Жұма, 4 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118643. Қайтыс болғандар — 2034
Жаңалықтар 2131 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:26

Жарымжан жарнамадан қашан құтыламыз?

Алматы көшелері қатесі өрген жарнамадан көз аша алмай тұрғаны шындық. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа» болмағаннан кейін, жеке кәсіпкерлер «Тіл туралы» заңды белшеден басып, алабажақ, шаласауат тақтайшаларын орната береді.

Алматы көшелері қатесі өрген жарнамадан көз аша алмай тұрғаны шындық. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа» болмағаннан кейін, жеке кәсіпкерлер «Тіл туралы» заңды белшеден басып, алабажақ, шаласауат тақтайшаларын орната береді.

Ендігі жерде жағдай түбегейлі өзгеруі керек. Өйткені «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодекске сауатсыз жазылған жарнама иелеріне айыппұл салуға мүмкіндік беретін бап енгізілді. Бұл 81-бап – «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық» деп аталады. Яғни тілі мүкіс, жарымжан жарнама орнатқан жеке кәсіпкерлерге бірнеше рет ескеру беріліп, егер кемшілік жөнделмесе, айыппұл салынады.

Бұған дейін Тілдерді дамыту, мұрағат­тар және құжаттама  басқармасы қате жарнамаларды жинақтап, прокуратураға ұсынатын да, қоятын. Ары қарай ара­ласуға құзіреті жоқ. Ал сол ескертуді қа­был алып, жөндеу-жөндемеу кәсіп ие­сінің өз еркі еді. Жаңа баптың арқасында басқарманың тексеріп, ескертіп қана қой­май, әкімшілік жауапкершілікке тар­туына мүмкіндік туды. Осыған орай Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасы, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандары, БАҚ өкілдері бірігіп, Бостандық ауданында орналасқан көрнекі ақпарат пен жарнамалардың заң талаптарына сай ресімделуін тексеретін арнайы рейд ұйымдастырды.

–Біздің мақсат –  үркітіп, қорқыту емес, халыққа түсіндіру, жіберілген қате­лер­дің астарына үңіліп, меншік иелеріне осы қателерді жөндеуге мүмкіндік беру. Сәуір айынан бастап өз күшіне енген өзгертулерге сәйкес, біздің құқығымыз кеңейді. Осы уақытқа дейін, қателерді көрсек те, қолымыз байлаулы болды. Енді өзімізге берілген өкілеттілікті пай­далана отырып, жарымжан жарнама­лар­мен күресуді жалғастыра береміз, – дейді басқарма басшысы.

Егер екі рет ескерту беріліп, қате жөн­делмесе, заң бойынша, лауазымды адам­дарға, жеке кәсіпкерлерге, шағын кә­сіпкерлік субъектілері немесе ком­мерциялық емес ұйымдарға – 10,  орта кәсіпкерлерге –20, ірі кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 50 АЕК көлемінде айып­пұл салынатын болады. Маман­дардың айтуынша, жыл басынан бері жүргізілген рейдтердің барысында 300-ден аса қате табылған. Бұлардың көп­шілігі – өзге тілден «калька» тәсілімен тікелей аударылған дүниелер. Мамай Ахет мырза аударма жасағанда, қазақ тіліндегі мағынасын бір сөзге немесе сөз тіркесіне сыйдыру үшін, ақынның өлең жазғаны секілді шығармашылық әлеует қажеттігін айтады. Ал бүгінгі аудармалар  – компьютерлік бағдарламалардың тікелей аудармасы. Әйтеуір қазақша жа­зылса болды, оның мәніне, мағынасына көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Сон­дық­тан «жарнаманы қазақ тілінде жасайтын мамандарды дайындайтын уақыт жетті» деп пайымдайды басқарма басшысы. 

Рейд барысында «Атакент» көрме орталығында, Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында орналасқан сауда-саттық орталықтары, мейрамхана, ТЖО, дүкендердің жарнамалары тексе­ріл­ді. Кішкентай ғана аумақтан көп қате табылды. Маңдайшалар мен ілме тақ­та­лардағы қателерден көз сүрінеді. Мә­се­лен, «Атакент» көрме орталығында орна­лас­қан  Grill & Pub «Zi-Zi» дәмханасының ал­дындағы жарнамалық плакат қазақ­шасы грамматикалық қатеге толы. «Жазғы алан», «жанды әуен» секілді ша­лажансар аударманы көрген көз ұялады екен. Бұл плакаттан тіпті мем­лекеттік тілді менсінбеушілік есіп тұр. «Тіл ту­ралы» заңның 21-бабында «мем­лекеттік тілдегі жарнама жоғары немес сол жағына орналасып, екі тілдегі мәтін бірдей қаріп­пен жазылады» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Алайда көптеген жарнамалық тақталарда қазақ тіліндегі мәтіннің қарпі кішірейтіліп, сүреңсіз бояумен беріледі.

Одан бөлек, аты дардай «Қарқара» сауда орталығының маңдайшасындағы «орталығы» деген жазудың жартысы тү­сіп қалған. Бұл да «Тіл туралы» заңға қай­шы. «Бір апам бір апамнан өткен со­рақы» демекші, бұдан да өткен жар­намаларды көзіміз шалды. Аталмыш орталықта орналасқан «InterSport»  дүкенінің маңдайындағы «фирменный магазин спортивной одежды и обуви» деген сөз қазақша  «Фималық дүкені Спорт киімі және аяқ киімі» деп ауда­рылыпты. Ал Тимирязев көшесінде орналасқан ТЖО қоршауына ілінген мына жазудан не түсінесіз: «Тоқта жүргізуші жолаушыларды қөліктен түсіп»? Айналдырған 3-4 сөзде үш қате жүр. Ал ресми тілде жазылған үлгісінде тыныс белгілеріне дейін дұрыс қойылған: «Стоп! Водитель, высади пассажиров».  Сондай-ақ біз әлі күнге дейін қазақтың Қуанышы – «Куаныш»,  үзілісі – «ұзіліс» деп жазы­латынын «білмей» келіппіз... Ал мына­дай «оригинальный» аударманы көр­геніңіз бар ма:  «Цены производителей!» – «Атқарушының бағасы!» Бұл да білдей бір жиһаз салонының жарнамасы...

Тізе берсең, көз ұялып, тілің күрмеліп, жүрегіңді қан жылататын жарнамалар, жазулар өте көп. Қынжылтатыны, бұлар­дың көпшілігі еліміздегі ең ірі түрлі  көр­мелер өтетін, алыс-жақын шетелден келген қонақтардың аяғы үзілмейтін «Атакент» көрме орталығының аумағында орналасқаны. Жарнамадағы жазуға қарап, келген қонақтар «қазақ тілі осы екен» деп кетпей ме?
Тіл мамандары жеке кәсіпкерлерге өздерінің ескерту қағаздарын тапсырып кетті. Олар өз кезегінде «жақын арада жөндейміз»деген уәделерін үйіп-төкті. Солай боларына сенгіміз келеді...

Үмітжан Жапар

"Айқын" газеті

0 пікір