Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4351 0 пікір 17 Шілде, 2013 сағат 10:47

Ғабит Сейітжанұлы. Ауылдың аманаты

Ауылдың ауызекі тілінде «арғы бет», «өр» деп аталатын Қытай Халық Республикасына қарасты Шыңжаң өлкесіндегі қандастардың мәдени-рухани өмірі Қазақстанмен сабақтас. Алыс-беріс көбіне Қазақстаннан Шыңжаңға жөңкіліп жатады. Бізде де Қытай қазақтарының өмірін арқау еткен әдеби туындылар күн санап толығып келеді. Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын оқып Шыңжаң туралы түсінік қалыптастырған қазақ оқырманы үшін соңғы жылдары ұсынылған Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайы», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» тәп-тәуір азық болды. Десек те, Шыңжаң қазақтарын Қазақстаннан бөліп тұрған шекараны бормен сызылған сызық деуге келмес. Екі түрлі идеологиялық орта, екі мемлекет арасындағы сесімен сескендірер өткел екен. Бұған таяуда тағы да көз жеткіздік.  

Ауылдың ауызекі тілінде «арғы бет», «өр» деп аталатын Қытай Халық Республикасына қарасты Шыңжаң өлкесіндегі қандастардың мәдени-рухани өмірі Қазақстанмен сабақтас. Алыс-беріс көбіне Қазақстаннан Шыңжаңға жөңкіліп жатады. Бізде де Қытай қазақтарының өмірін арқау еткен әдеби туындылар күн санап толығып келеді. Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын оқып Шыңжаң туралы түсінік қалыптастырған қазақ оқырманы үшін соңғы жылдары ұсынылған Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайы», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» тәп-тәуір азық болды. Десек те, Шыңжаң қазақтарын Қазақстаннан бөліп тұрған шекараны бормен сызылған сызық деуге келмес. Екі түрлі идеологиялық орта, екі мемлекет арасындағы сесімен сескендірер өткел екен. Бұған таяуда тағы да көз жеткіздік.  

Екі түрлі жазудың болуы екі жақтағы  қазақтардың мәдени алмасуларына кедергі боп келеді. Осының әсері ме, әлде шекара сызығының сесі ме, кім білсін, Қытайдағы қазақ зиялыларының кейбір еңбектері бізге жетпей жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын біздің қолға 2003 жылы Үрімжіде басылған Мүсілім Адырбекұлының (суретте) «Ауылдың аманаты» деген кітабы түсті. Төте жазуымен жазылған кітапта  Текес-Күнес аумағындағы қазақтардың арғы-бергі тарихы сөз болған. Көкірек сайрап, Құдай түсінікті байлап тұрған күйде кітапты ашып, ішіндегісін түсінуге біраз уақыт кетті. Абырой болғанда атамекенге білім қуып келіп, орнығып қалған түбі шыңжаңдық жас ғалымдардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, тарих магистрі Жазира Құрбанәлінің көмегімен «Ауылдың аманатын» парақтап, мол түсінік алдық. Кітаптың тілі жатық, қызықты оқылады екен. Сөз иесі әңгімеге төселген, оқиғаларды ұғынықты әрі қарапайым баяндайды. Тіл қаймағы бұзылмағаны көрініп тұр. Кітапта өте маңызды тарихи, шежірелік, этнографиялық деректер кезігеді. Автор рудың шежіресін ұлттық  деңгейде таразылайды. Жазуға төселген, тәжірибелі журналистің, дерекке абай тарихшының, құйма құлақ қарттың дағдысы байқалады. Ал кітаптың тұлғатануға қосар үлесі өте зор. Кітапта Өтей бойдақ Тілеуқабылұлы, Жанабай батыр, Саурық, Тазабек батыр, Дүзбай әулие, Бөден батыр Қодасұлы (1820-1890), Байтоқ молла, Ошақбай қалпе, Текесбай би, Өлиат ана, Базар Дадай ақалақшы, Меңдестің Үмбетәлісі, Құланбек Шойбекұлы, Бейқұт Жырғалбаев, Тұрбек Өмірұлы және басқалар сияқты елге еңбегі сіңген есіл ерлердің өмірі мен қызметі туралы құнды деректер мол екен. Бұған қоса басынан бұлт айырылмаған Күнес-Текес қазақтарының өміріне қатысты сан дерек мұқият жинақталған.

Қарға адым жерден он жыл өткеннен кейін назарға іліккен «Ауылдың аманатын» оқыған соң, оның авторына деген қызығушылық оянды. Мүсілім Адырбекұлы кім, қандай білім алған, кітапта айтылғандардан өзге тағы не  айтары бар екен?– деген сұрақтар мазалай берді. Алматы облысының Райымбек, Ұйғыр, Панфилов аудандарының жергілікті халқының арғы беттен келгендері аласапыраны көп 20 ғасырдың ана жақтағы, мына жақтағы тарихын біртұтас зерделей алмай келеді. Мүсілім Адырбекұлының кітабында сөз болатын көп тұлғаның беріден арыға өткендері, одан кері қайтқаны туралы дерек бізде аса жұтаң. Сол себептен де болар кітаптың жайын сұрау ойда тұрды. Сәлемнің де сәті бар демекші, биылғы демалысымыздың басында Шыңжаңның Құлжа, Текесіне арнайы ат басын бұруға мүмкіндік болды. Атын естіп, кітабын көргенмен жеке таныстық жоқ авторды іздеп тауып, сапарды ұйымдастыруға Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны Қанайбек Иманғазыұлы ағамыз көмектесіп, жол бастап апарды.

Маусым айының 9-жұлдызында екі мемлекетті бөліп жатқан шекараны басып өтіп, 12 маусымда ауылдың аманатын арқалаған «Ауылдың аманаты» кітабының авторымен жолығып қол алыстық. Іле қазақтары мен Отандағы ел-жұрттың жай-күйін сұрасып болғаннан кейін, келген сапарымыздың мән-жайын айтып, көкейімізде жүрген сұрақтарымыздың жауабын алуға әрекет жасадық. Ал біздің Мүсілім қарт жайында білетініміз, ол кісінің 1939 жылы желтоқсанда Қытай Халық Республикасы Текес ауданы «Аттың тауы» ауылдығының Күркілдек деген жерінде туылғандығы, техникум мағлұматына ие зейнеткер екені, Қытай қазақтарына танымал зерттеуші, шежіреші және біздің қолымыздағы «Ауылдың аманаты» кітабының авторы екендігі. Азды-кем таныстықтан кейін қарт жазушыдан рұқсат сұрай отырып көңілдегі сұрақтарымызды жайлап кезегімен қоя бастадық.

Мүсілім Адырбекұлынан алғаш білгіміз келгені «Ауылдың аманаты» кітабының неліктен бұлай аталғандығы, неше таралыммен жарық көргендігін білу көкейдегі басты сұрақ еді. Бұл сұрағымызға қарт қаламгер отты жанарларымен тұңғиықтан сыр тарқата отырып:

- Мен белгілі қаламгер емеспін, білімім таяз, шанағым шақты, кітап-журналдың жәй оқырманы, жақсы әңгімені жаным сүйіп тыңдаушы ғанамын. Оқығандарым мен естігендерімнен тырнаштап жинағандарымды тырбанып реттей жүріп, осы «Ауылдың аманатын» құрастырдым. Бұл кітапта елге танымал ауылдан шыққан азаматтар болғандықтан, олар туралы әңгімелер халық аузында қалып, қағазға түспей аңызға айналып бара жатқандықтан, халық менен үміт қылып жақсы іске өз ниеттерін білдіргендіктен ел мүддесін арқалай отырып, тұлғатану мақсатындағы бұл кітабыма «Ауылдың аманаты» деген атауды да өзім бердім,- деп кітап атауы туралы аз-кем айтып өтіп, сөзін әрі қарай:

- «Бұлт астында жүгірген бұлдырықтай,  

Балалығым қиырға кеттің–ау сен»- дегендей, қайратым қайтып, ой тұнығымның ақжал толқыны шымырлап бара жатқан тұста, айтар ойымның қаймағы іріп, сөз мәнерімнің қиуы қашып тұрған шақта, оқырманды иландыруға иқуаты жетпейді-ау деген ерекше алаңдаушылықпен жазған «Ауылдың аманаты» 2003 жылы 500 данамен басылып шықты,- деп жалғады.  

Өз өмірбаяныңыз туралы кітапта да бірталай мағлұмат келтіріліпті. Сонда да болса толықтыра тарқатып өтсеңіз деп, біз әңгімені тоқтатпай сұрағымызбен жалғап әкеттік.

Сәл үнсіздіктен кейін қарт жазушы бір күрсініп алып, тереңнен демалып:

-Менің өмірімде әлі де болса көкейімнен кетпейтін, көңілімнен өшпейтін үш түрлі өкінішім бар:

Бірінші, балалық шағым кедейлікпен өтті. Кедей отбасында туғандықтан мектеп білімінен басқа жоғары білім алып, сауатымды әріге жетілдіре алмадым. Жазу сауатым, білімім жетілмей қалды.

Екінші, жалындаған жастық шағым бұғаулықта өтті. Мемлекеттік қақпайлауға ұшырап, әр қадамымды еркін баса алмадым. Күш-қуатым бойымда босқа өлді.

Үшінші... бұл өкінішім өзімде қалсын,- деген өтінішін қылды.

Алыстан ат арылтып келгенде сұрақтарына толықтай жауап бермегенім дұрыс болмас деген ойы болды ма, кім білсін? Біз қолқалау әдепсіздік болар деп әңгімені өзге тақырыпқа бұрдық.

Бізді толғандырған сұрақтардың бірегейі, кітапта 1903 жылы Базар Дадай ақалақшы мен Меңдестің Үмбетәлісі қатысқан «Кеген съиезі» туралы болатын. Бұл туралы сөз сәл үстірттеу болған сияқты. Бұл жиын жайлы басқа қандай мағлұматтар белгілі екен?- деген сауал қойдық.

-Базар Дадай алты ауыл Албанға ақалақшы болған адам. Ал Меңдестің Үмбетәлісі 1880 жылдардан тартып Текесте Қоңырбөріктің зәңгісі болған. Ақалақшы- мың үйдің, зәңгі-жүз үйдің басшысы. Бір ақалақшыда он зәңгі, екі елубасы болады. Елубасының қарамағында бес онбасы болады.

1903 жылғы съиез екі ел арасындағы мәселелер туралы болған. «Қаш-қаш заманы» кезінде Совет үкіметінен Қытайға өтіп кеткен қалың қазақтың кейбірінің туыстары (баласы, әйелі) арғы жақта қалып қойғандықтан осындай мәселелерді реттеп, қадағалау мақсатында әр ауданда осындай съиездер өтіп тұратын болған. Сонымен қатар дау-жанжалдар, біреудің ұрланған малы туралы да жиындар өткен. Сол жылдардағы болған съиездердің бірі осы болатын,- деп қарт жазушы алты қырдың астынан қазыл түлкі көрген қырандай қомданып алып, әңгімесін әрі қарайБазар Дадайдың қаза болу оқиғасында қырғыз бен қазақ жауласуына себеп болған қырғыз Жақсылық, Жантайлар жаулығының себебімен жалғастырды.

-1905 жылдары Көксу өзені бойында он екі үй қырғыз отбасы қоныстанған. Мемлекет басшылығы қырғыздарды жеке қараусыз қалдыруды жөн көрмей, алты ауыл Албанның ақалақшысы Базар Дадайдың қарамағына қоспақшы болады. Сол кездерде Көксу өзенінің бойындағы Қаражон жайлауында Дадай ақалақшының ауылы болған екен. Көксу өзенінің арнасы үлкен, ағыны қатты, тірі жан өтуге өте қауіпті болған. Осы өзеннен қырғыздың бір адамы өтпекші болып суға ағып кетіп, мәйітті Дадай ауылының жігіттері тауып алып қырғыздарға хабар жібереді. Қырғыздар Дадайдың қарамағына кіруді хош көрмей жүрген тұста бұл да бір қиын дүние болады. Қырғыздар мәйітті алып үндемей кеткенімен іштерінде Дадайға деген күдік қалады. Біраз уақыт өткеннен кейін Дадай ақалақшы қырғыздарды қарамағына алмақ болып он екі үй қырғыздың отбасына келеді. Жалғыз емес, жанында әр рудан беделді жігіттерді ертіп алады. Ал осы сәтте қырғыздар кек алмақшы болып сайланып отырған. Дадайдың келгенін біліп қоршауға алады. Ойында ештеңе жоқ Дадайды қырғыз Жақсылық, Жантайлар атып, баласы Жансейіт, құдасы Құрманның Елікбай руынан Атықан қатарлы 7 кісі қаза болады. Меңдестің Үмбетәлісі де сол үйде оқ тиіп жаралы болып, кейін сауығады,-деп сөзін тоқтатты.

Сөз арасында «Ауылдың аманатында» сөз болатын Базар Дадай ақалақшының кіші әйелін алып кетіп, ел арасында дүрбелең туғызған Шарғынның қолға түскен серіктері Қарамұрт пен Сыдыққа жаза есебінде жүзеге асқан «шық байтал қып елден шығару» салты туралы сұрадық. Қазақ этнографиясында біз кездестіре қоймаған бұл салт туралы тереңірек білуге құштарлық таныттық. Сөзге төселген, тілі ұғынықты, айтқан сөзі көкейге қонарлық қарт жазушы бет орамалымен маңдайын сүртіп қойып:

- Тілімізде «шық байтал қып елден шығару» деген сөз бар, бұл сөздің төркіні, жұрт алдында айыпкер болған адамға басқадай жаза қолданудың қисыны келмесе, әсіресе, ел ішіне тұрғызудың мүмкіндігі болмаса, онда басқа елге немесе басқа ру, тайпаларға беріп жібереді. Айыпкерді алушы жақ, айыпты адамға иелік етуші жаққа бір тоғыздан төмен «шық байтал» шығын төлеп, айыпкер адамды алып кетеді. Айыпкер әйел болса, көбінесе, біреуге қосылып, сол елге адам болып кетеді де, айыпкер ер болса, «шық байталға» төлеген шығынның орны толды-ау дегенде иесіне қайтадан табыс етіледі екен. Сонымен қатар жүрісі жаман, некесін бұзған әйел адамдарға да қолданылатын жазаның бір түрі «үстінен қой айдату» салты да болған,- деген қарттың әңгімесінен бұрын-соңды біз естімеген қазақы салттың мән-жайын ұқтық.

Осы өлкеге келгенде есімін ел аузынан жиі естіген және кітаптың ішінен де байқап қалған Алматай Шалтықұлы жайлы да хабардар болып қайттық. Қарттың айтуынша «Албанның баласы еді Шыбыл, Сары» деген толғау жазған халық ақыны Алматай Шалтықұлы көз тірісінде көп қиындық көрген адам екен. Мемлекеттік қақпайлауға да ұшырапты. Тірісінде жазған дастан, толғау, өлеңдері жоғалып та кеткен көрінеді.

Алматай Шалтықұлы аузы дуалы дана, қара өлеңнен түйін түйген дарынды ақын болған. Іле қазақтары үшін ол кісінің орны ерекше. Көзі тірісінде «Сарқыт» деген кітабы басылғандығын айтып, қолымызға ескі араб жазуында жазылған Алматай ақынның кітабын ұстатты.

Сары аязда қатпайды,                                                                              

Қайнардың жылы тұнығы.

Қап түбінде жатпайды,

Болаттың асыл сынығы.

Халық тозып қор болмас,   

Әділ болса ұлығы,- деген даналы, жүрекке жалын берер қуатты сөздерінен Алматай қарияның бар болмысын байқауға болады. Қария- асылдың сынығы, заманының толғаушысы болған,- деп қарт жазушы замандасының бір шумақ өлеңін оқып берді.

Жоғарыда айтылған және өзге де әңгімелер жарты күнге созылды. Әңгімеміздің соңында кезінде Текес-Күнеске қоныс аударған халықтың көшуі қай уақыттардан басталған, әлде бұл өлкеде қазақ рулары бұрыннан болған ба, деген сауалымызды қойдық. Қарттың айтуынша, ел үркіншілігі 1916-1917 жылдар мен 1931-1932 жылдары болған. 1916 жылдардағы үркіншілік кезінде ауып барғанда Күнесте бірнеше үй қазақ қоныстары бар екен. Бұған сүйенер болсақ қазақ қоныстары бұл жерде бұрыннан болған дегенге келеді.

Әңгіме соңында қарт жазушы:

Әйгілі ақын Қадыр Мырзалиев:

Бабамыз шоқ басқан табанымен,

Бірдей екен жақсысы жаманымен,- деп әдемі суреттеген ғой.

«Бірлікте болсаң – биікте боласың»- дейді халық даналығында. Ұлттар мен рулар ара қатынасында қашанда да достық қарым–қатынас, өзара береке-бірлік басты орында тұрған. Сондықтан мен біздің ауылдың ерлігіне, елдігіне, береке-бірлігіне, басқа ұлт, руларымен болған терең достық, ынтымағына қатысты деректерді сұрыптап таныстырдым.

Жасымыздан ата-жөн, аңызға айналған аталарды әңгімелеудің желісін үзбей, құлағымызға құйған, баулыған әке, ата-бабаларымызға, шежіреші қарттарға, осы еңбекті жазуға жігерлендірген, көмек колдарын созған аға-іні, ағайын, ел азаматтары мен азаматшаларына аса үлкен борыштылық білдіремін, алғыс айтамын. Өмірден қайтқандарына иман, тірі жүргендеріне ұзақ өмір тілеймін.

Қате кеткен жерлеріне сын-пікір айтуларыңызды өтінемін,- деп жетпістің орта белінен асқан қарт Отаннан келген біздерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Сонымен қатар «Ауылдың аманаты» қазақстандық оқырмандарына ұғынықты қаріпте Отанымызда жарық көруіне рұқсатын беріп, бұл ой көкейінде жүрген арманы екенін айтты. Осылайша қарапайым мұғалім болған біздердің жазғы демалыстағы Қытай еліне сапарымыз сәтті болып, болашақ ұрпаққа иненің жасуындай болса да пайдамызды тигізерміз деген үмітпен оралдық.

Алдағы уақытта екі елдегі қандастарымызды рухани байланыстыратын, ұмыт бола бастаған тұлғалардың есімін ел құлағына жеткізер «Ауылдың аманаты» кітабымен мұндағы оқырман қауым да қауышады деген үміттеміз.

Ғабит Сейітжанұлы,

Алматы қаласы  №172 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516