайт екен. Көктемде «Иван Купаланың түні» деген болады. Сол түні бүкіл еркек пен ұрғашы атаулы «медовуха» деп аталатын балдан қайнатылған шарапты тойып ішіп, тырдай жалаңаштанып орман ішінде былыққа батады. Ол жерде кімді кім ұстаса да бәрібір. Әкесі қызын, ағасы қарындасын, баласы өз анасын ұстап алуы мүмкін. «Иван Купала түні» болған былықтың барлығы кешіріледі. Міне, қазіргі интернет дегеніңіз осы. Қазақтың балалары ұлттың ең қасиетті ұғымдарын осы интернетте таптап, боққа былғап жатады. Білімді адамдардың төбесінен төмен қарай сорғалатып жатады. «Иван Купала» емей, анасына шапқан емей, әкесін сақалынан сүйреген емей немене?
Майталман күрсініп төмен қарады.
– Иә-ә, – деді содан соң, – Қиын екен. Неден осындай болды екен?
– Рас-өтірігін білмеймін, естуімше осы жазғыштарға біреу ақша төлейді екен, – деді дәрігер әйел, – Кәдімгі жалақы сияқты.
– Рас, – деді Майталман, – Кәдімгі, таңертең қызметке келгендей Интернетке шығады, жылт еткен мәліметке дереу «жауап» береді. Шынында да жалақыда отырған болуы керек.
«Осыған қалай қарайсың» дегендей Асанқадырдың бетіне қараған.
– Мүмкін, – деді Асанқадыр, – Кейбіреулеріне әлдебіреулер ақша төлеуі мүмкін. Әлемде болып жатқан «түрлі-түсті революциялардың» барлығы фейсбук пен твиттер арқылы жасалған. Ондай шытырман жұмысты ешкім де ақысыз-пұлсыз жасамайды. Бірақ ешкімді қолынан ұстап алған жоқпыз. Біздікі тек жорамал ғана.
– Олай болса қазақ Интернетін былғауда не мақсат бар? – деді Майталман, – Бұл кімнің мүддесі?
Асанқадыр сәл күрсініп барып жауап қайтарған.
– Тәжірибелі компьютерші ретінде айтайын, ешкімнің де ешқандай мүддесі жоқ. Бұл әншейін жауды сырттан іздейтін біздің баяғы дағдымыз. Өз басым соларға біреу ақша төлеп, тапсырма береді дегенге сенбеймін. Себебі мынада. Жаңағы сіз айтқан, өз елінде жаудың мүддесін іске асыратын адамдарды орыстар «агенты влияния» деп атайды. Яғни, «ықпал ету агенттері» деген сөз. Бірақ ондай агент болу үшін адамға үлкен білім керек. Ал ондай білім бұлардың түсіне де кірмеген. Бұлар кәдімгі әулекілер. Қарапайым ғана әулекілер. Бұлардың бар қолынан келетіні – тарқылдап күлу. Абай атамыздың бір өлеңі бар ғой, «Елді алып, Еділді алып еліреді, Бір арыз беріп келсе шатып-бұтып» деген. Осылар туралы айтылған. Интернетке шыққан жақсы бір текстті қоршап алып, шатып-бұтып «пікір» айтып, тарқ-тарқ күліп, жау  түсіргендей мәз болып қайтады. Әрине, ықпал етуді, билікті әр адам армандайды. Бұлар да, «кем дегенді Қазақстан халқының пікірін билеп-төстеп бағыттап отырсақ» деп армандайды. Алайда ыңыршағы айналған рухани кедейлікте туған кемшін санамен ондай деңгейге жету мүмкін емес.
Майталман қарқылдай күлген.
– Қатырдың, бауырым.
Дәрігер әйелдің де жатып атары бар екен.
– Күлкіңіз мына жігіт айтып отырған адамдардың күлкісіне ұқсап кетті ғой, – деген жымиып.
Бұл жолы барлығымыз қосыла күлдік.
– Бірақ бұларды кіналауға болмайды, – деді кенет Асанқадыр төбеден түскендей қылып.
Майталман қайтадан ажырайып қалған.
– Тағы да түсінбедім ғой, бауырым, – деген одан кейін, не күлерін, не ашуланарын білмей.
