Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5305 0 пікір 5 Тамыз, 2013 сағат 06:15

Қали Сәрсенбай. «Махамбеттің басы» қайда? Мұхтарды неге іздемейміз?

 Қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары Қасымның басы туралы көп жылдар бойы әңгіме болып, ақыры нүкте қойылмады. Таяуда бұл мәселені Нұртөре Жүсіп «Ең арзан бас қайда?» («Айқын» 15.07.2013 ж.) атты аса өткір мақаласында тағы да бір еске салып өтіпті.

Ертеректе Сейділдә Төлештің «Түрлі-түрлі бастар бар» деген фельетонын ұлы ұстазымыз Темірбек Қожакеев жиі мысалға алушы еді. Бірақ бұл әңгіме көбіне әзілдік сипатта өрбитін. Дейтұрсақ та, бас жаққа барыспасақ та, сол әзілдің астарында көп шындық, ақиқат жататын. Әңгіме, әрине, қазаққа қай кезде де керек бас туралы. Әйтпесе, кеуіп кеткен керексіз кеуек бастар көп қой. Ұлтымыздың ұстынына айналған талайлардың сол ұлты үшін басын бәске тіккені, басын бергені тарихтан мәлім. Ал енді ондай бастың бағасына да ештеңе жетпейтінін әркім де бағамдай алады. Бүгінде сондай бастардың қадірін білмегендіктен бе екен, қазақтың рухани дүниесінде, жалпы, былайғы өмірінде рухшылдықтан гөрі рушылдықтың басым сипат алып тұрғанын да жасыруға болмайды.

Жә, бұл айтар ойымыздың кіріспесі, не тақырыптың тұздығы дейсіз бе, енді оны өзіңіз білесіз. Нақтылыққа көшсек, демегіміз мынау еді.   

 Қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары Қасымның басы туралы көп жылдар бойы әңгіме болып, ақыры нүкте қойылмады. Таяуда бұл мәселені Нұртөре Жүсіп «Ең арзан бас қайда?» («Айқын» 15.07.2013 ж.) атты аса өткір мақаласында тағы да бір еске салып өтіпті.

Ертеректе Сейділдә Төлештің «Түрлі-түрлі бастар бар» деген фельетонын ұлы ұстазымыз Темірбек Қожакеев жиі мысалға алушы еді. Бірақ бұл әңгіме көбіне әзілдік сипатта өрбитін. Дейтұрсақ та, бас жаққа барыспасақ та, сол әзілдің астарында көп шындық, ақиқат жататын. Әңгіме, әрине, қазаққа қай кезде де керек бас туралы. Әйтпесе, кеуіп кеткен керексіз кеуек бастар көп қой. Ұлтымыздың ұстынына айналған талайлардың сол ұлты үшін басын бәске тіккені, басын бергені тарихтан мәлім. Ал енді ондай бастың бағасына да ештеңе жетпейтінін әркім де бағамдай алады. Бүгінде сондай бастардың қадірін білмегендіктен бе екен, қазақтың рухани дүниесінде, жалпы, былайғы өмірінде рухшылдықтан гөрі рушылдықтың басым сипат алып тұрғанын да жасыруға болмайды.

Жә, бұл айтар ойымыздың кіріспесі, не тақырыптың тұздығы дейсіз бе, енді оны өзіңіз білесіз. Нақтылыққа көшсек, демегіміз мынау еді.   

Осыдан біраз уақыт бұрын «Алматы ақшамында» (21.05.2013 ж.) Таласбек Әсемқұловтың «Танылмаған» талант» немесе Махамбеттің кек тұнған көздерін бейнелеген суретші» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада дарынды суретші Мұхтар Құлмұхамедтің тағдыры туралы айтылады. Қазақтың Мағауия Аманжолов деген атақты суретшісінің құпия жағдайда жоғалып, күні бүгінге дейін табылмағанын білетін едік. Мұхтар да сол тағдырды құшыпты деседі. Не деген ұқсас тағдыр! Екеуі де суретші. Жәй көп бояушының бірі емес, елдің рухын көтеретін рухты дүние жазатын аса дарынды суретшілер неге жоғалады? Әрине, бұл мәселенің аясынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ шығар, тағдырдың жазуы да дерсіз. Бірақ, өзекті өртейтін, ешкімді де бей-жай қалдырмайтын бір жағдай бар. Гәп суретшілердің жазған дүниесінде, шығармашылығында. Өзі өмірден өткенімен, шығармасы қалуы керек қой. Оны біреу тиеп алып кеткен жоқ шығар. Ол – әрбірден соң ұлттың құндылығы, байлығы емес пе!?

Таласбектің сол мақаласынан үзінді келтірейік:

«М.Құлмұхамедовтың ресми салон мойындамаған екі суреті – «Қап, қап, қап» және «Ақын» – екеуі де Махамбетке ар­налған. «Қап, қап, қап» – ақынның қапия­да өлген сәтін бейнелейді. Аңыз бойынша, Махамбеттің шабылған басы жерге домалап түскенде «Қап, қап, қап», – деп сөйлеп үлгеріпті. Бұл суретте М.Құл­мұха­медов психологиялық параллелизмге, қаты­гез реализмге барған. Портретте қан көп. Бірақ, бұл — өмірде болатын нәрсе. Ақынның дөңестеу мұрнының үстіндегі айғыздалған қан бей-берекет шабыстың, жаңа ғана аяқталған қанды қылмыстың бейнесі. Міне, қатыгез реализм деп осыны айтамыз. Махамбеттің кек тұнған көздері оның беріспей өлгендігін көрсетеді. Шашы­рап түскен бояу іздері де аяқталған шай­қас­тың инерциясына бағынған. Портреттің шағын кеңістігі әлі өрекпіп, дүрілдеп тұр. Бірақ, суреттің ең басты жетістігі басқада. Портреттің жоғарғы жағында – батар күннің шұғыласына ұқсас қызыл жолақ. Бұл – Махамбеттің өлер алдындағы көңіл-күйі. Сыртқы бейнелеу тәсілі арқылы көрі­ніс тапқан ішкі рух. Ешқандай да иллюзия жоқ. Жарық дүние, болды да, өшті. Өшер алдында зымырай айналды. Қиял да жоқ. Өткен өмір елесі де жоқ. Жалған дүние – бір ғана қызыл жолақ.

«Ақын» – қарапайым ғана тілмен баян­далған сұмдық хикаяның екінші жартысы және күрмеуі. Әлдебір қызыл матаның үстінде ағаш табақ тұр. Табақтың қақ орта­сына Махамбеттің шабылған басы қойылған. Суретші қайғының үстіндегі жасанды аналитизм арқылы қайғыны ұлғайта түскен. Ақынның басы ағаш табақ­тан өсіп шыққандай. Шебер, осы екінші қатардағы деталь арқылы адам көңілінің қайғыдан қалай «жалтаратынын» көрсеткен. Алайда, одан көз алдыңыздағы қанды суреттің реализмі азаймайды. Қайта ұлғая түседі. Өлі бастың маңдайын айғыз­даған ірі әжім, сәл көтеріңкі қас, жымиған құлақ, құрыштан құйғандай мойын, сәл тобарсыған, бірақ, жігерлі ерін – батыр өлгеннен кейін де батыр. Ақын жүзіне түскен сұрғылт мұнар алғашында сурет шын­шылдығына мін болып көрінеді. Бірақ, келесі сәтте бұл шетін белгі – шетін көр­кемдік жетістік екенін түсінесіз. Өйт­кені, бұл – суреттегі детальдың аздығынан келіп шыққан көркемдік әуен. Шын қайғылы әңгімеде деталь болмайды – қайғының өзі ғана болады. Қызыл матаның бүктеуі балдағынан сынған қылыштың нобайын қайталайды. Бұл – ақынның тіршілігінде айта алмай кеткен наласы. Портреттегі фон – ойлануды қажет ететін көркемдік ком­понент. Аналитикаға үйренген көз бірден «контраст» деген қорытынды шығарар еді. Күңгірт реңдерді өзара қақтығыстыру арқылы, контрастың ерекше бір түрін жасау дағдысы әлемдік сурет өнерінде баяғыдан бар. Бірақ, объекті мен фонды салыстырғанда ешқандай да контрастың жоқ екеніне көз жетеді. Сурет қара барқыт фонда тұрған жоқ – түнектен пайда болды. Түнек тағдырдың өтінде алаулай жанған өрт-өмірді тек осылай ғана бейнелеу керек екеніне нанасыз. Арда­гердің өлімі – ұлы қасірет. Ағаш табақта тыным тапқан алтын бас кекке шақырып тұрғандай».

Біздегі рухани бейғамдықты ешкімнің басына бермесін. Осы мақала шыққалы басқаны былай қойғанда, тиісті орындардан әу деген біреу болсайшы. Біз анау дейміз, мынау дейміз. Десек те, бұл өнердің бағасын білмейтініміз, оның себебін бәлкім өз бойымыздағы рухани кенжеліктен іздеу керек шығар. Бұл ретте Таласбектің мына ойы талас тудырмайды.

«Біздің көрерменнің ең басты міні неде? Көру қабілетінің жоқтығында. Қарап тұрып көрмейді. Бұл, біріншіден, қазақ сурет өнерінің  жастығынан, екіншіден, сурет өнерінің социалистік заманмен бірге келгендігінен. Шектеулі өнер кембағал көрерменді тұлғалады. Көрерменнің көру қабілетін ояту керек, көзін тәрбиелеу керек. Көрермен ойдың жалқаулығынан арылу керек. Суретке қарап тұрып, ойланып үйренуі керек. Суретшінің көңіл-күйін тап басып үйренуі керек».

Мақала авторының, өнертанушылардың айтуынша, суретшінің бұл туындыларының құнына ештеңе жетпейді. Мұхтардың Махамбет туралы картинасы жөніндегі Таласбектің талдауы тартымды. Бірақ көзбен көргенге ештеңе жетпейді. Тұлабойымызды жарып бара жатқан намыс болмаса да, ең құрығанда сол портретті көрсем-ау деген бір адами әуестік болсайшы. Ол басқа басқа емес, Махамбеттің басы ғой. Әлде Нұртөре Жүсіптің жазғанындай «Бір Махамбеттің басы алынғанда қазақ даласы қалай күңіренгенін Құдайым білсін, бүгінде мың Махамбеттің басы алынса да мыңқ етпейтін мызғымас мінез орнықты» ма!?  

Айтарымыз, осы картинаны көрген-білген жан болса, не белгілі суретші туралы бір дерек білетін тірі пенде болса, редакцияға хабарласқаны жөн. Дарынды суретшінің де, оның туындысының да аман болғаны керек. Кім біледі, ештеңенің қадірін біліп болмайтын бір қазақтың қоқысында жатуы да мүмкін ғой.

Өйткені, біз рухани бейқамдықтың биігіне шығып кеткенбіз ғой. Олай дейтінім, бір заманда Қытайдағы қоқыстан Құрманғазының басын тауып алған жоқ па едік. Әрине, бір мүсінші қашап жасаған денесінен басы ажырап қалған ғой. 

Біз қазір өзі ешкімді іздемейтін болдық қой. Әркім өзімен өзі, өз шыққан биігіне мәз, ырза. Біз неге адамның тағдырына селт етпейтін болдық. Бұл жай Мырқымбайдың емес, суреткердің тағдыры ғой. 

Ендеше, Мұхтарды неге іздемейміз? Әлде бізде Мұхтарлар соншалықты көп пе?

 

P.S.

Ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдолов Махамбет туралы роман бастап, аяқтай алмай кетті. Сол туындының бір тұсында «Махамбеттің көздерінде екі жанар бар-ды. Оның бірі – ақынның жанары, бірі – батырдың жанары» деген сөйлем бар. Мұхтардың портреттері табылса, сол жанарларға қос қарашығымыз талғанша бір қарар ма едік... 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516