Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2775 0 пікір 18 Маусым, 2013 сағат 17:00

Семейдегі «Сабантой» қонағы – Татарстанның тұңғыш президенті

Татарстанның тұңғыш президенті Минтемир ШАЙМИЕВ кеше Семей қаласында өткен Сабантойға қатысты. Осы мерекеге арнайы келген мәртебелі делегацияны облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ әуежайдан қарсы алды.

Қазаннан Қазақстанға келіп қонған ұшақтан түскен бетте Минтемир Шәріпұлы осы өлкенің ауасын сағынғанын айтты. Сіркіреп тұрған жаңбырға қуана қолын тосқан ол:

- Мен шаруа адамымын, шаруаға осы жаңбырдан артық не бар дейсің, бұл көк тәңірісінің жұртқа жасап жатқан сыйы шығар. Қасиетті қазақ топырағын міне, бүгін аяғыммен басып тұрмын, демек бақыттымын, - деп ағынан жарылды.

Айтпақшы, Минтемир ШАЙМИЕВ  жас кезінде осы өлкеде еңбек етіпті. Өзі айтқандай, 1957-1958 жылдары ол Бесқарағай ауданының сол кезде Балапан деп аталатын ауылының маңында кәдімгі комбайнер болған екен. «Комбайнер болғанда да, ішіндегі озаты болдым,  осы сары даланың төсінде жастық шағымның жарқын сәттері қалған» деді ол жымиып.

Татарстанның тұңғыш президенті Минтемир ШАЙМИЕВ кеше Семей қаласында өткен Сабантойға қатысты. Осы мерекеге арнайы келген мәртебелі делегацияны облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ әуежайдан қарсы алды.

Қазаннан Қазақстанға келіп қонған ұшақтан түскен бетте Минтемир Шәріпұлы осы өлкенің ауасын сағынғанын айтты. Сіркіреп тұрған жаңбырға қуана қолын тосқан ол:

- Мен шаруа адамымын, шаруаға осы жаңбырдан артық не бар дейсің, бұл көк тәңірісінің жұртқа жасап жатқан сыйы шығар. Қасиетті қазақ топырағын міне, бүгін аяғыммен басып тұрмын, демек бақыттымын, - деп ағынан жарылды.

Айтпақшы, Минтемир ШАЙМИЕВ  жас кезінде осы өлкеде еңбек етіпті. Өзі айтқандай, 1957-1958 жылдары ол Бесқарағай ауданының сол кезде Балапан деп аталатын ауылының маңында кәдімгі комбайнер болған екен. «Комбайнер болғанда да, ішіндегі озаты болдым,  осы сары даланың төсінде жастық шағымның жарқын сәттері қалған» деді ол жымиып.

Татарстан республикасының тұңғыш президенті, қазір осы елдің Мемлекеттік кеңесшісі қызметін атқаратын Минтемир ШАЙМИЕВПЕН бірге біздің елге Татарстан  Республикасының мәдениет, білім және ғылым, ұлттық мәселелер комитетінің төрағасы Разиль Валеев,  татарлардың бүкіләлемдік конгресі атқарушы комитетінің төрағасы  Ринат Закиров, Татарстан Республикасы Орман шаруашылығы министрі Найль Магдеев, Мәдениет министрінің орынбасары Гузель Нигматуллина және басқа да жоғары лауазымды қонақтар келді.

Жалпы, Семей қаласында татар ұлтының өкілдері Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда көбірек қоныстанған. Сабантой мейрамына Татарстанның тұңғыш президентінің келуі мұндағы мейрамның мерейін өсіріп, шоқтығын биіктетіп жібергендей. Былтырғы күзде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған дәл осындай делегация Қазан қаласына барып қайтқан болатын. Біздің өңірмен Ресей Федерациясының арасындағы алыс-беріс, оның ішіндегі Татарстан Республикасымен орнатылған іскерлік және мәдени байланыс күн санап ұлғайып келеді. Сол кезде Минтемир ШАЙМИЕВ биылғы Сабантойды Семейге келіп өткізетінін айтыпты. Айтса айтқандай-ақ, мәртебелі мейман Абай еліне тойлата келді.

Баға жетпес байлық -  рухани байлық

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ  бастап, Делегация алдымен  Семейдің мәдени-тарихи орындарын аралап көрді. Абай мемориалдық қорық-мұражайындағы ұлы ақынның өмір-тарихымен танысып, қолданған заттарын тамашалаған қонақтар қазақ халқына, қазақ дәстүріне деген құрметтерінің ерекше екендігін жеткізді. Минтемир ШАЙМИЕВ Семейге соңғы рет 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілген Ұлы Абайдың 150 жылдық үлкен тойына келген екен. Татар басшысы сол кезде Қазақстанға КамАЗ автокөлігін сыйға тартып кетіпті. Сол тойға келген көптеген жоғары лауазымды қонақтар мен бауырлас елдердің президенттері тойдың ресми бөлігінде ғана болып қайтып кетсе, Минтемир Шәріпұлы тойдың басынан аяғына дейін жүрген екен. Жай ғана жүрмей келген қонақтарды қарсы алып, шығарып салыпты. Той иелеріне көмектесіп, егемендігін алып жатқан Қазақ еліне деген ізгі ниетін көрсетіп кетіпті. Мұражайда тұрған тілек кітабының ішінде сол кездегі Минтемир Шәріпұлының қалтырған қолтаңбасы сол қалпы сақталып тұр.

Бұдан соң делегация Абай рухына тағзым етіп, Ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ары қарай бірнеше мәдени орындарды аралап көрді. Семейдегі балет мектебі - көптеген өнерлі шәкірттерді дайындап жатқан  білім ордаларының бірі. Осы салада ұстаздық етіп, білгенін аямай балаларға балет биін үйретіп жүрген Камила Исмаилова  - татар ұлтының өкілі. Балалардың өнеріне тәнті болған Минтемир ШАЙМИЕВ өнерпаз бүлдіршіндерге ақ батасын беріп кетті.

«Невзоровтар отбасы» атындағы мұражайда дәл осы күні татардың дарынды суретшісі, жерлесіміз Камиль Муллашевтің сурет көрмесі өтіп жатқан болатұғын. Қазаннан келген қонақтар мұражай залындағы әр суретті үлкен ықыласпен тамашалады. Минтемир ШАЙМИЕВТІҢ айтуынша, мұншама сурет сақталған  үлкен мұражайлар  кем де кем.

- Бұл жерде баға жетпес құндылықтар сақталып тұр. Күнделікті ішкен-жеген, қымбат көлік, мол ақша, ол - қолдың кірі, уақытша дүниелер. Адам жинаған дәулетін өзімен бірге алып кете алмайды. Міне, бұл - ешқандай баға жетпейтін байлық. Сіздер сол рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай алып отыр екенсіздер, демек келешек ұрпақтың алдында арларыңыз таза. Мен соны байқадым, - деді ол.

Семейде татар өнер мектебі бар. Мектепте қолына сырнай ұстауға жарап қалған бүлдіршіндерден бастап татар әндерін сызылта салатын әжелер халық өнерін жаңғыртады. Бұл мектепті ұлттық құндылықтар ордасы деп атасақ жарасатын сияқты. Өнер ордасының жетекшісі Абылжанов Абдулхақ бірнеше жылдан бері дәл осы жерде жемісті еңбек етіп келеді. Татардың  тұңғыш президенті мектеп ауласына таяй бергеннен-ақ, әдемі әуен әудем жерден естіле берді. Татардың көңілді әні «Талы-талыны» нақышына келтіре орындаған әншілер Минтемир ШАЙМИЕВТІ сырнайлатып қарсы алды. Қызылды-жасылды киінген татар жастары биге шақырған кезде, Минтемир ақсақал да қарап қалған жоқ,  бойжеткендермен шыр көбелек айнала билей жөнелді.

Түйемойнақ аралындағы Достық аллеясы мен Мемориалдық кешен де назардан тыс қалған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше апта бұрын Татарстан Орман шаруашылығы министрлігі Семейге 1700 түп ағаш көшетін жіберген болатын. Екі елдің достығын әспеттейтін аталмыш шара аясында алдағы уақытта бұл жерде айтарлықтай саябақ бой көтермек.

 

Ерекше құрметпен қарсы алды

 Сабантой да дәл осы аралда өтті. Семейде тұратын татар ұлтының өкілдері тайлы-тұяғына дейін қалмай тойға жиналыпты. Балуандар күресі, арқан тартыс, ән мен күй, татардың ұлттық тағамдары, оның ішіндегі шәк-шәктің түр-түрі осы тойда.

Минтемир ШАЙМИЕВТІ  жұрт асқан құрметпен қарсы алды. Татар елінің тұңғыш президенті көліктен түсер-түспестен жиналған қауым үлкен қошемет жасады. «Исәнбісіз» деп амандасқан жұртта есеп жоқ. Мәртебелі мейманмен есендескілері келіп қол созған тойшыл қауымның көздерінен еріксіз қуаныш жасы да төгіліп жатты. 

Сабантой сахнасына қатар көтерілген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ  пен Минтемир ШАЙМИЕВ алдымен Семей тұрғындары мен Сабантойға жиналған сауықшыл қауымды мерекелерімен құттықтады.

- Құрметті Минтемир Шәріпұлы, алтын уақытыңызды арнайы бөліп, біздің шақыруымызды қабыл алып, бүгінгі тойға келіп отырғаныңыз үшін шын көңілден алғысымды білдіремін. Бүгінгі Қазақстан сіз көргендей өсіп, өркендеп келе жатыр, бұл - Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізіп отырған салиқалы саясатының жемісі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп аталарымыз айтқандай, еліміздің аспаны ашық, іргесі бекем. Көпұлтты Қазақ елі татулық пен достық туының астында адымдап алға жылжу үстінде. Қазақ жұртына татар ұлтынан шыққан көптеген тұлғалардың еңбегі сіңген. Ағайынды Абдуллиндер, кешегі Латиф Хамиди сияқты азаматтардың есімдері осы сөзімізге мысал бола алады. Сіздердің елдеріңізге де тек жеңістер тілеймін, - деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Минтемир ШАЙМИЕВ  сөз басында көрсетіліп жатқан Қазақ елінің қонақжайлығы мен құрметіне шын көңілден үлкен алғысын білдірді.

- Татарстан да дәл Қазақстан сияқты көпұлтты республика. Сіздерде де, бізде де сан ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан көпұлтты елде бейбіт өмір сүру үрдісі бар. Сіздер қазір Қазақстан мемлекетін құрып жатырсыздар. Осы мақсатты жүйелі түрде атқарып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келесіздер. Бұл білікті басшылықтың,  дұрыс жүргізіліп жатқан саясаттың арқасы деп білемін. Алдағы уақытта Қазақ елінің әлемдегі қуатты мемлекетке айналатынына да сенімім зор. Жетістіктерге жете беріңіздер, біз әрқашанда тілеулес боламыз. Барлықтарыңызды Сабантой мерекесімен құттықтаймын, әрқашан салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтай білейік, - деді Минтемир ШАЙМИЕВ.

Татар ұлты нағыз сауықшыл халық екен. Құлаштай тартылған баянға қосылып билеген халық ұлттық жөн-жоралғылардың бір парасын көрсетті. Арқан тартысты, әртүрлі ойындар ойнады. Тіпті, той алаңына кәдімгі монша салып, оның буын бұрқыратып жағып та қойыпты. Татарстаннан келген қонақтар жайылған дастарқанннан дәм татты.

Татарстанның қазіргі президенті Рустам Минниханов бас жүлде алған балуанға беретін арнайы автомобиль тағайындаған екен. Татар күресінен қарсылас шақ келтірмеген павлодарлық Дархан Жоламанов автокөлікті қанжығалады.

Бұдан соң қонақтар Абай театрында дайындалған арнайы концертті тамашалады.  Минтемир ШАЙМИЕВ Семейдегі татар мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірнеше адамды сахнаға шақырып, арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Семей жұртына кеңінен танымал Дамир Сұлтанов, Камила Исмаилова, Абдулхақ Абылжанов бар. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ біздің облыста өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумына Минтемир Шәріпұлын тағы  да қонаққа шақырды. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616