Дүйсенбі, 30 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 131659. Жазылғандар — 116187. Қайтыс болғандар — 1990
Жаңалықтар 2300 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:32

ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ: ҚОРҒАЙ МА, ӘЛДЕ ҚОРЛАЙ МА?

«Заң бұзған полицейді жұрт көзінше жазалау керек»

ҚР Ішкі істер органдарының мыңнан астам қызметкері қылмысты бүркемелегені және статистиканы бұрмалағаны үшін жазаға тартылды. Бұл туралы өткен аптада ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді: «Қылмысты жасырғаны және қылмысты тіркеуге қатысты басқа да заң бұзушылықтар үшін 1200 қызметкер жауапқа тартылды». Оның айтуынша, қазіргі кезде ІІМ мен Бас прокуратура бірлесіп, біраз заңсыздықты әшкерелеген. Атап айтқанда, 2013 жылы 2668 қылмыс қосымша тіркеуге алынған. Оның ішінде, ұрлық – 1385, бұзақылық – 260, алаяқтық – 345. Сонымен қатар кезектен тыс өткізілген аттестация барысында полиция қызметкерлерінің 15 пайызы өз лауазымына сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.

«Заң бұзған полицейді жұрт көзінше жазалау керек»

ҚР Ішкі істер органдарының мыңнан астам қызметкері қылмысты бүркемелегені және статистиканы бұрмалағаны үшін жазаға тартылды. Бұл туралы өткен аптада ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді: «Қылмысты жасырғаны және қылмысты тіркеуге қатысты басқа да заң бұзушылықтар үшін 1200 қызметкер жауапқа тартылды». Оның айтуынша, қазіргі кезде ІІМ мен Бас прокуратура бірлесіп, біраз заңсыздықты әшкерелеген. Атап айтқанда, 2013 жылы 2668 қылмыс қосымша тіркеуге алынған. Оның ішінде, ұрлық – 1385, бұзақылық – 260, алаяқтық – 345. Сонымен қатар кезектен тыс өткізілген аттестация барысында полиция қызметкерлерінің 15 пайызы өз лауазымына сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.

Кез келген мемлекетте құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың мүддесі үшін қызмет етеді. Заң бойынша солай болуы тиіс. Әлбетте, бес саусақтың бірдей еместігін ескерсек, олардың арасында ала да бар, құла да. Бірақ жағымсыз жайт пен заң бұзушылық жаппай етек ала бастаса, қоғамның халі мүшкіл. Бүгінде қоғамдағы полиция, сот пен прокуратураға деген сенімсіздікті жоққа шығара алмаймыз. ҚР Конституциясында тайға таңба басқандай көрсетілген талаптар мен баптарды өздері бұзатын құқық қорғаушылар кездеседі. Үстіміздегі жылдың басында Ақордадағы отандық құқық қорғау саласының қызметкерлерімен болған кездесуде ҚР Бас прокуроры Асқат Дауылбаевтың баяндамасынан кейін «Сендер «ең бастысы – адамдардың сенім білдіруі» дейсіңдер. Полицейлер адамдарға қызмет етудің орнына, басқаларға жалданып кеткен. Сенім қайдан болады?!» деп ашуланған Елбасы азаматтардың құқық қорғау саласы қызметкерлеріне сенбейтінін ашық айтты. Америкада небары жарты жылда заңды түгел игеріп алатын полицейлердің бірден жұмысқа шығатынын және адамдарды қорғауға мүдделі болатынын жеткізген Президент академияда 5 жыл бойы білім алатын жас тәртіп сақшыларын тәрбиелеу керектігін, олардың басты міндеті елге қызмет ету екенін ескертіп отыру қажеттігін баса айтты: «Қолдарына қызыл кітапша тиісімен, кісі танымай, астамсып кететіндерге айлықты кім төлеп отыр?! Қарапайым халық! Жас мамандарды тәрбиелеу керек деп қанша рет айттым сендерге! Заң бұзған полицейлер неге жұрттың көзінше жазаланбайды? Жария түрде жазалау керек ондайларды. Адамдарға қалай болса солай қарауға болмайтынын білсін!».

Қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету­дің орнына, заңды белшеден басатын полицейлердің бар екенін тілге тиек еткен Бас прокурор Президент қатысқан сол жиында: «Азаматтармен қарым-қатынас жасауда олар (полиция қызметкерлері – Н.Ж.) қызметтік этика қағидаларын сақтамайды. Керісінше, дөрекілік, қатыгездік танытып, немқұрайлы қарайды. Бұл жерде қызмет бабында асырасілтеушілікке ұрыну мен түрлі заң бұзушылықтар туралы айту артық», – деп мәлімдеді. Сөзіне дәлел келтірген ол: «Күні кеше ғана Шымкентте жол полициясының бір қызметкері ешқандай себепсіз бір көлікті тоқтатады. Жүргізуші болған оқиғаны телефондағы бейнетаспаға түсіруге оқталғанда әлгі полицей мен оның әріптестері көліктің артқы жағындағы нөмірін жұлып алып, көлікті мемлекеттік нөмірсіз айдағаны үшін протокол толтырады. Сонымен қатар өз погонын өзі жұлып алып, полиция қызметкеріне шабуыл жасаған сияқты жала жабады. Мұндай әділетсіздікті оқиға болған жерге қарама-қарсы орналасқан жердегі бейнекамераның көмегімен анықтадық. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды», – деді.

Бұл келеңсіздіктер бейнекамера мен құзырлы орган қызметкерлерінің назарына ілінгендері ғана. Ал қаншама жазықсыз жан погон таққан қылмыскерлердің кесірінен жапа шегуде. Оған келтірер дәлелдер де жеткілікті. «Жығылғанға жұдырық», қазір полиция қызметкерлерінің арасында жалтағы мен қорқағы тағы бар. Мәселен, жуырда ғана Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы елді дүр сілкіндірген оқиға соның айғағы

. Анығында, Астанадағы орталық көшелердің бірінде «жынды суға» сылқия тойып алып, рульге отырған екеуден тырқырай қашқан жол полициясының қызметкерлері. Тілі күрмеліп, сөйлей алмай тұрған әлгілердің бірі: «Мені неге тоқтатасың?! Мен полиция майорымын!» деп доқ көрсеткенінен «ертең басыма бәле болар» деп қауіптенді ме, полицейлералды-артына қарамай, табандарын жалтыратты. Көңілді алаңдатқан жайт, әлгі естерін шала білетін екеу үйлеріне қайтар жолда біреулерді қағып кетсе, не болар еді? Жол апатынан қапияда мерт болатындардың көпшілігі балалар мен қарттар. Ақыры қашатыны бар, әлгі пақырлар жол ережесін бұзған көлікті неге тоқтатты? Майор не адмирал болсын, Қазақстанның Атазаңы хан мен қараға бірдей емес пе? Өкінішке қарай, олай болмады. Интернет арқылы қорқақ полицейлердің абыройын айрандай төккендер біздің елдегі полицияда азаматтарды қорғамақ түгілі, қарақан басының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтындар бар екенін әшкереледі. Сонда басына іс түскен қарапайым халық полиция қызметкерлеріне сенбесе, кімге сенеді?Кімге арқа сүйейді? Сорақысы сол, тәртіп сақшыларының көлігіне зақым келтіріп, оларды жерден алып, жерге салған, былапыт пен боқтық сөздің неше атасын айтып, әбден қорлаған екеудің бірі – әйел...