– Мен сізге осы уақытқа дейін қатардағы адамның пікірін айттым, – деді Асанқадыр, – Енді маман-психолог ретіндегі пікірімді айтайын. Адамды Құдай жаратады дейді. Толықтай келісемін. Аз-маз түзетуі ғана бар. Адамды шынында да Құдай жаратады. Бірақ, адам қоғамда жаратылады. Яғни, қоғамның бүкіл сұмдығының ортасына келіп түседі. Адам табиғатында мынадай құбылыс бар. Ұмытпасам, телегония деп аталады ғой деймін. Жарайды, мәселе терминде емес, құбылыстың өзінде ғой. Қысқасы былай, қыздың бетін алғаш кім ашса, ол қыздың кейін дүниеге келтірген перзенттерінің барлығының генотипі сол алғашқы еркектікі болып шығады. Сеніңіз, сенбеңіз – ақиқаты осы. Бұл – генетика ғылымының тісі батпай келе жатқан жұмбақ. Қаншама ғалымдар бұл мәселеге өмірін арнаған. Бірақ құпияның тұңғиығына ешкім бойлай алмаған. Өзінің заңды  некедегі күйеуінен туған баланың мінез бітімі, пәленбай жыл бұрынғы, алғаш бетін ашқан еркектің мінезінен неліктен айнымай туатындығын әйел де, ғылым да түсіндіріп бере алмайды. Тіпті, ол еркек қыздың бетін ашпауы да мүмкін, ол қыз ақ төсекке бүтін келуі де мүмкін. Алайда о баста шын ғашық болған адамының мінезі әйелдің балаларында қайталанады. Осыған байланысты көптеген жұрттарда мынадай салт қалыптасқан. Қандай да болмасын әулетке келген қалыңдықтың бірінші түні сол елдегі төренікі. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде көп тараған. Моңғолдарда қалыңдық бірінші түнін ламаның қойнында өткізеді. Әрине, бізде ондай салт жоқ. Бірақ қазақтың қызына, пәлен адамды ұнатушы болма, түгіленге ғашық болма деп ешкім де тыйым сала алмайды. Дүниеге бұла көзбен қарайтын жас адам кімге болса соған ғашық болуы мүмкін. Махаббатқа мас болған қыз көп жағдайда, ұнатқан адамының, кейбіреулердің есігіне күтуші болуға жарамайтын жаман екенін, адам деп айтудың өзі ұят әлдебір сілімтік екенін, әрине ажырата алмайды. Міне, қыздың бойы алғаш рет осылай бұзылады. Адам тани алмайтын, көзсіз көбелектей жас қыз, сол сәтте, өзінің болашақ ұрпақтарының нәсілі айни бастағанын қайдан білсін. Міне, келер ұрпақтың бітіміне бірінші рет нұқсан келді. Біз бұл жерде қыз баланың, яғни, болашақ ананың атасы мен анасын мінсіз тектілер деп алып отырмыз. Ал егер олар нәсілсіз тұқым болса, онда нұқсанға нұқсан жамалды дей беріңіз. Енді айта кететін тағы бір таңғажайып құбылыс бар. Нәресте құрсақта жатқанда сыртқы дүниені анасының көзімен көреді. Өз бастарыңызда да болған шығар. Өзіңіз көрген бір оқиғаны айтасыз. Қайран қалған анаңыз ол оқиғаның сіз дүниеге келмей тұрып болғанын айтады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, осы. Ал нәрестенің іште  жатып не көретіні белгілі. Әрине, адамдар әдетте оны ұмытып кетеді. Бірақ өз санасымен жұмыс істей алатын адам құрсақта жатып көргенінің барлығын есіне түсіре алады. Әлбетте, ол естеліктердің, мына дүниеге келгеннен кейін көргендерінен пәлендей айырмашылығы жоқ болып шығады. Маскүнем әкенің зорлық-зомбылығы, кіріптар ананың амалсыз ит қорлыққа көнгені, тағысын тағылар, Алапаты қайтқан, тарих сахнасынан, санаттан кетіп құлдыққа түскен елдің еркектері қатын сабағыш болады. Осылайша мемлекетті, елдікті ұстап тұрған алтын діңгек – жанұя күйрейді. Осындай «шаңырақта» дүниеге келген бала не көріп өседі? Сиықсыз, қораш өмір, ақылсыз әке, бейшара ана. Ал анасы моральдік тұрғыдан әлсіз адам болып шықса, Құдай төбеден екі есе ұрды дей бер. Ішіс, төбелес, ойнас. Осының бәрінің куәсі болған баланың санасында дүниеге деген цинизм, немқұрайдылық, бойкүйездік қалыптасады. Көңілі тапталған ол, басқаның асылын таптап үйренеді. Туғаннан былықтан басқа ештеңе көрмеген сол бала, сол былықтың ортасында шынығып, бетсіз болып, дауасыз болып өседі. Ешқашан ештеңеге сенбейтін, дүниеде бақыттың, ізгіліктің, адамдықтың бар екеніне сенбейтін жыртқыш болып өседі. Үйелмен, шаңырақ, жанұя – мемлекеттің шағын моделі. Осы ойрандалған ұядан, ойрандалған кішкентай мемлекеттен шыққан бала дүниеде үлкен мемлекет дегеннің бар екенін ешқашан түсінбейді. Елдік дегеннің не екенін түсінбейді. Интернетте қазақтың рухани мүліктерін, жақсылардың атын боққа былғап жүргендердің біреуін ұстап алып, мына істеп жүргенің ұлттың мүддесіне қайшы дегенді айтып көріңіз, не болар екен. Берісі, «ол не?» деп бетіңе ажырайып қарайды, арысы – әкеңнен, шешеңнен боқтап кетеді. Жорж Сименонның бір повесінде Париждің түбіндегі қалашықта кісі өлімі болады. Комиссар Мегрэ қылмыс болған жерді жақсылап тексеріп Парижге қайтып кетеді. Көп ұзамай жезөкшелер үйінің бірінен мадам телефон шалады, түн ішінде бір алабұртқан клиенттің келгенін айтады. Мегрэ дереу аттанып жезөкшенің қойнында жатқан жас жігітті ұстайды. Жарты сағаттан кейін жігіт кісі өлтіргенін мойындайды. Міне, осы жігіттің досьесінде оның бақсыз, бақытсыз жанұядан шыққандығы айтылған. Әкесі маскүнем, шешесі жеңіл жүріске салынған. Батыстың криминалдық романдарында бұндай сюжеттер көптеп кездеседі.
Түн ортасынан ауған уақыт екен. Білімді, ақылды серігіміздің баяу дауыспен айтқан әңгімесіне көңілімізбен ұйып отыра беріппіз. Алдымен Майталман ес жиды.
– Ой, дейді-ау, – деді қайран қалып.
– Қой, мен шай алып келейін, – деді сосын.
Сонымен түнгі бірдің шамасында қайтадан шай іштік.
– Сондықтан қайталап айтайын, бұларға ренжіп керегі жоқ, – деді Асанқадыр алдыңғы сөзін үстеп, – Кісі өлтіріп қылмыс жасағанша Интернетті былғап жүре берсін. Ішіндегісін шығарып, содан ләззәт алып тыным тапса болды емес пе. Бізге керегі сол ғой.
– Сонда бұларды аяу керек дейсіз ғой? – деді дәрігер әйел.
– Иә, – деді Асанқадыр, – Бұлар бейбақтар. Тағдыр бұларды мытып-мытып тастаған. Аяусыз тағдыр бұларды мыжып-мыжып тастаған. Бұлар мыжылып қалғандар, аяусыз жапырылп қалғандар. Сондықтан бұларды аяу керек. Бір ақынның «Біз жетімдерміз, Бізге жекірмеңіз!» деген өлең жолдары есімде қалыпты. Оның үстіне бұлар бүгінгі қазақ мәдениетінің бір көрінісі, бір бөлігі. Алып тастай алмайсыз. Сондықтан төзесіз. Ал оқу-оқымау, ол өзіңізге байланысты. Оларды оқығыңыз келмесе, сізді ешкім де күштеп оқыттыра алмайды.
Ертеңіне темір жол бұзылғаны себепті пойызымыз Бұрындайдың тұсында бірнеше сағат тұрып қалды. Дәрігер әйел де, заңгер ағамыз да ұзақ тұратынымыз белгілі болғаннан кейін ұялы телефондарымен балаларына хабарласып, машина шақыртып бізбен сол жерден қоштасып кетіп қалды.
Олар кетісімен Асанқадырдың адамдары күпеге толып алды, ноутбуктарын қосып жұмысқа кірісіп кетті. Асанқадыр шылымын тұтатып тамбурға барды. Мен қоса шықтым.
– Мына қыздар мен жігіттеріңіз не істеп жатыр? – деп сұрадым.
– Конференция басталып кетті ғой, – деді Асанқадыр, – Соған қатысып отыр.
– Сіз кеш бойы үндемедіңіз, – деді содан соң, – Интернетпен жұмыс істемейсіз бе? Мамандығыңыз кім? Таныспаппыз.
Аты-жөнімді айттым. Күлді, себебі менің жазғандарыммен және Интернеттегі менің жазғандарыма айтылған пікірлермен жақсы таныс екен.
– Мен кеш бойы сізді жұбатқан екенмін, сізге түсіндірген екенмін, – деді жымиып.
– Рахмет, бірақ мен сол пікірлерді оқымаппын, – дедім мен, – Ниеттес достарым, бауырларым, «сіз туралы мынадай-мынадай нәрселер айтылып жатыр» деп келеді. Күлем де қоям. Не дейін. Мен де оларға оқымай-ақ қойыңдар деймін.
Түстен кейін жол жөнделіп Алматыға келдік. Екінші  вокзалдан улап-шулап түскен жастар бірнеше таксиге бөлініп отырды. Асанқадыр қоштасарда визиткасын берді.
– Хабарласып тұрайық, – деді әдетінше жымиып.
Арттарынан ұзақ қарап тұрдым. Ертегідей өмірдің шеті бізге тақап келе жатыр. Бірақ оның да үсті бұлтсыз аспан емес. Өзіне тән ой-шұқыры, қалтарыс-қатері бар. Міне, осы жаңа болмыс, жаңа шындықтың сақшылары, сақтаушылары таксилерінің терезесінен қол бұлғап кетіп бара жатыр. Басқа өлкеде, басқа қалада туып-өскен. Мүлдем бейтаныс бірақ менімен  мүддесі бір адамдар. Болашақ осылардың қолында дедім іштей. Тек абыройдан айырмасын.
"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір