Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3181 0 пікір 26 Маусым, 2013 сағат 08:57

Интерен-конференция: Нұржан Жалауқызы (Басы)

Интерент-конференциямыздың қонағы  -  «Қазақстан» РТРК  АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова ханым оқырман тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беруін бастады. Ашық әңгіме барысында ол : «Ұлттық телеарна  көрермендерінің, ал көрермендері Ұлттық телеарнаның үмітін ақтады. Ендігі мақсат  -  осы жетістікті баянды ету», -  деді.    

 

1. Конференция қонағына сұрақ қоярда бір-бірімізді оқып барып сұрақ қоялықшы. Неге десеңіз сауалдарымыз қайталанып жатады. Осыны ескерейік. Менің сұрағым: Қазақстан Ұлттық арнасын шекаралас мемлекеттерде тұрып жатқан бауырларамыз көре алады ма?

- «Қазақстан» ұлттық телеарнасының техникалық әлеуеті Республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Осы елдерде тұратын барлық қазақ тілді көрермендер бізді тұрақты түрде көреді, әрі жиі хабарласатындар да бар.

 

Интерент-конференциямыздың қонағы  -  «Қазақстан» РТРК  АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова ханым оқырман тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беруін бастады. Ашық әңгіме барысында ол : «Ұлттық телеарна  көрермендерінің, ал көрермендері Ұлттық телеарнаның үмітін ақтады. Ендігі мақсат  -  осы жетістікті баянды ету», -  деді.    

 

1. Конференция қонағына сұрақ қоярда бір-бірімізді оқып барып сұрақ қоялықшы. Неге десеңіз сауалдарымыз қайталанып жатады. Осыны ескерейік. Менің сұрағым: Қазақстан Ұлттық арнасын шекаралас мемлекеттерде тұрып жатқан бауырларамыз көре алады ма?

- «Қазақстан» ұлттық телеарнасының техникалық әлеуеті Республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Осы елдерде тұратын барлық қазақ тілді көрермендер бізді тұрақты түрде көреді, әрі жиі хабарласатындар да бар.

 

2. Осы уақытқа дейін бір мемлекеттік арнамыз толық мемлекеттік тілде болмаған еді, біраз уақыт өтіп кетті. Дегенмен "ештен кеш жақсы", Ұлттық арнаны түгелге дерліктей қазақ тіліне көшіру қиын болған жоқ па? Нақты сұрайын дегенім, қарсылар көп болған жоқ па?

-   Елбасымыз Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен  2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100 пайыз қазақ тілінде ақпарат тарата бастаған «Қазақстан» телеарнасы бүгінде ұлт мүддесіне қызмет етудің жаңа бір белесіне  шықты десем артық айтқандық емес. Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезде  қазақ тіліне  өзге ұлыс  өкілдерінің де қызығушылығы ерекше артып келеді.  Қарсыластардан гөрі таза қазақ тілінде ақпарат таратын арнаның ашылуына мүдделестер көп болды.  Мұны тіл мүддесі үшін  жүргізіліп келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының шынайы жетістігі деп айтқан абзал. Біздің көрермендеріміздің арасында өзге ұлт өкілдері де бар болғандығы қуантады. Мұны бізге хабарласқан көрермендеріміз бен жазылған пікірлер арқылы  көріп отырмыз. Сондай-ақ, медианарықтағы ТНС Геллап медиазерттеу агенттігінің зерттеулеріне сүйенсек – көрермендердің отандық телеарналарды көруге деген  қызығушылығының арта түскенін және қазақ тіліндегі төл телевизиялық өнімдерге деген көпшілік сұранысының артқанын атап айтар едім.  

 

3. Өзіңіз "Қазақстан" арнасын қолға алғалы бері, ана тілімізде көптеген бағдарламалар шығып үлгерді. Сіз үшін соның ішінде ең танымалы қайсысы?

- Біреуін артық, біреуін кем деп өзіміздің төл туындыларымызды бөліп-жаруға келмес. Десек те, халықтың ерекше ықыласына бөленген бірнеше бағдарламаларды атап өтуге болады.  «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп жүрген «Айтуға оңай...», «Жан жылуы», «Телқоңыр», «Алаң», «Қазақтың қол өнері», «Алаш алыптары», «Қылмыс пен жаза», «Ақсауыт», «Жарқын бейне», «Ғибратты ғұмыр», «Иман айнасы», «Көкпар», «Жиһанкез» бағдарламалары көрермен ықыласына бөленген сәтті жобалар. Күн сайын көрермендерге  ұсынылатын «Жаңалықтар» мен «Таңшолпан»,  апталық  «Apta.kz» бағдарламаларын эфирге дайындайтын шығармашылық  ұжымның ізденісі қуантады. Шыны керек, көрермендердің көкейіндегі ойды дөп басуға ұмтылған тақырыптарды таңдай білу шеберлікті ғана емес, үнемі ізденісті талап етеді. Біздің журналистеріміз бен техникалық мамандар жаңа технологияға сай қызмет етуден жалықпай еңбектенуде. Телеарнадағы қызметкерлеріміз әлеуметтік проблемаларды көтеріп қана қоймай, оның түйткілді мәселелерін іс жүзінде шешуге бағытталған  маңызды  жобаларды да жүзеге асырып келеді.

 

4. Нұржан! Сіз халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген, саланың әлемдік стандартын білетін мамансыз. Жаңалықтар қызметіндегі шеф-редакторларыңыздың қабілеттері тым төмен екендігі көзге ұрып тұрады. Кейбір мәтіндер тіпті күлкі тудырады. Неге білікті, тәжірибелі мамандарды шақырып, пәлен жыл масыл болып отырған "қыртымбайлардан" құтылмайсыз? Сізге алдын ала рахмет, ісіңіз жемісті болсын!

-  Жанашырлық пікіріңіз үшін үлкен алғыс білдіремін. Әрі  эфир үшін қызмет ететін мамандардың жауапкершілігі туралы көтеріп отырған мәселеңіз же өте орынды. Әйтсе де, шыны керек, қазіргі эфир үшін қызмет ететін әріптестеріміздің шеберлігін шыңдау күн сайын жалғасатынын баса айтқым келеді. Мәтінмен жұмыс істеу, ең алдымен, ана тіліміздің тілдік нормаларының дұрыс қолданылуымен тікелей байланысты екені рас. Осы орайда, сіз айтып отырған жаңалықтарда қызмет ететін әріптестеріміз өз істеріне жауапкершілікпен қарауға тырысады демекпін.  Егер сіз нақты мысал айтасаңыз, мүмкін ойлануға болады ::J))

 

5. Сәлеметсіз бе, Нұржан Жалауқызы! Мерекеңізбен! Биыл Қазақ теледидарына 55 жыл толып отыр ғой. Соған орай Қазақ теледидарының архивін ақтарып, оның тарихындағы таңдаулы телехабарларды, ел есінде қалған бағдарламаларды, телеарна өзі мұрындық болған бастамаларды, арнаның абырой-беделі үшін аянбай еңбек еткен саңлақ тұлғаларды еске алып, қайтадан жаңғыртып, кейбір үздік көрсетілімдерді қайталап көрсетуге болар еді ғой. Мәселен, 80-жылдары Ақселеу Сейдімбек жүргізген әдеби-рухани хабарларды, Сағат Әшімбаевтың "Парыз бен қарызын", Нұртілеу Иманғалиұлының "Көкпарын", баяғы ескі "Тамашалардың" таңдаулы шығарылымдарын, облысаралық үздік айтыстарды, 1984 жылы Кененнің 100 жылдығына арналған аламан айтысты, т.б. халық сағынған дүниелерді Қазақ теледидарының мерейлі жылында жыл бойы аптасына бір рет беріп отыруға болмас па еді? Әлі де кеш емес қой, осы тарапта ойланып көрсеңіздер қалай болады? Әлде архив сақталмаған ба?

Сейіт, Алматыдан

– Өте орынды сұрақ. Рахмет. Видеомұрағат, әрине, бар.  Ұлттық телеарнамыздың 55 жылдығына орай «Телеғұмыр»  бағдарламасы  арқылы телеарнамызда әр жылдарда шыққан жобалар мен қызметкерлер туралы көрермендерге жақсы бір сый жасадық. Қайталауы да болды эфирде. Көрмеген болуыңыз мүмкін. Алдаға уақытта да бұл тақырыпқа оралатын боламыз. Пікіріңізді ескереміз.

 

6. Ұлттық арнаны мемлекеттік тілге көшірген Нұржан Жалауқызы емес, бұқарамен есептескен мемлекеттің өзі. Нұржанға жалғыз сауал: ұлтымызға мәңгүрттенуден өзге түк бермейтін түрік сериалдарын экраннан қашан алып тастайсыңдар?

– Әрине, тәуелсіздігіміздің алғашқы 20 жылында қоғамның руханият саласында болған оң өзгерістер «Қазақстан» телеарнасын мемлекеттік тілге көшірудің алғышарттарына бастағаны белгілі. Елбасының тапсырмасымен телеарнаның қазақ тіліне көшуі шығармашылық және техникалық мамандардың ұжымдық жұмысының жемісі. Мен Корпорацияның басшысы ретінде осындай тарихи сәтте осы тапсырманы орындаушы болғанымды мақтан етемін. Бұл менің журналистік, менеджерлік қабілетімнің жаңа бір қырынан көрінуіне мүмкіндік бергені сөзсіз. Ақпараттық кеңістіктегі алуан түрлі хабар тарататын өзге телеарналардың болғандығына қарамастан ана тілімізде хабар тарататын Ұлттық телеарнамыздың көрермендердің ықыласын жаулап алуына  нақты қадамдар жасадық. Отандық төл өнімдердің саны артты, сапасы жақсарды. Әлемдік телевизиялық үрдістердің бағытын ескере отырып, отандық ток-шоу мен бағдарламалардың, деректі фильмдер мен телехикаялар желісінің сапалы түрде өндірілуіне қол жеткіздік.  Үстіміздегі жылдың басынан бері  шетелдік телеөнімдерді сатып алуды қысқартуды бастадық.   Дегенмен, біз шетелдік өнімдерді бағдарламалар кестесінен бірден кесіп тастай алмаймыз. Сол себепті, түрік телехикаяларына қатысты пікіріңізге орай айтарым, мен де, сіз секілді біздің телеарнамызда тек өз өнімдеріміз болса екен деген ойдамын. Бірақ, міндетті түрде, барлық көрермендердің пікірін ескеруіміз керек. Медианарықтың даму заңдылығы да экономикалық заңдарға сай екенін жақсы білесіз. Сұраныс ұсынысты реттейді. Әзірге, қазақ көрермендерінің басым бөлігінің сұранысы шетелдік өнімдерді өз ана тілімізде көрсек дегенге саяды. Әрине, сіз бұған айтуыңыз мүмкін, көргісі келетіндер кабельдік жүйедегі Ресейдің болмаса басқа отандық телеарналардан көрсін деп. Ұлттық телеарна еліміздегі бірден бір  қазақ тіліндегі хабар тарататын телеарна бола отырып, ақпараттық кеңістіктегі барлық телеарналармен бәсекелестікке қабілетті болуы шарт.   Ең алдымен, қабілетті болуымыз үшін телеарнаның төл өнімдерінің саны мен сапасын біртіндеп   арттыруымыз керек. Әрбір телевизиялық жоба жаңа технологиялық стандарттарға сай дайындалса, әрі форматы да, жүргізушісі де көрерменнің талғамына сай болса телеарнаның көрсеткіштері де жоғарылайтындығы сөзсіз.  2011-жылдың қыркүйегінен бері  телеарна еліміздегі 100 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 6+қазақ тілді аудиторияда 5-орыннан 3-орынға көтерілді. Атап айтуым керек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Ең бастысы, Ұлттық телеарна  көрермендерінің, ал көрермендері Ұлттық телеарнаның үмітін ақтады. Ендігі мақсат  -  осы жетістікті баянды ету.      Жаһандану ғасырында әлемнің озық жетістіктерін игере отырып, өзіңнің ұлттық құндылықтарыңды сақтап қалуға еңбек етуің керек. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бұл тұрғыдан келгенде өз көреремендеріне өте адал қызмет атқаруда деген берік ұстанымдамын.

Жалғасы бар.

Abai.kz 

P.S. Құрметті оқырман, интернет-конференция қонағы Нұржан Мұхамеджановаға қоятын сауал тоқтатылды. Енді ол кісінің тек жауабы ғана жарияланады.

0 пікір