Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6375 0 пікір 27 Маусым, 2013 сағат 18:24

Есбол Өміржанов. Ұлтшылдық және оған әсер етуші факторлар

Ұлтшылдық жайлы мәселе тәуелсіздік алған уақыттан бері қаншама рет көтеріліп, оның жағымды және жағымсыз тұстары турасында көптеген мақалалар мен ойтолғамдар жазылса да осы мәселеге қатысты жайлар әлі де болса талдауды талап етуде. Жалпы, ұлтшылдықтың адамзат баласы ұлтқа бөліне бастаған уақыттан бері барлық ұлт өкілдері арасында өзін-өзі сүю мен құрметтеу турасында  кең таралған рухани қасиет екендігі ақиқат.

Тарихи даму үрдісінде бір ұлттың екінші бір ұлтты жаулап алып өзіне бағындыруы, бір аумақта өмір сүруші ұлттардың өзара кірігуі сол ұлттардың арасында ұлтшылдық сезімдерінің өрбіп, дамуына ықпал етіп отырғаны белгілі. Сондай-ақ нақты ұлттың тарихтың әртүрлі кезеңдерінде бастан кешірген қилы тағдыры сол халыққа тән ұлтшылдықтың да сипатын айқындап бере алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда әртүрлі жағдайларды бастан кешірген қазақ ұлтының ұлтшылдығын ұлттың басынан өткерген тарихи жағдайларға байланысты, қазақтар арасындағы ұлтшылдықтың орын алу сипаты мен мүдделік бағытына қарай үш түрлі сипатта  бөліп қарастыра аламыз. Бұл ең алдымен Ресей бодандығы кезеңіндегі ұлшылдық, екіншіден тәуелсіздікті алғаш алған кезеңдегі ұлтшылдық, үшіншіден, тәуелсіздікті орнықтырған соңғы уақыттағы нео-ұлтшылдық.

Ұлтшылдық жайлы мәселе тәуелсіздік алған уақыттан бері қаншама рет көтеріліп, оның жағымды және жағымсыз тұстары турасында көптеген мақалалар мен ойтолғамдар жазылса да осы мәселеге қатысты жайлар әлі де болса талдауды талап етуде. Жалпы, ұлтшылдықтың адамзат баласы ұлтқа бөліне бастаған уақыттан бері барлық ұлт өкілдері арасында өзін-өзі сүю мен құрметтеу турасында  кең таралған рухани қасиет екендігі ақиқат.

Тарихи даму үрдісінде бір ұлттың екінші бір ұлтты жаулап алып өзіне бағындыруы, бір аумақта өмір сүруші ұлттардың өзара кірігуі сол ұлттардың арасында ұлтшылдық сезімдерінің өрбіп, дамуына ықпал етіп отырғаны белгілі. Сондай-ақ нақты ұлттың тарихтың әртүрлі кезеңдерінде бастан кешірген қилы тағдыры сол халыққа тән ұлтшылдықтың да сипатын айқындап бере алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда әртүрлі жағдайларды бастан кешірген қазақ ұлтының ұлтшылдығын ұлттың басынан өткерген тарихи жағдайларға байланысты, қазақтар арасындағы ұлтшылдықтың орын алу сипаты мен мүдделік бағытына қарай үш түрлі сипатта  бөліп қарастыра аламыз. Бұл ең алдымен Ресей бодандығы кезеңіндегі ұлшылдық, екіншіден тәуелсіздікті алғаш алған кезеңдегі ұлтшылдық, үшіншіден, тәуелсіздікті орнықтырған соңғы уақыттағы нео-ұлтшылдық.

Ресей бодандығындағы кезеңде қазақ ұлттық сипатын сақтап қалып, азаттықты алуды басты мақсат етті, елін ұзақ уақыт бойы басып-жаншып отырған басқыншылардың тырнағынан құтылудың жолын іздестіруде, әртүрлі көтерілістер мен бас көтерулерде халық бірігіп, тұтас күш ретінде жұмыла күреске шықты. Мұндағы «тәуелсіздік жолындағы күрес» ұғымы ұлтшылдықтың жойылмай, қаншама басып-жаншулардан соң орайы келгенде қайта жандануына септігін тигізіп отырды. Ғасырларға созылған отаршылық саясатының қазан төңкерісінен соң  Ресейдегі мемлекет нысаны өзгеріске ұшырағанымен жалғасын табуы  20-шы ғасырдың басындағы ұлтшылдардың биік шоғырын өмірге әкелді, бұл өз кезегінде халық арасында ұлтшылдық көзқарастардың кең етек алуына алып келді. Бұдан қауіптенген кеңестік билік репрессия арқылы ұлт жанашырларының, көзі ашық азаматтардың көзі жойғанымен ұзақ уақытқы үнсіздіктен соң 90-шы жылдардағы саяси жағдай ұлтшылдардың қайта бой көрсетуіне ықпал етті. Осылайша, басқыншылыққа қарсы күрес, ұлттың ұлт ретінде сақталу мүддесі  қазақ халқының бойындағы ұлтшылдықтың бір сәтке де бәсеңдемеуіне әсер етіп отырды.

Ал тәуелсіздік алған уақытта қазақ ұлтшылдары ұзақ уақыттан соң  қолы жеткен тәуелсіздікті баянды етудің жолын қарастырды, тәуелсіздікті қолға тигізгенімен өз елінде азшылық қалпында қалған қазақ ұлты үшін оны ұстап қалу ең басты мақсат болды. Сондықтан, ұлтшылдық «тәуелсіздіктің баянды болуы» лозунгысына бағытталды. Тәуелсіздік жылдарында ұлтшылдардың басты мақсаты жаңа құрылған мемлекеттің ұлттық бет-бейнесін айқындап, оған қазақ ұлтының сипатын беру болды. Яғни, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық ділді қайта жаңғырту, ата-бабадан келе жатқан ислам дінінің халық арасында кең қолдауға ие болуына жағдай жасау, ұлттық заңнаманы қазақ ұлтының ұлттық ерекшеліктеріне сай жасақтау, жалпы қазақстандықтарға қазақ ұлтының мүддесі шегінде ортақ ұлттық идеология жасау, шет елдермен қатынаста мемлекет мүддесінің барынша қорғалуы, ұлттың өніп-өсуіне кедергі келтіретін факторларды жою, шеттен қандастарды елге көптеп қайтарып, олардың жергілікті жерге бейімделуін қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді көтеріп, сол бағытта жұмыс жасады.

Осы тұста тәуелсіздік жылдарындағы ұлтшылдық тарихына тоқталу артықтық етпейді деген пікірдеміз. Қазақтың дербес ел болып, тәуелсіздігін алуына өзіндік үлес қосқан Ж.Бабалықұлы, С.Ақатай, Х.Қожахмет, Б.Дәрімбет және т.б. көзі қарақты ұлтшыл азаматтар азаматтық «Азат» қозғалысын құрып, ұлттың жоғалғанын қайта жаңғыртуды, елдегі мемлекеттілік пен құқықтық жүйені қазақтың мүддесіне сай жасақтауды ұсынған уақыттарда сол кездегі қазақ қоғамында ұлтшылдықты теріске шығарып, Лениндік түсіндірме бойынша оны тек жаман сипатта көрсету үрдісі белең алды. Ұлтшылдықты терістеу арқылы қазақтардың сол кездегі елдегі жағдайды ескере отырып өзге ұлттармен кірігуін насихаттайтын идеялар да алға тартылды. Мемлекеттегі қазақтардың автохтонды ұлт ретіндегі ролін мойындамай, керісінше, саясатты көпұлтты қазақстандық халық бағытында өрбітіп, қазақ тілінің үстемдік құруын болдырмауды ұсынатын  ойлардың бірі Н. Масанов тарапынан ұсынылған болатын, «Все с неумолимой неизбежностью ведет нас лишь к одной единственной альтернативе этой политики, самоубийственной прежде всего для малочисленного казахского этноса. Это единственное – спасительная политика компромисса, равенства и свободы всех этносов в рамках специфически казахстанского государства. Девизом такого нового демократического патриотического движения мира и согласия всех этносов Казахстана может быть лозунг «Одна земля, одно государство, одна судьба. Единая объединенная нация».  Так или иначе, оправданный и по-человечески понятный в постколониальный период жесткий курс на построение этнического государства в новых изменившихся условиях должен быть откорректирован. Особенно это касается более полных и законодательно обеспеченных языковых гарантий и гражданских прав русскоязычного большинства Казахстана» ( Н.Масанов, Н.Амрекулов. Патриотизм не имеет общего с национализмом. Если этот патриотизм – подлинный. Казахстанская правда. №270, 30.12.1993.).

Ресей мен Қазақстанның экономикалық одақ құрып, конфедерацияға бірігуі жайлы идеяның негізін қалаушы, ақын О. Сүлейменов те 90-ы жылдардағы қазақ ұлтшылдарының идеялық ұстанымдарын шовинизмге балап, ол турасында келесідей пікір білдірген болатын, «Шовинизм – это всегда проявление невежества. Я пером боролся с могучим российско-государственным шовинизмом на протяжении 30 лет своей писательской деятельности. Нарождающийся казахский шовинизм считаю не менее опасным прежде всего для казахов, ибо он провоцирует шовинизм других наций. Нам надо искать новых друзей, не теряя старых. А у Казахстана много истинных друзей в России. Мы еще не использовали этот мощный потенциал дружбы. К этому призываю и еще раз напоминаю – там, где побеждают национал-радикалы, проигрывает народ» (О.Сулейменов. Чем опасны «патриоты». Казахстанская правда. №176, 07.07.1993.).

 Осылайша, ұлтшылдыққа қарсы майдан өршіп, елдегі саяси билік ұлтшылдықтан бойын аулақ салып, мемлекеттегі негізгі орындарға либералдық ұстанымдағы тұлғалар келді. Бұл өз кезегінде ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің алшақтап, қоғам мен биліктің арасының ажыратылуына әсерін тигізді.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемге танылып, өз мемлекеттік шекараларын айқындап, экономикалық жағынан дамудың жаңа бағытын айқындап алған кезде ұлтшылдықтың қайта жандануына жаңа мәселелер негіз болуда. Ұлтшылдықтың жаңа қарқынмен өршуіне қазақ ұлтының жанашырлары арасындағы тәуелсіздіктің баяндылығы жайлы ойлар әсер етуде. Ұлтшылдар интеграциялану арқылы тәуелсіздікті қайта жоғалтпауды алға тартуда, мұны өз кезегінде жаңа жағдайларға бейімделген, жан-жақты, байыпты нео-ұлтшылдық деп айтуға болады. Нео-ұлтшылдар елімізде қалыптасқан жағдайды жіті бағамдап, өз позициясын айқын ұстап, биліктің ұлтшылдар ұсынған идеялармен қарулануын басты мақсат етуде. Нео-ұлтшылдықтың басты ерекшелігі оның өз мемлекетіне қандай да бір зияны тиюі мүмкін іс-әрекеттерден саналы түрде бас тартып, халықты көтеріліс немесе бас көтеруге шақырмауында. Керісінше, билікпен диалог құру арқылы, оның ұлттық мәселелерге көңіл аударуын, жағдайды ушықтырмауын талап етуінде. Ное-ұлтшылдықтың басты ұраны «қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалу» болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, қазіргі ұлтшылдар үшін басты мақсат Кедендік Одақ пен Еуразиялық Одаққа қосылудан билікті бас тартуға үгіттеу, осы одақтардың тиімсіздігіне қоғам мен биліктің  көзін жеткізу болып табылады. Бұл мәселедегі басты аргумент – күшті мемлекет пен әлсіз мемлекеттің өзара тең одақ құра алмайтындығы, бастапқыда конфедерация ретінде құрылған одақтың уақыт өте келе, нақты орын алған жағдайларға байланысты күшті мемлекетке біріккен федерация кейпіне ену қаупі.

Енді ұлтшылдықтың мәніне үңілер болсақ, жеке адамның ұлтшылдығын, оның өз жеке мүддесінен ұлттық мүддені жоғары қоя білуі деп түсінуге болады. Яғни, қандай дәрежедегі адам болмасын, өз өмірін, өз жеке бас мүддесін, өзіне қатысты барлық нәрсені ұлт жолына құрбан ете білуі. Бүгінгі күнгі көзбен қарағанда адамның атақ пен лауазымды, бизнес пен байлықты ұлт мүддесі жолында құрбан етіп, кезі келгенде ұлтқа қатысты жасалынып жатқан қысастықтарды ашық сынға алып, өз ұстанымында қала білуі. Ұлтшылдықтың жарқын көрінісі - адамның өз тұлғалық қасиетін сақтай отырып ұлт мүддесі жолында ешкімнен де тайсалмай, жеке басына ұпай жинауды, орын алған жағдайды өз пайдасына шешуді көздемей әрекет етуі. Әрине, адамды осыншалық дәрежеде ұлтын сүйетін халге жеткізу оңай шаруа емес, ол үшін үлкен идеологиялық күрес жүргізіліп, сол майданда жүрген адамдардың іс-әрекеті  арқылы тірі мысал келтірілуі тиіс. Қазіргі кезде Қазақстандағы ұлтшылдық қазақтардың мүддесіне негізделген ұлттық идеологияға өзге ұлттардың мүдделерін кіріктіру арқылы ғана жүзеге асырыла алады. Олай дейтін себебіміз, ұлтшылдықтың оң сипатта дамуына мемлекетте нық орын алған ұлттық идеология әсер ете алады, ол идеология қазақ мүддесіне сай жасалса, өзге ұлттардың да сол идеологияға негізделуіне жағдай туады.

Ұлтшылдық туралы сөз қозғағанда патриотизмге тоқталмай өту мүмкін емес, патриотизм мен ұлтшылдық бір-бірін толықтырушы ұғымдар, патриотизм елді, мемлекетті сүюге үндесе, ұлтшылдық нақты бір ұлтты сүю арқылы мемлекетке қорған болуды насихаттайды. Патриотизм мемлекет өмірінің барлық кезеңдерінде насихатталатындығымен ерекшеленеді, ал ұлтшылдық болса тарихи дамудың кей кезеңдерінде көлеңкеде қалуы мүмкін. Сонымен қатар, жаулап алушы ұлттар патриотизмге барынша мән беріп, тек үстем ұлттың ұлтшылдығының бүркемелене дамуына жол беріп, бұратана халықтардың ұлтшылдығын жаншып-жойып отырады.

Жоғарыда айтылғандар негізінде ұлтшылдықтың өріс алуына мемлекет арқылы қалыптастырылған ұлттық идеологияның болмауы да тоқтау сала алмайтындығына көз жеткіземіз, оған ұлт үшін маңызы зор мәселелерге қатысты арман-мұраттар мен көзқарастардың, идеялардың тікелей әсер ете алатындығын көре аламыз, ең бастысы ұлтшылдық сезімінің тез арада жандануына нақты орын алған оқиғаның өзі жеткілікті болары сөзсіз. Тағы бір мән беретін жағдай, ұлтшылдықтың кең өріс алуына ұлттың өзін-өзі сақтауға деген талпынысы, тәуелсіздік алуға ұмтылысы немесе тәуелсіздіктен айрылып қалу қаупі тікелей әсер ете алады. Дегенмен, ұлтшылдықтың мемлекеттегі биліктен бастау алуы, мемлекеттің ұлттық мүдде мен мемлекет мүддесін астастыра білуі, ұлттық мүддеге негізделген ұлттық идеология қалыптастыруы оң ұлтшылдықтың дамуына үлкен ықпал етері сөзсіз.

Ұлтшылдық адам психологиясына тәуелді құбылыс болғандықтан оның әртүрлі бағытта даму мүмкіншілігі бар, мемлекеттің ұстанатын саясатына, саяси лидердің ұлтқа байланысты ұстанымдарына және т.б. факторлаға сәйкес ұлтшылдық  оң бағытта не теріс бағытта өріс алуы мүмкін. Ұлтшылдықтың теріс бағытта өріс алуы оның нацизмге, фашизмге, шовинизмге, ұлтшыл-экстремизмге  ұласуына жол ашуы мүмкін. Сол себепті ұлтшылдықты насихаттауда өзге ұлтқа өшпенділікті, жек көрушілікті, ұлттың өзгелерден артықшылығын және т.б. дәріптеуге болмайды.

Қоғамдағы ұлтшылдық жоғары деңгейге көтерілгенде ол туыстас халықтарға деген оң көзқарастар мен туыстас халықтар бірлігі идеясына ұласады. 20-шы ғасыр басындағы М.Шоқайдың Үлкен Түркістан идеясы, ғасыр соңындағы «Азат» қозғалысы қайраткерлерінің «Түркі тілдес халықтардың бірлігі» идеясы осыған мысал бола алады. Қазіргі кезде де қазақ ұлтшылдары Орта Азиялық Одақ идеясының қолдаушылары болып табылатындығы  баршаға аян.  

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлтшылдыққа қарсы идеологиялық шабуылдың нәтижесінде ұлтжандылық сөзі қолданысқа енгізілді, көптеген авторлар ұлтжандылықты ұлтшылдықтан бөліп алып, оны жағымды сипаттап, ал ұлтшылдықты теріске шығарды. Ал, шындығында ұлтжандылық,  ұлтшылдықтың бәсең сипаты, пассивті ұлтшылдық.  С.Ақатайдың сөзімен айтқанда, «ұлтжандылық - түптеп келгенде қос жастықты шынтаққа басып қойып, қаймақ қатқан қарсақ жон күрең шайды сораптап ішіп, сары самаурынның жанында бәйбішесі мен бала-шағасының ортасын ойып отырып, ұлт туралы, қазақ халқының арман- мүддесі туралы сөз бастауға әлде сәнді бөтелке толған дастархан басындағы бейпіл әңгімеге  саяды, ұлт үшін аса керек насихат, уағыз ешкімнің басын ауыртпайтын күңкілге айналады. Саяси әрекетпен астаспаған, өзінің ұлты үшін, елі мен жері үшін, бала-шағасы үшін ешқашан саяси әрекетке бастамаған адам ұлтжандылық сипатта ғана қалады» (Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық.// Қазақ әдебиеті, 10 сәуір, 1998.).

Ұлтшылдықты оның адам санасындағы деңгейлік сипатына қарай үш деңгейге бөліп қарастыруға болады, бәсең ұлшылдық, орта деңгейдегі ұлтшылдық және жоғарғы дәрежедегі шынайы ұлтшылдық. Бәсең ұлтшылдық деңгейінде адам ұлттық мүдде жолында ешқандай әрекетке бармайды, ұлтқа қатысты барлық нәрсені үстірт түсініп, тереңіне бойлай алмайды. Яғни, адамның нақты бір ұлттың мүшесі екендігін білуі, сол ұлттың ұлттық ерекшеліктерін бойына сіңіруі бірақ, ұлт үшін әрекет етуге құлшынысының болмауы.

 Орта деңгейдегі ұлтшылдықта адам өзінің белгілі бір ұлт өкілі екендігін мойындап қана қоймай сол ұлттың ұлттық құндлықтарын бойына сіңіреді, өзінің сол ұлттың өкілі екендігін мақтан тұтады. Егер ұлтқа қатысты нақты бір мәселе туындап жатса сол мәселенің өз ұлтының пайдасына шешілуін қалап, соған атсалысады. Кей кездері орта деңгейдегі ұлтшылдық адамның нақты бір жағдайларда үлкен ерлік жасауына, кейде тіпті қылмысқа баруына да негіз бола алады.

Жоғары деңгейдегі шынайы ұлтшылдық адамның өзін, өмірін ұлт жолына арнауы. Қандай да болмасын ұлтқа байланысты мәселеде ойланып, жан-жақты пікірлесіп соңғы шешімнің өз ұлтының мүддесіне қабылдануына ықпал етуі. Кез-келген мәселеде ұлт мүддесі үшін жеке мүддесін құрбандыққа шалып, керек десе жанын да беруге даяр болуы. Қазақта жоғарғы деңгейдегі шынайы ұлтшылдықтың көрсеткіші бола алған тұлғалар арғы тарихта көп болса да, кейінгі кезеңдердегі мысалдар аз. Сол аз тұлғалардың бірі және бірегейі Жағда Бабалықұлы деп айтуға болады, бүкіл өмірін ұлт болашағына арнаған, ұлт үшін атқарған қызметін бәлденіп, өзгелерден ешнәрсе талап етпеген бұл тұлғаны қанша мадақтаса да орынды деген пікірдемін.

Нақты бір ұлттың бойындағы ұлтшылдықтың өріс алып, оның оң бағытта дамуына көптеген факторлар өз әсерін тигізеді, әр халықтың ұлтшылдығы оның тарихи бастан кешіргендерімен тікелей байланысты болғандықтан біз қазақ ұлтшылдығына қатысты сөз қозғағымыз келеді. Ең алдымен қазақ арасында ұлтшылдықтың дамуына оң ықпалын тигізетін факторларға тоқталуды жөн көрдік, нақты қазақ ұлтшылдығы үшін ең басты фактор мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын автохтонды ұлт мүддесі шеңберінде айқындап, жүзеге асыруын айтуға болады, сонда ғана қарапайым қазақ азаматы өзінің қазақ елінің азаматы екендігін сезініп, өз ұлтын мақтан тұта алады, бұл өз кезегінде адамның жеке бас мүддесін ортақ мүддеге бағыттауына әсер ете алады;

Екіншіден, мемлекет құраушы ұлттың ұлттық құндылықтарын (өнер, спорт, әдет-ғұрып, мәдениет, тарих, әдебиет, діл, дін, тіл) дәріптеу арқылы сол ұлттың өкілдерінің өзінің «менін» тануына ықпал жасау. Бұқаралық ақпарат құралдарының жалған ақапарат беру, асыра мадақтау, жалған тарихи мәліметтер мен ақпарларды беруден бас тартып, ұлттық құндылықтарды боямасыз қалпында насихаттауды жолға қоюы қажет;

Үшіншіден, елдегі қазақ санының артуына жағдай жасау, ол үшін тек табиғи өсімге ғана иек артпай, сырттағы қандастардың көптеп оралуына жағдай жасап, олардың қазақ аз орналасқан аумақтарға орналасып, тілдік ортаны қалыптастыруына мүмкіндік тудыру. Өз елінде адамның өзін өзгелермен тең сезінуі оның өз ұлтына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін өрістетері сөзсіз. Осы  тұста шеттегі қазақтың көптеп елге оралуына ең басты кедергі болып отырған мәселенің олардың арасында да ұлтшылдықтың бәсеңдеуімен түсіндіруге болады деп ойлаймын, себебі, көптеген қандастар қазақ еліне келгендегі кездесетін қиыншылықтардан қорқып ат басын іркіп қалуда. Сондықтан, мемлекет қолдауымен шет елдегі қандастарды елге қайтуды үгіттейтін шаралар өткізіліп, олардың елге қайтқан соңғы алдынан кездесетін бюрократиялық кедергілерді жою жолға қойылуы тиіс;

Төртіншіден, діннің бірыңғайлылығы, яғни бір ұлт өкілдерінің тек бір дінді болуы ұлттың біртұтастығын қамтамасыз етуші фактордың бірі. Себебі, бір ұлт өкілі бола тұра әртүрлі дінге бас ұрған адамдар нақты бір жағдайда ұлттық мүддені дін жолына жығып кетері сөзсіз. Сондықтан, елде қазаққа тән Абу Ханифа мазхабының кең өріс алып, өзге діндер мен діни ағымдардың, секталардың  еркін әрекет жасауына тосқауыл қойылуы тиіс;

Сонымен қатар, ұлтшылдыққа теріс әсерін тигізетін факторларға да тоқталып өтуге болады, ол ең алдымен, ұлттық идеологияның болмауы, яғни ұлттың құндылықтарының дәріптелмеуі, ұлттың ұлт ретінде даму жолдарының айқындалмауы, ұлттық сананың өрістеуіне жол бермеу ұлтшылдық сезімінің де жекелеген тұлғалар санасынан өшірілуіне септігін тигізеді;

Екіншіден, билік басындағы мемлекеттік қайраткерлердің бойындағы ұлтшылдықтың болмауы, халық барлық кезде де басшыларға қарап бой түзейтінін ескерсек, басшы қызметте жүрген адамдардың ұлтқа қатысты сөзі мен ісінің бір арнада тоғыспауы, халық арасында оларға деген наразылық пен жек көрушілік сезімдерінің туындауы, сәйкесінше, адам санасындағы ұлттық мүдденің шетке ығыстырылуы;

Үшіншіден, қазіргі кезде де, бұрын да қазақтың басының бірігуіне кері әсер еткен рушылдық пен жүзшілдікті қосуға болады. С. Өзбекұлының пікірінше, «Қазақтың патриотизмі ру, тайпа, жүз деңгейінен ұлттық сатыға көтерілмеген. Қазақ ұлттың жетістігі мен жеңісін ру мен жүздің табысы деп қабылдайды. Ұлт санасына дерт болып жабысқан жаман қасиеттің бірі – рушылдық, ол билік пен саясатқа ықпал етіп отыр» (С.Өзбекұлы. Қазақ патриотизмі мемлекетті нығайтудың іргетасы www.massagan.com/news.php?mod=news&id=2338&catid=9‎). Рушылдық, жүзшілдік, жерлесшілдік секілді жағымсыз қасиеттердің тек тұрмыстық деңгейде ғана қалып қоймай биліктің биік сатыларында көрініс табуы, кәсібилілік қағидасының мемлекеттік органдар мен мемлекетке тиесілі мекемелер мен кәсіпорындарда қаперге алынбауы, кең етек алған сыбайлас жемқорлық, санасы таяз, «бәкене бастықтардың» көбеюіне, ал өз-өзіне сенімді, ұлтқа берері мол азаматтардың шет елдік компаниялар мен кәсіпорын, мекемелерге жұмысқа тұруына, тіпті кейбірінің шет ел асуына ықпал етуде.

Төртіншіден, ұлтшылдықтың халық арасында кең өріс алуына тікелей ықпал жасайтын негізгі күш ұлттық интеллигенцияның ұлт мәселесіне қатысты іргелі ғылыми еңбектер жазып, батыл түрде ұлтқа қатысты тың ойлармен бөліспеуі, ұлттық мүдде тұрғысында тайсалмай ой қозғамауы. Бұл өз кезегінде  қара халықтың ұлтшылдық сезімдерінің бәсеңсуіне ықпал жасай алады. Соңғы жылдардағы қазақтан шыққан көзі қарақты азаматтардың ұлт мәселесіне, ұлттың басындағы жағдайға мән беруден қарағанда өз басының атақ, абыройы, материалдық жетістіктер мен лауазымға қол жеткізуі үшін ашық түрде жағымпаздық пен жалбақайлықтан жарысқа түсуі қарапайым халықтың ұлттық интеллигенция ұғымына күмәнмен қарауына алып келді. Қазақтың әр салада үлкен жетістіктерге жеткен көзі ашық ұл-қыздарының мұндай күйге түсуінің себебі  жайлы Ғ. Есімовтың  пікірі ұтымды берілген, «Ұлттық сана да, ұлтшыдық та көбінесе ұлттық интеллигенцияға қатысты айтылады. Әрине, артық айтсам кешірім өтінемін, қазақтың оқыған қаратаяқтары көп, бірақ олар ұлт интеллигенциясы болып қалыптаспаған. Олардың ішінде ұлттық идеяға немқұрайлылықпен қарайтындар аз емес. Бұл үш ғасыр жүргізілген отаршылдықтың, құлдық психологияның салдары болса керек. Заң жүзінде ұлттық тәуелсіздікке қол жетті, бірақ, мәселе түбегейлі өзгерген жоқ. Ұлттық нигилизм бойымызға дерт болып еніп кеткен» (Ғ.Есімов. Ұлттық сана және ұлтшылдық туралы. Ақиқат, №6, 1992.).

Бесіншіден, ұлттың діни бейберекетсіздікке ұрынуы, яғни бір ғана қазақ ұлтының өкілдерінің соңғы жиырма жылда көптеген діндерге, діни ағымдарға, секталарға бой ұруы, әр діни ұйымның талап-тілектері бойынша өз өмірлерін өзгеріске ұшыратуы, жақын адамдардың бір-біріне жат болуы. Тіпті, жекелеген тұлғалардың дін жолында құрбан болуы ұлт бойындағы ұлтшылдықтың екінші орынға ығыстырылып, қазіргі кезде, қазақ ұлтының өкілдерінің діни негізде бір-бірімен соғысқа шығуға даяр екендігін көрсетіп берді.

Ойымызды қорытындылар болсақ, ұлтшылдық тек қана ұлт емес сол ұлт негізін қалайтын мемлекеттің сақталуының кепілі. Ұлтшылдық болмаған жерде қоғамның да мемлекеттің де алға жылжуы, дамуы мүмкін емес. Себебі, тек ұлтшылдық қана жеке тұлғаның ортақ мүддеге бой ұрып, жалпы қоғам үшін, мемлекет үшін тиімді әрекет жасауына ықпал ете алады. Жеке адамдардың басын біріктіріп, олардың ортақ мүдде жолына қызмет етуіне олардың психологиясына тереңдей еніп, бағыттаушы күшке ие болатын ұлтшылдық сезімі қажет. Сол себепті, мемлекет ұлтшылдықты алдыңғы орынға қойып, ұлттық мүддеге негізделген саясат жүргізуге міндетті.

Abai.kz

0 пікір