Полиция қазақшаға пысқырмайды

Поли­циядағы былық мұнымен шектел­мей­ді. Жуырда ғана атыраулық әріптестеріміз жезөкшелер мен олардың «жеңгетайына» «қамқорлық» жасап жүрген полиция қызметкерлерін бейнетаспаға түсіріп алды. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын әлгі «жеңгетайдың» сылқымдары полицияға да қызмет көрсететін болып шықты. Таң атқаннан кеш батқанша айқай, ыңырсу мен былапыт сөздерден арылмайтын сол пәтерге бірде екі полицей келген екен. Тұрғындардың өтініші бойынша сол үйге барған журналистерден қорқып кеткен әлгі екі полицей үстеріне әйелдердің киімін кие қашыпты. Бір қызығы, сол жерге іле-шала жеткен шендері жоғары полиция қызметкерлері әріптестері жезөкшелердің киімін киіп, қашып кеткенше қарауылдап тұрған. Ертеңгі күні үй тұрғындарына әлгі оқиғаға қатысы барларды жұмыстан қууға уәде берген Атырау қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Хамза Үмбетқалиев азаматтардың: «Үшінші көліктегі тәртіп сақшылары заң бұзған полицейлерді не себепті дер кезінде құрықтамады?» деген сауалын жауапсыз қалдырды.

Өкінішке қарай, бүгінде құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің сақталуы мәз емес. Егер полицияға ісіңіз түсе қалса, алдыңызға орысша құжаттарды көлденең тартады. Мәселен, өткенде балаларымыздың екі велосипеді бір күнде қолды болды. Полиция шақырдық, арыздың орысша нұсқасын көлденең тартты бізге. Мемлекеттік тілде жазамын деп табандап тұрғасын, полицейлердің бірі: «онда ақ қағазға жаза салыңыз» деді. Біз де «жаза салдық». Сондықтан болар, жоғымыз табылмады. Ұрылардың ізіне түсуге міндетті тәртіп сақшылары «мүлкіңізді іздестіріп жатырмыз не таба алмадық» деп те ескертпеді. Бір туысымызды көлік қағып кетіп (абырой болғанда, ол кісі дін-аман), полиция шақырғанда да – сол тірлік. Яғни, арызды орысша жазуға кеңес берді: «қазақша бланкілер таусылып қалды». Сонда олар Қазақстанда жүріп, қазақтарды өзге тілде өтініш не шағым айтуға мәжбүрлемек пе? Негізі мемлекеттік тілге қатысты мұндай сорақылықтар көп.

Қайсыбір жылдары Түркістан қаласында өткізілген сот процесі орыс тілінде жүргізілгені бар еді (бұл туралы «Түркістан» газеті жазды). «Бақсақ, бақа екен» демекші, қалың қазақтың, кәдімгі орысша сөйлеуге қиналатын иен қазақтың ортасында өткізілген соттың орыс тілінде жүруіне Шымкент қаласына келген прокурор қыздың Ана тіліне шорқақтығы себеп болыпты. Негізі шымкенттіктердің ортасында жүріп, қазақша білмеу де ақылға аса сыймайтын іс. Ұлттық құндылықтардың қаймағы бұзылмаған қазақы ортада ала қарғаның кебін киген мемлекеттік қызметкерлердің кездесетіні өкінішті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне қатысты тағы бір келеңсіздік, жыл басында полицейдің кесірінен болған жол апатына қатысты сөз сөйлеген Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті бастығы Бекет Аймағамбетов мырза үнемі орысшакөсіле сөйлеп, жұрттың жүйкесін жұқартқаны бар.Мұндайда, таяқтың бір ұшы ҚР Ішкі істер министрлігіне де тиеді. Қазақы ортаға, яғни, қазақтар көп шоғырланған аймақтарға мемлекеттік тілді жақсы білетіндерді тағайындаған жөн сияқты.

