Сейсенбі, 19 Қазан 2021
Жаңалықтар 3653 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 20:29

Тұрсын Жұртбай. Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады (жалғасы)

6.

 

Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңімен араласа жүріп азаматтық қасиеттерге жыға негізделген. Олардың шағымды сәттерде жеке бастарының ренішінен халықтың, өнердің мүддесін жоғары қоюға дәттері жеткен. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. «Ашық жауласуға» жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:

«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.

Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.

«Қазақ ССРЖоғарғы Кеңесінің президиумына

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі азамат Мұхтар Әуезовтен

6.

 

Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңімен араласа жүріп азаматтық қасиеттерге жыға негізделген. Олардың шағымды сәттерде жеке бастарының ренішінен халықтың, өнердің мүддесін жоғары қоюға дәттері жеткен. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. «Ашық жауласуға» жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:

«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.

Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.

«Қазақ ССРЖоғарғы Кеңесінің президиумына

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі азамат Мұхтар Әуезовтен

Мен 1930 ОГПУ мекемесі тарапынан қазақ ұлтшылдарының ісі бойынша тергеуге тартылып, тергеу біткенше түрмеде отырдым, тергеу аяқталғаннан кейін үш жылға шартты түрде кесіліп, босатылдым. Үкімнің күші 1933 жылы аяқталды.

Өзімнің өткендегі ұлтшыл қателігімді мойындай отырып, тергеу орындарынан мені кеңес мәдениетінің сенімді қайраткерлерінің, жазушылардың ортасына оралуға мүмкіндік жасауын, сөйтіп Қазақстанның партия-кеңес жұртшылығының алдында өзімнің сөзімнің шын және нақты екенін көрсету үшін мәдениет майданындағы шынайы да табанды еңбегіммен дәлелдеуге мүмкіндік беруін өтіндім. 1932 жылы Қазақстан жазушыларының ортасына қайтып оралдым. Содан бері жазушы ретінде драматургия, проза жанрында еңбек етіп келемін. Социалистік мемлекеттің құрылысына арналған қазіргі тақырыпты қамтитын оншақты пьеса жаздым. Сондай-ақ қазақ кеңес әдебиетінің соңғы жылдардағы жетістігі ретінде аталып өткен бірнеше тарихи пьесаның да авторымын. Осы жылдары «Абай» романы сияқты прозалық шығармамен қатар зерттеу еңбектері де жазылды.

Өмірімнің бірден бір мақсаты коммунистік партияның басшылығындағы өзімнің социалистік отаныма қызмет ету екенін көріп те, сезініп те жүрмін. Мен Жоғарғы кеңес президиумынан менен «сотталған» деген айыпты алып тастауды, сол арқылы менің азаматтық арыма түскен дақты кетіруді өтінемін.

Жазушы М.Әуезов.1943 ж., 25-ақпан».

Бұл өтініштен М.Әуезовтің қоғамда өзінің жоғары орыны бар екеніне сенімі анық аңғарылады. Сонымен қатар қаралатын іске жазушының өз қолымен жазылған «М.Әуезовтің өмірбаяны» да қоса тіркелген. Қаламгердің өз қолымен жазылған әр өмірбаяны құнды. Сондай-ақ мұнда кейбір соны өмірлік деректер де бар. Сондықтан да түгелдей келтіреміз.

«Мен 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей облысының Шыңғыс болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі шаруа отбасында тудым. Менің атам Әуез (мен сол кісінің атын алып жүрмін) және әкем Омархан араб әліпбиі бойынша кітапшіл-сауатты адамдар еді. Әкем Омархан 1909 жылы қайтыс болған соң мен бүтіндей Қасымбек ағамның қамқорлығына көштім. Екеуміз де жер басқармасының стипендиясымен оқыдық. 1915 жылы қалалық училищені бітірген соң мен Семей мұғалімдер семинариясына оқуға түстім.

Алғашқы әдеби тәжірибем өлеңнен басталды. Бірақ олар сол кезде де, кейін де баспа бетінде жарияланған емес. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасын жаздым. 1918-19 жылдары «Абай» журналында әдеби-сын мақалаларым жарияланды, сондай-ақ «Ел ағасы» («Попечитель народа»), «Бәйбіше-тоқал» (Жена-соперницы») пьесаларын жаздым. Екеуі де қолжазба күйінше ел арасында кең таралды, әсіресе соңғысы төңкерістің бастапқы жылдарында Қазақстан мен Түркістанның бірнеше қаласында, Семейде, Шымкентте жастардың драма үйірмесінде қойылды. Онда театр жоқ болатын, сондықтан да бұл үйірмелер өздерінің шығармашылық күшімен және репертуарымен қазақ драма театрының негізін қалады. Сөйтіп, 1926 жылы тұңғыш қазақ драма (кейіннен академиялық драма театры деп өзгертілген) театрының шымылдығы менің «Бәйбіше-тоқал» (нағында «Еңлік-Кебек» – Т.Ж.) пьесаммен ашылды.

1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітірісімен, сол жылдың аяғында Батыс Сібірде (Семей қаласында) кеңес өкіметі орнасымен мен өзімнің алғашқы қоғамдық-саяси қызметімді бастадым. Губаткомның қазақ бөлімін басқардым. 1922 жылға дейін мен Семей губаткомының президиум мүшесі және губаткомның төрағасы, Қазаткомның президиум мүшесі (Орынборда) сияқты жауапты қызметтер атқардым. Революцияның алғашқы жылдарындағы ұлттық республикаларда қызмет істеудің қиыншылықтары мен сол кездегі партия-кеңес аппараттарындағы әр түрлі ұлтшыл топтар маған кері ықпалын тигізді. Жауапты қызметкер ретінде қалыптаспай жатып ұлтшылдықтың ықпалына түстім, сөйтіп, 1922 жылы ұлтшылдық қателіктерім мен партиялық тәртіпті сақтамағаным үшін мені партиядан шығарды.

1922 жылы күзде мен өзімнің аяқталмаған білімімді жалғастырдым. 22/23 жылы қыста Ташкент университетінде оқыдым, сол жылы күзде Ленинград университетінің тарих-филология факультетіне (ол кезде этнолого-лингвистика, кейіннен Ямфак деп аталды) ауыстым. Ленинград университетін 1928 жылы бітірдім, Ташкентке ауысқаннан кейін Шығыстану факультетінің аспирантурасында білімімді одан әрі жалғастырдым, Таяу шығыс әдебиеті мамандығы бойынша мамандандым.

Университетте марксизм-ленинизмнің негізімен танысуым (1926-27 жылдардан бастап) менің бұрынғы ұлтшыл қателіктерімді жеңіп, одан арылуға ықпал жасады, 1932 жылы РАПП таратылғаннан соң өзімнің бұрынғы идеялық ұстанымдарымды батыл сынап, Қазақстан жазушыларының қатарына өттім. Содан бері «Октябрь үшін», «Тартыс», «Айман-Шолпан», «Түнгі сарын», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Ақ қайың», «Абай» пьесаларын жаздым. «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Шекарада», «Абай» және ертеректе жазылған «Еңлік-Кебек» пьесалары Қазақстанның барлық орталық және барлық облыстық театрларында үзбей қойылып келеді. 1932 жылдан бастап қазіргі кеңестік Қазақстан туралы әңгімелер мен повестер жаздым.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын. Қазақ орта мектептеріне арналған бірнеше оқу құралдары жазылды. Қырғыз эпосы «Манас» туралы зерттеулерім бар. Соңғы жылдары аса ірі тұлға, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев туралы көлемді роман жазудамын. Бұл романның алғашқы кітабі қазақ тілінде 1942 жылы жарық көрді.

Ұлы отан соғысы жылдары «Сын сағатта», Әбішевпен бірге «Намыс гвардиясы» атты пьесалар жаздым. Бұл пьесаларда өзінің социалистік отанын қорғаған Қазақстан жауынгерлерінің батырлық ерліктері көрсетіледі, олар да қазақ театрларының сахнасында жүріп жатыр.

М.Әуезов (Қолы)».

Иә, Мұхтар Әуезов те өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастапты. Бұл бұрын айтылмаған дерек.

Міне, осы арада Сәбит Мұқанов өзінің уәдесін орындауға ресми түрде кіріседі. «1943 жылы 4 наурызда Қазақстан кеңестік жазушылар одағының Президиумы бекіткен СССР жазушылар одағының мүшесі жолд. Әуезов Мұхтар Омарханұлына Мінездеме» берді. Кейбір сөз бен сөз тіркестері және жалпы мазмұны қайталанғанымен де мұндағы пікірлер «таптық, партиялық принциппен» жазылғандықтан да ұсынуды жөн көрдік.

«1932 жылы жолд. Әуезов «Казахстанская правда» газеті арқылы өзінің саяси қателерін ашық мойындап, ол өзінің бұрынғы ұлтшыл көзқарасынан түбегейлі бас тартатынын, өзінің шығармашылық еңбектерін кеңес жазушысының ауанына лайықтайтынын мәлімдеді.

Содан бастап ол қазіргі тақырыпта мынадай пьесалар жазды:

1. «Октябрь үшін», онда Қазақстандағы азамат соғысы кезіндегі тап тартысын баяндаған, ұлтшылдарды келеке етеді, большевиктердің өскелең күшін көрсетеді.

2. «Шекарада», біздің отанымыздың шекарасын бұзушылармен күрескен шекарашылар мен шекаралық колхоздардың таптық күресін көрсеткен.

3. «Сын сағатта», Ұлы отан соғысы кезіндегі майдан мен тылдың бірлігін көрсетеді.

4. «Намыс гвардиясы», Ә.Әбішевпен бірігіп жазған, Панфилов атындағы сегізінші дивизияның даңқты ерліктері суреттеледі.

Аталған пьесалардан басқа Әуезовтің қаламынан шыққан, бүгінгі күн тақырыбына арналған «Тастүлек», «Алма бағында», «Ақ қайың» пьесаларында саяси қателік жоқ, бірақ көркемдігі төмен туындылар.

Әуезов тарихи тақырыпта төмендегі пьесаларды жазды:

1. «Айман-Шолпан», осы аттас дастанның негізінде, революцияға дейінгі ең жақсы әйелдердің ақылы мен қабілеті баяндалады.

2. «Бекет», ХІХ ғасырдағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің біреуі туралы.

3. «Түнгі сарын», 1916 жылғы азаттық көтерілісі туралы.

4. «Абай», ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтің өмірі мен қайраткерлігі туралы.

Тарихи тақырыпқа арналған жоғарыдағы пьесаларының бәрін де Әуезов кеңестік жазушы ретінде жазған, халықты қанаушыларды әшкерелеген, қалың бұқараның бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеген.

Таяуда ғана жарық көрген «Абай» романы (бірінші бөлімі) оның тарихи тақырыптағы тұжырымды еңбегі болып табылады, мазұны жағынан да, формасы жағынан да кеңестік оқырмандарды қанағаттандырады.

Жазушылар одағы тапсырған қоғамдық тапсырмаларды Әуезов адал орындайды, белсенділік танытады және жауапты әрі тыңғылықты қарайды.

Қазақ ССР Кеңестік Жазушылар одағы Президиумының төрағасы – С.Мұқанов (Қолы). 5/ІІІ-43 ж.».

Міне, бұл «Мінездеменің» жолы болды.

«Аса құпия. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының І шақыруының жабық кеңесінің хаттамасы және оның қосымшалары. 1943 жылы 17-ақпан күні басталып 12-көкек күні аяқталды. 1943 жылғы 2-наурыз күнгі Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының жабық мәжілісінің №30 хаттамасы.

Төраға – А.Қазақпаев. Қатысқандар – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің орынбасарлары – И.К. Лукьянец, Ш.Ермағамбетова, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшелері – Н.А.Скворцов, М.Омаров, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы – Н.Оңдасынов, ҚК(б)П ОК хатшысы – Ж.Шаяхметов, шақырылды – М.Әуезов».

Қабылдау бөлмесінде ұсыныс жасап, кепілдік беруші мекеменің төрағасы ретінде Сәбит Мұқанов, жауапкер ретінде Мұхтар Әуезов екеуі қатар отырғаны анық. Онсыз мәселе қаралмайды. Сонда екеуі бет-бет отырғанда өткен өмірлерін, соның ішінде осыдан екі жыл бұрын жазылған хатты және онда көтерілген мәселелерді естеріне алып, қандай ойға келді екен? Бұрынғы қаралаушы – ақтаушыға, «сотталған қылмысты» – толық құқылы азаматқа айналып, қас-қағым сәттен кейін екеуінің де құқы теңелмек. Бұдан кейін Мұхтар Әуезовтің шылбыр ұшы ұзарып, тұлғалар талқысында мысы басыңқы тарта бермек.

Иә, тұлғалар өз тағдырын өздері талқыға салған шағымды шақ еді бұл.

Сол отырыста қабылданған қаулының мәтіні мынадай:

«Өзінің сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы Мұхтар Әуезовтің өтініші қаралды.

«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекеті үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында – 1930 жылдың қазанынан бастап үш жылға шартты кесіммен үкім шығарылған, ол үкімнің күші 1933 жылы қыркүйекте аяқталған Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсыныс қаралды.

Әуезов Мұхтар Омарханұлы 1897 жылы Семей облысы Шыңғыстау болысында (қазіргі Абай ауданы) көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген, жоғары білімді, әлеуметтік жағдайы қызметкер. 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушылар одағының қатарына өткен, 20 жылдан астам уақыт әдебиет саласында жазушы драматург, прозаик және әдебиет тарихшысы ретінде еңбектеніп келеді.

Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы үкімді алып тастау туралы ұсынысты Қазақстан Кеңестік Жазушылар одағы аса жағымды мінездеме бере отырып қолдайды.

Мұхтар Әуезовтен сотталғаны туралы айыпты алып тастау туралы ұсыныс қанағаттандырылсын және одан «сотталған» деген айып алынсын.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы – А.Қазақпаев (Қолы).

Президиумның хатшысының орынына – Х.Байұзақов (Қолы)».

Осы қаулы арқылы Мұхтар Әуезовтің барлық азаматтық құқы қалпына келтірілді. Содан кейін барып Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтарға ұсынылуға, депутаттыққа, академиктікке сайлануына жол ашылды. Ол туралы 1957 жылы Сәбит Мұқанов Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатында өзінің басты мақсаты:

«... со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті өкімет пен партия қабылдады да, Жоғары совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтың бетіндегі қара күйені сүртті»,– деп жазды.

Бұл – Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке жасаған азаматтық парызы мен мәрттік мінезі еді. Ендігі қадам жасаудың кезегі Мұхтар Әуезовке келетін. Сол қадам, өкінішке орай, жасалмай қалды.

Күн бар жерде – көлеңке түспей тұрмайды. Тек, соның барлығына адамгершілік, азаматтық тұрғыдан қарау керек. Сонда ғана адам өмірі мағыналы өтпек. Сәбең мен Мұхтардың, Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің бір тағылымы осы болса керек.

 

7.

Бірақ та бұл тағылымның астарында да тұлғалардың пенделік тартысы жатты және ол бопса бұрынғыдан да ығырлана берді де, жанжүйе жанығына ұласып отырды. Идеологияның өзі күдік пен күмәнға құрылған мемлекеттік машина және оның жандайшаптары тұлғалардың татулығын жақтырмады. Олардың арасындағы қыжырды үнемі үйкеп, жанып, жанықтырып отырды. Бұған қарама-қарсы екі идеяның екі өкілінің өмірлік және көркемдік ұстанымдарының түйсік танымы да тоғыса бермеді. Идеологияны былай қойғанда, кез-келген ірі таланттардың арасындағы дүниені көркем тану, көркем қабылдау, көркем ойлау, көркем бейнелеу жүйесі тудыратын қайшылықтардың өзі «татуды араз, досты жат қылуға» (Абай) толық жарап жататын.

Ал «жалғандықпен жалғанған көңіл жібін» (Абай) үзуге соның өзі жетіп артылатын. Мұхтардың бетіне жағылған «қара күйе» (С.Мұқанов) алынып тасталған сол бір желпіністі күндерде, 1943 жылы 27 көкекте «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасы талқыланды. Бұл М.Әуезов үшін – жауынгерлік тақырыпқа арналған өзекті шығарма, кешірімге жасалған жауап ретінде қабылдануы тиіс туынды болатын. Әрине, батырлардың әруағын шақырып, ұрандатып жатқанда Қобыландыға қарсы шыға қоятындай ләм табыла қоймайтын. Сөйлеушілердің барлығы да Көкіланның бейнесін сынға алды. Ал М.Әуезовтің драматургиялық шығармаларының барлығындағы ең сүйікті әдеби тәсілі – мифтік бейнелер, психологиялық елестер болатын. Талқылауды С.Мұқанов басқарды:

С.Мұқанов: «Пьесаны бір оқығанда ойда қалмайды екен, бірнеше рет оқығанда ғана түсінікті, мәселені шешуге мүмкіншілік болатыны рас екен. Мысалы анадағыдай емес, қазіргі оқығанда біраз ойландырды. Кемшілігін көрсете айтсақ оған автор ренжімес деймін. Өйткені анада Әбішевтің пьесасын оқығанда біз театрға ұсынсақ та, артынан жоғарғы орын алып тастады ғой. Сондықтан бұдан былай қаттырақ қарамасақ болмас, жолдастар. Осы пьесада ойыны көп кісі – Көкілан. Сыйқыршы кемпір Көкіланды ұйықтатуға ешбір (себеп) жоқ сияқты. Фантазия атымен болмасын демеймін, бірақ Көкіланның ролі көбейіп кеткен, ойлану керек. Сонымен қатар Құртқаны Көкіланның қызы деуге қимайды кісі. Қобыландының бытовой жағы, махаббат жағы көрінсе де, героический жағы әлі еркін берілмеген. Патриотизм дегенде, ел үшін, отан үшін күресу жоқ, жетпей жатыр. Осыны дәлелдеу керек. Мұнда күрес өте жіңішке алынған сияқты. Отан үшін күресті көтеріңкіреу керек».

Талқылауда алғашқы сөзді Ғали Орманов алып, Қобыландының тарихи тұлғасына тоқталды. Бұдан кейін:

Қ.Жұмалиев: «Көкіланды мүлдем алып тастау керек. Басы артық. Көкілан алынып тасталмаса, пьесаны сахнаға жіберуге болмайды. Идеологияға қарсы;

Ғ.Мұстафин: Бәрін бүлдіріп тұрған Көкілан;

Ш.Құсайынов: Көкілан зиянсыз кейіпкер, жүре берсін;

Е.Имсайылов:Жарасып та тұр, жараспай да тұр. Режиссер шешетін мәселе;

Ә.Әбішев: Оқиға Құртқадан басталып, Құртқамен аяқталады. Ішінара өңделгені жөн. Дауды азайту үшін Көкіланды қысқарту керек. Сондай-ақ иран сөзін сызып тастау керек;

С.Мұқанов: Жолдастар, драматургиямызға бір жаңа нәрсе келген сияқты, оған сөз жоқ. Менің ұсынысым “Қобыландыны” автор әлі де айтылған кемшіліктерді еске ала отырып, режиссермен бірге істеп болған соң, тағы президиумда қарасақ, сонан кейін театрға ұсынсақ деймін.

Тәжібаев: Осы пьесасының оқылуы жеткілікті болды. Негізінен алғанда пьеса жаман емес, қай жағынан алсақ та. Сондықтан авторға режиссермен бірігіп істеуді тапсырып, театрға ұсынсақ деймін.

М.Әуезов: Пьесадағы геройлар әлі дәлелденбеген. Көкіланды басқаша көрсету керек, Иран мәселесін алып тастау керек, – деген сияқты пікірлер айтылды. Драматургияның заңы бойынша бір тітіркендіруші желі болуы тиіс. Мен бұл арада Көкіланды сол тұтастандырушы бейне ретінде алдым. Оны алып тастаса, пьесадан ештеңе қалмайды. Бұл ұсыныспен мүлдем келіспеймін Және героизмді күшейту қажет – деді сөйлеген жолдастар. Осылардың барлығын пьесаны қабылдап ала отырып, қосымша айту керек еді. Өздеріңіз жазушысыздар, драматургсіздер, қай уақытта болса да жазушылар ұйымы пьесаны окончательно редакциясымен алмайды ғой. Пьеса сахнаға қойылған соң барып алынады. Оқиғаны күшейту де театрмен істескенде жөнделеді. Пьеса жөнінде сіздермен дауласамын. Бұл пьеса тарихи емес. Бұл эпос – драма. Бізде бұлай жазу бұрын болған жоқ, біз соны жазуымыз керек. Өйткені адам баласының мәдениетін алатын болсаңыздар эпостан жоғары әдебиет жоқ. Эпоста реалистический элемент көп. Осы пьесада махаббат, достық, араздық бәрі бар. Сонымен қатар бүгінгі күнге сай нәрсе деймін. Мен бұл жөнінде Ғабиттің қарсы пікірлері өте әрі емес деймін. Біз дүние жүзінің әдебиетін оқуымыз керек. Пушкин батыс әдебиетін оқыды, Абай орыс әдебиетін оқыды. Солай болатын болса мен Шекспирден бастап Гогольді, бүгінгі Жамбылға дейін оқыдым.

Көкіланды көп айттыңыздар. Ондағы мақсат сол заманның тілін көрсету ғой. Сіздер қазақ халқының ұғымындағы тарихи дейсіздер, ол дұрыс емес деймін. Жолдастар, мен бұл пьесада жаңалық іздедім. Бұл шығармам патриоттық шығарма. Меніңше тарихқа аудар деген сөз, ол жазба деген сөз. Театрда оқығанда пьесаны жақсы деп едіңдер, енді отвергайт етіп отырсыңдар. Шынында жазушылар ұйымында оқығында соңғы редакциясы болмайды ғой. Сондықтан айтылған замечанияларды театрмен, режиссермен түзеуге тапсырып, пьесаны неге қабылдамайсыздар? Көкіланды түзеймін, Құртқаны да қараймын. Қобыландының ролін күшейтіңкіреймін.

Ұсыныс: Жолдас Әуезовтің “Қобыланды” атты пьесасындағы көрсетілген кемшіліктер тағы да түзетуді керек еткендіктен, театрмен істесіп қарап шығу авторға тапсырылсын. Содан кейін Жазушылар ұйымының Президиумында қаралатын болсын»,– деген пікірлер айтылды (Орталық мемлекеттік мұражай, Жазушылар одағының қоры,194 іс).

Ал осы хаттаманың 1943 жылы 27 күні көкек орыс тіліндегі нұсқасында «Қобыланды батыр» пьесасының сюжеті мен тілін мақұлдай келіп, Жазушылар ұйымының Президиумы туындының идеялық-көркемдік сапасын төмендететін мына кемшіліктерді атап өтті:

а) Қазақ халқының ең сүйікті батыры Қобыланды батыр лирикалық-тұрмыстық сипатта суреттелгендіктен де оның өз ұлтын қорғаған ерлігіне нұқсан келген;

б) Орта Азия халықтарының үнемі өзара қақтығыса беруінің қоғамдық шындығы ашылмаған, тек әйел үшін арпалысқа құрылған, сондықтан да отанды жаудан қорғау идеясы ашылмаған.

в) Эпостық батырға тән емес мифтік бейне Көкіланды енгізуі және оның бүкіл сюжетке тікелей аралысып отыруы батырлық жырдың құнын түсірген. Жазушылар ұйымынын Президиумы мұны дұрыс емес деп шешті.

г) Қыпшақ пен иран арасындағы шайқасты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дұшпандық ретінде көрсетілуінің қажеттігі жоқ деп есептейді.

д) Қобыландының сүйікті әйелі Құртқаның бақсы кемпір Көкіланнан тууы, ат пен қару-жарақты халықтың қолынан емес, диуанадан алуы шындыққа жанаспайды.

е) Драмалық шығарма ретінде Орақ батырдың, Қарлығаштың, Құртқаның бейнелері солғын шыққан, Көбіктінің, Алшағырдың, Қазанның Қобыландымен күресі бірсарынды боп шыққан.

Жазушылар ұйымынын Президиумы М.Әуезовке: «Қобыланды батыр» пьесасына жоғарыда айтылған ескертпелерге сай түзету енгізіп, қайтадан талқылауға ұсынсын – деген шешім қабылдады».

Бұл қарама-қайшы шешімдердің қайсысы дұрыс? Сахнада қойылған спектакльге қаратылған пікірлерге және жазушының қолжазбасына жүгінсек, бұл бағытта елеулі түзетулер енгізілмегені байқалады. Аралары жаңа ғана жөнге келіп, сотталғандығы туралы айыптау үкімі алынып тасталған осынау кезеңде С.Мұқановтың төралқа шешімін қадағаламауы да мүмкін.

Дегенмен де осы арада бір кілтипан бар.

Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовтің арасындағы көңіл жықпас жылы лептің барлығы 1943 жылы 22 қараша күні өткен жазушылар одағының ІІ пленумындағы сөздерінен аңғарылады. Мұнда бұрынғыдай түйілген астарлы қабақтан көрі ашыла бастаған көңіл кірбіңі аңғарылады. Скворцов, Шаяхметов сияқты республика басшылары қатысқан пленумды С.Мұқанов кіріспе сөзбен ашты.

М.Әуезов жуырда өткен ақындар айтысы туралы толғана сөйлей келіп:

«Мұқанов проза саласында тамаша образдар жасады. Оның өзіндік баяндау мәнері бар, қазақ прозасы үшін көп еңбек сіңірді, алайда оның негізгі табысы поэзияда. Сондықтан да мен оған қиналып жазатын прозадан көрі поэзияға баса көңіл аударуды ұсынар едім. Ішкі дайындығы пісіп жетілмеген соң романдардың көбі үстірт жазылады. Сондықтан да ішкі иірімдері таныс поэзия оңтайлы болмақ. Пушкин данышпан сияқты поэзияны да, прозаны да, драматургияны да керемет игерген таланттар сирек кездеседі. Прозағада қалам тартқан дұрыс, алайда Мұқановтың өзекті тақырыпқа арнаған шығармаларының көптеген беттерін қайта қарап, жазып шығуды қажет етеді. Шашылып, жайылып кетуге болмайды. Мұндай жайлып кетушілік Тәжібаев та да бар. Тек Орманов пен Жароков қана бір жанрды нықтап ұстанып отыр...»,– деп сипай қамшылап өтті.

Бұған жауап ретіндеСәбит Мұқанов сол мінбеден «Абай» мен «Еңлік-Кебекті» жоғары бағалай келіп, кейіпкерлер дайын күйде сахнаға шығады, әйелдер образы әлсіздеу дей келіп:

«Мұхтар, менің білуімше, екеуміздің арамызда ешқандай түсініспестік жоқ сияқты. Мен сізді жазушы, үлкен талант иесі, мәдениет қайраткері ретінде сыйлаймын, бірақ, драматургиядағы жаңа тақырыпты игере алмай жатқанда, ал бұл аса үлкен мәселе, ол аспан мен жердің арасында ілініп тұрғанда, қашан жаңа тақырыпты қамтитын шығарма жазғанша, бұл бізге, әсіресе, оқиғаны жақсы құра алатын, жақсы бейнелер жасайтын, тілі тұщымды драматург саған кешірім жоқ. Тіл жөніне келсек, сен маған көптеген сын-ескертпелер айттың, бұл жағынан алғанда сенің бүгінгі күннің тақырыбына арнап жазған пьесаңның оқиғасы да, ондағы адамдардың бейнесі де, тілі де өте жұтаң. Бұл ретте Мүсіреповтің жетістігі бар. Бірақ сіз «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты пьесалардың деңгейіне жеткен жоқсыз. Өйткені бұл пьесалар «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты біздің драматургиямыздың үлгісі болып саналмайды. Ал сол тақырыптас пьесалардың тілі жұтаң болып келеді (Бұдан кейін қазақшаға көшеді). «Абай» пьесасы әдебиетіміздің тарихында жақсы орын алатын пьеса. Мұнда Мұхтар байшыл жазушыларды негізді адам етіп алмайды... Сон соң Мұхтарда шарықтап кетушілік жоқ. Үлкен адамдардың кескіні жаңа (тақырыпқа арналған) пьесаларда көрінбейді. Қысқасы, Мұхтарда бес-алты пьеса бар. Бірақ көп жасай алмайды (жазбай жүр)... Мұхтардың тарихи пьесалары тіл жағынан шалқып жатады, қазіргі (тақырыпқа арналған) пьесалары тілге нашар, кедей. Маған Мұхтар: тілің нашар,– деді. Мен оны қарсы аламын. Бірақ Мұхтардың өзі де оңып тұрған жоқ-ау деймін. Өйткені, Мұхтардың пьесалары бәйге алғанда, менікі де (менің де пьесам бәйге) алды. Сондықтан да қатарласпын ғой деймін (күлкі)»,– деп тыныс алып барып, содан кейін – «бірақ та өткендегі ұлтшылдық сананы жеңе алмай жүрсіз»,–дегенді (сонда, №198 іс, 87-бет)қыстырып қойды.

Сол күннен бастап С.Мұқанов М.Әуезовті мақтай, жақтай сөйлеген сөздерінің өзін де осыған саятын пікірмен түйрей отырып сөзін аяқтайтауды әдетке айналдырды. Қалжың да азая берді.

Сол бір жылылықты Қ.Сиранов жасаған драматургия туралы қосымша баяндама суытып жіберді. Ол әдебиет пен театрдағы барлық кемшілікті түйдектете төкпелей келіп:

«Кейбір жазушылар екінші бір қателікке ұрынды. Олар тар шеңбердің шырмауына шырматылып алып, өздері әлдилей ардақтайтын тарихи тақырыптың айналасынан шиырлап шыға алмай жүр. Мысалы, Әуезов жолдас Абай туралы талантты шығарма жазды. Өкініштісі, Абай – бұл жазушының көп жылдан бергі жалғыз ғана тақырыбы болып келеді. Ол «Абай» пьесасын, «Абай» романын, «Абай» сценариін, опера үшін «Абай» либреттосын жазды. Ал М.Әуезов жолдас қазіргі тақырыпқа арнап ештеңе де жазған жоқ. Оның «Шекарада», «Тас түлек», «Намыс гвардиясы» пьесалары жалаң ұранға, схемаға құрылған, оқиғасы сендірмейді»,– деп барып тоқтады.

 Бұған қарамастан 1943 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы президиумы мұрағатының іс қағазында «Абай» романы туралы» деген бір жарым беттік орыс тілінде жазылған хаттама жатыр. Онда романның идеялық-көркемдік, таптық сипаттарына тоқталып, Абай мен Зеренің образына баса көңіл аудара келіп:

«Бұл роман бүкіл кеңес әдебиетінің, оның ішінде қазақ кеңес әдебиетінің 1942 жылғы үлкен табысы, сондықтан да қазақ кеңестік Жазушылар одағаның президиумы оны Сталиндік сыйлыққа ұсынады»,– делінген (сонда, №78 іс, 189-бет).

Бұдан анық байқалатын жай мыналар: «Абай» романының бірінші кітабі сыйлыққа ұсынылуға дайындалған. Алайда ол тек ниет күйінде қалып қойған. Оның себебі: біріншіден, бұл ұсынысты сол кездегі президиум төрағасы Әбділдә Тәжібаев жалпы жиналыста дауысқа салмаған. Екіншіден, романның әлі орыс тіліне аударылмағаны сыныққа сылтау болған. Бұдан басқа ешқандай тосқауылдың болуы мүмкін емес. Анықтаманың дайындалуы – дайындалған да, тиісті қолдау таппаған. Өйткені ол туралы мәлімет бір де бір хаттамаға түспеген. Сөйтіп, тартпадан шығып, архив сөресіне жөнелтілген.

Мұның басты бір себебі, осының алдында ғана 1943 жылы 11 мамырда «Абай» романы туралы «Абай және роман» деген тақырыпта үлкен талқылау өткен болатын. Онда «Әдебиеттің даму жолындағы романның маңызы», «Абай» романы – ХІХ ғасырдағы қазақ тарихының айнасы ма?», «Құнанбай мен Абай», «Романның көркемдік ерекшелігі туралы», «Абай» романымен байланысты кейбір міндеттер» деген тақырыпта Е.Ысмайылов, М.Ақынжанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов баяндама жасады. Бұл талқылаудағы Ғ.Мүсіреповтің:

«Абай» тарихи-қоғамдық тартыстарға құрылған, шын мағынасындағы қазақ халқының бір дәуірдегі шын өмірін, елдігін түгел көрсете алатын роман. Ел өмірін көрсетем деген еңбектер, қай дәуірді алса да, осындай терең, осындай шын, осындай ақылды, осындай нәзік сезіммен жазылатын болсын. Қазақтың әр жазушысы «Абай» арқылы әдебиетіміз жаңа бір сатыға көтерілгенін ескеріп, қолына қалам алғанда, сол сатыға көтерілуді, сол саты арқылы одан да жоғары көтерілуді арман етсе екен деймін!»,– деген қорытынды сөзі «Абай» романының қазақ әдебиетіндегі орынын ғана емес, алдағы уақыттағы тағдырын да анықтап берді.

(Бұл талқылау біздің «Құнанбай» атты монографиямызда барынша кең талданғандықтан да және негізгі тақырыбымыз саяси талқыға арналғандықтан да, тек атап өтумен ғана шектелеміз).

Ал таусылмайтын саяси науқандар таланттарға тән табиғи талқыны одан әрі ушықтырып, көзқарастардың қақтығысында жақтастар іздеуге мәжбүр етті. Өйткені М.Әуезовтің өзі айтқандай ол тұстағы сыншы шешендер өзінің талдауын:

«Шығармадан бастап, автордың жеке басына» әңгі таяқ ойната жөнелетін «және сөзінің соңы міндетті түрде авторға қылмыстық айып тағумен аяқтайтын».

Сондықтан дабұл майданда жеңіліп қалуға болмайтын, жеңілген адам жентектеліп қана қоймайды, түрмеге қарай бет алатын.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір