Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Билік 2453 17 пікір 25 Қыркүйек, 2023 сағат 12:54

Геосаяси аламандағы АҚШ пен Қытай және Қазақстан

Америкадағы ілгергі президент сайлауында Республикашыл Трамптың орынын Демократияшыл Байден басқанда саяси сарапшылар «Ақ үйдің Қытайға ұстанған қатқыл саясаты жұмсарады» деп тон пішкен еді.

Ауғаныстанда Тәліптердің қайтадан билікке келуі, Путиннің Украинаға соғыс ашуы – Байденнің сыртқы саясатының осалдығының көрінісіндей бағаланған. Соңғы әлемдік үрдістер көрсеткендей, Ақ үйдің жасамыс басшысының ақырын жүріп, анық басып, геосаяси ұпайын дабыра қылмай түгендеп келгенін байқаймыз. Ол әсіресе, әлемнің екінші алып экономикасына айналған, «Дүниежүзіне жаңаша саяси-экономикалық тәртіп керек» деп отырған Қытайға қарсы алып барған жүрістерінен анық көрінеді. Трамп Қытай тауарларына кеден салығын көтеріп, «Сауда соғысын» бастаса, Байден Қытайға беретін сандық технология жабдықтары мен озық үлгілерін шектеп, «Чип соғысын» ашты.

Коронавирусты да саяси кәдесіне жаратқан Қытайға қарсы геосаяси құрсау жасады. Аустралия, Үндістан, Жапонияның басын қосып, теңіз тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төрттік одақ құрды. Қытайға арқа сүйеп, атом сынағын күшейткен Солтүстік Корейге қарсы Жапония мен Оңтүстік Корейді аттанысқа келтірді. Филиппынде бұрынғы әскери базасын қайта ашты. Қытай басшысы қайта сайланғанда бірінші болып құттықтай барған Ветнам басшысымен кездесіп, жаңа стратегиялық келісімге қол қойды. Путиннің де Қытайдың әскери көмегінен үміт үзіп, Ким Чен Ынмен ауыз жаласа қалуы да, Ақ үйдің Қытайға көрсеткен саяси қысымының әсерінен деп бағамдауға да болады.

Қытай басшысының ырықсыз орынға түскені жақында Жаңа Делиде өткен «Үлкен жиырмалық» елдерінің басқосуынан да анық көрінді. «Соғыс қылмыскері» атанған Орыс басшысына ұқсап, дүбірлі басқосуға бармай қалды. Оның орнына барған Қытай үкіметбасы да ыңғайсыз жағдайда қалған. Оның алдында Қытайдың жаңа мемлекеттік картасы жарияланғаны белгілі. Аталмыш картада Қытайдың шетелдермен шекаралас аймақтарындағы даулы жерлер Қытай жері ретінде көрсетілген. Оған қарсы екеуара кездесуде Үндістан үкіметбасы қытайлық әріптесіне наразылық білдірген. Италия басшысы «Бір жол, бір белдеуден» ресми түрде шығатынын айтса, Англия бас уәзірі де өз аумағындағы Қытайдың тыңшылық әрекеттеріне шағымын жеткізген. Үндістан басшысы алқалы жиында Қытай қарызын кешіруден бас тартқан экономикалық тығырықтағы елдердің мәселесін көтеріп, нәтижесінде Африка одағына кіретін елдер «Үлкен жиырмалықтың» қатарына қосылатын болған. Африкадағы кедей елдер мен мұсылман елдерінің Қытайдың ең сенімді достары екені белгілі. Қытай үшін тағы бір елеңдерлік жаңалық – АҚШ пен Еуроодақ ақша шығарып, Италиядан басталып, Орта шығысты басып өтіп, Үндістанға табан тірейтін темір жол дәлізін салуға тараптар өзара келіскен. Аталмыш жоба Қытайдың «Бір жол, бір белдеуінің орынын басады» деген болжам бар.

Өзіміз кіретін Орта Азияның АҚШ, Қытай, Ресей қатарлы геосаяси үштағанның ортасына орналасқаны белгілі. Мамырда Қытай басшысы Батыс Хан патшалығы кезінде «Ұлы жібек жолы» бастау алған Шиән қаласына аймақ басшыларын жинап, салтанатты қонақасы беріп, әлем назарын аударып еді. Күні кеше Америкада Орта Азия басшыларымен Байденнің кездесуі өтті. Ақ үй баспасөзінің мәліметінше, АҚШ президенті кездесуде туысқан республикалардың егемендігі мен терротория тұтастығына, энергетика қауіпсіздігі мен тауар тасымалының іркіліссіздігіне кепіл беретінін жеткізген. Украинаның күйіне қарап, кімнің нағыз дос, кімнің саяси пайдакөс екенін айырып, аймақ басшылары сабақ алғаны анық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1771
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1749
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1470
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1380