Заңды белшеден басатын құқық қорғаушыларға қарсы күрес ұйымдастырған «ОСА» ұйымының мүшелері өздерінің кінәсіздігін бейнежазбалар арқылы дәлелдеуге көшіпті. Осының арқасында Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды мен Алматы облыстары, Алматы қаласында азаматтарға жала жабуға тырысқан 30-ға жуық МАИ қызметкері жұмыстан қуылған. Олардың арасында жүргізушіні заңсыз тоқтатып, өз погонын өзі жұлып алып, бейне жүргізушіден таяқ жеген сияқты «айғақтар» жинаған Мамедов деген полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ала таяқтың арқасында емін-еркін пара алуды әдетке айналдырған жамбылдық МАИ қызметкерлерін де бейнетаспаға түсіру арқылы әшкерелеу жұмысы қызу қолға алыныпты. Үстіміздегі жылдың басына облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы берген пәрменге сәйкес, небары 3 күннің ішінде полицейлер тарапынан 7 әкімшілік іс тіркеліпті. Атап айтқанда, 3 полицей қауіпсіздік белдігін тақпаған, 1 капитан мінген көлік техникалық тексеруден өткізілмеген, 2 тәртіп сақшысы – лейтенант пен капитанның көлік жүргізуге құқығы жоқ боп шықты... Бұл әлбетте, сорақылықтың бер жағы ғана. Әрі Президент Н.Назарбаевтың ҚР Бас прокуроры Дауылбаев жасаған баяндамаға орай, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қатаң сынап, бірқатар тапсырма бергеннен кейін дереу өздерін өздері жазалауға, тәртіпке салуға көшкен тәртіп сақшылары 6 айдың ішінде түзеліп кете қойған жоқ. Оған куә – күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан берілетін ақпараттар ағыны.

Офицерлер кісі өлтірген..

Бүгінде полицейлер арасында қолға түскен күдіктілерді қорлау, ұрып-соғу, қорқытып-үркіту, қысым жасау, қылмысты күштеп мойындату немесе заңсыз мойынға ілутәсілі кеңінен тараған. Жуырда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Ақсуат ауылында жазықсыз 2 жанды «17 жылқыны ұрладыңдар, қылмыстарыңды қайтсек те мойындатамыз» деп ойларына келгенін істеген, анығы, аяусыз азаптаған 4 полицейдің екеуі – 4 жылға, екеуі 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал үстіміздегі жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында қаза тапқан ақмолалық кәсіпкер Ұлан Берікхановтың өліміне қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алтынбек Жұмабаев, полиция капитаны Дулат Жангелдин, Шұбартаудағы полиция бөлімшесінің бастығы Серікжан Жұмашевтің қатысы бар екендігі анықталып, олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалған. Ажалға себеп болған – марқұмның 4 млн. 500 мың теңгесі. Сорақысы, қылмыс жасаған тәртіп сақшыларының барлығы да –жоғары шенді офицерлер...

«Бір қарын майды шірітетін бір құмалақ» қатарындағы кейбір пысықай заңсыз жолмен нәпақа табуды әдетке айналдырғаны да жасырын емес қазір. Мысалы, тараздық Е.Тұрғамбаев, А.Космынин, К.Ысқақов деген полицейлер жұмыс уақыты біткеннен кейін де жолдың бойында ала таяқтарын ұстап, өткен-кеткенді тексерумен болыпты. Не себепті заң бұзғандарын олар түсіндіріп бере алмаған. Көңілді қатты алаңдатыны, арақ-шарапқа сылқия тойып алғандар, еш шімірікпестен, көлік айдауды әдетке айналдырған. Заңды белшеден басатындарды жолда жүру ережесі де тоқтата алмайды. Осының салдарынан, жазықсыз жандар шапа шегуде. Мәселен, 2013 жылдың 17 ақпанында ішіп алып, көлік айдаған учаскелік инспектордың кесірінен Тараз-Аса жолының бойында 5 адам бірден тіл тартпай кетті. Сонымен қатар осыдан біраз уақыт бұрын Шымкентте удай мас күйі 16 жастағы өрімдей қызды жаяу жүргіншілерге арналған жолда қағып кеткен полиция қызметкері сотталды да, көп кешікпей ақталып шықты. Себеп, Атазаңда «ішіп алып, көлік айдағандар адам өлтірсе, ақталмасын» деген тармақ не бап жоқ екен. Осыны пайдаланғандар талайдың обалына қалуда. Әрі кез келген қоғамда, кез келген мемлекетте заң адамға, азаматтардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Ендеше сол тармақ не бапты заңға енгізуге кім кедергі? Ішіп алып, рульге отыратындарды есіртіп отырған да – осы емес пе? «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесіннің» керін келтіретін құқық қорғау саласының қызметкерлеріне қарапайым халықтың көбінесе тісі бата бермейді. Азаматтардың түрлі сорақылықты көрсе де, көрмеген кейіп танытуға мәжбүр болатыны сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір